2.6. «Адресант пен адресат арасындағы рөлдік қатынастар» және 2.6.1 «Газет мәтініндегі адресант пен адресат – субординациялық коммуниканттар» деген тармақтарда автор мен оқырманның арақатынасы газет мәтінінде көріну ерекшеліктеріне қарай былайша топтастырылды.
Автор- басшы, адресат- орындаушы;
Автор- оқытушы, адресат-оқушы;
Автор –ұстаз, адресат- рухани шәкірт.
Автор –үгіттеуші, адресат-күмәнданушы.
Бұл топтастырудағы адресант-адресат арақатынасының бірінші типі Кеңес үкіметі кезінде қалыптасқан орталықтандырылған билік жүйесінің тәртібіне, яғни сол кездегі бір ғана партияның мүддесін көздейтін саусақпен санарлық, бір типті газеттерде міндетті түрде бас мақала түрінде жарияланатын, коммунизм идеясын насихаттайтын, партия қабылдаған бағдарламалар авторына қатысты. Мұндай мәтіндерде (әдетте олар аса көлемді болып келеді де, газеттің 4-5 бетін алады) ешқашан автор есімі көрсетілмейді, ол коммунистік партияның аудитория санасында жетекші бейнесінде әбден қалыптасып, орныққандығы сонша, адресат оны іздеуге талпынбай-ақ, өзі автоматты түрде орындаушы рөліне енеді. Біздің зерттеу материалымыз тәуелсіздік жылдарындағы газет мәтіндері болғандықтан бұл типке мысал келтіруді артық деп санадық.
Рөлдік қатынастардың екінші типі адресант пен адресаттың білім аясына, тезаурусының көлеміне, яғни белгілі бір салаға қатысты мәселе жөнінен автордың жақсы хабардарлығы, оның білікті маман екендігі, ал адресаттың ол сала туралы білімінің болмауы немесе дилетант деңгейінде екендігі ол екеуінің оқытушы мен оқушы рөліне енуіне себеп болады. Мұндай мәтіндерде салалық терминдер жиі кездесуі мүмкін. Автор маман ретінде сол терминдердің мәнін ашып, мағынасын түсіндіруге тырысады. Ал адресат өзіне бұрын белгісіз болған тың мәліметтерді түсініп, қабылдайды. Бірінші типтен айырмашылығы мұнда автор оқырманға міндет артып, бұйрық бермейді, өзі көтеріп отырған мәселеге қатысты дәйектемелерді көптеп келтіріп, өз пікірінің дұрыстығына аудиторияны сендіруге ұмтылады. Мұндай қарым-қатынас типінде мәжбүрлеу, міндеттеу, бұйрық беру сияқты әрекеттер болмайды, сондықтан да оқушы рөліндегі адресат автор позициясын қабылдауға немесе қабылдамауға ерікті.
Газет мәтініндегі адресант пен адресат арасындағы рөлдік қатынастардың үшінші типі рухани құндылықтарға, адамгершілік қасиеттерге т.б. рухани проблемаларға арналған мақалаларға тән. Мұнда ұстаз рөлін атқарушы автор кемеңгер, діни сауатты, теология ілімін жетік меңгерген, Құранды жатқа білетін, шариғат заңдарын талдап-түсіндіре алатын, пайғамбар хадистерін жақсы білетін, бір сөзбен айтқанда, діни білімі жоғары молда, имам, теолог ғалым атқарады. Бұл саладан хабары аздау адресат мәтін авторының кім екендігін білген сәтте-ақ рухани шәкірт рөліне еніп, мәтінде баяндалған мәселелерге қатысты ой-пікірлерді ұстаздың дәрісіндей қабылдайды.
Адресант пен адресаттың газет мәтініндегі рөлдік қатынасының төртінші типі (автор-үгіттеуші, адресат-күмәнданушы) көбінесе саясатта, білім беру, денсаулық сақтау т.б. салаларда болатын түбегейлі өзгерістерге арналған мақалаларға тән. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ газеттерінде мұндай мақалалар алдыңғы үш типпен салыстырғанда анағұрлым жиі кездеседі. Бұған мысал ретінде әр түрлі деңгейдегі мемлекеттік, республикалық, облыстық, аудандық т.б. сайлаулар қарсаңындағы материалдарды атауға болады. Яғни жалпыхалықтық сайлау қарсаңында президенттіктен, депутаттықтан үміткер-тұлғалардың бағдарламаларын кеңінен таныстырып, олардың сайлауда көп дауыс жинап, көздеген мақсатына жетуі үшін автор оның кәсіби біліктілігі, саяси сауаттылығы, тіпті жеке өмірі жөніндегі деректерді көптеп келтіріп, үміткердің сайлаушылар алдындағы беделін арттыруға тырысады. Сайланушы жөнінде неғұрлым көп мәлімет алып, оның бағдарламасының дұрыстығына көз жеткізген адресат бастапқы кездегі күмәндарынан арылып, адресанттың пікір-көзқарасын жақтайды. Яғни қай үміткерге дауыс берерін білмей дағдарып жүрген сайлаушы өз таңдауын жасайды. Мұнда екі түрлі әрекет жүзеге асырылады:
1. Адресат мәтінді түсініп, қабылдау арқылы интерпретациялайды да, өзі лайықты деп тапқан үміткерге дауыс беруге бел байлайды, яғни автордың ықпалына түседі.
2. Өз позициясын негіздей отырып жеткізген автор күмәнданып жүрген адресатты өз пікірінің дұрыстығына сендіріп, оның белгілі бір әрекет жасауына, дауыс беруіне түрткі болады. Яғни үгіттеуші рөліндегі адресанттың мәтін түзудегі прагматикалық мақсаты толығымен жүзеге асырылады. Қазақ газеттерінің 2005 жылғы желтоқсандағы Президент сайлауы алдындағы және сайлаудан кейінгі сандарына шолу жасағанда рөлдік қарым-қатынастың үнемі автор пайдасына шешіле бермейтіндігін көрдік. Үгіттеуші адресант келтірген фактілер мен деректерге сенбеген күмәнданушы адресат өз позициясында қала береді. Рөлдік қарым-қатынастың I типінен айырмашылығы мұнда (IV типте) міндет арту, мәжбүрлеу сияқты әрекеттер жоқтың қасы. Сипаты жағынан соңғы тип екінші типпен ұқсас келеді, яғни мұнда да мәтін пікірлерді негіздеу, әр түрлі дәйектер келтіру жолымен түзіледі.
Жұмыста жоғарыда аталған рөлдік қатынастың барлық типтері жеке-жеке талдана отырып мысалдармен дәйектелді.
Достарыңызбен бөлісу: |