Жұмыстың 4.1. 2 тармақшасында Газет мәтінін қабылдаудағы тақырыпаттың (заголовок) қызметі жан-жақты қарастырылып, қазақ басылымдарынан жиналған тілдік материалдар негізінде дәйектелді. Тақырыпат медиа-мәтіннің ажырамас маңызды бір бөлігі бола отырып, атауыштық, ақпараттық және прагматикалық қызметтер атқарады. Осындағы атауыштық қызметі мәтін атауының ондағы ақпараттан хабардар етуінен және онда сипатталатын оқиғаға баға беруінен көрінеді. Тақырыпаттың ақпараттық қызметі мәтіннің негізгі мазмұнын ықшамдалған, сығымдалған түрде жеткізу арқылы жүзеге асырылады. Мұны коммуникативтік қызмет деуге де болады. Өйткені ақпараттық қызметті атқара отырып, материал тақырыбы оқырманның қызығушылығын оятып, ойлау жүйесіне әсер етеді. Материалдағы көлемді ақпаратты барынша аз тілдік құралдар арқылы жеткізе отырып тақырыпат мәтіннің концептуалдық-тақырыптық желісін интерпретациялауға қатысады. Прагматикалық қызмет бірнеше қосалқы қызметтерді біріктіре отырып, реципиенттің мәтінді қабылдауына тікелей әсер етеді. Ол қосалқы қызметтерге графикалық айшықтау, бағалауыштық, жарнамалық және интегративтік функциялар жатқызылады. Осындағы негізгі қызметтер кез келген газет мәтініне қатысты сөзсіз атқаралатын тұрақты сипатта болса, қосалқы қызметтер әр материалда түрліше деңгейде көрініс табады. Прагматикалық қызметтің өз деңгейінде атқарылуы автордың тілдік компетенттілігі мен кәсіби шеберлігін талап ете отырып газеттің бұқаралық санаға тигізетін ықпалын барынша күшейтетін маңызды фактор деп санағанымыз жөн.
4.1.3 тармақта Газет мәтіні тақырыпатының прагматикасына арналды.
Кеңес кезеңіндегі таптаурындық, эмоционалдық бояуы солғын, қатаң стильдегі тақырыпаттардан үлкен айырмашылығы бүгінгі газет бетіндегі тақырыпаттар мағыналық кернеуінің күштілігімен, жоғары мәнерлілігімен ерекшеленеді. Әсіресе бағалауыштық, экспрессивтік, жарнамалық мән арқалаған ойнақы да қызықты тақырыпаттардың прагматикалық рөлі зор. Олар ә дегеннен оқырмандарға газет материалы жайында түсінік беріп, оны мақаланы белгілі бір бағдармен қабылдауға дайындайды. Осы мақсатпен қазіргі қазақ баспасөзінде контрастқа құрылған тақырыпаттардың көбірек кездесетіні байқалды. Мұның өзі бүгінгі газет мәтіні тақырыпатының айрықша ақпараттық және прагматикалық бағытта дамып қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Қазіргі тақырыпаттың бағалауыштық сипаты әсіресе оның эмотивтік қызметінде көрініс табады.
Газет мәтіні тақырыпатының мағынасын түсінуде адресат пресуппозицияға сүйенеді, ол (пресуппозиция) газеттің тұрақты оқырмандарында қалыптасады. Осы пресуппозиция мәтін тақырыпатының эксплицитті элементтерінің семантикалық мазмұнын анықтайды. Мысалы: «Жеңгесіндей сырласты» (Е.Қ., 06.03.04). Бұл тақырыпаттан адресат мақалада сөз болатын мәселе (әңгіме тақырыбы, болған жері, уақыты, оған қатысушылар т.б.) туралы толық ақпарат ала алмайды, бірақ қазақы менталитетке тән етене жақын болу, ойын бүкпесіз ашық айту сияқты жақын, пікірлес, бір-біріне жаны ашитын, қамқорлық танытатын адамдардың арасында болатын жылы қарым-қатынас сипаты аңғарылады. Жеңгесін анасындай көретін қазақ ұғымында одан ешқандай сыр жасыруға болмайды, яғни бұл мақаладағы кейіпкерлер арасында барынша ашық әңгіме болғанын білдіреді. Осындай аялық білімге ие адресатқа бұл тақырыпат ерекше әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан мақаланың атауын оқыған сәтте оқырман санасында «жақындық», «жанашырлық», «сенімділік», «достық», «қамқорлық» сияқты ассоциациялар туындап, адресаттың мақала мазмұнымен танысуға деген қызығушылығы оянады. Дегенмен, мақаланы оқып шыққанда аталғандардан мүлдем басқаша ассоциациялар туындауы да мүмкін. Тақырыпаттың мұндай түрін мақала мазмұнымен толықтай емес, ішінара байланысты болатын, прессуппозицияға негізделген меңзеу сипатындағы тілдік бірліктер деп атауға болады. Бұл тақырыпат мақала мазмұнымен онда баяндалатын іс-әрекеттің (оқиғаның) өту сипаты бойынша ғана байланысып тұр.
Қазіргі қазақ баспасөзінде оқырманның назарын аудартып, мақаланы оқып шығуға «мәжбүр ету» мақсатымен осы сияқты ұлттық танымды көрсететін, эмоционалдық бояуы қанық, бедерлі оралымдарды қолдануға ұмтылыс дәстүрге айналып келе жатқаны байқалады. Мысалы «Сақтансаң сақтайды» («Құдай сақтанғанды сақтайды») (Е.Қ., 22.05.04); «Күлшелі бала сүймекке жақсы» Ж.А.), «Түйені түгімен жұту жеңіл-желпі диета болып қалды» (Ж.А., 22.11.05); «Дымды түсінбейтін депутаттар» (Т., 02.06.05), «Әр әнші өз қазанында қайнап жүр» (Ж.А., 01.01.04) т.б.
Газеттің бір санындағы тақырыпаттар жиынтығы оқырманға сол күнгі шығарылымда берілген ақпараттар туралы жалпы түсінік беріп, көпшілікті оның прагматикалық бағыттылығы жайында, газет шығарушының осы санда көздеген мақсаты мен коммуникативтік міндетінен хабардар етеді.
4.1.4 тармақшанда газет тақырыпатындағы тыныс белгілердің қолданысы қарастырылды. Тыныс белгілері – мәтін тақырыпатына экспрессивтік сипат беретін маңызды құрал. Олар мәтінге стилистикалық бояу үстеп адресаттың оны түсінуі мен қабылдауын жеңілдетуге өзіндік септігін тигізеді. Құрылымы айрықша ықшамдығымен сипатталатын газет тақырыпаттарында сұрау белгісі, леп белгісі, қос нүкте, дәйекше, тырнақша, көп нүкте сияқты орфографиялық белгілер айрықша спецификалық семантикаға ие болып, мәтіннің прагматикалық бағыттылығын көрсетеді.
Жалпы тыныс белгінің өзі жеке-дара тұрғанда ешқандай мәні болмайды. Ол өзінен бұрын келген сөздің қолданылу уәжін сақтап, мәнін нақтылап, сөзқолданысқа үстелген экспрессивтік бояуды т.б. күшейте түсу үшін қолданылады.
Тыныс белгілер жеке-жеке, кейде қатар қойылады. Газет мақаласының тақырыпатында қоса-қабаттала қолданылғанда олар автордың жеткізбек болған бірнеше ойын қатар білдіреді. Газеттік дәстүр бойынша тақырыпаттардан кейін ешқандай тыныс белгісі қойылмайтыны белгілі болғанымен, кейбір газеттерде тұрақты айдарлармен берілетін материалдың тақырыпатынан кейін қос нүктенің қойылатыны байқалады. Бұл тыныс белгінің синтаксистік пішіндеуші рөлін баспасөз қызметкерлері тез аңғарады. Жалпы кез келген мәтіннің тақырыпатынан кейін нүкте қойылмайтыны белгілі, өйткені ол- баяндалатын күрделі ойдың (гипер мәтіннің) басталғанын білдіретін кіріспе бөлік. Соңғы жылдардағы (2002-2006) қазақ газеттеріне шолу жасалғанда әсіресе проблемалық мақалалардың тақырыпаттарында т.б түрліше комбинацияда келген (?! ?...!?) тыныс белгілердің көптігіне көз жеткізілді.
Графикалық құралдарды прагматикаға қатысты зерттеуде көп нүктенің ерекшелігін анықтаған Т.Ш.Мырзахметова: «Қазіргі пунктуация көпфункционалды таңбалар жүйесі бола отырып, алуан түрлі мәндерді жеткізеді. Сөйтіп олар ақпаратты кодтау мен оны ашу құралдарының арасында айрықша маңызға ие болады. Ауызша сөзжұмсамдағы ақпаратты кодтау және кодты ашу мәселелері вербалды және паравербалды құралдар көмегімен шешілсе, жазба мәтінде бұл міндет графикалық және параграфикалық құралдарға жүктеледі. Соңғы құралдарды мәтін иесі өз коммуникативтік-прагматикалық тәжірибесіне сәйкес пайдаланады» дейді. [24,3]
Сонымен, газет мәтіні тақырыпатындағы тыныс белгілер ең алдымен
таңбалық сипаты күшті, бейвербалды болып табылады, яғни сөзбен жеткізілмеген мағыналық жүк осы тыныс белгіге артылады;
сөзбен эксплицитті түрде айтылған ойдың астарындағы (подтекст) жасырын мәнді имлицитті түрде тыныс белгілері жеткізеді;
тыныс белгілердің емле ережелерінде қабылданып, орныққан орнын ауыстырып, кері позицияда (көп нүктенің сөйлем басында келуі), тіркестіріп (комбинациялық, яғни бірнеше тыныс белгісін қабаттастыра қолдану) құрақбелгілер түрінде қолданудың газет мақаласында көтерілген проблемаға көпшілік назарын ерекше аударту немесе автордың кесімді пікірін білдіру емес, адресатқа ой тастау, оқырманда алуан түрлі ойларға жетелеуде мәні зор. Яғни адресант та, редакция да өздерінің нақты пікірін ашық білдірмейді немесе «қай мақамға салуды», «неге жоруды» оқырманның өз еншісіне қалдырады;
тыныс белгілердің, әсіресе көп нүктенің қолданылуындағы түрлендірулер адресат санасында алуан түрлі ассоциацияларды туындататыны хақ.
Кез келген тақырыпатты оқыған сәтте, адресат ол мақаладан өзі үшін аса өзекті, өзін көптен қызықтырып жүрген мәселенің қозғалуын күтеді. Сондай-ақ тақырыпат құрамында бұрыннан таныс сөзқолданыстың болуы адресаттың тілдік санасында және когнитивтік санасында аталмыш мәселеге байланысты туындап, қалыптасқан ассоциациялардың көрініс беруіне себеп болады.
Тыныс белгіні ереже бойынша дұрыс қою немесе орнын ауыстырып қолдану, тіпті мүлдем қолданбау журналистің өз шешімі деп танылады, яғни, қажетті жерінде тыныс белгісін қоймай кетудің себебін автордың прагматикалық мақсатынан іздеу керек. Мұны орфографиялық нормадан уәжді немесе уәжсіз ауытқу деп атауға болады.
Қорыта келгенде, газет мәтіні тақырыпаттарында қолданылатын тыныс белгілердің прагматикалық қызметі бірдей емес екендігіне көз жеткізілді. Осы тұрғыдан тыныс белгілерді 3 топқа бөлуге болады:
І. Прагматикасы аса күшті тыныс белгілер:
а) 2-3-4-5 белгінің қатар келуі, оларды құрақбелгі деп атауды жөн көрдік: ?..; ?!; ?!.; “… ? …”
ә) көп нүктенің әртүрлі (тақырыпаттың басында, ортасында, соңында) позицияда қолданылуы;
б) тырнақшаның берілуі;
ІІ. Прагматикалық әсері орташа дәрежедегі тыныс белгілер: жеке тұрған сұрау белгісі, леп белгісі.
ІІІ. Жалпы пунктуация талаптарына сай қолданылған тыныс белгілер: сызықша, үтір, қос нүкте.
4.1.5 тармақшада Фразеологизмдерге құрылған тақырыпаттардың прагматикалық еркешеліктері арнайы қарастырылды.
Газет мәтініндегі тақырыпаттар қашан да прагматикалық бағыттылыққа ие болып, оқырманға, оның аялық біліміне бағдарланады; олар өзіндік пресуппозициялары және соларға тән ережелері әбден қалыптасқан мәдениет аясының шарттары ескеріле отырып қойылады.
Талдау, сындарлы ойлау тұрғысынан жазылған газет мақалаларының тақырыпаттары нақты, анық мәнді болмайды. Оларды құрайтын сөздер мен тіркестер көбінесе ауыспалы мағынада жұмсалады, оларда қолданылған стилистикалық тәсілдер тұтас мәтін көмегімен немесе оның жеке бір үзігі арқылы айқындалып түсініледі. Мұндай тақырыпаттар негізінен аялық білімдер пресуппозициясына сүйенеді. Оларда қатталған ақпаратты түсіну үшін адресат аса бай мәдениеттен хабардар болуы тиіс. Тақырыпаттардың адресатқа жақсы таныс, белгілі өлең жолдарынан алынуы оны жаңаша коннотациялармен байытады, оқырман қауымға тигізетін әсерін ерекше күшейтеді.
Қазақ газеттеріндегі тақырыпаттарда («Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Түркістан», «Ана тілі» т.б.) мәтінаралық референциялардың әр алуан түрлерінің кездесетіндігі байқалады:
1. Аллюзиялар көркем әдебиет туындыларының (прозалық, поэзиялық, драмалық шығармалар) атауларын меңзеуі мүмкін. Мыс: «Бандыны қуған Қайырбек» (Ж.А., 01.08.02), «Кірпіш болып қаланар кетігің қайсы?» (Т., 08.08.02).
2. Газет мәтіндерінде кинофильмдер аттарына қатысты аллюзиялар кездеседі: «Байлар да жылайды» (Ж.А., 24.12.05); «Тоғысқан тағдырлар» (Е. Қ., 30.06.04).
3. Газет тақырыпаттарында белгілі әндердің, әнұранның, эстрадалық туындылардың аттарына қатысты аллюзиялар жиі кездеседі: «Махаббат – мәңгі ертегі» (Е.Қ., 04.06.04); «Астана – жас қала, Алматы – бас қала» (Ж.А., 17.01.04), «Қош бол, Сандро, келгенше...» (Ж.А., 27.12.05).
Бұл тәсілдердің барлығы прецедентті мәтіндер қолданысына негізделген. Ю.Н.Карауловтың айтуынша, прецедентті мәтіндеге: «тұлға үшін танымдық және эмоционалды жағынан маңызы бар мәтіндер; тұлғаның айналасындағы адамдардың бәріне де кеңінен таныс мағлұматтар, тілдік тұлғаның дискурсында бірнеше қайтара қолданылатын мәтіндер жатқызылады» [25]. Ал қазақ зерттеушісі Г.К. Ихсангалиева прецедентті мәтіндердің трансформациялану тәсілдерін квантитативтік және квалитативтік және аралас түрлерге бөледі. Бірінші түрінде прецеденттік мәтін құралымындағы бір сөйлем басқа сөздермен алмастырылады немесе оған басқа сөз енгізіледі. Екінші тәсіл бойынша, прецеденттік мәтіндегі тұтас сөз емес, оның бір бөлшегі, яғни форма немесе бірлі-жарым әріп өзгертіледі, аралас тәсілде осы аталмыш тәсілдер алма-кезек қолданылады. [26]
Тақырыпаттың мәнерлілік әлеуетін арттыру үшін мәтінаралық байланыстардан бөлек, өзге де стильдік тәсілдер қолданылады.
Сөзойнатым (каламбур) мәтіндер тақырыпаттары ретінде қолданылатын аса маңызды стильдік тәсіл болып саналады. Сөзойнатым фразеологизм немесе сөзоралым құрамындағы бір лексеманы басқа сөзбен алмастыру немесе оған жаңадан сөз қосу жолымен жүзеге асырылуы мүмкін. Мысалы, «Ақымаққа намаз үйретсең, жайнамазға басын жарады» (Ж.А.,17.02.04.) деген тақырыпат «Саңырауға сәлем берсең, атаңның басы дейді»,-деген мәтел үлгісімен жасалған; «Ақиқатты айтпасақ сөз атасы өлмей ме?» (Ж.А., 29.01.04.) тақырыпаты қазақтың «Айтпаса сөз өледі» деген мәтел үлгісімен жасалған, «Б» десең Бәкеңе тиеді, «Т» десең Тәкеңе тиеді ...» (Ж.А., 25.05.04) «Тық деген тауыққа тиеді» деген мәтел ізімен жасалған; «Горбачев сонда сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді...» (А.Т., 19.02.04) – қазақ фольклорында қалыптасқан сөз бастамасының негізінде жасалған сөз ойнату деуге болады.
Осы мәселеге қатысты С.Иманбердиева «Бұқаралық ақпарат құралдарында кездесетін логоэпистемалардың трансформациялануы» деп аталатын мақаласында В.Г.Костомаров пен Н.Д.Бурвикова ұсынған «логоэпистема» терминін қолдануды жөн көреді [27].
Логоэпистема астарынан аңғарылатын ақпарат пен білім мазмұны жағынан анағұрлым бай, кең болатыны белгілі. Осыған байланысты аталмыш қолданыстарға автор өз ыңғайына, прагматикалық мақсатына сай қажет деп тапқан мәндерін үстей алады. Сонымен логоэпистемалар қазіргі газет мәтінінің тұрақты да маңызды бір бөлігі бола отырып оқырманды қызықтыратын тиімді тәсіл болып табылады. Біздің мәдениетімізге дендеп енген бұл құбылыс жаңалық, тосындық әсерін тудыратындықтан оқырман қабылдауына да жеңіл тиеді. Кейде логоэпистемалар жай ғана ойнақылық, қалжың ретінде қамтылса, кей жағдайда оған арнайы прагматикалық міндет жүктеледі. Логоэпистемаларға құралған тақырыпаттарда контраст принципі де басшылыққа алынады. Сөйтіп олар байланыс орнату қызметін ғана атқарып қоймай, мәтінде суреттелетін оқиғаға қандай баға беруге де бағытталады. Сонымен бүгінгі қазақ баспасөзінде кеңінен қолданылып жүрген логоэпистемаларға қатысты мынадай тұжырымдар жасауға болады:
біріншіден, олар автордың позициясын көрсетеді, яғни өзі көтеріп отырған проблемаға журналистің қандай баға беретіні көпшілікке бұрыннан таныс мәтіндер мазмұны арқылы меңзеледі;
екіншіден, логоэпистемалар адресант пен адресаттың арасын жалғайтын көпір рөлін атқарады, яғни бір тілдік ұжымда, мәдениетте қалыптасып орныққан коннотациялық мәнге ие логоэпистемалар газет мәтінін өзге материалдардан айрықшалап тұратын прагматикалық қарқындандырушылар қызметін де атқарады;
үшіншіден, әрбір логоэпистема өзін қолданған автордың даралығын танытып, журналистің жаңашылдыққа ұмтылысын көрсетеді.
Авторлық трансформацияда тақырыпат ретінде алынған фразеологизмнің сыртқы пішіні өзгертілмейді, ал ішкі мағынасы өзгертілуі мүмкін. Мұндай сыртқы пішіні өзгертілмей алынған сөз тіркестерінің еркін және фразеологиялық байланысқан мағыналары мәтінде қатар актуалданатын тақырыпаттар айырықша мәнерлілікке ие болады. Э.И.Турчинская авторлық трансформацияның өзін фонетикалық, лексикалық, морфологиялық және аралас трансформациялар деп бөледі [28, 47-51].
Публицистикалық стильде жазылған мәтіндерде сөздік құрам алуан түрлі болып келеді және әр қилы фразеологиялық бірліктер қамтылады. Жалпы қазақ газеттеріндегі мақала тақырыпаттарында кездесетін фразеологизмдерді үлкен екі топқа бөлуге болады: 1. Дәстүрлі фразеологизмдер; 2. Жаңғыртылған, өзгертілген авторлық фразеологизмдер.
Тілімізде бұрыннан бар, көпшілікке белгілі тіркестердің ешбір өзгеріссіз, бастапқы қалпында алынып, тақырыпат ретінде жұмсалуы қазақ баспасөзінде жиі кездеседі. Мұндай құбылысты дәстүрлі қолданыстар дейміз. Мысалы: «Тас түскен жеріне ауыр» (Ж.А., 07.07.05), «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» (Е.Қ., 20.02.04), «Бөлінгенді бөрі жейді» (Е.Қ., 18.05.04), «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» (А.Т., 26.05.05), «Кел демек бар, кет демек жоқ» (Е. Қ., 22.06.04), «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты» (Ж.А., 27.04.04), «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» (Ж.А., 29.05.04), «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» (Ж.А., 10.01.04), «Сауда сақал сипағанша» (Ж. А., 14.02.04), «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» (Ж.А., 22.01.04), «Жақсы әке – жаман балаға қырық жыл азық» (Ж.А., 02.03.04) т.б. Бұлардың барлығында көпшілікке бұрыннан белгілі тіркестер өзгеріссіз қайталанған. Осындай дәстүрлі қолданыстардың ішінде ғылымның басқа салаларынан алынған ережелер де тақырыпат ретінде жұмсалғаны байқалады. Мысалы: «Төртбұрыштың ішіндегі параллельдер» (Ж.Қ., 24.03.06), «Қосылғыштардың орны ауысқанымен, қосынды өзгермейді» (Ж.А., 31.01.06) сияқты тақырыпаттар математика ғылымының нысаны екені белгілі. Мұндай тақырыпаттардың қойылу мақсатын көпшілік тек мақаламен танысу арқылы ғана біледі, екінші жағынан мұндай қолданыстарды толық түсіну адресатта арнайы салалық білімнің болуын қажет етеді.
Жұмыста газет мәтіндері тақырыпаттарындағы фразеологизмдердің авторлар тарапынан трансформациялануына арнайы тоқталдық.
Коммуникативтік және коммуникативтік емес фразеологизмдерде негізінен бейнелі фразеологизмдер трансформацияланады. Авторлық трансформациялар мынадай мақсаттарды көздейді: мәтін тақырыпаттарының экспрессивтілігін арттыру; ирония, сарказм әсерін тудыру, юморлық ықпалын күшейту, мәнді дамыту, дәстүрлі образға «жан бітіру». Газет мәтіні тақырыпаттарында фразеологизмдердің автор тарапынан трансформациялану тәсілдері әр алуан және күрделі болып келеді, яғни онда тұрақты тіркестердің дәстүрлі бейнелі негізінің өзгертілуі, нақтылануы, сөз ойнату және бұрмалау арқылы туындайтын әсер т.б. қолданылады.
Тілімізде әбден қалыптасып орныққан, халықтікі болып саналып кеткен дәстүрлі фразеологизмдерден бөлек, белгілі бір үзінді түрінде жиі қолданылып, көпшілік құлағына әбден сіңісті болған оралымдар да бар. Оларды тарихи сипаттағы айқын мәнді жасанды сөзқолданыстар деп атауға болады. Халықтық фразеологизмдермен салыстырғанда, олардың семантикалық әлеуеті де, қолданылу ортасы да, ұғымдық шеңбері де тарлау болады. Мысалы: Сенім, сенім және сенім [Е.Қ., 24.02.04]; Сайлау, сайлау, тағы да сайдау (А.Т., 12.08.04) деген тақырыпаттар В.И.Лениннің кеңес дәуірінде жалпыхалықтық ұранға айналған өсиеті («Оқы, оқы және оқы!») негізінде жасалған.
Сонымен, соңғы жылдардағы қазақ газеттерінде мәтіндерге тақырыпаттар қоюда штамп, стандарт сияқты таптаурындардан бас тартып, бұрыннан белгілі формаларды өзгертіп, түрлендіру, жаңаша үлгіде жасалған қолданыстарға ұмтылу үрдісі байқалады. Әсіресе, сөз мәйегі саналатын мақал-мәтелдерден, фольклорлық шығармалардан алынған қайталанбалы дайын үлгілер, жыраулар мен ақындардың, классик жазушылардың көпшілікке белгілі шығармаларынан, басқа да көркем туындылардан, (кинофильмдер, әндер т.б.) алынған атаулар мен үзінділерді, өлең жолдарын тақырыпат ретінде қолдану бүгінгі журналистер қауымы үшін дәстүрге айналғандай.
Жұмысымызда фразеологизмдер трансформациялануының бірнеше тәсілі айқындалып, қазақ газеттерінен жиналған мысалдар негізінде топтастырылды. Автордың халыққа белгілі фразеологиялық бірліктерді сол күйінде қолданбай, өзгертіп, түрлендіруге ұмтылуы мынадай прагматикалық мақсаттардан туындайтыны анықталды:
1. Мақалаға адресат назарын бірден аударып, оның материалды оқып шығуына түрткі болу;
2. Аудиторияға бұрыннан таныс фразеологиялық бірліктерді қолдану арқылы адресат санасында туындайтын әртүрлі ассоциациялар негізінде материалдың тез қабылданып, жеңіл түсінілуіне қол жеткізу;
3. Трансформацияланған фразеологизмдерге негіз болған пресуппозиция арқылы оқырман көңіл-күйіне әсер ету. Бұл – тақырыпаттардың әсер ету қызметінің экспрессивті қыры.
Жұмысымыздың 4.2 «Газет мәтіндеріндегі бейлингвистикалық құралдар қолданысының прагматикалық аспектісі» деген тармағы газет беттеріндегі графикалық құралдар мен креолды мәтіндерге арналады.
4.2.1 тармақ газет бетіндегі әртүрлі графикалық құралдарға, оның ішінде шрифтің қызметіне арналды.
Осындай графикалық құралдардың бірі саналатын шрифт (қаріп) үлкен прагматикалық жүк арқалайды. Зерттеуші Қ.Күдеринова докторлық диссертациясында жазба мәтіннің жалпы графикалық ерекшеліктеріне «ЖМ-нің парақ бетіне орналасуы», абзацты, көз тынысын (үлкен ашық жол), қаріп түрлерін (майлы, ашық, көлбеу әріп), үздікті жазды, асты сызылған жазды, қаріп түсін жатқызады» [29, 17]. Қаріп креолдық мәтіннің аса қажетті композициялық элементі, оның вербалды бөлігін безендіретін материал және дербес көркем форма болып табылады. Әріптаңба да мәтінде: аттрактивті, мәнайырғыштық, экспрессивтік, символдық, эстетикалық, сипаттамалық қызметтердің бірін атқаратындығына көз жеткізілді.
Жұмыстың 4.2.2 тармақшасы «Креолды мәтінге» арналады.
«Креолды мәтіндер дегеніміз – әртекті екі бөліктен: вербалды және бейвербалды құралдардан тұратын мәтіндер» [30, 180]. Креолды мәтіндердің маңызды элементтерінің бірі ретінде түс арнайы сөз болды. Газет мәтіндерінде ол аттрактивтік, мәнайырғыштық, экспрессивтік, символдық, эстетикалық қызметтердің бірін атқарады [31, 59].
Креолды мәтіндерді автордың прагматикалық ұстанымын (материалға адресат назарын бірден аудару, әртүрлі түстер арқылы оқырман санасында түрліше ассоциациялар туындату, түрлі таңбалар арқылы символдық мәнді білдіру, суреттер мен фотосуреттер арқылы мәтіннің вербалды бөлігіндегі ақпаратты нақтылай, толықтыра түсу т.б.) барынша айқын көрсететін аса тиімді тәсіл деуге болады. Қазіргі қазақ баспасөзінде бұл тәсілдің кеңінен қолданылуы журналистикадағы жаңашылдық пен шығармашылық еркіндікті байқатады.
ҚОРЫТЫНДЫ
1. ХХ ғасырдың ІІ жартысында өркендей бастаған адамтану бағытындағы ғылым салалары қалыптасу кезеңінен өтіп, ұғымдық шеңбері, проблемалық аясы айқындалып дербестенді деуге болады. Осымен байланысты қолданыстағы тілді адресант – мәтін – адресат үштағаны төңірегінде қарастыратын прагмалингвистика қоғам өмірінің әрбір саласына қатысты жеке-жеке зерттеуді қажет етеді. Әсіресе алуан түрлі саяси, әлеуметтік, мәдени т.б. өзгерістерге толы қоғам өмірінің айнасы іспеттес газет тілінде бүгінгі социумға қатысты тілдік жағдаят жан-жақты көрінетіндіктен оны арнайы зерттеу бүгінгі күн талабынан туындаған қажеттілік деп түсінген жөн.
2. Ақпарат дәуірі деген атауға ие болған бүгінгі күні БАҚ – бұқаралық коммуникацияны жүзеге асырушы негізгі тетік ретінде танылып, мойындалып отыр. Ғалам бейнесінің (яки ақиқат болмыстың) бір үзігін репрезентациялай отырып, оның бұқаралық санадағы ақпараттық бейнесін қалыптастыратын медиа-мәтін социумға әсер етудің прагматикалық стратегияларын жүзеге асырушы, күрделі құрылым болып табылады. Аса маңызды әлеуметтік реттеуші рөлін атқаратын медиа-мәтіндерде социум ішіндегі, сондай-ақ алыс-жақын шетелдердегі саяси оқиғалар мен әлеуметтік-экономикалық ахуал түрліше интерпретацияланады.
Лингвистикалық және бейлингвистикалық құралдардан тұратын жазбаша формадағы медиа-мәтін тіл дамуының белгілі бір кезеңіндегі жаңалықтар мен ерекшеліктерді айшықтай отырып, сол арқылы бүгінгі тілдік субъектінің компетенттілігін де көрсететін құнды материал ретінде үлкен маңызға ие болады. Сондықтан мерзімді баспасөз материалдары негізінде жүргізілетін прагмалингвистикалық талдау Адам факторының төңірегіне шоғырланатын алуан сипатты (саяси, әлеуметтік, экономикалық, тарихи, мәдени т.б.) мәселелерге аксиологиялық тұрғыдан баға беруге мүмкіндік туғызады. Нәтижесінде медиа-мәтін БАҚ-тағы прагматикалық әлеуеті аса күшті құрал ретінде танылады.
3. Бүгінгі тіл ұстанушы Кеңес кезеңіндегі алдын ала белгіленген сызба бойынша жоспарлы түрде әрекет ететін, коммунистік идеологияның ықпалынан шыға алмайтын субъектіден түпкілікті түрде ерекшеленеді. Сондықтан да қазіргі медиа-мәтіннің авторы жаңалыққа ұмтылғыш, өз азаматтық позициясын айқын көрсететін, қоршаған ортаны өз ыңғайына қарай бейімдей алатын жасампаз, бейстандарттылықты таңдайтын еркін шығармашылық субъекті болып табылады.
Осымен байланысты арнайы кәсіби дайындығы бар маман газет мәтінін жазу барысында келіп түскен ақпаратты өз прагматикалық ұстанымына сәйкестендіре отырып ұсынады. Ол үшін журналист түрлі прагматикалық амалдар мен тәсілдерге жүгінеді. Осындай тілдік амалдардың сипатына қарай медиа-мәтін бұқаралық санаға мақсатты түрде ықпал ететін маңызды құралға айналады. Сондықтан автордың прагматикалық ұстанымының медиа-мәтіндегі көрінісін дұрыс анықтай білу басылым ұжымының да, оның ар жағында тұрған мүдделі саяси тұлғалар мен топтардың да мақсатын білдіруге жасалатын қадам деуге негіз бар. Нәтижесінде қоғамдағы саяси ахуал медиа-мәтінде тілдік және бейтілдік құралдар арқылы таңбаланып, ғаламның медиа-бейнесін жасауға қатысады. Осы бейненің қандай нұсқада қалыптасуы күрделі де көпқырлы автор образы мәселесі арқылы анықталады.
4. Бүгінгі оқырман газет хабарламасына шүбәсіз сенетін, ондағы ақпаратты нұсқау ретінде қабылдайтын «көнбіс» адресат емес, келіп түскен ақпаратты өзіндік ой елегінен өткізіп саралайтын, мәтін арқылы берілген автор көзқарасын құптау-құптамауды өзі шешетін, көзі ашық білікті тұлға болып табылады. Сондықтан медиа-мәтінді әрбір оқырман өз білім дәрежесіне, саяси сауаттылығына, қала берді өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, өзінше интерпретациялайды деуге толық негіз бар. Осымен байланысты кез келген газет мәтініне қатысты адресант пен адресат оқытушы – оқушы, ұстаз – рухани шәкірт рөлдерінің бірінде көрінеді.
5. Газет мәтінінің авторы қандай да бір оқиға-құбылыс туралы баяндап қана қоймай, оған қатысты өзіндік көзқарасын да білдіреді. Адресанттың осы субъективті пікірі медиа-мәтінде модальділік категориясы арқылы көрініс табады. Осымен байланысты газет мәтініндегі модальділікті бағалау, дәйектеуші және эмоционалды модальділік деп бөліп қарастыру автордың прагматикалық ұстанымын айқындауда үлкен маңызға ие болады.
6. Ақпараттық, коммуникативтік, әлеуметтік, реттеуіштік және жарнамалық қызметтерді қатар атқаратын медиа-мәтіннің прагматикалық әлеуетін арттыратын интенсификаторларды контраст, тілдік қайталамалар, сөзойнатым тәсілдері деп қарастырудың прагмалингвистикалық зерттеу үшін мәні зор.
7. Саяси дискурс ақпараттық кеңістіктің өзегін құрайтын күрделі прагматикалық ұғым болып табылады. Ол БАҚ-та позитив және негатив мәндегі PR-мәтіндер арқылы жан-жақты ашылады. Осындағы негатив мәндегі PR-мәтіндер негізінен тілдік манипуляция арқылы көрініс табады.
8. БАҚ – жаңа қолданыстарды қалыптастыруда әрі таратуда маңызды рөл атқаратын негізгі механизм.
9. Медиа-мәтіндегі тақырыптық кешенді құрайтын айдар мен тақырыпат адресат санасына әсер ету үшін пайдаланылатын маңызды қосалқы фактор болып табылады. Бұл екеуінің байланысы оларға ортақ ақпараттық, графикалық-айшықтау, эмоционалдық, интегративтік, жарнамалық функцияларынан көрінеді.
10. Медиа-мәтінде лингвистикалық және бейлингвистикалық құралдардың аралас қолданылуы оның адресат факторына бағытталған әсер ету қызметінен келіп шығады. Қазіргі баспасөзде ерекше орын алатын мұндай әртекті құралдар арқылы жасалған туынды креолды мәтін деп аталады. Креолды мәтін сендіру категориясын эксплицитті және имплицитті түрде жүзеге асыру үшін пайдаланылатын тиімді прагматикалық тәсіл деп таныған жөн.
Пайдаланылған әдебиет
1 А ван Дейк. Язык. Познание. Коммуникация. – М., 1989. “Прогресс”-310с
2 Винокур Т.Г Говорящий и слушающий. – М., 1993.-172с
3 Сыздық Р. Бүгінгі көркем проза тілі және әдеби норма (сәйкестік пен алшақтықтар) // Өнер алды – қызыл тіл. Мақалалар жинағы. –Алматы: Жазушы, 1986.
4 Рогозина И.В.Медиа-текст как средство социальной регуляции // Концептуальная картина мира и интерпретативное поле текста с позиции лингвистики, журналистики и коммуникативистики: сб.докл. Всесоюз.науч.прак.конф., /25-26 июня,2001/. –Барнаул, 2001, 171-182 стр.
5 Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері. Фил.ғ.д... дисс
6 Апресян Ю.Д. Коннотация как часть прагматики слова// Избранные труды. I. II: Интегральное описание языка и система лексикографии. М., 1995. 767 с.
7 Э.Ю.Новикова. Прагматические характеристики газетного политического текста// Вопросы лингвистики и транслятологии. -Волгоград, 2004, вып. 2 с.18-26
8 Е.Пронин. Критерии эффективности текстового воздействия // Проблемы эффективности журналистики. -М.,1990
9 Каменская О.Л. Текст и коммуникация. -М.,1990 С.150
10 Арутюнова Н.Д. Фактор адресата // Серия литературы и языка. Том 40. №4. 1981 с.356-367
11 Щедровицкий Г.П. Схема мыследеятельности – системно – структурное строение, смысл и содержание // Системные исследования: методологические проблемы. Ежегодник. –М., 1987.
12 Ережепова С.Н. Официально-деловой стиль в русском и казахском языках: прагмалингвистический аспект. Автореф. канд... филол. наук. –Алматы, 2002. -27 стр.
13 Алефиренко Н.В. Современные проблемы науки о языке. -Москва, 2005.
14 Ерназарова З.Ш. Қазақ сөйлеу тілі синтаксистік бірліктерінің прагматикалық негіздері. Фил. ғылым.док.дисс… авторефераты. -Алматы, 2002.
15 Поварнин С.И. Спор. О теории и практике спора// Вопросы философии. 1990. №3. с.60-133
16 Маттуш Х.Ю Семантическая пробематика специальных языков // Исследования по семантике: Межвуз. сборник.- Уфа: Изд-во Башк. Ун-та, 1980 3-11с
17 Похорова Т.Н. Реализация прагматического потенциала современного русского языка в жанрах газетной журналистики. Дисс....док.филол.наук. –Белгород, 2003. -315 стр.
18 Туранский И.И. Семантическая категория интенсивности в английском языке. –Высшая школа, 1990. -172 с.
19 Покровская Е.В. Понимание современного газетного текста (прагматический аспект). –М., 2003.
20 Ахатова Б.С. Языковое сознание. Дисс...д.ф.н
21 Георгиев Д. Режиссура газеты. –Москва, 1979. -107 стр.
22 Коробова Л.А. О семантике газетного заголовка // Иностранная филология. Вып. 6 А., 1975 С.77-84.
23 Лазерева Э.А. Заголовок в газете. Свердловск, 1989 С.96
24 Мырзахметова Т.Ш. Семиотический и функционально-прагматический анализ многоточия. Автореф.дис...канд.филол.наук. –Алматы, 2000. -30 стр.
25 Караулов Ю.Н. Русский язык и языковая личность. –Москва: Наука, 1987. -262 стр.
26 Ихсангалиева Г.К. Функционально-прагматический анализ заголовков (на материале казахстанских газет и телепрограмм).-Алматы, 2000. Дисс...канд.филол.наук. -135 стр.
27 Иманбердиева С. Бұқаралық ақпарат құралдарында кездесетін логоэпистемалардың трансформациялануы (газет материалдары бойынша) // С.Аманжолов және қазіргі қазақ филологиясының өзекті мәселелері. -А., 2004. 199-206.
28 Турчинская Э.И. Использование фразеологизмов в газетных заголовках (на материале французкой и советской прессы) // Сб. Научн. трудов МГПИИЯ им. М.Тореза. М., 1987. вып. 294. С.47-55
29 Күдеринова Қ. Қазақ жазуының онтогенездік дамуы. ф.ғ.д... автореф. Алматы, 2006
30 Сорокин Ю.А., Тарасов Е.Ф. Креолизованные тексты и их коммуникативная функция// Оптиматизация речевого воздействия.-М.,1996\
31 Е.Е.Анисимова Лингвистика текста и межкультурная коммуникация.-М., 2003 С.120
Достарыңызбен бөлісу: |