Жергілікті анестезияның түрлері - Жергілікті анестезия инъекциялы және инъекциялы емес болып бөлінеді. Инъекциялыға – инфильтрациялық, өткізгіштік, А.В. Вишневскийдің «жылжушы инфильтраты», инъекциялы емеске – химиялық, физикалық, физика-химиялық, инесіз инъектор, инерефлексанестезия жатады.
Жергілікті анестезияның инъекциялы емес түрлері.
Апликация анестезиясы анестетикті белгілі бір жерге жағу немесе басып тұру. Анестезияның бұл түрі ауыз қуысы мен мұрынның кілегей қабығына қолданылады (дикаин, лидокаин, анестезин).
Кілегей қабықты сілекейден құрғатып, мақталы тампонды анестетикке батырып немесе ұнтағын сеуіп анестезия жасалатын жерге 2-3 минутке қояды.
Жергілікті анестезияның инъекциялы түрі.
Анестетиктің тінге ине немесе жоғары қысым арқылы енгізілуі инъекция түріне жатады. 1853 жылы Вудтың іші қуыс ине арқылы операция жасалатын жерге әртүрлі дәрілерді енгізуі инъекциялы анестезияға жол ашты. Шприц пен инеге мынандай талаптар қойылады: поршеньнің шприцке дәл келуі, иненің ұзындығы 4-5 см-дей болуы, тиісті тереңдікке енгізілген соң да иненің 1-1,5 см-дейі қалуы керек, иненің түбі таттанбаған, ұшы қайырылмаған, ұшы 45° бұрышпен өткір болуы шарт. Ең дұрысы бір-ақ рет қолданылатын шприц.
Инфильтрациялы анестезия
Инфильтрациялы анестезия тіс жұлғанда, альвеола өсіндісіндегі шағын операцияларды, кілегей қабықты тілгенде, шағын қатерсіз өскіндерді алғанда, жараны алғаш хирургиялық емдеп-өңдеу кезінде қолданады.
Мұнда тіс өрімі жансызданады. Бұл тәсілдің мәнісі – дәріні өтпелі қыртысқа енгізгенде, оның борпылдақ шелге сініріп жақ сүйектің майда тесіктері арқылы кемікке жетіп, ондағы тіс өрімдеріне әсер етуіне негізделген. Үстіңгі жақта жиі, төменгі жақта сирек қолданылады. Оның себебі жақ сүйектердің құрылысындағы айырмашылыққа байланысты.
Үстіңгі жақтың сыртқы тұтас қабаты жұқа әрі көптеген майда тесіктері бар. Тек орта сызық пен бет альвеола тұсы ғана қатты болып келеді. Төменгі жақта, керісінше, иек тұсынан басқа жерінің бәрінде де сыртқы тұтас қабат болады. Осы ерекшеліктерді ескерсек, үстіңгі жақтың барлық тістерін, астыңғы жақтың алдыңғы тістерін инфильтрациялық анестезия арқылы жұлуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |