«Әуезов және әлем әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 014 жылғы №3 басылым в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті


Дәріс №4 М.Әуезов әңгімелеріндегі «қорғансыздар» тақырыбы



бет5/13
Дата16.11.2023
өлшемі286,41 Kb.
#191468
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13
Байланысты:
5fa977e8-4931-11e4-973d-f6d299da70eeәуезов кешен (1)

Дәріс №4 М.Әуезов әңгімелеріндегі «қорғансыздар» тақырыбы

М.О.Әуезов әңгімелері өзіндік драмалық табиғатымен, сондай-ақ, тарихилық сипатымен дараланады. Жалпы, қай жанр болмасын, қоғам дамуының әр түрлі кезеңдеріндегі тарихи-эстетикалық сұраныстарға орай туады. Яғни, көркем туынды тарихи-эстетикалық сұраныстың нәтижесі десек, онда тек қана тарихтың ғана сұранысы емес екен. Ал эстетикалықтың ауқымы кең. Эстетикалық – ол, мегакатегория. Басқаша айтсақ көркемдікті бедерлейтін барлық идея, бейнелеуіш құралдар, стиль, поэтика элементтері одан көрініс табады. Тарихи шындық – көркемдік шындыққа айналады: «Әдеби шығармадағы тарихи шындық – көркемдік бейнелеу тәсілімен берілетін өмір шындығы, яғни көркемдік шындық. Тарихи шығармада өмірде болған уақиғалармен қатар ойдан шығарылған жайлар да аз болмайды, тарихи тұлғалармен бірге көркем қиялдан туған кейіпкерлер араласып жүреді. Мәселе, шындап келгенде, оқиғаның, кейіпкерлердің өмірде болған, не болмағанында емес. Шығарманың барлық мазмұны, оқиғалары, кейіпкерлері көркем ой көрігінен өтіп, жинақталып, өзгеше бейнелілік сипат алып шығатындығында. Әрине, тарихи шығармада айтылмақ уақиғаның өзегі негізінен өмірде болған уақиғалардың аясында алынбақ. Сондықтан жазушы маңызды тарихи жайларды, көп нақтылы деректерді анық білуі қажет».


Бұл көзқарастағы біздің назарымызды аудартқан ой, тарихи негізді шығарма жазуда суреткер еркіндігі бола тұра, тарихи шындықты аттап өтіп, оны бұрмалауға болмайтыны туралы пікір. Басқаша айтқанда, көркем шығарма шындыққа сай нанымды болып шығуы тиіс. Сонда, тарихилық дегеніміз не? Көркемдік өзгеріс дегеніміз еркін кету деп те үстірт айта алмасақ керек. Көркем шығарманың тарихи негізімен көп үндесетін тарихилық категориясы турасындағы ғалым А. Ісмақованың пікіріне назар аударайық: «Тарихилық әдеби шығарманың тарихи-әлеуметтік ортамен, белгілі бір халықтың мәдени тарихымен, салт-дәстүрімен, ырым-нанымдарымен, ұлттық мінез, ойлау ерекшеліктерімен, аңсар-арманымен тамырлас құбылыс. Осынау «тарихилық» ұғымы суреткер дүниетанымының шартараптылығына, асқан білімдарлығына, яки, мынадай таным кезеңдерінің 1) өткенді (ретрогноз), 2) бүгінгі (презентогноз), 3) болашақты (прогноз) жетік, жан-жақты меңгергеніне тікелей қатысты. Әдебиеттегі тарихилық және зерттеу саласындағы методологиялық әдіс ретіндегі тарихилық өмірдегі, ақиқат болмыстағы әрбір құбылысты тексеру мен бейнелеу жалпы тарихи процестің бір бөлшегі, яғни тарихи сабақтастық негізінде қарастырылуы тиіс. Сонымен тарихилық белгілі бір заманның нақты тарихи жағдайларын, қайталанбас келбеті мен өзіндік қасиеттерін, мән-мағынасын, болмысын, ұлттық-тарихи және өмір шындығын, идеялық-танымдық тереңдігін көркемдік тұрғыдан жырлап, тарихтың көркемдік философиясын шеберлікпен жеткізу» .
Сайып келгенде, көркем шығарманың тарихи негізі, жалпы өнердегі тарихилық өткенді ғана қамтымайды екен. Оның өміршеңдігі сонда өткен мен бүгінді, тіпті болашақты ұштастырар поэтикалық күш-қуатының ерекшелігінде болып отыр. Тарихи шындықтың көркем шығармада бейнеленуі аса өзекті мәселелердің бірі.
Жазушының «Ескілік көлеңкесінде», «Кім кінәлі?», «Сөніп-жану» әлпеттес шығармалары кең тынысты және шебер жазылған. Бұларда қазақ ауылының ескі тіршілігі, оған ене бастаған өзгерістер, әйел басының еркі әлі де ескілік шырмауында екені өте қонымды берілген. «Ескілік көлеңкесінің» басқа әңгімелерден бір ерекшелігі сол, онда ескіліктің бүкіл көрінісі жан-жақты және өте қонымды суреттелуінде. Байдың ерке қызы Жәмеш өзін айнала қоршаған болмыстан бейхабар, бірбет, тәкаппар өседі. Оның үлгі тұтатын әрі ақылшысы, әрі тәрбиешісі - ескілікті аңсайтын, қатал мінез кәрі әжесі Мәкен. Бұл сияқты азулы кемпірлердің азғана ауыл тұрсын бүкіл руды бір шыбықпен айдаған кездері болған. Жәмештің өз әке-шешесі Мәкен кемпірдің алдында құрдай жорғалап, оның бетіне қарсы келіп көрген емес. Жас Жәміштің туған апасы Хадишаны әрі бай, әрі болыс Кенжеханға тоқалдыққа бергізген де осы қияс кемпір еді.
Алғашқы кезде Хадиша біраз толқыса да, ақыры іштен тынып, қатын үстіне кете барған. Сырт көзге оның өмірі сәнді, үлде мен бүлдеге бөленіп отырғандай. Үй ішіндегі бар билік те оған көшіп жас тоқал өзін емін-еркін ұстағандай тәрізденеді. Ол күйеуіне ерекше құрмет көрсетіп, үнемі ықылас білдіріп отырады, қысқасы, шалқыған бақытты өмірге ие болғандай. Бірақ, мұның бәрі әлеміш, алдамшы көрініс. Хадиша мұңға батқан жүрек сырын, жегідей жеген қапа-қасіретін ешкімге ақтарып ашпайды. Сөйтіп жүргенде көп ұзамай (күйеуімен алты-ақ жыл отасып) Хадиша дүние салады. Неге екені белгісіз, ақырғы өсиет-аманат сөзінде ол өз орнын жас сіңілісі Жәмеш басып, артта қалған екі баласын жетімсіретпеуін өтінеді…
Хадишаның көзі тірісінде Мәкен кемпір мен Жәмеш сан рет қонаққа барып, ұзақ жататын-ды. Кенжехан мен Хадишаның «тәтті» тұрмысы оларға сондай сүйкімді әрі қызықты көрінетін-ді. Тегі соның әсерінен болса керек, Жәмеш ағасы Қасымның (оқыған жігіт) қарсылығына қарамастан, Кенжеханға тиюге бірден ризалығын білдіреді. Жазушы барлық жағдайды мейілінше нанымды суреттеген.
Әңгімедегі тағы бір басты қаһарман – Қабыш. Ол жас жігіт, орта мектепті бітірген, Жәмешке көптен бері ғашық, талай рет хат жазса да қыз тарапынан үміт туғызарлық нышан көре алмай келген. Қабыш образы жалаң емес, күрделі жасалған. Оның бойындағы ұтымды қасиеттермен қатар, осал жақтары да көрсетілген. Қабыш көбінесе қиялға беріліп, өмірдегі тартысқа онша бейімділмеген жан ретінде бейнеленген. Жақсы оқыған дегені болмаса, автор оны үнемі жасықтау, икемсіздеу етіп сипаттаған, Жәміштен жылы жауап ала-алмауы да осыда.
Қанша ерке өскенімен Жәмеш сұлу Кенжеханмен алғашқы кездесуінен бастап бірден түңіліп, мүлдем өзгереді. Әйткенмен жазушы бар сырды ашпай, жұмбақ күйінде қалдырады. Жәмештің Қабышпен кездеспек болуы да, осы ойын тез орындау үшін белін бекем бууы да оншалық дәлелденбей қалған. Екі жастың дидарласуы немен тынғаны да ашылмай, тұйық күйінде берілген. Олар мұраттарына жетті ме, әлде өмірден опық жеді ме, ол арасы де белгісіз. Алайда, әңгіменің аяғында жеңгесі Бибішке Жәміштің декбірсізденіп айтқан: «Тез жүр, тез!» деген әмір-өтініші, оның қалай да тұжырымды біршешімге келгендігіне оқырманды үміттіргендей болады. Әңгіме - өте көркем, тілі бай, оқиғасы тартымды. Жазушы шеберлігінің айқын айғағы.
«Кім кінәлі?» атты келесі шығармасы да жоғарыдағы әңгімелермен үндес, бірақ бұл туындыларда ескіліктің қанды жұдырығы тұрпайы, жиіркенішті қалпында сипатталған. Ысмайыл байдың бой жеткен Ғазиза әкесі атастырған жеріне бармайтынын ашып айтады. Осыдан барып тұтқиылдан оқиға шиеленісе түседі. Бір жағынан зіркілдеп зәрін шашып қатал әке қаһарманына мінсе, екіншіден, шұғыл шақырылған, Жақып күйеу қалыңдығын көндіре алмаған соң, оны сілейте сабайды. Ғазиза бұл қорлыққа шыдамай, ертеңіне қатты ауырып, ақыры қаза табады. Мұндада бақытсыз қызды сүйетін оқыған жігітбар. Ол – Ісләм, сол Ысмайылдың құдасы әзімбайдың баласы. Ғазиза мен Ісләм көптен таныс, екеуі бірін-бірі сүйеді де, әйтседе олар ескілікке қарсы тұрып, төтеп беруге жарамайды. Ғазиза қыршынан қиылып, қайғылы өлімге ұшыраса, Ісләм өз елінен, туған-туысқанынан пана таба алмай қалаға аттанады. Оның бар қолынан келгені Ғазизаның қабіріне соғып, қоштасуы, сүйген жары есіне түсіріп егіле жылауы ғана. Замана шындығы осылай еді.
Бұл топқа жататын шығармалардың ішінде оқшауырақ тұрғаны – «Кінәмшәл бой жеткен» әңгімесі. Мұнда губерниялық қаладағы қазақтың оқыған жастарының өмірі суреттелген. әңгімедегі басты кейіпкер – гимназияда оқып жүріп, оны бітірмей кеткен қазақ қызы Ғайша. Алғашқыда ол құрметке де бөленеді. Қоғамдық қызметке де белсенді араласады, бірақ мұнысы ұзақа бармайды. Көркі мен ақылына мастанған жас қыз өз жұлдызына сеніп, оқуын тастайды да, қызметтен де қол үзеді, Біріңғай ойын-сауыққа, сән-салтанантқа салынады. Мұнысы бара-бара машыққа айналып, ол қыраттан домалаған тастай өзін-өзі тоқтата алмайды, уақыт озған сайын Ғайша көріктен де, беделден де айырылып құлдырай бастайды.
Соңғы кезде танысып, зор үмі артқан жігіті Ғаббас та тұрақтамай, тез жалт береді. Ақыр-аяғында Ғайша бәрінен түңіліп, өлімге де басын байлап, у ішіп «азаптан» құтылмақ болады. Бірақ бұл жолы да ерке өскен қыз үрдіс әрекетке батылы бармай, аман қалады да, бұрынғы құнарсыз тіршілігін жалғастыра береді.
Шарты түрде екінші топқа жатқызған әңгімелер: «Жетім», «Барымта», «Жуандық» тіпті басқа сипаттағы шығармалар. Жас жазушы мұнда қазақ ауылындағы әлеуметтік мәселерді терең де жан-жақты, шындық тұрғысынан өте шебер көрсете білген. Бұл әңгімелерде халық ортасынан шыққан қарапайым жандардың шеккен жәбір-жапасы, тартқан азабы, көрген қианаты сипатталады. Шығарма бір эпизодтан ғана тұрады. Қорлық-зорлыққа төзе алмай, әке-шешесі мен әжесінің қабірлерін іздеп шыққан жетім бала Қасымның қазаға ұшырауы суреттеледі. Жазушы түндегі тау тіршілігін, табиғат құбылысын үрейі қашқан баланың ішкі сезім толғанысына бейімдеп, өте әсерлі етіп бейнелеген: «…Биік тау, мықты қара жартас, бұралған тоғай мен майысқан шалғын- барлығы да түн мезгілінде Қасымның көзіне жат болып кеткендей болып көрінеді. Тас қабақты, жұлдыз көзді, түндей қара түсті қара кемпір тау ішін құйғындай құтырып, кезіп жүргенжей. Қара желімен «әпсін» оқып үшкіріп тұрғандай. Дүниені тас қып қатырып, тылсым буғандай. Түн тыныштығын ұйқылы қанатын жалпылдатып қағып ұшқан жалғыз ғана қарақұс бұзады… Осы сияқты ауыр мезгілде Қасымды тау ішінде жетімдік қайғысы жанұшыртып алып келе жатты… Бір мезгілде, Қасым қорқып, дірілдеген жүрекпен маңайына жалтаңдап әр нәрседен үркіп келе жатқанда, күн жарқ етті.»
Өмірден алынған осы бір шағын көрінске жазушы біраз дүниені сиғыза білген. Жас Қасымның қайғылы өлімін суреттеу сәтімен автор ескі ауылдың ауыр тұрмысын, тұйық тіршілік қоршауында азап шеккен қарапайым, дәрменсіз жанның панасыз, аянышты халін нанымды етіп берген. Осылардың бәрін тәптештеп, саралап жатпай, сараң баяндау, жеке болмысты қонымды келтіру арқылы көкейге ұяаларлық шындықты ұсынған. Тау суреті, табиғаттың түнгі құбылысы, ауру жеңген қарт әженің мейірімді жүзі, жетім балаға рақымсыздық жасаған тас бауыр жауыз адамдардың пасық әрекеттері көз алдыңызда тұрғандай болып елестейді. Суреткер- белгілі дәуір перзенті. Оның творчествосы сол өмірдің сәулесі, көрінісі. Сондықтан жазушы шығармалары өз дәуірінің әлеуметтік тіршілігінен, арпалысынан оқшау болуы мүмкін емес. Бірде бір шынайы суреткер өз заманының саяси-әлеуметтік мәселелеріне үн қоспай, қатыспай, араласпай қалмақ емес.
Жазушы адам тағдырын, қоғам тағдырын жырлайды. Соны шығарма өрнегімен түсіндіруде өз тәжірибесіне де, қоғам тәжірибесіне де арқа сүйейді. Әр суреткер- жан- сезім дүниесінің адамы. Ол шығарма жазу үстінде өзі қайғырып, өзі қуанады. Ол бүкіл ой- сезім қуатын, толғанысын сол шығармасына төгеді. Егер суреткер өзі толғанбаса, онда сезім ақиқаты, шынайылылығы жоқ, ал сезім шынайылығы жоқ жерде, өнерде эмоциялық әсер шамалы.
Жазушының өз бейнесін көргіміз келсе, біз оның шығармаларына үңілуіміз керек. Оның өмірі арман – мүддесі, дүниеге көз қарасы, адамгершілігі сол өзі жазған шығармаларында елес береді. Ол өзінің өмірге деген сүйіспеншілігін де, өмірдегі жексұрындылыққа деген жиренішін де шығармасында өрнектеген.
Көркем шығарманың кішкентай клеткасы - сөз. Шығарма шаңырағы сол арқылы көтеріледі. Жіптен кілем тоқыған шебер сияқты, кірпіштен зәулім сарай тұрғызған сәулетшідей әр түрлі болуды үндестіре пайдаланып сурет салған қыл- қалам шеберіндей жазушы да сөзді кәдеге жаратып, көркем туынды түндігін көтереді. Сол сөз образы бейнелі сөйлем құрылымына апарады, ал сөйлемдер барып белгілі бір оқиғаны құрастырады, ситуация жасайды, сол оқиғалар бір- бірінен өрістей барып, шығарманың тұтас бітімін құрайды, осы өрілімдер, оқиғалар өрісінде адам бейнесі жасалады, олардың мінез- құлқы қалыптасады, шығарманың идеялық- эстетикалық мазмұны ашылады. Қалыпты сөздер шағарманың көркем құрылымына ену арқылы бір- бірімен іштей кірігіп, қарым- қатынасқа түсу арқылы өнер жемін тұрғызады. Эстетикалық қатынасқа енген сөздер алуандаған бейнелі мағынаға ие, оның әр клеткасы әр түрлі әуен шертеді, әр түрлі болуымен, мән- көркімен жалт етеді. Сөздің осы ішкі формасымен сырына терең барып, соның құдіиетін аша білуден оны кәдесіне жарата білуден жазушы шеберлігі байқалады.
Әуезовтің суреткерлік болмыс - бітімі әсіресе «Жетім» әңгімесінде ерекше көрінеді. Шығарма оқырманын ерекше баурайды. Шығармада бала жанының психологиясы керемет көрініс тапқан.Кішкентай Қасымның тіршілік тауқыметін бейнелей алған, сұмпайлардың сұмдық қылмысын адам жүрегі түршігердей етіп сипаттап, аяушылық сезімнен мүлде ада болған Иса, топас та қатігез, жетім ақысын жеген Қадишаның адам төзгісіз қылықтарына оқырманың жиренішін туғыза білген.
М.Әуезовтің әңгіме, повестерінде қазақ ауылының, әлеуметтік өмір көрінісі, адамның ішкі жан дүниесі, мінез – құлқы, ортаға, тағдырға қарсы көзқарастары жақсы көрініс тапқан. Бұл – бір. Екіншіден, қаламгер шығармалары көркемдік қасиетімен, жаныр табиғаты мен талабына толық жауап беруімен бірге қазақ сөз өнерін, соның ішінде көркем проза үлгісін, ұлттық әдеби дәстүрлерді әлемдік әдебиет биігіне көтеріп, руханиат саласында өзіндік із – бедер қалдырғанын айрықша айтамыз. Үшіншіден жазуша шығармаларындағы көркемдік идеялық ізденістер, бейнелеу тәсілдері басты тұлғаның жан жүйесін ашудағы деталь, портрет, пейзаж, ішкі монолог, ой ағыстары тілдік – стильдік құбылыстар, композициялық үйлесім, қайталаулар, даналық ой нақыл сөз, тұрақты сөз тіркестері, мифологиялық кейіпкердің іс - әрекеті өз орындарында қолданылып, сол жылдардағы қазақ прозасын сыртқы пішіні мен ішкі мазмұнын, көркемдік құрылым ерекшеліктерін байыта, толықтыра түседі.
Бұдан шығатын түйін Әуезов шығармашылық мұра – мирасында әлеуметтік меселелерді өткер көтеріп, қозғайды, өмірлік - адами тақырыптар терең, жан – жақты сөз етіледі; кейіпкердің өмір – тағдыры, кескін – келбеті уақыт сырына қарай суреттеледі.
Әуезов – қазақ болмысы мен мінезінің ғажап айнасы, қазақ өмірінің кең тынысты көркем әдебиет пен көркем өнердегі келісті кескіні, кемеңгерлік кестесі. Өз туған ұлтын бар артық – кемімен ішінен үңги отырып тану, зерттеу, соны өзіне ғана, яғни қазаққа ғана емес, жұмы жердің ұлы төскейін жалғайтын кез – келген ұлтқа, кез – келген жұмыр басты пендеге түсінікті ете отырып таныту - Әуезов әлемінің сиқырлы да сырлы қасиеті.
«Ұлы тауды ұлы таулар ғана биіктетеді! Ұлы мұзартты ұлы шыңдар ғана асқақтатады!» демекші Әуезов туралы Башқұртстанның халық ақыны Мұстай Кәрім былай деді: Мұхтар Әуезов ХХ ғасырдағы көркем және философиялық ойдың дүниежүзілік – ғаламдық шыңдарын айқындайтын тұлғалардың бірінен саналады. Оның шығармашылық данышпандығының самғаушы қанаттары Шығыс пен Батысты бірдей қамтиды. Ол бірақ ең алдымен қазақ өз топырағының ұлы Пайғамбары. Ол өз халқының өміріндегі процестерді терең түсініп қана қойған жоқ, сонымен қатар өз халқының рухының ұлылығын, шабыт қуатының өмірмен мүмкіндігін күллі әлемге паш етті. Ол дәл Абайдың өзіндей ұлттық сана – сезімді асқақтатып қана қойған жоқ, сонымен қатар, ұлт өзіне - өзі сын көзбен қарауға да үйретті. Мұның өзі кейінгі буын ұрпақтар үшін тағлым. Осы сөздерінде-ақ башқұрт ақыны бізге, яғни келер ұрпаққа үлкен ой тастап тұрған жоқ па? Бүкіл әлем таныған, құрмет тұтқан данышпан туралы, оның еңбектері туралы неге сөз қозғамасқа? Біз әр сыныпта Әуезов әңгімелерін оқып, ол кісінің даналығына, шешендігіне, ұлылығына таңдай қағысамыз. Әуезов әлемі бізді өмір сүруге, күресуге, сүюге үйретеді. Оның шығармаларын оқу арқылыақ пен қараны, әділетсіздік пен адалдықты ажырата білдік.
Жазушы осы көркем сөз айшықтарын өзінің мұратты мақсатын жүзеге асыру кәдесіне қалай жарата білген. Жазушының уақыт мерзімін алуына ой жүгіртелік «Күн батып, ымырт жабылып барады» дейді. Ол неге дәл осы мерзімді алды? Неге Қасым дәл осы уақытта жаяу-жалпы жалғыз өзі жолға шығады? Осы сұрақтарға жауапты біз бірден келесі тексттен аламыз. Жазушы ащы тілмен өз кейіпкерлерінің басындағы ауыр халді ашып салады. [69, 47] Табиғат балаға қатал, суық көрінеді. Жан- жақта жүдеу тартып, жұмарланған боз төбелер қағылы сырымен, дүние шерімен сазарғандай. Бетіндегі ақ көде, сары селеуді сүйретіп сумаңдатып соққан түн жклі желпи көлеңкеш сайлар қара түннің қараңғы сырын бауырына жиып, әлденеге сақтап тұрғандай болады. Осындағы қатал, суық табиғат, жүдеу тартып, жұмырланған боз төбелер, қайғылы сырымен сайлар, қара түн, қараңғы сыр. Осының бәрі жазушының сөйлем құраудағы, шеберлігі, шешендігі. М. Әуезов табиғаттың сұсты келбет – кескінін кейіпкерлерінің жан күйзелісін, жан ашуын тереңдете бейнелеу үшін ұтымды алған, табиғатты өз мақсатына орай сөйлете білген[69, 95]. Әрі қарай жазушы табиғат балаға неге қатал екендігін, оның жаяу жалғыз неге келе жатқандығы туралы түсінік береді. Оның өміріндегі қиыншылықтарды сөз етеді. Әжесі өлген соң нағыз жетімдік көрген баланы «Жетімдік бұған өзінің барлық суық пішінінде емін-еркін танытты. Қатал тағдыр мықты қолымен қатты ұстады » деген сөйлем арқылы дөп басады. Осындағы суық пішін, қатал тағдыр, мықты қол көріктеуіштері шығарма тілін безендіріп тұрғаны анық.
Жазушының құдіретті күші тек өмір шындығын жете тануында немесе шеберлігінің кемелдене түсуінде ғана емес, көркем әдебиеттегі реалистік әдісті терең меңгере бастауында болса керек. Қыр тіршілігіндегі дау-жанжалды шешудің ең бір төте және нәтижелі жолы бір кезде барымта болатын-ды. әрине, бақ күндес жуандар өз ара есеп айрысқанда, сол барымтаға қарамағандығы қарулы жігіттерді, жалшы-жақыбайларын, кедей-кепшік ағайындарын жұмсайтын-ды.Қазақ даласында ұзақ жылдар болып келген барымтаның біреуін Мұхтар Әуезов суреттегенде жанжалдың түп себебін ашуды тіпті мақсат етпеген. Оның назарына аударған сол барымтаға қатысушылардың рольдері мен оларға түсетін салиақтың ауқымы мен азабы. Әйтпесе, қоныс жерлері шалғай жатқан, жылына жайлауға шыққан мезгілде ғана бір рет кездесетін, екі дуанға қарайтын Доспол мен Айдар ауылдардың арасында бітіспейтін не бар?
Бұл жерде автор Қалбағайдай батыр жылқышы, ер жүрек ағайынды жігіттер Қоңқай мен Жоламандардың есіл ерлігі мен қажыр қайраты босқа зайып болғанын, ақырында екі арыстың (Қалғабай мен Қоңқайдың) қатар түсіп, қанға боялып жатқанына өкінішін білдіреді: «Жарық айлы бүгінгі түн қаралы қанды болды. Өз намысы оянбаған екі бейбақ, асығы түгел әлдекімнің намысына итаршылық жасады да,-жайрап түсті қос арыс!»-деуі де содан.
«Жуандық» алғашқы басылымда» «Ескі індет» деген атпен жарияланған болатын. Бұл шығармасында жазушы өте маңызды екі мәселені қозғаған. Ең әуелі – қазақ кедейлерінің егіншілікке көшіп қана қоймай, бұл істе елеулі табысқа жетуі, ру көлемінен шығып «…жиырма-отыз үйлі кедей-кепшік…» құрамалардың бірлесіп бас қосуы, сонымен қатар, жуандарға қарсы тұруға біріге бастаулары.
Осы аталған әңгімелердің қай-қайсында болсын жазушы жапа шеккен еңбек адамдарының жағында, солардың мұңын мұңдап, жырын жырлағаны айқын көрініп тұр. Үшінші топқа жататын туындылары: «Қыр суреттері» және «Қыр әңгімелері» деп аталады. Жоғарыда сөз болған екі топтан бұл шығармалар мүлдем өзгеше. Ы.Дүйсенбаев осы әңгімелері төңірегінде ойын былай өрбітеді: «автор тілесін, тілесмесін, бұл суреттемелері оның болашақ ұлы шығармасын жазар алдында жүргізген дайындығына ұқсайды. Сараң сипаттама арқылы ол қазақ даласының сыр-сипатын, яғни қыраты мен ойпатын, өзен-суы мен көл-бұлағын, тоғайы мен орманын, тауы мен тасын, ашық аспанын, жаз мезгіліндегі жайлы күні мен тамылжыған түнін, жұпар желі мен найзағайлы жаңдырын, қыс кезіндегі қаһарлы аязы мен құтырған боранын соншалық әсерлі, соншалық шебер бейнелеген. Сонымен қатар айнала қоршаған табиғатты және ондағы үздіксіз болып жатқан сан алуан құбылысты автор жалаң алмаған. Адам өмірне, сол адамның қуанышы мен қасіретіне, жабырқауы мен серпінісіне, тоқырауы мен шарықтауына, қысқасы, күнделік тіршілігіндегі үйреншікті әрекетіне байланыстыра отырып суреттейді». Демек, жазушы қашанда қазақ жерін мекен еткен қарапаым еңбек адамдарының бар болмысын, тірлік-тынысын көрсеткен. «Қыр суреттері » дегеніміз «Кешкі дөң басында,» «Қысқы түн», «Қысқы күнгі дала» атты үш шағын бөліктен тұрады. Осылардың қай-қайсысын алсақ та кіріспесінде табиғаттың кейбір көріністері суреттеле келіп, сол жаратылыс аясындағы жан-жәндіктің, әсіресе адам тіршілігін сипаттаумен аяқталады. Мысалы, «Кешкі дөң басында» күн батар алдындағы көрініс былай алынған: Аспан әлемінде секунд сайын болып жатқан өзгерістер көз алдыңнан тізбектеліп өтіп жатқандай… Сондағы көріністер: кеш мезгіліндегі қарбаласта шұғылданып жүрген кәрі-жас, қатың-қалаш, серуенге шыққан қаз-бозбала, қағыста оқшауланып хат оқып отырған жас сұлу, апақ-сапақта аңға шығып Саршегіріне қаз ілдірген аңшы жігіт… Жаздыгүні қазақ аулының әсем бір шағы көзді тартып, көңілге тыныштық орнатқандай…
Әйтсе де сол ауыл тірлігінде ауыр жағдайлар аз болып па? Оның бірі «Қысқы түнде» көрінеді. Мұнда ұзақ түнгі тау ішіндегі жел гуілі мен боран ысқырығы, қаһарлы суығы мен ашулы дауылы бейнеленеді. Тұтасып кеткен аппақ даладағы адам баспанасы тым жұпыны, тым жүдеу… Кішкене терезеден түсіп тұрған әлсіз жарық тыстағы дауыл лебінен қалтырағандай, суықтан бұғып бәсеңдегендей… Тынымсыз соққан боран… кішкене үйдегі барлық жан үшеу ғана: қураған кемпір мен шал және он жасар ауру бала. Оны сүзек меңдеп хал үстінде жатыр. Бала дауылдан шошып қайта-қайта оянады… Кемпір мен шал екі жағында телміріп қарап отыр…
Үшінші, шағын суреттеме жоғарыдағы әңгімелер жалғасы тәрізді көрінгенмен, онда да қысты күнгі дала – құбыжық, қорқынышты қалпында суреттесе де, оқиғаның аяқталуына трагедиялы хал жоқ. Зұлымдықтан, зорлықтан қашқан жас келіншек Рәбиға қыстың қаһарынан қорықпай, нені де болса көруге белін бекем байлайды да, басына бостандық іздеп жолға шығады. «Енді өлдім-ау!» деп бой сұна берген уақытта оны іздеп шыққан бауыры Мұқаш келіп өлімнен құтқарады.
«Сыбанның моласы» және «Текшенің бауырында» деп аталатын екі тараудың біріншісінде – Жортар батырдың басынан кешіргені мен Сүлейменнің айтқан бір оқиғасы келтіріледі. Бұлардың қайсысында болсын ертеректе қазақ арасында молынан орын тепкен жортуылдар мен басқа әрекеттер сөз болады. М.Әуезов көне құлақ адамдардан естігендерін көркемдеп қағаз бетіне түсіргенге ұқсайды. Әңгіме оқиғасы Арқалық тауының етегінде өтеді. Шығарманың алғашқы жолдарынан-ақ оқырман соншалық шеберлікпен суреттелген бұл жақтың қатты қысына тап болғандай күй кешеді. «С. қаласының оңтүстігін жайлаған елдің қалаға қатынасатын қара жолдың үстінде Арқалық деген тау бар. Даланың көңілсіз ұзақ жолында қажып келе жатқан керуенге Арқалық көрініп, дәмелендіріп тұрады. Жолдың аузынан созылып жатқан тұрқы он шақырымдай болғанмен, енсіз кереге сықылды жалғыз тау. Не бауыры, не сыртында ықтыртын жоқ ысқаяқ. Арқалық жадағай жалғыз қабат болған соң, қысты күнде жел терістен соқса да паналығы жоқ: азынап тұрады. Қыстың басынан екі жағын қар алып, жұмыртқадай қылып тегістеп тастайды. Сондықтан өзге жер ашық болып тұрғанда, Арқалықтың бауыры көбінесе бораннан босамайтын. Алыстан қарағанда да Арқалық бұдыры жоқ жалаңаш. Көруге көңілсіз». Жазушы даланы соншама суық бауыр, қатыгез етіп суреттеуі тегін емес. Қазақтың жадау күйін, оған жаны ашымастық қыстан жаман қысып жіберген хал-ахуалын бейнелеуге бұл сурет оқырманды даярлайтындай. Бұл панасыз жерді мегендеген Күшікбай батырдың ұрпақтары кедей-кепшік қонысы бес-алты үйдің қыстауы. Жазушы осы ауылға бет бұрған екі жолаушыны суреттейді. Біреуі болыс Ақан мырза, екіншісі оның жандайшабы Қалтай. Екеуі де оңып тұрған жандар емес. Ақан мырзаның бойын құмарлық билеген. Қалтай соны біліп алған, кезекті жемтігі етіп он екі де бір гүлі ашылмаған Ғазизаның үйіне әкеліп түсіреді.
Әуезовтің жиырмасыншы жылдардың бас кезінде жазылған әңгімелерінен бір күтпеген жаңалықты байқаймыз. Жазушы қазақ даласына өзге көзқараспен қарайды. Бұрынғы ақындардай мақтамайды, дәріптемейді. Ғасырлар бойы көшпенді халық осы даланың мейірімсіз мінезінен жапа шекті. әлі келгенше оның қаталдығына төтеп бақты. Өзгерістері жоққа жақын ескі ауылдық әдет-ғұрпы оқыған жасқа ұнамады. Мұндай тұрмыс, санасыз өмір кешкен ел түгел ілгері баспаса , малмен бірге мал боп кетуінің қаупі бар. Далада қатыгездік басым. Ескі ауылдың әдет-ғұрпы да соған қарай бейімделген. Қатыгездікке қарсы тұра алмайтын жасықтар – күштілердің құрбаны. «Қорғансыздың күнінде» бес кейіпкер бар – ол болыс Ақан, оның жандайшабы Қалтай сол қатыгездіктен жаралғандай, ал сексендегі кемпір, оның соқыр келіні және немересі Ғазиза сол айуандарға ар-инабаттылық жағынан қарсы тұр. Жесір әйелдер мен қыздың күші бұлшық еттерінде емес, олардың күші рухани тазалығында. Мәселен, Ғазиза әжесінің портретіне үңілейік: «Дауылдың қара бұлтындай болып әдейі басына арналып келе жатқан қайғы-қасіретті көріп, соның алдынан айласыз-әлсіз күйде өзінің отырғанын біліп тұрса да, кемпір жүзінде үлкен сабыр бар, күйіп-пісіп жасығандықтан белгі жоқ. Сынбаған ажар, қажымаған қайрат, салқын ерлік». Автор сүйікті кейіпкерлерін сипаттағанда олардың ішкі ажар-көркін сүйсіне суреттейді. Кемпір өз отбасы туралы қисынды әңгіме шертіп үйіне тоқтаған мырзалардан жәрдем дәметкендей болады. Соры қайнаған бейшаралар шынында да қорғансыз. Бұл – қаралы үй. Жақын әзірде ғана жалғыз баласы мен немересінен айырылған кемпір зар қылып айтып отыр. Жақын жұрағаттарының сиқы анау. Ұлынан қалған азын аулақ мүлікті талапай қып бөлісіп алып, әйелдерді бір-бірінен ажыратып әкетпек. әрқайсысын бөтен адамдардың есігіне телміртпек. Күшікбай батырдан жалғыз қалған ұрпағы – Ғазизаны күйеуге бермекші. Кемпір көрген қиянатын жыр қып айтып сай сүйегіңді сырқыратады. Ал үйіне келген қонақтар оны жөнімен тыңдағысы келмейді, өйткені бұлардың адамгершілік сезімі-танымы қатқан тоңдай жібімейді. «Сезімді адамның жүрегін шаныштырып тіксіндіретін, жұртты мінезінен жирендіретін, түңілтетін көрнеу жауыздықтар, ауыр халдер Ақанға көп әсер бере қойған жоқ. Жалғыз-ақ сол әңгіменің ішінде болып қорлық көруші, ыза шегуші, қайратты-қуаты жоқ сорлы кемпірдің өзі айтқандығы аз ғана жүрегінің тыныштық, сезімсіз қалпын бұзғандай болып отырды». Сорлы Ғазиза, міне, осындай қаратастың шеңгеліне түсті. Ары қорланған қыз басын ажалға байлайды. Өмірден өлімді артық санағандықтан емес. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген ежелгі қазақ халқының мінезін қанына сіңіргендіктен.
Өмірінің соңғы сағатында Ғазиза мына қорлық сұмдыққа қандай қылығы үшін тап болғанын көк аспанға, адамдарға ашына сұрау салады. Сонда да өмірінің ақтық минуттарында ол сұм тағдыры зұлымдығын кешірген секілді. Балалық жүзінде «Менде жазық жоқ, мен тазамын» - деген ашық тазалықтың белгісі, қайғы қасіреттен сейілген жас баланың ажары бар», – деп аяқталады әңгіме.
Әңгімені оқып шыққан оқырман үлкен ойға шомады. «Бұл үйелмен ғана қорғансыз? Иісі қазақ қорғаны кім?» – деген сауалдар еріксіз мазалайды. Осындай үлкен мәселе көтерген жас жазушының кең құлашына, сезімінің, ойдың небір нәзік иірімдерін соншалық бай тілмен дөп басатын шеберлігіне қайран қаласың. М.әуезов әңгімелерінен біз қазақ елігің сол кездегі хал-ахуалын айнадағыдай көреміз. «Кім кінәлі?» деген әңгімесінің бас кейіпкері Ғазиза бойжеткен қыз. Ол атастырған күйеуіне тигісі келмейді. Өйткені Ісләм деген жігітіне ғашық. Ата-бабаларының дәстүрін бұзғаны үшін Ысмайыл ақсақал қызы мен әйелі Қалиманға қатты ашулы. Бірақ көшпенді жұртта әйелдің орны бөлегірек. Мұны жас жазушы айнытпай суреттейді. Қыздың өз тағдырын өз қолына алғысы келетіні көшпенді елдің ерекшеліктеріне байланысты еді.

  • «Өсіргенің, адыра қалсын! Балаға жақсылық үйрететін ақыл бар ма сенде? Сенің ақылың емес пе осыған жеткізіп отырған! Сенен басқа өзің теңдес кісіде кімнің қызы бүйтіп бұзылып, ел-жұртқа жаманаты шығы еді? Осы елде сенен ақымақ шеше, сенің қызыңнан ант ұрған қыз көрдің бе? Айтып бер деймін соны, құдай ұрғыр! – деп зекірген шалына Қалиман жауабы даяр.

  • Бишара-ау, -дейді ол шалының мүсәпірлігін бетіне басып, - өз балаңды өзің қорлап не болды. Дұшпан айтпайтын сөзді өзің айттың ғой. Менің Ғазизамдай кімнің қызы бар екен осы атырапта?! Патшаның, ханның қызы қандай болса, менің баламда сондай. Кінәсі – қатыны өлген кәрі күйеуге бармаймын дейтіні ме? Ол үшін балам жазықты емес. Тіпті қас қабағыңа қарап үйдемейіндесем де қоймадың ғой, өл де маған!»

Бұл диалог қазақ тұрмысында ана рөлі әу бастан асыл болғандығына айғақ. Шығыстағы көп халықтардан өзге әйелдер өздерін еркінірек ұстайды. Сондықтан күйеуімен тең сөйлесіп, пікірін айтуға жасқанбайды. Осы кейіпкерлер диалгоның өзінен –ақ нәзік драматизм мен шығармашылық тартыстың өрістегенін анық танимыз.
Мұхтар Әуезовтің әлеуметтік тұрмыс тауқыметін бейнелейтін шығармаларының қатарына жазушылық өнердің алғашқы баспалдағында жазған әңгімелері жатады. Атап айтсақ, “Жетім”, “Қорғансыздың күні”, “Қараш – Қараш оқиғасы”. Бұл туындылардың негізнде өмірде болған қарапайым адамдардың, қорғансыз жандардың тағдыры тақырып етіп алынған. Мұхтар Әуезовтің биетіне негізгі лейтмотиві, концептуалдық түйіні - қорғансыздар жайы. Әңгімелерінің басты кейіпкерлері де дала тағылығы мен жауыздығы алдында шарасыз болып, тапталса да бірақ ары мен жанының мөлдірлігін пәк қалпында сақтаған Ғазиза, Құрмаш, Қасымдар. Өмірдің соншалықты дәрменсіз, қарсы тұрар қауқары жоқ бейшаралығын жазу ісін әдебиет өнерінде символизм яки модернизм деп атайды.
Бұл ағым тұсында жазушының көрсетер дәмені жоқ сол зұлымдықпен күресудің жолын таба алмай, еріксіз жас тағдырын құрбан еткен кейіпкерлерінің өміріне деген жанашырлық ілтипаты ғана болады. Бұндай ағым қоғамда саяси дағдарыстар болып, ізгілік жойылып, тағылық үстемдік құрғанда, өзге бір қоғамдық құрылыс орнап, ескісі күйреп, жаңасы өз жолына түсе алмай тұрған шақта жазылатын шығармашылық көркем тәсіл.
Кемеңгер жазушы Мұхтардың 1917–1930 жылдарда жазған шығармаларында осындай ағымдық белгілер айқын көрініс тапқан. Оған ел жағдайы да, қоғамдық құбылыстар да сонымен қатар жазушының ішкі жан дүниесіндегі күйзелістері бір арнаға тоғыса келіп, шығармашылық ізденіс болып көрініс табады. Осы тұста Мүсілім Базарбаевтың осынау бір пікірін айта кету орынды: «Сонау алғашқы әңгіме, повестерінен бастап, драмалық шығармалары, атақты «Абай жолы» романы – бәрі де алған кейіпкерлерінің оны мен сезімін терең меңгеріп, солардың жүрегіне жол таба білудің, тағдыр мен жеке бас аралығындағы дәнекер арқаудың үзілмеуін, меңзеген мақсатын солардың қан тамырының соғуына қарай дәлелдегенін байқатады»[50, 28].
Жазушы жетім балалар тағдырына қатты толғанып, бар жүрегімен аяныш сезімін білдіреді. Мұхтар мұншалықты жан төзгісіз тағылыққа жайбырақат қарауды ар санайды. Ол өз қаһармандарымен іштей табысып, солармен бірге бір күй қабылдап, бар жанымен қатты тебіренетіні әңгіменің өн бойынан анық байқалады. Сондай әңгімесінің бірі – «Жетім»
«Жетім» әңгімесінде жазушы Қасымның тағдырын ашу арқылы сол кездегі қазақ даласындағы әр жетім баланың шынайы типтік бейнесін жасаған. Бұл әңгімеде жинақтау тәсілімен қоса даралау әдісі де бар. Сондықтан да Қасым бейнесін әбден жинақталған, сонымен бірге әбден дараланған бейне деп танимыз. Типтік бейне дегенде жетімдік хақысы әр кімге бір кетіп, көрінгенге жем болып, кіріптар күйге түскен кісі табалдырығын тоздырып, жалшылықта жүрген жетім өмірі, әр кімнен бір жылы сөз мейірім күткен Қасым мінезі типтік тәсілмен өрілген. Қасым бейнесінің даралығы неде? Даралығы сол естияр болып, әжесінен айырылған сәттегі жан азасын шырқырай жеткізуінде де танылады. “ Әже –тай, мені тастап кеттің? Мені неге ала кетпедің, менің қаңғып қалғаным ба? Менің шынымен сорлы, шынымен жетім болғаным ба деп зарлағанда, елдің сай – сүйегін босатып, кәрі – жастың жүрегін еріткен болатын деген әңгіме үзіндісінен Қасымның әже қазасын бар жанымен түсінген күйін танимыз. Міне осындай жан түршіктірер эпизодтардың эстетикалық қуаты да драматизмге толы суреттеулердің негізінде жүзеге асқан. Әжесінің кешкі мезгілде алдына алып, күпісіне орап отырып, тербетіп айтатын сезімді қоңыр әні де жоғалды, келмеске кетті. Әке - шешесінен айырылса да Қасымның басына әжесінің көзі тірісінде шын жетімдік орнамап еді. Ал Қасымның әжесінің өлімі Қасымның өз өлімімен пара - пардай. Әже өлімі компазициялық пішінде алғанда шарықтау шегі болып табылады. Жазушының шеберлігі де осы. Ол әже өлімі арқылы онсыз да жетім баланың күйін мүлдем ауырлатады. Шығарманың әсерлі күйі де бас қаһарман Қасымды соңғы тірегі әжесінен айырып, үлкен бір трагедия құрсауын сығымдай түседі.
Қасымның ендігі тағдыры тірліктегі өмір жолы, бәрі – бәрі Иса мен оның көкбет, қатыбас, долы әйелі Қадишаның қолында. Мұхтар Әуезовтің осынау “Жетім” әңгімесі Сәбит Дөнентаетың “Көркемтай” әңгімесімен сабақтасуы ерекше бір шетін жайдың ұшығын танытқандай.
Қос әңгіменің мазмұны мен пішін, болмыс ұқсастығы әдебиетшілерді таңдандырмай қоймасы анық. Әңгімелердегі трагедиялық шешім де барынша бірдей болуы неліктен деген заңды сұрақ туындайды.
Сәбит Дөнентаев пен Мұхтар Әуезовтің кешкен заманы бір, жазушылық мүддесі бір және сол замандағы алапат та жойқын, сонымен қатар топас қоғам алдындағы қаламгерлердің ұстанған тенденция бірлігінен. Әңгіменің еріксіз адам күлкісін шақыратын Қадиша мінезінің кекселік тұсы бар. Ол онсыз да тағдырдан таяқ жеп, тағдыр тауқыметін арқалап жүрген Қасымға берген Қадишаның қарғысы мен Исаның аяусыз соққыға жығуы. Бұл не деген сөз? Сонау бір қараңғылық ықпалынан шыға алмаған қара ниетті жандар Қадиша мен Иса расынша, жүрегі мүлдем тасқа айналып, бір түйір мейірім таныта алмас топастық танытуы – сол қоғамның әлсізді аямайтын, тағылық мінезі мен жыртқыштық пиғылын дәл көрсетеді.Исаның аты еркек болғанымен, туыстық, бауырмалдық, жанашырлық мінезден мүлдем мақұрым болып сайқал әйел мінезіне ауысқан жан. Неге десеңіз, өмір тауқыметін онсыз да тартып жүрген әлсіз де қорғансыз жетімге қол көтеріп, өлімші етіп соққыға жығып салуы, шындығын айтайық, еркектік емес, керісінше - сезімі мүлдемге тақтайланып, бар мейірімнен ада болған қатын мінезді танытса керек. Табиғатынан бауырмал қазақ халқының мұншалықты ұсақталып, жүрек мейірімінен айырылу себебі неде? Жауап тағы біреу. Сол заманның әлеуметтік тұрмысы бүріп жіберген, сүреңсіз пендешілік ниеттің үстемдік алуы, тағылықты, әлсізге күш көрсетуді, қорлау, қанау – кәдімгі өмірдің қалыпты ғана ісі, заңы деп таныған пендешіліктің қасаң да пасық ой түюуінен.
Бауыры үшін бауыр еті езілетін, туғаны үшін қоң етін ойып беретін қазақ үшін жатбауыр мінездің жат, бөтен екендігін біле тұра Исаның адам арашалап алмайтын қатігездікке барынша бөккен топастығы- сол заманның әлеуметтік шешімі я болмаса озбыр қоғамның жетімдер тағдырына қарғыс таңбасындай басылған әрекеті. Бұл қоғамдық індеттің шын аты – қанаушылық, саяси тілмен айтқанда – капиталистік қоғамның дендеп келуі.
Иса үшін ең құнды не нәрсе деген заңды сұрақ алдымыздан кес –кестейді. Соншалықты үлбіреп тұрған, қорғансыз туысы Қасымды өлімге қиғаны несі? Сонда адам жанынан артық нәрсе болғаны ма, иә, тасбауыр, паразиттік қоғамның типтік өкілі Иса үшін Қасым өмірінен де бес –алты саулығы қымбат. Абай тілімен айтсақ «Өзі үшін оттаған хайуанның бірі». Исаны өзі үшін оттаған хайуан деп білсек, сол қоғамды не деп, қалайша танимыз? Капиталистік қоғам бір ғана жетімдер тағдырына ғана өзінің қасіретті де қанды шеңгелін құрсап қана қойған жоқ, сонымен бірге Қасым секілді қорғансыз аз халықтың отаршыл елдерден көрген зорлық-зомбылығының бір де бір кемдігі жоқ.
Иса да капиталистік шеңгелдің тұтқыны. Ол - дүние –мүлік үшін өз туысын құрбандыққа шалуға әркез даяр тұратын аяр жан. Қасымның жетім тағдыры: жалғыздық пен қорғансыздығы, ертеңгі күнге деген сенімсіздігі және іштен тұйықтанған жатбауырлық мінез табуы – бәрі –бәрі – сол қоғамның ісі.
Иса мен Қадишаның дүниеқоңыздығы Қасымның әке –шешесінен, әжесінен қалған азын – аулақ он шақты қой, он шақты ірі қараны талан – таражға салуы - Қасым бойына жиіркеніш сезімін тудырып қана қоймай, сонымен қатар сол қылықтарына қарсы жауап, өз құқығын қорғауға итермеледі. “Әне бір көк саулық пен қарабас қойды соғымға жібереміз. Қасқа сиырды сойып, үй ішіне, бала – шағаға саудагерден пұл аламыз”, - деп Қасымның дүниесін жаудан, шабындыдан түскен олжадай ашкөздікпен бөлісуі – бала жүрегіне шын жетімнің халін көрсетіп, жетімдіктің қайырымсыз қара қамытын кигізеді. Осы әңгімеден қазақ даласына дендеп кірген сауда дүниесінің болмысын көреміз. Шындығын айтсақ, Иса да Қадиша да саудагер, алып - сатар, дүниешіл сасыққоңыз пиғылындағы адамдар екенін танытады.
Қоғамның жанашырлық, ізгілік, гуманистік қасиеттерін қашанда жетімдерге көрсеткен мейірімділіктерінен танимыз. Қасым өмір кешкен қоғамның гуманистік мінездерден мүлдемге мақұрым болғанын әңгіме желісінен байқаймыз. Малын өз қажеттілігіне жаратып болған соң, енді панасыз жетім Қасымның керегі жоқ, көжеге ортақ қылғанша деп, ұрып- соғып, аштан – аш қаңғытып жіберуі – бұл Иса мен Қадишаның типтік моделі болып танылатын сұрқия да сайқал қоғамның белгілері.
Қасым - осынау озбыр қоғамның зұлым әрекетіне қарсы шыға алмай, тағдыр жазуына еріксіз мойынсұнған қорғансыздардың әлеуметтік тобының өкілі. Қасымды даралай көрсете түскен жазушының ерекше шеберлігі де әңігіме желісінен мөлдірей көрінеді. Иә, Қасым әбден дараланған образ[50, 236]. Ал, образдың даралық сипатқа ие болуы жазушының драматизм, трагизм элементтерін сабақтастыра білуінде болса керек.
Даралық тұстарын санамалай кетсек… Исаға тас лақтырып өзінің қауқарсыз болса да ажал алдындағы тұяқ серпуіндей әлсіз ғана бір болмашы әрі өр қарсылығы. Әрине, жетім балалардың баршасы асыраушысына қаншалықты ызаланса да қол көтеруге батылы бара бермейтіні ақиқат. Ал, біздің кейіпкер Қасымның және бір даралығы – аруақ қанын сыйлайтын ер қазақтың мінезін көрсетті. Азғындықтың басы сол Иса мен Қадишаның жетім қақысын жеуі, әрі аруақтан қорықпай өз озбырлықтарын жүзеге асыруы.
Қасым - әжеме қатым түсірем, әке –шешемнің аруағына құран оқытам деп Исадан бар болғаны бір саулық сұрауы - бас қаһарманның жан асқақтығын танытады. Қасым - әділетті ту қылып көтерген кешегі батыл көшпенді елдің әңгімедегі ең соңғы тұяғы. Азып –тозған озбырлықты бақыт, жан рахаты деп түсінген топас та тас жүрек қоғамның бір ғана ізгілікті ойлаған әлсіз де бас қаһарманы Қасым ғана.
Жетімнің еңбегін қанау, оның хақын жеуі - Қадиша мен Иса үшін қарапайым ғана бір тұрмыс ісі секілді. Қадиша мен Исаның әлемі ‘’кім күшті болса, сол –жеңімпаз” деген ұятсыз қағиданы берік ұстанған мейлінше әділетсіз қоғамның алғашқы буыны. Қасым өліміне кім себепкер? Әрине, Қасымның жетімдігі емес, керісінше сол бейшара қорғансыздың тынысын тарылтқан Қадишалар кінәлі. Иса - өз тамырынан үзіліп, ата–баба дәстүрін мүлдемге ұмытқан жаңа қоғамның мәңгүрті. Бұл тұста алғанда Иса бейнесі Шыңғыс Айтыматовтың “Боранды бекет” туындысындағы Найман ананы өлтірген өз құрсағынан жаралған мәңгүрт те мәкі баласымен тағдырлас әрі рухсыз жандар.
Барлық қасіреттің әңгімедегі тамыры, түп иесі дүние үшін сайтанмен жолдас болып, керек десе оған жанын сатуға дайын тұртын Қадиша бейнесі бар қырынан ашылған типтік бейне. Әсіресе, күйеуін билеп – төстеп алған Қадиша үшін Исаны өкпеге теуіп, аяққа басқандай өктем мінез көрсеткендігі шын жүрексіз, тас мейір екендігін айғақтайды.
Өз балалары бола тұра ана мейірін түсінбейтіндей қатігездік пен топастық сезім танытудың себебі де сол қоғамның қазақ халқын ұлттық бояуынан мүлдемге алшақтатып, дүние десе жақынын құрбан етуге әзір тұратын топастығында, дүниеқоңыздығында. Жалпы, жетім деген сөздің өзі трагедия деген ұғыммен пара-пар.
Жетімдік тақырыбы проза, драма, поэзияда болмасын үнемі көтеріліп, қоғамның індеті, мейірімсіздігі екені үнемі танылып отырса да әлі күнге Қадиша сынды мейірімнен ада мінездер әлі күнге кездесіп отыратыны рас. Әсіресе күйеуін билеп алған Хадишаның қатігез типтік бейнесін қоғамдық дерт есебінде көтерген жазушы ойы мен ақынның жан толғауы үндестік табуы –тақырыптық бірлігінен ғана емес, сонымен бірге ізгілік концепциялары бір болғандықтан еркін жарасым тапқан.
Әңгіменің финалы әкесі мен шешесінің, әжесінің қабірін іздеп, тау –тасты аралап жүріп, күздің қара суығына ұрыныған бала түн қараңғысында зәресі ұшып, шошынып қазаға ұшырайды. Әңгімеде мифтік мотивт те сәтті шешім тапқан. Ұзын бойлы қара кісінің артымнан ер деп онсыз да сорлы баланы артынан жүгіртіп, қараңғылыққа шақыруы - нағыз археомифтік сарын. Әңгіменің осындай финалмен аяқталуы да драмалық шығармаларға тән суреткерлік тәсілден өріс алған.
Біздің атамыз қазақтың түсінігінде адам өлер алдында әзірейілді көрді деген дүниетанымның сыр ұшығы жатса, екіншіден, қараңғылыққа шақырған адам баланың көзіне көрінген ажал есебінде. Қасымның ұзынға еріп жүгіруі - өлім алдындағы бой жазу іспетті далбаса әрекет. Өлім мен өмірдің арасындағы беймақсат сандалыс.
М.Әуезов құдіретті сөз өнерін биік шеберлік деңгейіне жеткізіп, қолдана білді. Және сол арқылы көркемдігі ғажайып шығармаларды жарыққа әкелді. Солардың бірі балаларға арналған қаламгердің ұлы суреткерлік әрі шеберлік қырын тантатын тағы бір туындысы – 1921 жылы “Қызыл Қазақстан” газетінде жарияланған “Қорғансыздың күні” әңгімесі.
“Қорғансыздың күні” әңгімесінде қазақ даласын жайлаған, қазақ елінің ішін аралаған зұлымдық пен қатігездік шебер сурттеліп, оқушыны эстетикалық биік әсерге жетелеп, қорған болар тұлдыры жоқ шын мәнісіндегі мүсәпір жандардың өмірін әңгімеге арқау етіп алған, әрі сонысымен оқиғаны драматизациялап, тарихилық сипатқа құрып, оқырманға ой лейтмотивін дәл жеткізеді.
Он екіде бір гүлі ашылмаған сорлы уыз жастың қатігездік пен қасіреттің шеңгеліне түсіп, нәпсі құмар жанашырлықтан мүлдемге жұрдай қара пиғылды пенделердің тұзағына түсіп қалған өр тағдыр иесі, бас қаһарман – Ғазиза. Бұл әңгіме басы, оқиға өрбитін орын – табиғатты суреттеуімен басталуы да - композициялық сәтті шешім. Қыз тағдырының ызғарлығындай табиғат та қатал мінез танытып, қыр көрсетуі де – оқырманды трагедиялық ой - түйімге дайындайтын платформа іспетті. Шығармадағы оқиға, қаһармандар тұрмысы мен табиғат мінезі қатар өріліп, ортақ бір ызғар үндестігі бар екенін танытады. Бұл дегеніміздің өзі арысы психологиялық паралелизм болса, берісі қаһарман табиғатын ашуға қызмет етіп тұрған деталь есебінде. Суреткердің басты көздеген шығармашылық нысанасы, оқырман қауымға айтпақ ой- сыры- бейкүнә Ғазизаның аяусыз әрі жазықсыз қорланып, өзіне ғана тән қатал, кешірімсіз үкім шығарып, ажал құшағына берілуі. Жазушы шығарманың прологы іспетті бастауында табиғат суреті мен қыздың ет жақын туыстарының қабірі басындағы өмірмен қоштасу сәтіне дейінгі аралықта қабағат дамытылып отырған.
Табиғат суретінен кейінгі кезекте Күшікпай кезеңі, батырдың өмір сүрген уақыты, батылдығы мен ерлігі суреттеледі. Автордың бұл тұстағы жазушылық - концептуалдық мүддесі - батырдың соңғы демі тоқтағанға дейін өр мінезі мен жауға кеудесін, намысын жауға таптатпаған асыл тегін таныту болса, Ғазиза болса уыз жастығына қарамастан сол асыл тектен бойына мұра қылып алған ары мен намысын ешкімге таптатпай дүниеден баз кешуді қалап алады. Кешегі батыр баба да, бүгінгі аяулы ғана еліктің лағындай соншалықты қорғансыз қыздың да ерлік өлімдері бірдей. Екі өлімдегі ұқсастық неде деген сұрақ тууы әділетті. Екеуінде де жауына өз өрлігі мен мөлдірлігін таптатпай, қорлықтан өлімді артық санаған ұят пен намыс кодесктерінің бірдейлігі әрі кешегі көшпенді елдің ар мәдениетін танытатын тектіліктің бірлігі. Автордың Күшікбай мен Ғазиза ажалын салыстыра көрсетуі де осы мақсаттан туындаған.
Қаладан елге қайтып келе жатқан болыс Ақан мен оның жандайшап әрі әккі де айлалы жырынды жолсерігі Қалтайға берілген мінездемелер қаншалықты қысқа болса, соншалықты нақтылығымен ерекшеленеді. Ақанның түнгі жеңіл жүріске әсіре құмарлығы мен қожайынға жағына білуді өмірінің мақсаты деп таныған Қалтайдың қара ниетті, арам пиғылды адам екендігін еш қиындықсыз оқиға өрбіп болмастан-ақ аңғаруға болады. Бұл турасында жас ғалым, мұхтартанушы, ф.ғ.к. Мұқажанова Раушан Мұратханқызының пікірін тілге тиек ету орынды: «Жауыздықтың құрбаны болған пәк сезімді Ғазизаның өлімін суреттеу сәтіне дейін жазушы бірнеше түйдекті оқиғаның басын біріктіріп сабақтай отыра межеге жеткен. Яғни, табиғат суреті, Күшікбай кезеңінің тарихы, жолаушылар жайы, кедей үй тұрмысының суреттелуі, кемпірдің әңгімесі мәреге шығуға жетелер баспалдақтар тәрізді».
Жүргіншілер бейіт секілді сұрықсыз, қу моладай күңіренген жұпыны үйге түсіп, түнемек болуы –оқиға желісінің бастауы болады. Бұл тұста жылпақай, әккі, сұрқия Қалтай өзінің пасық ойын алдын-ала жоспарлап алған. Екі бірдей ет жақынынан айырылған қаралы үйдің ендігі тұрғындары – қауқарсыз, қарт кейуана, зағип ана, уыз жас Ғазизаның алдағы тағдарлары - күңгірт болса да келер қауіптен беймәлім қонақжай үйтін. Үш мүсәпір жүргіншілерді құдайы қонақтай қарсы алып, барымен базар болып, әп сәтте мәре –сәре қалыпқа түсуі – қазақы менталит. Ұлттық менталитетті көрсетуде де М.Әуезов драматизациялауға мейлінше күш салған.
Шай үстінде кейуана қатал да адам төзгісіз ауыр бейнетінің жайын болысқа мұң қылып шағып, ішкі зарын бір ағытуы да образдар табиғатының ашыла түсуіне қызмет етеді. «Жаны ашымастың басы ауырмас» деген қазақ мақалының кебі. Алайда, әуел бастан томырықтық пен ішкі аяр есебін бүгіп келген жүргіншілерді кемпірдің зары еш жібіте алмады. Жазушы Ақанның безбүйрек мінезін соншалықты қысқа қайырыммен шебер аша салған. “Жалғыз – ақ сол әңгіменің ішінде болып, қорлық көруші, ыза шегуші қайраты, қуаты жоқ сорлы кемпірдің өзі айтқандығы аз ғана жүрегінің тыныштық, сезімсіз қалпын бұзғандай болып отырды.
Ғазизаның арын аяққа таптап, өзінің нәпсіқұмар хайуандығын жүзеге асырған Ақан өз қиянатынан боран түнде ізім – ғайым жоғалған бейкүнәні іздеуге де бармай, кемпірдің зарынан құтылғанша асық болып, таңды атырған соң беті бүлк етпестен тартып отырады. Таң атқанша Ақанның сабасына түсіп, шалыс әрекетін мойындар мезет болған еді. Бірақ ауызы қанға бұлғанған жәдігөй боранның суығынан ықтап, қаралы үйге қайта кіреді. Жазушы Ғазизаға зорлық жасаған Ақанды оқиға орнынан бірден шектетпейді. Оны қайтадан отауға енгізеді. Ақанның зарлы үйден түнде аттанып кетпеуі жұбатпақ болған ниеттен емес, қасқырға жем боламын деген қорқаулықтан. Ғазиза ше? Қорлық пен мазақ көрген Ғазизаның алдында бірі өмірге, бірі өлімге апарар екі айырым жол жатты. «Жастығына лайық болған үміт, қиялдың бәрі де ойын басқан қараңғылыққа батты, көңіліндегі өмір сүрсем деген оттың ақырғы жалыны сөнді. Ғазизаның көңілін бұл қиял кернеген сайын, үйге кіру керексіз бола бастады». Қорлыққа төзбеген намысы өр Ғазиза әкесі мен бауырының бейіті басында ол да ажал құшты.
Әңгіменің тарихилық негізі де шығарманың өмірде алынған шындық екендігін танытады. Әңгіменің тарихилығы турасында әдебиет сыншысы, жазушы Тұрсын Жұртбаев Мұхтар Әуезовтің осы әңгімесіндегі Ақан болыстың протатипі Кәкітайұлы Біләл деп көрсетеді. Біләл Абайдың туысы бола тұрса да, мен – мен такаппарлығын ағайын – жұртына, тіпті әкесі Кәкітайға да танытудан айылын жимаған. Кәкітай 1915 жылдың көктемінде кіші әйелі Бибі үйінде төсек тартып жатқанда, көңілін сұрай келіп тұрып, «Кәкем қалай?»- депті де, дағдысынша аттан түспей қайтып кетіпті. Есі кіресілі – шығасылы болып жатқан Кәкітай: «Осы Біләл келді ме?» – дейді екен. Біләл ісінен түңіліп отырған туыстың бірі шыдамай Кәкітайға бәрін бүкпей айтса керек. Сонда Кәкітай: - Әй, Біләл - ай, жынданып өлерсің- ау, сен жынданып өлерсің- ау,- деп кейіген екен. Сол Біләл айтқандай жынданып өліпті. Әңгіменің тарихилық сипатын көрсетер қаһармандардың шынайы өмірден алынған болмыс пен бітім екендігін Ахмет Әуезов, Ғайса Сармурзин, Тұрсын Жұртбаевтардың дәлелдеулерімен танылған тарихи шындық көркемдік фонында да өзінің полифониялық сарынын жоғалтпай, қайта шоқтығы асқақтай көріне түскен. Т.Жұртбаевтың “Бесігіңді түзе” атты эссе кітабында, мұхтарттануға өзіндік үлес қосқан Б.Байғалиевтің Біләлдің расында болыс болғандығын дәлелдейтін мұрағат құжатарын тапқанын айта кеткен дұрыс.
Зерттеуші Қ.Сыздықов “Қорғансыздың күні” әңгімесі жөнінде: “Осы әңгімеде тек құрдымға кеткен қайғы – мұң ғана емес, мұнда білінер- білінбес болса да бұлқынып жатқан қайсар күш бар, қарауытып тұнжыраған мылқау ағыстың астында жатқан табан толқын бар сияқты.” – деп пікірін айтуы әңгіменің драмалық табиғатын айқындар мінңмен, идеялық тереңдігін тап басып көрсетеді.
Зұлымдықтың қанды құрсауының тұтқыны болған, қайғы мен қасіреттің ауыр жүгін арқалай алмай шорт кеткен бейкүнә да пәк бейнесін сомдауда суреткер Әуезов жазушылық шеберліктің озық үлгісін ұсынады. “Қорғансыздың күні” турасында сөз қозғағанда сөз өнерінің ірге тасын қалаушылардың бірі де бірегейі болған Зейнолла Қабдоловтың төмендегі пікірін айту арқылы туындының мазмұны мен пішініне әділ баға береміз. «Қорғансыздың күні» әңгімесі арқылы жазушы сол заманның қатыгез, қатыгез болса да шынайы тұрмыс келбетін, зарлы да мұңлы тағдырлар тоғысын көрсетеді. Бұл әңгіме қазақ әдебиеті үшін қосылған сүбелі үлес. Ондағы фоьклорлық үлгі болып табылатын Күшікбай батыр әңгімесі де, Ғазиза бейнесі де соншалықты астасып, сабақтасып бала жанын ізгілікке, мейірімділікке шақыратын көркем бейнелер.
Мұхтар Әуезов өстіп даланың кең мінезін тарылтқан тәртіпке наразылық білдіреді. Ол ескі салт-сананың жақсылыққа баспайтынына да қарсы. «Ғазизаның өлімі Ісләмнің сиқырынан болыпты» – деген өсекті Жақыптың ауылы таратса, бұл да керенаулық мінезден. «Надан елдің көбін бұл сияқты әңгіме сендіретін бір себеп – бұл сөздің ортасында мінезі ұғымсыз, жүріс-тұрысы белгісіз оқыған жігіттің болғаны еді». Ісләм өз аулынан қалаға кететін болады. Кетіп бара жатқанда жігіт арбасын тоқтатып, түсіп Ғазизаның бейітіне қарай беттеді… «Жүректі жанышқан ыстық дертпен қолы дірілдеп, құранның бір бетін ашқанда, әуелгі екі-үш бетінде Ғазизаның қолымен жазылған Ісләмнің аты тұр екен. Ісләм жазулы жерді қайта-қайта сүйгенде, көзінің жасы ыршып, қолынан құран түсіп қалып, Ғазизаның қабырын құшақтай жығылып, өкіріп жылай бастады».
Түйіндей айтқанда, Мұхтар Әуезовтің тарихилық негізден бастау алып, драмалық тартыстар бітімімен өрілген әңгімелеріндегі қорғансыздар тақырыбы өмірдің өзіндей шынайылығымен оқырман жанын баурайтын эстетикалық қуаты қазақ прозасының даму, өрістеу жолында үлкен шығармашылық бел болғаны анық.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет