Еуразия далалық Өркениетінің циклдық даму заңдылығЫ



Дата31.01.2018
өлшемі0,97 Mb.
#37170
Отан тарихы. 2016 ж. №3. 5-16 б.

УДК 94:[392.31+008] 4/5


ЖАКИН М.С.
академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

этномәдени және тарихи-антропологиялық зерттеулер Орталығының

аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент
ЕУРАЗИЯ ДАЛАЛЫҚ ӨРКЕНИЕТІНІҢ ЦИКЛДЫҚ ДАМУ ЗАҢДЫЛЫҒЫ*
Аннотация

Мақала Еуразия аумағындағы көшпелілер мемлекеті дамуының циклдық тұжырымдамасына арналады. Қазақтар және олардың арғы бабаларының тарихынан ғылымға белгілі фактілерді және тарихи сана ұғымдарын талдау арқылы «жеті аталық» циклдық даму заңдылығы анықталды. Көшпелі қазақтардың тарихи санасының орталық ұғымы ретінде «Жеті ата» ұғымының мәні мен мазмұны талданды. Нәтиже ретінде Еуразия көшпелілері тарихының «жетіаталық» циклдық кезеңдерге бөлу тұжырымдамасы ұсынылды.


Түйін сөздер: далалық өркениет, даму, цикл, «жеті ата», ру, ел, шежіре, кезеңдерге бөлу, тайпалық одақ, мемлекет, империя, дағдарыс, орнығу, гүлдену.
Мақалада қарастырылатын тақырып далалық өркениеттің, оның ішінде, көшпелі қазақтар мен оның арғы бабалары мекендеген Еуразия кеңістігіндегі тарихи оқиғалардың өрбу ерекшелігін көрсететін мемлекеттердің циклдық дамуының жаңа тұжырымдамасына арналады. Бұл мәселені көтеруге осы кезге шейінгі еліміздегі тарих және этнология ғылымында Еуразия көшпелілерінің тарихын кезеңдерге бөлудің және олар құрған мемлекеттердің өзіндік ерекшелігін анықтайтын теориялық мәселелердің шешілмей келуі себеп болып отыр.

Тарих ғылымында О. Шпенглердің [1], А.Дж. Тойнбидің [2], Л.Н. Гумилевтің [3] және т.б. циклдық теориялары белгілі. Бірақ, бұл аталған теориялардың біреуінде де көшпелілердің өздеріне тән тарихи құбылысты тану мен түсінуін бейнелейтін тарихи сана ұғымдары қарастырылмайды. Ал, ол ұғымдар шежіреде жазылып, ауызша қолданыста осы күнге дейін сақталып келеді. Қарастырып отырған мәселеміздің кілті осы ауызша мұрада жатыр.

Сондықтан, осы күнге шейінгі белгілі циклдық теорияларда тарихи үдерістің отырықшы өркениеттегі нұсқасы ғана түсіндіріліп келді. Ал көшпелілерде өздеріне тән өркениеттің болуы мүмкін деген пікірге күмәнмен қарап келді. А. Тойнби көшпелілердің өркениетін тұйыққа апаратын жол деп, оның даму мүмкіндігіне күмәнмен қарады. Ал шындыққа келсек, әлемдік тарихи үдерістегі ең маңызды деген құбылыстардың: бір құдайға сенетін әлемдік діндердің (монотеизм), жаулау нәтижесінде пайда болған алғашқы мемлекеттердің, соңынан, ортақ тілдік семьялардың қалыптасуына тікелей себепші және ұйытқысы болған Еуразия көшпелілері еді.

Бұл мәселенің осы күнге шейін «жабулы қазан» күйінде қалуына тарихшылар санасында этнографиялық фактіні «ескінің жұрнағы», «қалдық» деп есептейтін үстірт түсінік үстем болуы себеп болды. Ал көшпелілер өркениетіндегі фактілерді қарастырғанда оның өзіндік даму ерекшелігі есепке алынбай, оған жат, таным-түсінігі қарама-қайшы келетін отырықшы өркениеттердің тарихи құбылыстарына арналған теориялар қолданылып келді. Нәтижесінде Еуразия кеңістігіндегі дадалық өркениеттің, көпшелілер құрған мемлекеттердің өзіндік даму ерекшелігі мәселесі осы күнге шейін шешілмей келді.

Бұл мәселені шешу үшін біріншіден, ауызша тарих (шежіренің) дерегін ғылыми айналымға енгізу; екіншіден, шежіре мен саяси тарих фактілерін салыстыру; үшіншіден, алынған нәтижелердің объективтілігін тексеру, яғни, ұсынылып отырған далалық өркениеттің циклдық даму заңдылығы атты жаңа тұжырымдаманы Еуразия көшпелілерінің далалық өркениеті тарихының барлық кезеңдерін түсінуге және түсіндіруге қолданып көру қажет.

Жоғарыда аталған міндеттердің алғашқы екеуі жартылай орындалып, нәтижесі жарияланды [4]. Бұл мақалада алдыңғы міндеттерге қысқаша тоқталып, негізгі көңілді үшінші міндетті орындауға бөлеміз.

Бірінші міндетті орындау үшін қарастырып отырған мәселеміздің шешілуіне себепші болатын қазақтың жазба шежіре мен ауызша тарихта қолданатын ұғымдарын алдық. Оған рулық ұйымның таксономиялық деңгейлерін бейнелейтін орталық ұғымдар: «жеті ата», «ата баласы» жатады. «Рудың» төменгі деңгейі «аталас», «ата баласы» деген атаулармен беріліп, нақты туыстыққа меңзейді. «Ата» туыстықтың номенклатуралық термині. «Ру» ұғымының одан айырмашылығы – уақыт бойындағы туыстық байланыстың абстрактілі мәніне меңзейді. Сондықтан, оның деңгейін анықтау үшін «ру» қалыптасатын деңгей – «жеті ата» ұғымын қолданады. Бұл жерде уақыт бойындағы байланысқа меңзейтін акцент пен жеті ұғымының қолданылуы кездейсоқ емес. Қазақ халқы құрамындағы Арғын ішіндегі Қаракесектің кейбір руларына қатысты шежіре мәліметтерін талдау мен нақты тарихи фактілермен салыстыру кезінде кез келген жетінші ата рудың негізін қалаушы бола бермейтіні анықталды [Кесте 1].

Егер, «жеті ата» деген ұғымды, жетінші атаны анықтау деп түсініп, кез-келген бағытта есептеуге жол берсек: өзінен арғы аталарына қарай, немесе кез-келген арғы атадан бері қарай санамалап келсек, бәрі бір, әр ұрпақтың өз жетінші атасы болады, яғни, әр жаңа ұрпақтың пайда болуымен жаңа ру түзіліп шығу керек, немесе, керісінше, әр арғы аталарымыздың өз жетінші ұрпағынан кейін жаңа «ру» түзіліп отыруы керек. Бұлай санамалаудың еш қисынға келмейтіні түсінікті. Ал, неге сүйенетініміз – беймәлім. Адам руды қисынсыз, өз тілегімен таңдай ма? Рудың бөлшектенуі, одан жаңа рудың бөлініп шығуы әр жаңа ұрпақ сайын болып жатпайтыны өзінен өзі түсінікті. Яғни, есептеудің жүйесі нақты өмір сүріп жатқан қазіргі адамнан да, кез-келген арғы атадан да басталмайды. Ол көшпелілер қоғамының әлеуметтік-саяси және экономикалық даму заңдылықтарымен байланысты негізгі сәттерінен басталады. Осы сәттерде рулардың қайта құрылу үдерістері іске асып жатады. Ол қалай анықталады?

Қаракесек құрамындағы кейбір рулардың шежірелік мәліметтері мен тарихи деректерді салыстыра талдау кезінде жеті ұрпақтың өмірі ұзақтығы 200 жыл шамасында болатыны (7х30=210) және ру статусына ие болу сәттері мен қазақ хандығы дамуының негізгі сәттері дәл келетіні анықталды [Кесте 1]. Әр ұрпақтың жасын шартты түрде – 30 жас деп, адам өмірінің ұзақтығын орташа – 70 жас деп алдық. Осы хронологияны шығу тек шежіресінің тұсына қойдық. Тұяқ тірейтін даталарды нақты өмір сүрген тарихи тұлғалардың өмірбаянынан алдық. Шежіредегі арғы аталар өмірінің хронологиясы тұсына қазақ хандығының негізгі кезеңдері даталарын қойдық.

Нәтижесінде, Қаракесектің «өмір сүрген» уақыты Қазақ хандығының құрылуымен, әсіресе, ең басты заң – «Қасым ханның Қасқа жолы» қабылданған кезбен дәл келеді. (Қаракесектің «өмір сүрген» уақыты – 1460-1530 ж., Қазақ хандығының құрылуы мен Қасым ханның «өмір сүрген» уақыты – 1453-1523 ж.) [Кесте 1].

Кестедегі шығу тек тізімінде Қаракесектен кейін келетін екі ата (Сарымнан – Түйте, Майқы, Машайдан – Ақша мен Бошан) ру атауы статусына ие болмаған, яғни, неге екені белгісіз ру атына айналмаған. Ал келесі төртінші ұрпақ – Сарым, ру атауына ие болған және басқа рудан қабылданған Машаймен қатар өмір сүрген уақыттары Хақназар мен Есім ханның тұсына дәл келеді. Бұл кезде жаңа заң – «Eciм ханның Ескі жолы» қабылданған. (Сарым мен Машайдың өмір сүрген уақыты – 1550-1620 ж., Хақназар ханның хандық құрған кезінен Есім ханның қайтыс болғанына дейінгі уақыт – 1580-1628 жж.).

Сарымнан кейінгі үш ұрпақтың аты ру атауы мәртебесіне ие болмайды, ал сегізінші ұрпақ – Қоңырбай, ру деп есептеледі. Оның замандастары: Берлібай, Түйте және Айдаболдардың да аты ру атауына айналған. Бұл сегізінші ұрпақтың өмір сүрген уақыты (1670-1740 ж.) Тәуке ханның билігі тұсы (1680-1715 ж.) мен «Жеті жарғы» заңының қабылданған кезімен дәл келеді [Кесте 1].

Ру атауына Қаракесек қазақ хандығының құрылған кезінде ие болады, ал Қонырбай (туажат – 8-ші ұрпақ) қазақ хандығының тәуелсіздік тарихы аяқталған кезде ие болады. Бұдан «жеті ата» ұғымы мен «ру» атауы статусына ие болу әр 100 жыл сайын (Сарым – Есім хан) «ата баласы» (төртінші ұрпақ) деңгейінде қайта құрылулар мен қайта қалыптасу үдерісінен өтіп отыратын, көшпелілер мемлекетінің өмір сүру ұзақтығымен тікелей байланысты деген қорытынды шығады. Бұл сәйкестік кездейсоқтық па?

Енді, осы 200 жылдық «жетіаталық» цикл қазақ және оның арғы аталарының бастарынан кешкен барлық тарих кезеңдерінен қаншалықты көрініс табатынын тексеріп көрейік.

Диаграммадағы екі жүз жылдық цикл қазақ халқының көне заманнан бергі тарихы бойында тұрақты көрініс табады. Диаграммада қазақтардың және оның арғы бабаларының қола дәуірінен осы күнге шейінгі және болашақтағы мемлекеті тарихының 200 жылдық циклмен даму барысы бейнеленген [Диаграмма 1].

Цикл үш деңгейден құралады. Оларға мифтік, саяси және әлеуметтік атаулар берілген:

Жоғарғы – «аспандық» (мифтік), «империялық» (саяси), «қуаттылық» (әлеуметтік);

Ортаңғы – «жер үсті» (мифтік), «мемлекеттік» (саяси), «қалыпқа түсу» (әлеуметтік);

Төменгі – «жер асты» (мифтік), «тайпалық» (саяси), «бытыраңқылық» (әлеуметтік).

Егер есеп нүктесін мемлекеттің пайда болуынан бастап алсақ, цикл ортаңғы деңгейдегі мемлекеттің қалыптасуынан басталады. Сондықтан, бұл деңгей мемлекет негізінің қалыптасуы үдерісін қамтитын «жер үсті» тарихы кезеңі деп аталды. Пайда болған мемлекеттің өмір сүру ұзақтығы 200 жылға созылады. Бұл циклдың алдында қандай циклдың болғанына байланысты, яғни, егер алдыңғы мемлекет «қуаттылық» кезеңін басынан кешірсе, кейінгі мемлекет негізін құрап тұрған рулар одағының басы бірікпейтін «бытыраңқылық» кезеңін басынан кешуге мәжбүр болады. Немесе, керісінше, алдыңғы мемлекет «бытыраңқылық» кезеңін басынан кешірсе, кейінгі пайда болған мемлекет тайпалық одақтардың емес, өзі сияқты тайпалық одақтарының басын біріктірген мемлекеттермен бірігіп, мемлекеттер конфедерациясын құрып, белсенді сыртқы саясат жүргізіп, өз мүддесіне төңірегіндегі отырықшы-жерөңдеуші халықтар мен мемлекеттерді бағындыра бастайды.

Егер есеп нүктесін мемлекеттің пайда болуы емес, оның (диаграммада домалақпен белгіленген) «қуаттылық» немесе (үшбұрышпен белгіленген) «құлдырау» нүктесінен бастап алсақ, мұнда да біз «қуаттылықтан» «құлдырауға» шейін, керісінше, «құлдыраудан» «қуаттылыққа» шейін цикл 200 жылды қамтитынын көреміз.

Диаграммада шаршы белгісімен белгіленген бір циклдың бастапқы және соңғы нүктесінің, яғни, мемлекеттің пайда болуы мен оның тарих саханасынан кетуінің аралығы да 200 жылды қамтиды.

Дәл осы 200 жыл көлемінде жеті ұрпақ ауысады. Көшпелі қазақтардың тарихи санасында «жеті ата» (жеті ұрпақ) ұғымының сақталып қалуы себебі де осы циклдық даму заңдылығына байланысты.

Зерттеудің алдыңғы кезеңдерінен алынған нәтижелерді тексеру мақсатында жасалған осы диаграммадағы 200 жылдық – жетіаталық циклдың қайталанып отыратынын көрсететін гипотезалық тұжырым Қазақстан аумағындағы көшпелілер мемлекетінің төртмыңжылдық тарихы бойындағы анықталған тарихи фактілермен дәлелденіп отыр.

Мақала көлемі тек қысқаша түсініктемелер беруге ғана мүмкіндік береді. Сондықтан, көлемнен тыс кетпес үшін, әртүрлі тарихи оқиғаларға байланысты даулы пікірлерге тоқталмай, тек неғұрлым белгілі тарих ғылымында қабылданған фактілерді келтірумен шектелеміз. Фактілердің негізгі қоры С.Г. Кляшторный мен Т.М. Сұлтановтың еңбегінен алынды [5].

Цикл Қазақстан аумағына б.э.д. XIX-XVІІ ғ. индоевропалық тайпалардың (арийлердің) келіп қоныстануымен басталады. Б.э.д. 1850-1650 жылдар аралығы – құлдырау кезеңі. Аумақты қоныстану елеулі қарсылық бола қоймағанда, жергілікті тұрғындар құлдырауға тап болғанда іске асқан.

Бұл қоныстанудан кейін жаңа (андрон) мәдениет қалыптасып, оның гүлденуі б.э.д. XV-XIII ғасырларға келеді. Диагараммада бұл кезең б.э.д. XVI ғ. ортасы мен б.э.д. XIV ғ. ортасына дәл келеді. Әсіресе, жаңа мәдениеттің гүлденуі мен диагарммадағы қуаттылық нүктесі б.э.д. XV ғ. ортасына дәл келеді. Әрі қарай андрон мәдениетінің үшінші соңғы кезеңін тарихшылар б.э.д. XII-IX ғ. деп белгілеп, яғни, 400 жылға созылды деп есептейді. Ал диаграммадағы мәлімет б.э.д. XII-X аралығы – қуаттылық кезеңі екенін меңзейді. Бұл кез жаппай көшпелілікке көшу мен арийлердің оңтүстікке бағытталған жаппай миграциясы нәтижесінде Иран, Үндістан және т.б. оңтүстіктегі, Орта Азиядағы мемлекеттік биліктерді жаулап алуымен ерекшеленеді. Осыдан кейін қуаттылық нүктесі б.э.д. XI ғ. ортасына келіп, одан әрі құлдырау басталады. Оның шегі б.э.д. 850 жылға келеді.

Осы б.э.д. IX ғасырдан бастап сақ мәдениеті қалыптаса бастайды. Ғалымдардың пікірінше сақтардың аңдық стилі далалық аймақтарда б.э.д. IX-VIII ғ. тұсында қалыптасты деп есептейді. Ал диагарамма бойынша өрлеу фазасы, жаңа мәдениеттің пайда болуы б.э.д. IX ғ. ортасынан басталып, толық қалыптасып болуы б.э.д. VIII ғ. ортасына келеді.

Диаграмдағы әр қарайғы мәліметтер жалпыға мәлім тарихи фактілермен ғана дәл келіп қоймайды, сонымен бірге, оларға сүйеніп тарихи оқиғалардың кейбір реңкін анықтап, неғұрлым шынай түсініктемесін беруге мүмкіндік береді.

Мысалы, диаграмма б.э.д. VIII ғ. ортасы мен б.э.д. VI ғ. ортасы қуаттылық кезеңі екенін аңғартады. Бұл сақ тарихындағы жалпыға мәлім фактілермен дәл келеді. Тарихшылар: «В конце VIII - начале VII вв. до.н.э. ассирийские цари были очень обеспокоены опустошительными набегами на их владения неких конных воинов, которых они именовали гиммири... И киммерийцы (древнеиранское обозначение подвижного конского отряда,... воинственных племен...), и ушедшие за ними на юг скифы создали в Малой Азии и Северном Иране свои небольшие царства, ставшие грозой для соседей ...», – деп жазады. Келесі бір автор: «широкий пояс евразийских степей... на век – два раньше середины I тыс. до н.э. (б.э.д. VIІІ-VІІ ғ. – М.Ж.) заволновался. Через него потянул ветерок с востока, население стало впитывать этнические влияние центрально-азиатского происхождения» [6], – деп жазады.

Шынында да, Қазақстан аумағында б.э.д. VIII ғ. мен б.э.д. VI ғ. аралығында дүбірлі оқиғалар басталады. Шығыстан басталған қуатты қысым сақтардың бастысқа жорыққа аттануына себеп болады.

Келесі бір дерек б.э.д. VIII ғ. басталған қуаттылық кезеңінің қай кезден бастап әлсірей бастағанын аңғаруға мүмкіндік беретін мәліметтерді баяндайды. Егер қытайлықтар б.э.д. VIII ғ. соңғы ширегіне шейін «жундарды тек өз шекараларында ұстап тұрса», «б.э.д. 623 жылға қарай ... Цин патшалығының билеушісі Мугун жундарға шабуыл жасап, олардың он екі иелігін басып алды» [7, с. 122-123], – деп жазады. Бұл фактілер сақтардың тарихындағы б.э.д. VII ғ. ортасынан басталатын құлдару кезеңіне сай келеді.

Шығыс жақта (қытайлықтар мен жундарда) болып жатқан құбылыстар оңтүстік және оңтүстік-батыс бағытта да қайталанады. Ахменид державасының пайда болуы сақтарда құлдыраудың белең алуымен сай келеді. Сақтар мен парсы патшаларының арасында болған жалпыға мәлім оқиғаларға тоқталып жатпай-ақ тек осы құлдырау кезінде сақтарды жартылай болса да жаулаған патшалардың билік құрған кездерін атап өтейік: Кир – б.э.д. 553-530 ж., Дарий I – б.э.д. 522-486 ж., Ксеркс – б.э.д. 486-464 ж.

Бірақ, диаграммада көрсетілгендей б.э.д. V ғ. ортасынан бастап өрлеу кезеңі басталады. Бұл да тарихи фактілермен дәлелденеді. Егер, осы кезге шейін, парсы патшалары бірінің артынан бірі сақтарды жаулауға жорыққа шығып, ара-гідік жеңіске де жетіп жатса, енді, өрлеу кезеңінен бастап жағдай мүлде өзгереді. Дарий III Кадомон (б.э.д. 336-331 ж.) оларға қарсы соғыс емес, қайта, олардан көмек сұрайды. Және олармен одақтасып, Александр Македонскиймен соғысады. Дерек: «Дарий III был побежден, но саки дай с Танаиса сражались с македонцами и после гибели Дария. Не только выстояли против Македонского, но и заслужили предложения о союзе со стороны Александра, и участвовали в его походе на Индию» [8], – деп мәлімдейді. Бұл кезде сақтар қайта өрлеуді бастан кешіре бастаған. Сондықтан Дарий III Кадомон да, Александр Македонский де оларды жаулау емес, күштерін мойындап, одақтасуға шақырады.

Әрі қарай, б.э.д. IV ғ. ортасы мен б.э.д. II ғ. ортасы аралығы қуаттылық кезеңі.

Шындығында Қазақстан аумағында бұл кезде жаңа мемлекеттердің қалыптасқан дүбірлі оқиғалары басталады. Осы кезден бастап Қаңлы, Үйсін, Ғұн мемлекеттері пайда болады. Тіпті Қазақстан аумағын шығыстан келген қысымға төтеп бере алмай ығысып кеткен сақтар (Аршакид әулеті басқарған дахтардың ішіндегі парнылар) б.э.д. 238 жылы батысқа жорық жасап, Александр Македонский мұрагерлерін тақтан тайдырып, Иранда жаңа империя (парфян мемлекетін) құрады. Ал бұдан солтүстік жақта, Батыс Қазақстан мен Еділ-Жайық бойындағы б.э.д. III ғ. дах-массагет экспансиясы жарты мың жыл бұрынғы оқиғаларды қайталап, сармат тайпасының Қаратеңіз жағалауына ығысуына себеп болды. Шығыс жақта да Орталық Азиядағы жалпы жағдайдың күрт өзгеруі Сыма Цяннің пікірінше «соғысушы пашталықтар кезеңінде» (б.э.д. 403-221 ж.) болды. Бұрынғы солтүстік пен батыстағы жундардың орнына ғұндар мен юэчжілердің біріккен қуатты көшпелілер тайпалық бірлістіктері келді, ал дунхулар жөнінде олардың «күші кемеліне келді» және оларда «бір билеуші пайда болды» деп мәлімдейді.

Қытайлықтар өздерінің жаулары ретінде ғұндарды алғаш рет б.э.д. IV ғ. атайды. Ал б.э.д. III ғ. соңында Мөде Саян, Алтай және Жоғарғы Енисей тайпаларын бағындырады. Әрі қарай ол қытай императорларын бағындырып, император әулетінің ханшайымын өзіне алуға мәжбүрлеп, жыл сайын жібек мата мен мақта, шарап пен күріш, әшекейлер және т.б. затттар түрінде салық төлеп отыруға міндеттейді. Ғұндар мен Ханьдықтардың арасында 40 жыл бейбітшілік орнайды. Бұл кез диаграмма бойынша қуаттылық кезеңінің аяталуымен – б.э.д. 150 ж. дәл келеді. Осы кезден бастап ғұндар мен қытайлықтар арасында соғыстар басталады. Егер б.э.д. 150 ж. шейін соғысты бастайтын ғұндар болса (соңғысы 158 ж. басталады), кейін, б.э.д. 133 ж. қытайлықтар ғұн-қытай соғысының жаңа циклын бастап, б.э.д. 127 ж. қытайлықтар жеңіске жетеді. Тарихшылар: «гунны бежали далеко и к югу от пустыни не было ставки их правителей... А в 124-123 гг. до н.э. война была перенесена на коренные земли гуннов. ... В 119 году огромная китайская армия захватила северную ставку шанюья и перебила около 90 тыс. гуннов. А в 90 год 70 тысячная китайская армия вторглась в гуннские земли и разгромила передовые отряды гуннов... Хотя Китай не сумел сломить гуннов своими силами, но через 20 лет в 71 г. нанес им тяжелые поражения с помощью других кочевников, где в жестокой войне гунны потеряли до трети населения» [5] – деп жазады.

Бұл тәптіштеп баяндалған саяси оқиғалар диаграмма мәліметтеріне сүйеніп оқиғаларды болжаудың мүмкіндіктерін жақсы бейнелейді. Барлық оқиғалар диаграммада теориялық түрде болжанғандай дәлдікпен өрбиді. Құлдырау қуаттылық кезеңінің аяқталатын б.э.д. 150 ж. бастап ушыққан сипат алып, б.э.д. 50 ж. шегіне жетеді. Осы кезде б.э.д. 56 ж. ғұндар әлсіреп, оңтүстік және солтүстік болып екіге бөлінеді. Осы кезден бастап Орталық Азиядағы ғұндардың гегемониясы аяқталады.

Диаграмма бойынша б.э.д. 50 ж. қарай құлдырау аяқталып, өрлеу басталады. Бұл да тарихи фактілермен дәлелденеді. Басында аз ғана уақытқа ғұн империясының қуаты қалпына келтіріледі. Содан кейін, II ғ ортасына шейін Оңтүстік-батыс Сібір мен Шығыс Түркістанда ханьдықтардың батысқа жылжуына қарсылығын жалғастырады. Осы оқиғалар б.э.д. 50 ж. басталып, шырқау шегіне II ғ. ортасына қарай (150 ж.) жететін өрлеу кезеңімен дәл келіп тұр. Осы өрлеу кезінде эфемерлі сяньби империясының құрылуы ғұндарды ығыстырып, олардың батысқа жылжу үдерісінің басталуына себеп болды. Бұл миргациялар құлдырау кезеңінде – 150-350 жылдары өтеді. Сондықтан бұл кездегі ғұндар туралы тарихта елеулі із қалмаған. Бірақ, ұйқыдан оянғандай, IV ғ. екінші жартысынан бастап диаграммада көрсетілгендей өрлеу кезеңі басталады да, олар тағы да әлемді дүр сілкіндіреді. Олардың алғашқы құрбаны Азов жағалауының аландары болды. Олардың бір бөлігі ғана Солтүстік Кавказдың тауларын сағалап аман қалды. Одан кейін Кубань өңірін жаулап алып, ғұндар Боспор патшалығының бай қалаларын талқандады. Қаратеңіз жағалауындағы антикалық әлемнің барлық шалғайы Днепрге шейін, сармат-алан және гот тайпалары айналдырған бірнеше жылдың ішінде талқандалды. 376 ж. ғұндар Рим империясының шекарасына жылжыды.

Әрі қарай, V ғ. ортасы диаграмма бойынша Алтайда 460 ж. Ашина әулеті басқарған түріктердің алғашқы мемлекетінің бастау алатын кезімен дәл келеді. Ал бұдан шамамен 100 жылдан кейін, диаграммада көрсетілгендей, шарықтау шегі 550 ж. келеді. Одан тағы да 100 жылдай өткен соң 17 жылдық (640-657 ж.) тайпа аралық соғыс пен әулет аралық билікке талас басталып, Жетісуға басып кірген қытай әскерінен жеңіліс тауып, түріктер алғашқы қағанатының өмір сүруін аяқтайды. Осы шешуші сәттен бастап (650 ж.) құлдырау тенденциясы ушыға түсіп, оның орта кезінде (711-715 ж.) түрік қағанаты уақытша өмірін тоқтатады. Кейін, ол қалпына келтірілгеннен кейін де жағдай өзгере қойған жоқ. Өзінің шарықтау шегінен бері 200 жыл өмір сүрген соң, VIII ғ. ортасына қарай (744 ж.) Ашина әулетінің ғұмыры аяқталады.

Түріктердің орнын VIII ғ. ортасында басқан ұйғырлар 100 жылдан кейін, диаграммада болжанғандай 840 жылы өзінің билігін қырғыздарға қалдырады. Дәл осылай қарлұқтардың Жетісудағы билігі де (766-940) 200 жыл шамасына созылып барып аяқталады. Ал 840 ж. мемлекетін құрғандар қуаттылық кезеңіне тап болса да 200 жылдан кейін өздерінің өмір циклын аяқтауға мәжбүр болады. Ал бұл дағдарыс кезеңінен аман өткендер болса да, оларды кейін басқа біреулері бағындырады. Мысалы, қарахандықтар 840 жылы өз мемлекетін құрды. 100 жылдан кейін 950 ж. олардың қарсыластары Саманидтер олардан күйрей жеңіліс тауып, Қарахандықтардың билігі Амударияға шейін тарайды. Бірақ XI ғ. (1050 ж.) ортасына қарай қарахандықтардың өзі бытырап кетеді. Осы шешуші кезеңнен бастап құлдырау ушығып кетеді де, ол шегіне XII ғ. ортасында жетеді. Осы кездегі қарақытайлардың басқыншылық жорықтары Орта Азиядағы қараханидтердің қалған ықпалына шек қояды. Яғни, XI ғ. (1050 ж.) ортасына қарай бастау алған мемлекеттер олардың қолына әлемдік сауда жолдары, әр қайсысы 20 мыңнан әскер шығара алатын бай қалалары қарағанмен, бәрі бір, сырттан келген жаудан жеңіліс табады. Осылай, Хорезмшах, оның әскерінің артықшылықтарына, керек-жарағымен қамтамассыздандырылғанына және қолында бай қалалары болғанына қарамай моңғолдардан жеңіліс тапты. Бұлай болған себебі бұл кез – диаграммада көрсетілгендей бытыраңқылық кезеңі еді.

Ал XIII ғ. ортасына қарай моңғолдар өздерінің жаулауын аяқтап, әлемдік деңгейдегі мемлекеттерін құрады. Бұл кез диаграммадағы қуаттылық кезеңімен дәл келеді. Оның шарықтау шегі диаграммада болжанғандай XIV ғ. ортасына, Өзбек пен Әз Жәнібек тұсына келеді. Моңғол жаулаулары кезінде пайда болған мемлекеттер өздерінің өмірлік циклын тура 200 жылдан кейін, XV ғ. ортасына қарай аяқтайды. Осы кезден, басқалармен бірге, Қазақ хандығының да тарихы бастау алады. Бірақ, алғашқы қазақ хандарының ерен ерліктеріне қарамай, әсіресе, Қасым ханнан кейін, хандық жойылудың шегінде өмір сүрді. Бұл жөнінде Мухаммед Хайдар өз еңбегінде замандастарының назарынан тұтас бір халық тыс қалғандығы жөніндегі пікірін келтіреді. Осы мақала авторы да бұл пікірді сынаушылар қатарында болатын. Бірақ, хандықтың пайда болуы құлдырау кезеңінің орта тұсына келеді екен, яғни, мұндай дағдарыстың болуын диаграммада көрсетілген заңдылық дәлелдеп тұр. Сондықтан қазақтар, жекелеген тұлғалардың күш-жігерімен және ұлы тұлғалардың арқасында ие болған игіліктен аз уақыттың ішінде ада болған. Мемлекетінің құрылу кезіндегідей, оның сағаты таусылып, тарих саханасында оның орнын басқа басатын ауыр сәт туғанда қазақтар үшін тағдыр қиын сынақ ұсынды. Осылай, қазақ хандығы құрылғаннан шамамен 200 жылдан кейін, 1640 жылы Орталық және Орта Азиядағы барлық аумақты өзіне қаратуға талпынған, осы тұғырға талас үмітімен тарих аренасына жаңа үміткер келді. Бұл сын сағатты қазақтар 1643 ж. Қосқылаң тауы төңірегіндегі шайқаста басынан кешірді. Салқам Жәңгір бастаған 600 жау жүрек сарбаздар, кезіндегі санмың парсы әскерлеріне алдырмаған спартан жауынгерлері іспетті, Батыр Қонтайшының 50 мыңдық әскеріне жердің ыңғайын пайдаланып, алдырмай, соңында Алшын Жалаңтөс батыр 20 мың әскерімен көмекке келгенде қазақтар толық жеңіске қол жеткізді. Ал Батур Қонтайшы 10 мың әскерінен айырылып, шегінуге мәжбүр болды. Осы кезді қазақ мемлекетінің екінші рет тууы десе де болғандай. Осыдан кейінгі Тәуке ханның билік құрған кезін ел ең сәтті кезең деп бағалап, оның өзін Әз-Тәуке деп атауы тегін емес.

Бірақ, келесі 200 жылдық циклда (1650-1850) қазақтар ең күрделі кезеңді басынан кешірді. Қоқан, Бұқар, Хиуалықтар – оңтүстігінен, башқұрт, татар, орыс казактар – батыстан және солтүстіктен, қытайлықтар – шығыстан, тыным бермей шабуылдап, жерін басып алып отырды. Жоңғар шапқыншылығы қазақ қоғамын жойылу шегіне алып келді. Бірақ, осы сыртқы жағдайларға және ішкі келіспеушіліктерге қарамай, көшпелі мемлекеттің өмір сүруінің ішкі заңдылықтарына сай қазақтар бір қолға бірігіп, Абылайды үш жүздің ханы етіп сайлап, қазақ жерін біріктіріп қана қойған жоқ, сонымен бірге, қырғызды Алатау асырып, қоқан, бұқар, хиуалықтарды – Сыр бойындағы қалалардан ығыстырып, башқұрт, татар, Еділ қалмақтарын – Еділ, жоңғарды – Алтай мен Тарбағатайдан асырды. Осылай, Еуразияның кең даласы үшін болған төрт мың жылдық тарих бойы жүргізілген соғыста білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған жеріне қазақ өзі ие болып отыр.

Бұл кезде көшпелілер өркениеті тарихтың үлкен циклы бойынша құлдырау кезеңіне тап болғанына, қазақтардың бір бөлігі – қытайдың боғдыханын, бір бөлігі – орыстың патшасын, бір бөлігі – ортаазиялық хандықтарды сағалағанына қарамай, тарихтың біз елемей келген ішкі заңдылығына байланысты осылай болып отыр.

Оның себебі – сыртқы жағдай қаншалықты ауыр болғанымен көшпелілер мемлекетінің ішкі даму заңдылықтары бойынша бұл кезең – қуаттылық кезеңіне сай келіп тұр.

Диаграмма бойынша бұл 200 жылдық цикл 1850 ж. аяқталады. Дәл осы кезде Ресей қазақ қоғамындағы дәстүрлі биліктің екеуін де (хандық (мемлекеттік) және рулық (азаматтық)) жойып, бүкіл Орта Азияны өзіне бағындырады. XIX ғ. ортасындағы реформалардан кейін Румянцев: «далее нет уже истории киргизского (қазақ – М.Ж.) народа, а есть история сельских обывателей-инородцев областей», – деп жазады.

Әрі қарай бытыраңқылық кезеңі басталады да, ол ХХ ғ. ортасына дейін жалғасады. Осы аралықта қазақтан жерін тартып алып, қоныс аударушыларды орналастырды. Одан кейін жан сақтап отырған малын алып, аштыққа ұшыратты. Одан кейін тілін ауыстырып - дәстүрінен қолын үздірді. Одан кейін бас көтерер тұлғасының жанын алды. Осының бәрі ушыға келіп, ұлттың үштен бірінің шыбынша қырылуына әкеліп соқты. Осы құлдырау үдерісінің нәтижесінде мәңгүрттік құбылыс пайда болды.

Бірақ диагарамма бойынша XX ғ. ортасынан бастап өрлеу кезеңі басталады. Оның елесі халық санасында сақтаулы. Ал толыққанды қазіргі заманғы қуатты мемлекет 2050 жылдан бастау алады. Одан кейін 200 жылдық қуатты Қазақстан дәуірі басталады.

Қорыта келгенде, ұсынылып отырған жаңа тұжырымдама Еуразиялық көшпелілердің далалық өркениеті құрған мемлекеттерінің өмір сүруінің, дамуының ішкі заңдылықтарын көрсетеді және оны түсінуге мүмкіндік береді. Бұл заңдылықтың осы күнге шейін бұлжымай орындалып келе жатқанын қазіргі индустриалды типті қоғам құрған Қазақстанның кейпінен де көруге болады. Және болашаққа да үмітпен қарауға толық негіз болады. Бұл тұжырымдама туралы мақаланы орыс тілінде 15 жыл бұрын жариялағанмен де, ғалымдар алдында дәлелдеп шыққанмен де, осы күнге шейін тарихшылар назарынан тыс қалып отыр.

Осы мақалада 2001 жылы көтерілген мәселе тарихшылардың назарына ілінсін деп, 2014 ж. ҚазҰУ хабаршысы журналына да қазақша нұсқасын басуға ұсынған едім. Бірақ, өкінішке орай, мақала журнал бетіне басылып шықпай, авторға ешқандай жауап берілмей, аяқсыз қалдырылды.

Дегенмен, 14 жылдан кейін сең қозғалған сияқты. С. Демирел атындағы Қазақ–түрік университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры Ж. Жанәбілдің циклдық даму заңдылығы тақырыбына қатысты «Моңғол ауысымы» және оны кезеңге бөлу мәселесі» атты мақаласы «Отан тарихы» журналының 2015 жылғы 3 санына басылып шыққан екен [9]. Бұл мақалада көтерілген мәселеде, өкінішке орай, автор шетелдік авторлардың тұжырымдамаларына сүйене отырып, қазақ тарихшыларының да өзіндік көзқарасы бар екенін ең болмаса атап та өтпепті (2001 ж. орыс тілдінде басылып шыққан мақала, осы жылы аталмыш тақырып орын алған диссертацияның авторефератына сілтеме жасамағанын айтпағанда).

Ж. Жанәбілдің мақаласында көтерілген мәселе мен ұсыныстарын теориялық жағынан өз тұжырымдамаммен салыстырып талдау алдағы уақытта іске асуы қажет. Ол талдау мардымды нәтиже беру үшін тарихшы ғалымдар қауымы өз пікірлерін ортаға салып, осы күрделі мәселенің ғылыми түрде сапалы шешілуіне септігін тигізуі қажет.

***

Автор ұсынып отырған далалық өркениеттің циклдық даму заңдылығын түсіндіретін жаңа тұжырымдама Еуразия көшпелілерінің тарихын кезеңдерге бөлу мәселесіне түбегейлі өзгеріс енгізуді ұсынады.



Бұл – көшпелі қазақтардың тарихи санасында қалыптасқан ұғымдардың негізінде жасалып, көшпелілер қоғамындағы тарихи дамудың заңдылығын шынайы бейнелейтін ең алғашқы тұжырымдама.

Оқырман қауым, әсересе, тарихшы ғалымдар бұл жолы да селқос қалмас деп үміттенемін.


* Ескерту: Бұл мақалада қарастырылған мәселелер 2001 жылы орыс тілінде: «Связь приобретения статуса «ру» в семипоколенной системе кочевых обществ с циклами развития кочевого государства // «Еуразия на стыке веков»: материалы международного симпозиума посвященного 10-летию независимости Республики Казахстан. – Астана, 22-23 ноябрь, 2001 год. – С.174-184» атты мақалада жарияланған болатын. Бұл жолы өзгертулермен толықтырылып, қазақ тілінде басылып отыр – автор М.Ж.
Әдебиеттер

1 Шпенглер О. Закат Европы. Очерки морфологии мировой истории. 2. Всемирно-исторические перспективы / Пер. с нем. и примеч. И.И. Маханькова. – М, 1998. – 606 с.

2 Тойнби А.Дж. Постижение истории. – М.: Прогресс, 1991. – 731 с.

3 Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера земли. – Л.: ЛГУ, 1989. – 495 с.

4 Жакин М.С. Закономерность совпадения приобретения статуса «ру» в семипоколенной системе с циклами развития кочевого государства // Сборник научных статей. – Астана: Фолиант, 2000. – Вып. 3. – С. 22-32.

5 Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: летопись трех тысячелетий. – Алма-Ата: Рауан, 1992. – С. 382, 32, 65.

6 Алексеев В.П. В поисках предков. Антропология и история. – М.: ?, 1972. – С. 255.

7 Таскин B.C. Материалы по истории сюнну (по китайским источникам). - [Вып.1] Предисловие, перевод и примечания В.С. Таскин. – М.: Изд-во «Наука». Главная редакция восточной литературы, 1968. – 177 с.

8 Арриан Флавий. Поход Александра. / Пер. М.Е. Сергеенко. Вступ. ст. О.О. Крюгера. – М.-Л.: Изд-во АН, 1962. – 384 с.

9 Жанәбіл Ж. «Моңғол ауысымы» және оны кезеңге бөлу мәселесі. // Отан тарихы. – 2015. – №3(71). 128-149 б.


References
1. Shpengler О. The decline of the West. Morphology sketches of world’s history.2.World-historical perspectives /Trans. from German by I.I. Mahankov. –M,1998. – 606p.

2 Toinby А.G. Understanding history. – М.: Progress, 1991. – 731 p.

3 Gumilev L.N. Ethnogenesis and the biosphere of the earth. – L.: LSU, 1989. – 495 p.

4 Jakin М.S. The regularity of the coincidence acquisition of the “ru” status in the “ seven generations” system with cycles of development of the nomadic state // Collection of scientific articles. – Astana: Foliant, 2000. – Edit. 3. – P. 22-32.

5 Klyashtorny S.G., Sultanov Т.I. Kazakhstan: Annals of three millennia. – Alma-Аtа: Rauan, 1992. – P. 382, 32, 65.

6 Alekseyev V.P. In search of ancestors. Anthropology and history. – М.: Soviet Russia, 1972. – P. 255.

7 Taskin V.S. Materials on history of sunnu (according to the Chinese sources). – [Issue.1] Preface, translation and comments by V.S. Таskin М.: Publ.house «Nauka». Main editorial staff of oriental literature, 1968. 177 p. – P. 122-123. – М., 1968. – 4.1. – P. 122-123.

8 Arrian Flavius. The campaign of Alexander. / Trans. by М.Е. Sergeenko/ Opening article by О.О. Kruger. – М.-L.: AS Publ. house, 1962. – 384 p.

9 Janabel J. The mongol cycle and the issues concerning its periodization // National history. – 2015. – №3(71). P.128-149.

ЖАКИН М.С.
Старший научный сотрудник Центра этнокультурных и историко-антропологических исследований Карагандинского государственного университета им. Академика Е.А. Букетова, к.и.н., доцент
ЦИКЛИЧЕСКАЯ ЗАКОНОМЕРНОСТЬ РАЗВИТИЯ СТЕПНОЙ ЦИВИЛИЗАЦИИ ЕВРАЗИЙ
Статья посвящена циклической концепции развития государства кочевников на территории Евразии. На основе анализа известных науке исторических фактов и понятий исторического сознания казахов и их предков выяснена «семипоколенная» циклическая закономерность развития. В качестве центрального понятия исторического сознания кочевников казахов проанализированы смысл и содержания понятия «Жеті ата». В качестве результата предложена концепция семипоколенной циклической периодизации истории кочевников Евразии.
Ключевые слова: Степная цивилизация, развитие, цикл, «семь поколений», род, ел, генеалогия, периодизция, племенной союз, государство, империя, кризис, основание, расцвет.
ZHAKIN M.S.

Senior researcher of the Centre of ethno-cultural and historical-anthropological research The Karaganda state University of the name of Academician E.A. Buketov, candidate of historical sciences, associate Professor


CYCLIC PATTERN OF DEVELOPMENT OF EURASIAN STEPPE CIVILIZATION
The article is devoted to the concept of cyclic development of the state of the nomads in Eurasia. «Seven generations» cyclic law of development was found out based on the analysis of known historical facts and concepts of historical consciousness of the Kazakhs and their ancestors The meaning and content of the concept of «Zheti ata» were analyzed as a central concept of historical consciousness of the Kazakh nomads As a result, the concept of «seven generations» cyclic periodization of the history of Eurasian nomads was presented.
Keywords: steppe civilization, development, cycle, "seven generations", genus, genealogy, periodization , tribal union, state, empire, crisis, basis, flourish.

Кесте 1 – Жетіаталық жүйеде «ру» статусына ие болудың көшпелілер



мемлекетінің циклдық даму кезеңдерімен сай келу заңдылығы*

Жетіаталық жүйе аясындағы «ру» атаулары




Ата-бабалар өмірінің

хронологиясы



Қазақ хандығы дамуының

негізгі кезеңдері



1

Қаракесек

1460-1530

1453-1523 (?)

Қасым хан

2

Ақша


Түйте

1490-1560




3

Бошан


Майқы

1520-1590




4

Машай

Сарым

1550-1620

1538-1628 Хақназар - Есім

5

Тілеуберлі

Бәйімбет

Тоқсан

1580-1650




6

Керней**

Дәулет

(Қояншы-Таңай)**

Мастан

1610-1680




7

Дау

Бектеміс

Мамыр

Құлжан

1640-1710




8

Түйте

Берлібай

Қоңырбай

Айдабол

1670-1740

1680-1715(18?) Тәуке хан


* 1 – Кестеге түсініктеме

  • 1-ші қосымшаның деректері 1998 жылдың мамыр-маусым айларында Қарағанды облысы Шет ауданы бойынша жүргізілген дадалық этнографиялық экспедиция кезінде жиналды.

  • Ақпарат беруші – Төрехан Майбас, шежiрешi. Қазақтың ауызша шежіресіне қатысты мәліметтерді жинаумен өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бері айналысып келеді.

  • Кестеде келтірілген шежірелік деректер (Қаракесек руының таралауы) Ф. Щербина материалдары (Ә. Бөкейханов зерттеуі) бойынша беріліп отыр.

  • Кестеде келтірілген ұрпақтар өмірінің хронологиясы Т. Майбас мәлімдеген төмендегі аңыздар бойынша анықталды:

1-ші аңыз: Ел аузында айтылып жүретін «Түйтенің тойындай болып жүрмесін» деген мәтел Қаракесектің 8-ші ұрпағы Түйте батырдың өміріндегі елеулі оқиғаға қатысыты айтылған екен. Бұл оқиға қазақ хандығының тарихындағы елеулі оқиғамен тұспа-тұс келген. Аңыз бойынша Түйте кеш үйленген (шамамен 40-50 жаста – М.Ж.). Тұңғышы және одан кейін тағы екі баласы туғанда олардың құрметіне дәстүрлі шілдехана тойын тойлай алмаған. Оның себебі осы кезде үш жүздің басын біріктірген қазақтың бас ханы – Тәуке қайтыс болған екен. (Бұл 1715 жыл – М.Ж.).

Қорытынды: бұл мәліметтер Түйтенің осы кезде шамамен 45 жаста болғандығын анықтауға мүмкіндік берді. Яғни, 1715 жылы Түйте 45 жаста болса, туған жылы 1670 болып шығады. Бұл датаға бір адамның өмірі ұзақтығын шамамамен 70 жас деп алып, қоссақ: 1670+70=1740, Қаракесектен тарайтын 8-ші ұрпақтың, «туажаттардың»: Түйте, Қоңырбай, Берлібай, Айдаболдардың қай жылдары өмір сүргендігін анықтаймыз. Ол 1670-1740 жылдар аралығы. Бұдан кейін осы датадан бір ұрпақтың орташа жасын – 30 жасты алсақ алдыңғы 7-ші, 6-шы т.б. ұрпақтардың өмір сүрген жылдары анықталады. Осылай Қаракесек руынан тарайтын ұрпақтардың өмір сүрген жылдарын анықтауға мүмкіндік туды.

2-ші аңыз: аңыз бойынша ел ішінен жеті батыр шығып, оңтүстікке барымтаға аттанған екен. Мақсаттары - жорыққа мінетін аттардың тұқымын асылдандыру мақсатында «теке, жәуміт», «қарқабас» атты асыл тұқымдардың байталын қолға түсіру. Бірақ, жорықтан бір ғана батыр аман қайтқан. Қалғаны хабарсыз кеткен. Содан ел ішінде Түйте мен Қоңырбайдың ұрпақтарын сөзбен қағытқанда: «байталдың соңында кеткен аталарыңды тауып алмайсыңдар ма?!», – дейді екен.

Қорытынды: Аңыз бойынша аталған батырлар шынымен замандас болғаны анықталады.



  • Кестедегі Қаракесектің 8-ші ұрпақтары: Түйте, Қоңырбаймен бірге Берлібай, Айдаболдар да ру атауы статусына ие болғандығын Ақсу-Аюлы елді мекенінің солтүстігіндегі қорымдағы құлпытасқа жазылған жазбалар да дәлелдейді.

** Берлібай мен Түйте Машайдың ұрпақтары. Кестеде Қаракесектің Ақша бұтағынан «ру» атауы статусына Сарымның замандасы Машай емес, оның немерелері – Керней мен Қояншы-Таңайлар ие болады. Оның себебі: ауызша шежіре бойынша Бошанның бес баласының бірі – Машай, ағаларының бірі – Таз қайтыс болған соң, жасырын жесір жеңгесіне «аяқ салған» екен. Оны біліп қойған ағалары әмеңгерлік жолымыздан аттадың деп Машайды жазалаған. Өкпелеген Машай ағайындарынан кетіп қалады. Бошандар Қарқаралы, Қу өңірін жайлап жатқан. Машай Сарымның әкесі – Майқыға келеді. Майқы Машайды ел ішіндегі бір жесіріне үйлендіріп, жер бөліп береді.

Бұл аңыздан анықталатыны Машайдың өмір сүрген уақыты Хақназар мен Есім хан кезіндегі рулардың қалыптасуымен дәл келіп тұрғанымен, ол кездейсоқ (жекелеген, ішкі) жағдайға, жеке басындағы болымсыз мәнді оқиғаға байланысты өз руынан тыс, басқа қалыптасып қалған рудың ортасына тап болды. Сондықтан оның өзінің емес, немерелерінің атауы (Керней, Қояншы-Таңай), екі ұрпақтан кейін Сарымнан бөлек ру атауы статусына ие болады. Бұл жерде атап өтетін тағы бір ерекше жағдай – Берлібай Қояншы-Таңай руына жатады. Оның атасы – Дәулет, Қояншы мен Таңайдың ағасы. Үлкендігіне қарамай, белгісіз себептерден Дәулет атауы ру атауы статусына ие болмайды. Ал оның немересі Берлібайдың аты, жоғарыда түсіндіріліген заңдылық бойынша (Машайдың немерелерінің аты екі ұрпақтан кейін ру атауы статусына ие болғандай) Түйте, Қоңырбай, Айдаболдармен қатар Тәуке ханның кезінде ру атауы статусына ие болады.



Көшпелілер мемлекеті дамуының негізгі шешуші кезеңдерінде қалыптасқан рулардың, кейіннен іштей қайта бөлініп, құрылып жатуының ішкі механизмдері осымен түсіндіріледі.
Диаграмма 1. Қазақстан аумағындағы далалық өркениеттің

циклдық дамуы
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет