Білімді тексеруге арналған сұрақтар: Табиғи сұрыпталудың эволюциялық дамудағы ролі қандай?
Табиғи сұрыпталудың қандай түрлері белгілі?
Қолдан сұрыптау мен табиғи сұрыпталудың айырмашылығы мен ұқсастығы қандай?
Бейімделушіліктің алуан түрлі болуының эволюциялық дамудағы ролі қандай?
Бүркеніш реңнің қандай маңызы бар?
7 лекция-Түр және оның критерийлері Дәрістің мақсаты: Түр ұғымының анықтамасымен, түр концепциясының даму тарихымен, түр критерийлерімен, түр эволюция процессінің сапалы кезеңі екендігімен таныстыру.
Сұрақтар: Түр концепциясының даму тарихы. Түрдің негізгі концепциялары (типологиялық, номиналдық, биологиялық).
Түр анықтамасы. Түр біртұтастығының генетикалық негіздері.
Түрдің жүйе екендігі. Палеонтологиядағы түр (фратрия) түсінігі. Жыныссыс және партеногенез жолымен көбейетін формалардағы түр.
Түр түзілу популяциялардың генетикалық ашық жүйелерінің генетикалық жабық жүйеге айналуы екендігі. Түр түзілу үшін оқшауланудың маңызы.
Аллопатриялық және симпартиялық түр түзілу жолдары. Моно- және политиптік түр
Табиғатта түрлер саны орасан көп. Жануарлардың 1,5 миллион, өсімдіктердің 500 мыңнан аса түрі бар деп есептеледі.
Түр деп тұқым қуалауды морфологиялық, физиологиялық ерекшеліктері ұқсас, бір-бірімен еркін шағылыса алатын және жалпы таралу аймағы – ареалы бар популяциялар жүйесін құрайтын даралар жиынтығын айтады.
Бір түрден екінші түр көптеген белгілері бойынша ерекшеленеді. Түрге тән белгілер мен қасиеттер критерий деп аталады. Түрдің бірнеше критерийлері болады.
Морфологиялық критерий. Бұл критерий бір түрге жататын даралардың сыртқы және ішкі құрылыстарының ұқсастығына негізделген. Бірақ түр ішіндегі даралар кейде үлкен өзгерістерге ұшырауы мүмкін, сондықтан да түрді тек қана бір морфологиялық критерий арқылы анықтауға болмайды. Табиғатта бір-бірінен оқшауланған, өзара шағылыспайтын түрлер морфологиялық жағынан ұқсас болып келеді. Бұлар – түр қосарлары.
Физиологиялық критерий – бір түрге жататын даралардың тіршілік әрекеттерінің ұқсастығына негізделген. Әр түрлердің өкілдері әдетте будандаспайды немесе ұрпағы бедеу болады. Түрлердің будандаспауы жыныс мүшелері құрылысының, көбею мерзімдерінің әртүрлілігіне байланысты. Алайда табиғатта будандасып, өнімді ұрпақ беретін де түрлер бар (канарейкалардың, қалтырауық шымшақтардың, терек пен талдардың кейбір түрлері). Демек, даралардың түрге жататынын анықтау үшін физиологиялық критерий жеткіліксіз.
Генетикалық критерий. Түрлердің әрұайсысына тән хромосомалар жиынтығы, олардың саны, мөлшері және пішіні болады. Бұл түрдің басты белгісі. әр түрге жататын даралардың хромосомалар жиынтығы түрліше болғандықтан олар өзара будандаспай, табиғи жағдайда бірінен – бірі оқшауланады. Адамдарда хромосомалар саны – 46, шимпанзеде – 48,жеміс шыбынында – 8, үй шыбынында – 12, алабұғада – 12, итте – 78, көгершінде – 80, қойда – 54.
Экологиялық критерий. Түр нақтылы бір ареал мекендей отырып, өздерінің тірі және өлі табиғат жағдайларымен тығыз байланыста болады. Мысалы, улы сарғалдақ шабындықтар мен егістіктерде таралған; сұлама сарғалдақ ылғалы мол жерлерде өседі; күйдіргі сарғалдақты өзен мен тоспалар жағасынан, батпақты жерлерден кездестіруге болады.
Сөйтіп түрді анықтау үшін бір ғана критерийді пайдалану жеткіліксіз, барлық критерийлер жиынтығы ғана түрге дұрыс сипаттама бере алады.
Микроэволюцияның нәтижесінде табиғатта жаңа популяциялар, түр тармақтары, түрлер түзіледі. Егер табиғатта бастапқы түрдің барлық критерийлері өзгерісе ғана жаңа түр түзіледі.