Симпатриялық түр түзілу. Іргелес немесе тұтас ареалдары бар түрлер симпатриялық деп аталады. Симпатриялық түр түзілу бастапқы түр ареалының ішінде жүреді. Бұл түр түзілудің бірінші әдісі – кариотиптің тез арада екі немесе бірнеше еселенуі арқылы жаңа түрлердің пайда болуы.
Кариотиптің өздігінен еселенуін – автоплоидия деп атайды. Өсімдіктерде жақын туыстас түрлердің хромосомаларының санының еселенген топтары жиі кездеседі.
Жануарларда полиплоидты формалар өте аз және олардың түр түзілудегі маңызы айтарлықтай емес, өсімдіктермен салыстырғанда.
Симпатриялық түр түзілудің келесі жолы – маусымдық немесе экологиялық оқшаулану нәтижесінде жаңа формалардың қалыптасуы. Табиғатта өсімдіктердің айқын көзге түсетін көптеген маусымдық формалары тіршілік етеді.
Симпатриялық түр түзілудің ерекшелігі, мұнда бастапқы түрге морфо - физиологиялық жағынан жақын жаңа түрлердің пайда болуы.