Жалпы дегенерация. Ағзаның тіршілік ортасымен қарапайым қарым-қатынасқа көшіруіне байланысты биологиялық мәнінен айырылған бірқатар мүшелер керексіз, артық болып, бірте-бірте жойылып кетеді, яғни ағзаның құрылысы қарапайымданады. Көпшілік жағдайда дегенерация ағзалардың отырықшы немесе паразиттік тіршілік етуге көшуіне байланысты жүреді. Адам ішегінде паразитті тіршілік етуге бейімделген жалпақ құрттар типінің өкілдері – шошқа, өгіз солитерлері мен жалпақ таспа құртта асқорыту жүйесі мүлде болмайды, өйткені олар аш ішектегі қорытылған иесінің корегін жалпайған дене сегменттері арқылы сорып алады. Жүйке жүйесі мен сезім мүшелері нашар жетілген, ал жыныс мүшелер жүйесі күшті дамып әрбір сегментте қайталанып отырады. Олар гермафродиттер яғни әр сегментте аналық та, аталық та жыныс бездері орналасқан. Жыныс өнімдерінің жақсы жетілуі, эндопаразиттік тіршілікке көшкен құрттардың, түр ретінде сақталып артына өнімді ұрпақ қалдыруына бағытталған. Бұл құрттардың дене құрылымы қарапайымдануымен бірге басында орналасқан соғыштары мен ілмекшелері болады. Солардың жәрдемімен иесінің ішегінің қабырғасына жабысып алады. Адамның ішегінде паразиттік жолмен тіршілік ететін өгіз цепені өз тіршілігінде (18 - 20 жыл) 11 миллиардтай жұмыртқа салады.
Сонымен биологиялық прогреске жетудің үш әдісі бар: ароморфоз, идиоадаптация, дегенерация.
Табиғатта биологиялық прогреске қарама-қарсы биологиялық регресс те байқалады. Биологиялық регрестің белгілері: даралар санының азаюы, ареалдың тарылуы, популяция ішінде жіктелу процестерінің жүрмеуі (яғни түр тармақтарының түзілмеуі), популяция санының кемуі. Биологиялық регресс түрлердің жер бетінен жойылып кетуіне апарып соғады.
Тарихи даму кезінде эволюцияның бағыттары бірімен-бірі алмасып отырады. Ірі жүйелеу топтарының (мысалы, типтер мен кластардың) эволюциялық жолдары өте күрделі.
Сөйтіп ароморфоз арқылы дамып жаңа ортаны өмір сүруге игерген ағзалар тобы жеке популяциялар түрінде идиоадаптация жолымен сыртқы ортаның белгілі бір жағдайына бейімделе алады екен.