Отбасыдегеніміз – бұл некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиелеуге алудың өзге де нысандарынан туындайтын және отбасылық қатынастарды нығайту мен дамытуға септігін тигізетін, мүліктік және мүікке қатысты емес жекебастың құқықтарымен байланысқан адамдар тобы. Отбасылық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығы отбасылық құқық деп аталады.
Неке – отбасын құрудың негізі болып табылады. Ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туғызатын отбасын құру мақсатымен, заңда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқықтық одақты – неке деп түсінуіміз қажет. Егер неке тіркелмесе де, бірақ еркек пен әйел бірге тұрып, балаларын тәрбиелеумен айналысып жатса, мұны да отбасы деп айтуға болады. Егер кәмелетке толған балалары ата-анасымен бірге тұрып, оларға қамқорлық жасап, материалдық көмек көрсетсе – бұл да отбасы. Егер кәмелетке толған ағалары мен қарындастары ата-анасыз бірге тұрып, бір-біріне қамқорлық жасайтын болса – бұл да отбасы. Адамдар арасында некеден, туыстықтан, бала асырап алудан, отбасына тәрбиелеу үшін бала алудан туындайтын қатынастар- отбасылық қатынастар деп аталады. Бірақ отбасындағы қатынастардың бәрі бірдей құқық жөнімен реттеле бермейді. Отбасындағы қатынастар, негізінен, адамгершілік, ізгілік, өнегелік нормалары негізінде реттеледі. Бұл өзара құрмет, сүйіспеншілік, қамқорлық және имандылық қолдаудың көрінісі. Отбасылық өмір қалыбы, көбінесе ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға сүйенеді (үлкендерді қадірлеу, отбасын қамтамасыз ету оның басшысы ретінде толықтай ер адамға жүктеледі, туысқандарды қадірлеп, құрметтеу).