Ғабиден Мұстафин
Мұстафин Ғабиден (29. 11.1902, Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Жауыр тауы – 20.1.1985, Алматы) – жазушы, Қазақстанның халық жазушысы (1984), қоғам қайраткері.
Арғын тайпасы Қуандық руы Мұрат бөлімінен шыққан. Ауыл молдасынан ескіше сауат ашып, 14 жасында Спасскі зауытының табельшісінен бір жыл орысша оқиды. Сондағы бес жылдық орыс-қазақ мектебін бітірген (1916). 20-жылдардан бастап ауылдағы кеңес жұмыстарына араласты.
1925 жылдан білімін көтеру мақсатында Қызылордаға келіп, оқуға түсе алмай, өлкелік сотта іс-қағаздарды тіркеуші болып істеді. Түскен шағымдарды негізге ала отырып, ел ішіндегі заңсыздықтар туралы мақалалар жазуға үйренді. Жазушылыққа ұмтылысы да осы кезеңдерден басталды.
1925 – 1964 жылы Қарағанды шахтасында темір жонушы, “Қарағанды пролетариаты” (қазіргі “Орталық Қазақстан”) газетінің жауапты хатшысы, Новосібірде шыққан “Қызыл ту” газетінің, “Әдебиет майданы” (қазіргі “Жұлдыз”) журналының қызметкері, редакторы, ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы (1953 – 1956, 1962 –1964) қызметтерін атқарды.
Алғашқы әңгімесі “Сәрсен мен Боқаш” (1927) “Жыл құсы” альманағында жарияланса, тұңғыш жинағы “Ер Шойын” (1929) деген атпен шықты.
1940 жылы Қарағанды шахтерлерінің өмірінен жазылған “Өмір не өлім” атты тұңғыш романы жарияланды.
Қаламгер туындылары ерекше қуат-жігерге, қуанышқа толы. Мұстафин Ғабиден қаһармандары – өз еңбектерімен тарихи табыстарға жеткен жандар. Олар аға буынның қажырлы рухын, биік мақсаты мен арманын, мағыналы ғұмырын паш етеді.
Мұстафин Ғабиден шығармашылықпен қатар қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласты. Ол 5-ші сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің (1954), 6 – 9 сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты (1962 – 1978) болды. Мемлекеттік сыйлық лауреаты (1978). Ол 2 мәрте Ленин, 2-дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл ту ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.
Достарыңызбен бөлісу: |