Вирусқа қарсы болатын қорғаныс механизмдерін екіге бөлуге болады.
Иммунитетті ң арнайы факторлары
гуморальдік
жасушалық
Организмнің арнайы емес қорғаныс факторлары
Гуморальдік, жасушалық
І. Иммунитеттің арнайы факторлары: гуморальдік және жасушалық
гуморальдік факторлары – вирусқа қарсы гуморальдік факторлар В-лимфоциттерге тығыз байланысты. В-лимфоциттер өзгере келіп плазматикалық жасушаларға айналады, ал ол жасушалар вирусқа қарсы антиденелерді бөліп шығарады. Адам мен жануарлар қан сарысуында болатын арнайы антиденелер – иммунитеттің гуморальді факторы арқылы болуының көрсеткіші болып табылады. Сонымен бірге, көптеген вирустарға қарсы жергілікті иммунитет болады. Мысалы, тұмау ауруында, парагриппте және басқа тыныс жолдарының кілегейлі қабықшасының иммунитетіне байланысты болады, ал ішек ауруларында – ішектің кілегейлі қабықшасының иммунитетіне байланысты болады. Мұндай жағдайларда иммунитет ұзаққа созылмайды. Вирустардың көпшілігі антигендер болып табылады, сондықтан олар организмде өздеріне сәйкес иммунологиялық өзгерістер тұғызады, соның нәтижесінде антиденелер – арнайы иммуноглобулиндер пайда болады. Жасушада иммуноглобулиндер ДНҚ – РНҚ әсерінен пайда болады. Осы жағдайда іске асыру үшін арнайы антигеннің әсері бар, демек, антиген организмге енген соң макрофагтардың әсеріне түседі де иммуногендік түрге енеді, содан соң макрофагтар мен Т-лимфоциттер В- лимфоциттерге хабар береді, ал В-лимфоциттер плазматикалық жасушаға айналады да вирусқа қарсы тән иммуноглобулиндерді бөле бастайды. Организмде табиғи ауырған кезеде немесе еккен кезде алдымен иммуноглобулиндердің М – класы пайда болады, оларды «алғашқы» антиденелерге жатқызады. Содан соң иммуноглобулиндердің А класы пайда болады. Оларды кілегейлі қабықшаның В-лимфоциттері бөледі. Бұл антиденелер вирустарды тыныс жолдарының кілегейлі қабықшаларында жояды және жергілікті иммунитет тұғызады. Соңынан антиденелердің G – класы пайда болады. Олар вирусқа қарсы гуморалді жолы арқылы болатын арнайы иммунитеттің көрсеткіші болып табылады.
жасушалық факторлары - вирусқа қарсы иммунитеттің жасушалық факторлары Т-лимфоциттерге, макрофагтарға байланысты болады. Т-лимфоцит жасушаға жабысқан немесе цитоплазма мембранасына енген вирус ақуыздарын таниды. Вирустардың организмге енуінің арқасында Т-лимфоциттердің өзгеруі басталады. Т-лимфоциттер бөліп шығаратын интерлейкин-2 арқылы Т-киллердің көбеюіне әсер етеді, ал Т- киллерлер арнайы рецепторлар арқылы вирус зақымдаған жасушаларды тауып, оларды өлтіреді. Сонымен қатар, лимфа түйіндегі макрофагтар вирусты тауып алып, оларды «қорытады», ол үшін лизосомальдік ферменттер қолданылады. Осындай қорытылған иммунологиялық түрде вирус антигендерін Т-, В- лимфоцитке ұсынады. Демек, макрофагтар антигендердің түрін, санын белгілейді, содан соң оларды Т-, В- лимфоциттер танып алады. Бірақ, кейбір вирустар макрофагтың ферменттеріне төзеді де, макрофагтың ішінде өсіп көбейе береді.
ІІ. Организмнің арнайы емес қорғаныс факторлары да гуморалдік және
жасушалық деп екіге бөлінеді:
1. Гуморальдік факторларына - ингибиторлар жатады, оның ішінде:
α-ингибиторлар – біркелкі тұрақты мукопротеидтер, вирустардың қан түйіршектерін біріктіретін қасиетін жояды;
β-ингибиторлар - температураға шыдамайтын липопротеидтер, көп вирустарды жоятын қасиеті бар (тұмау вирусын, арбовирустарды);
γ- жоғары температураға шыдайтын гликопротеидтер, 100º С сақталады. Тұмау вирусынан сақтандырады.
Комплемент – антиген-антидене комплексі иммуноглобулиннің Fc-фрагментімен комплементтің белгілі компоненттеріне косылып комплекс құрады. Ол комплекс фагоцитоз, иммунологиялық жабысу процестерін күшейтеді. Комплемент антиденелермен бірігіп кейбір вирустарды, вирус енген жасушаны ерітеді.Пропердин - комплементтің қызметін фагоцитозды күшейтеді, жасушаны ерітеді.
2. Жасушалық арнайы емес қорғаныс факторлары - осындай негізгі факторлардың бірі – вирус енген жасушаның интерферон бөліп шығаруы. Интерферон вирусқа қарсы арналған агент емес, ол тек жасушада вирусқа қарсы жағдай жасауға көмектеседі. Негізінде, барлық вирустар интерферон пайда болуына әсер етеді. Интерферон фагоцитозды күшейтеді, жасушаның өсіп көбеюін, яғни бөлінуін тежейді. Осы қасиеті қатерлі ісіктердің жасушалырының өсірмеу үшін қолданылады.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Жалпы вирусология. Ш. Мырзабекова. // Алматы. – 1994. – 176 бет.
2. Жалпы және жеке вирусология. А.Ә.Стамқұлова, К.Құдайбергенұлы, Б.А.Рамазанова.// Алматы. – 2010. – 380 б.
3. Лурия С. Общая вирусология. М. – 1981. – 680с.
4. Л.Б.Борисов. Медицинская микробиология, вирусология, иммунология. //Москва. – МИА. – 2005. – 736с.
5. Жданов В.М. Эволюция вирусов. // Москва. – Медицина. - 1990.- 376с.