Фариза, Фаризажан, Фариза жыр



Дата08.09.2017
өлшемі93,77 Kb.
#30341


Ф.Х.Ғаббасова

Алматы қаласы

167 жалпы білім беретін мектеп

Фариза, Фаризажан, Фариза жыр.


Мақсаты:


Халқымыздың белгілі ақын қызы Фариза Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылығын оқушыларға таныстыру;

Ақынның өлеңдерін оқып, балалардың поэзияға, өнерге деген сүйіспеншіліктерін арттыру және оның өлеңдері арқылы өз елін құрметтеуге, қадірлеуге тәрбиелеу.

Халқымыздың ұлы адамдар өмірлерін үлгі тұтуға баулу.

Көрнекілігі:

Фариза апайдың портреті, эпиграф, ақынның нақыл сөздері жазылған плакаттар, әр түрлі жылдарда түскен фотосуреттерінен слайдтар,интерактивті тақта.
Фариза, Фариза жыр,Фариза қыз

Қараймыз жырдың ұзақ жолына біз.

Қазақтың өлеңінің патшайымы

Біз сізді сағынамыз, сағынамыз.

( Қорғанбек Аманжолов )
Өтілу барысы: 1-слайд:

Фариза Оңғарсынованың портреті және сабақ тақырыбы жазылған плакат. Мақпал Жүнісованың орындауындағы Мұқағали Мақатаевтың «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» әні тыңдалады.Ән тыңдалып болған соң, музыка ойналып, ортаға жүргізушілер шығады.

1-жүргізуші:

Фариза... Ақындық әлемінің ғаламаттығы сондай, есімін ойға алсаңыз болды,тұтас бір ғасырдың көші көз алдыңыздан өтіп бара жатқандай болып көрінеді.Әрине,мұндай құдірет барлық ақынның пешенесіне жазыла беретін нәрсе емес. Ақынның ақыннан айырмашылығы да сонда болса керек. Халықпен бірге жасасып келе жатқан жырлар ғана ақынның абыройын асырып, мәңгілік деп аталатын биіктікке көтере алады.

2-жүргізуші: Жақсы өлең мен маржан жырдың өміріне жылдар әмір жүргізе алмайды,жо-жоқ...жылдар шектеу бола алмаса керек. Поэзияның құдіреті сол, ол адамзат өмірінен ешқашан бөлініп көрмеген. Бұл туралы Фариза апай өзінің жыр шумағында былай деп толғайды:

1-оқушы:

Поэзия – әйелдей жұмбақ әлем,

сиқыр сырын түсінер тұлға да кем:

жаны - тұнған тұңғиық тереңдікте

қимылы - ырғақ , әуен;

поэзия –арудай

құпиясын

ұқтырар жылдап әрең...
2-оқушы:

Поэзия дегенің –халық қаны,

қасіреті, мұрасы, жарық таңы;

ол –


сезімнің оралмас мөлдірлігі,

уақыт шаңын бойында дарытпады.


3-оқушы:

Жыр –


таңбадай қасиет халықтағы,

ақын –


заман, дәуірдің алыптары,

ұрпақтардың , ортаның шын сенімі -

ақынның-шабыт нәрі.
4-оқушы:

Ұлылар да ортақ де,

жақсы ақын де,

өз халқыма таныту - мақсатым де,

бірақ мүмкін емес-ау өз шыңынан

Махамбеттер сөйлеуі басқа тілде...

1-жүргізуші:
Фариза апай 1939 жылы 25-желтоқсанда Атырау облысында Нарын құмның арасында, асып-тасыған көл-көсір байлығы болмаса да ақыл-парасаты мен текті болмысы үшін елі сыйлаған, Бекей ақсақалдың кіші қызы Халима мен Иманғалиұлы Оңғарсынның отбасында дүниеге келген.Әкесі Оңғарсын Фариза апай ес білмес бұрын дүние салыпты.Ол еліне сыйлы, ашық- жарқын адам болған екен. Анасы Халима көп сөйлемейтін, сөйлесе мақалдап сөйлейтін, аса ақылды , рухани қуатты, сұлу адам болған. Қазір енді Фариза апайдың кіндік қаны тамған туған жері туралы “Ей ,құм Нарын, құм Нарын...” атты өлеңін тыңдайық.
2-слайд. Фариза апайдың балалық кезіндегі суреті көрсетіледі. . Бір оқушының орындауында өлең оқылады.
2-жүргізуші:

Фариза апай он ағайынды болған.Бірақ жетеуі ертеректе қайтыс болады.Оның үйінде кішкене кезінде үйлерінде кітаптар көп еді. Араб, латын әріптерімен жазылған қисса -дастандар,ертегі- жырлар оны қатты қызықтырады. Сөйтіп ол аға әпкелерінен әріп танып, бірінші сыныпқа барғанда кітапты әжептәуір оқиды.


1-жүргізуші:

Сөйтіп мектепте ол өзін әр қырынан таныта бастайды. Есепке жүйрік, орыс тілінен жетік болады. Домбыраны да жақсы тартады. Мектепте домбыра оркестіріне қатысады. Кейін студент кезінде, Нұрғиса Тілендиевтің шақыруымен Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестірінде домбыра тартады.


3-слайд: Фариза апай домбыра оркестірінің құрамында.
2-жүргізуші:

Фариза апайдың кішкентай кезінде мінезі қыңыр болыпты. Өзінің айтуынша,оның өмірлік мінезін сақтап келген, қорғаны да сол қыңыр мінезі екен. Жұрт оның бұл мінезін сан-саққа жүгіртіп, сыртынан әр түрлі әңгімелер айтатын болған. Бірақ ол бұған айылын да жимайды. Себебі оның жан дүниесі өтірік айту, көлгірсу, жағымпаздану, мақтаншақтық сияқты жаман қасиеттерді қабылдамайды, ондай адамдарды жек көреді. Онысын ақынның өлеңдерінен де көруге болады.


(Өлеңдерінен үзінділер оқылады )
1-жүргізуші:

Мектеп қабырғасын аяқтағаннан кейін, Фариза апай, Гурьевтің, қазіргі Атырау қаласының педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетіне оқуға түседі. Оны бітіргненнен кейін, еңбек жолын Балықшы ауданнының «Еркін қала» мектебінің мұғалімі болудан бастайды. Фариза апайдың айтуынша: «Мұғалімдік –киелі мамандық. Ол үлкен, жан-жақты, терең білімділікпен қатар, аса сезімтал болуды да талап етеді. Әр бала тұнып тұрған сезім. Олардың пианиноның тіліндей сезім пернелерін тура баса алсаң ғана, жан-дүние әлемдеріне еркін ене аласың.»


4-слайд. Фариза апайдың алғашқы еңбек жолдарында түскен

фотосуреті көрсетіледі.


Фариза апайдың ”Шәкірт сөзі” өлеңі оқылады .

2- жүргізуші:

Алғашқы жыр жинағы 1967 жылы «Бұлбұл» деген атпен шыққан Фариза Оңғарсынова халқына Жайықтай жайылған, Сырдай тасыған, Алатаудай алыстан көрінер арқалы ақынға айналды. Ол – жұртының жанына жақын жылы сезімдердің өшпес өрнегін салып кеткен сыршыл да сыралғы ақын еді. Оның өлеңдері адамның асыл қасиеттерін –жан тазалығын,ар тазалығын, шыншылдығын, сыршылдығын, батылдығын, ақылдылығын, аяулы сезімі мен қаяулы көңілін кір шалдырмай ұстауға ұмтылатын асқақ аңсарын айрықша көркем күйде ақ қағазға төгілте түсіріп бергенімен қымбат.

5-оқушы: Жыр -

менің жалғыз тарланым,

аялап өтер ардағым,

талықсып атар таңдарым,

Айымдай жалқы арман-үн;

қарқылдай берсін қарға мың,

бұрқатсын боран шаңдарын,

тарттырсын дүлей зардабын-

жанымды жырмен жалғадым,

өзімді соған арнадым.
6-оқушы: Жалғаннан зардап шекпегем,

заманға нала - кекті емен,

лапылдап жанып от денем

жылуын шашпай Күн - сараң

мәңгі мұз жанын құрсаған

жылусыз-жансыз жерлерден

жалын боп өтсем деп келем...

7-оқушы:


Шығарған шындық, арды естен,

зұлымдықтарды қан кешкен

Махамбеттен қалған наркескен-

айбалта- жырмен шапсам деп,

шаңын бір сөйтіп қақсам деп,

әділеттің шамын ғаламға,

қарамай құрсау қамалға,

лаулатып солай жақсам деп

қайсарларды жасқап шегерген

тасқыны тылсым тереңмен

серігім-

жырым-жебеммен,

жүрегім –

желкен,


жел кернеп,

қарсы ағыстарға,

сеңге өрлеп,

қағылез құйттай денеммен

дауылдарды құшып келем мен!..

2-жүргізуші:

Сонымен бірге ақын апамыздың поэзиясында туған жерді, отанды сүюге, қастерлеуге арналған ойлар тасқындап жатыр. Оның сондай өлеңдерінің бірі «Отан» .Фариза апайдың бұл өлеңін тебіренбей оқу мүмкін емес.
5-слайд. Қазақстанның табиғаты туралы фото суреттер көрсетіледі.1-жүргізуші өлең оқиды.

О,туған жер,


Кең пейіл, құшағың кең,

Саған көңіл бұлқынар күш-ағынмен.

Сағынышымды қанат қып саған қарай

Балапандай талпынып ұшамын мен

Алақаны анамның – топырағың,

Сендік махаббатымның оты жалын.

Сені қалай сүюдің керектігін

Мен ешқандай кітаптан оқымадым.

1-жүргізуші:

Сенде тас та қастерлі, аспан да алау,

Сенде жанды тербетер дастан бар-ау.

Менің мынау өмірге құштарлығым,

Сені жақсы көруден басталған-ау.

Кешірме сен

жат қылықпен жаныңды жараласам

бар сырымды бүкпесіз саған ашам.

Мен ел кезіп кетермін Отансыздай,

Үмітіңді ақтауға жарамасам.


1-жүргізуші:Толғанай, сен Фариза апайдың қандай өлеңдеріне шығарылған әндерді білесің?

2-жүргізуші: Ғазиза,сен оны менен несін сұрайсың. Қанеки, одан да отырған көрермендерімізден сұралық. Мүмкін орындаушылар да табылып қалар.Сонымен құрметті көрермендер, Фариза апайдың өлеңдеріне шығарылған қандай әндерді білесіңдер?

1-оқушы: Мен Фариза апайдың «Құралай» деген өлеңіне жазылған композитор Әшірхан Телғозиев ағаның әнін айтып берсем бола ма?

1,2-жүргізушілер бірге: Әрине! (ән орындалады)


1-жүргізуші: Кешіміздің басында әнші М.Жүнісованың орындауындағы Әулиеаталық композитор Әбиірбек Тіналиевтің Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне шығарған «Фаризаға» деген әнін білмейтін қазақ даласында адам жоқ деп айтсам келісетін шығарсыз. Мұқағали ағамыз ол кезде достары жоқ жалғыз еді.Ол жалғыздықтың тауқыметін көп тартқан еді.Қасында бірге жүрген достары талай-талай сатып кететін.Сыртынан әр түрлі сөздер айтып,табалайтын.Өзімен сырласатын, ішкі мұңын тыңдайтын дос іздейтін.Бірақ ол ондай дос таба алмады.Сондай бір «жігітінен қазақтың дос таба алмай» қиналғанда жүрегін жегідей жеген жан сырын Фариза апайға айтқан еді.


Көрініс.Сахнада үлен терезе орналасқан. Терезенің арғы жағында таудың көрінісі бейнеленген. Терезеге сүйеніп, ары қарап мұңайып Мұқағали тұр. Қасына қызметтес жолдасы Рамазан келеді.
Рамазан: (иығына қолын қолын салып):Оу,Мұқағали,таңертеңнен неменеге мұңайып тұрсың?

Жайшылық па? Бала-шағаң аман ба?О-ой, өңің сондай солғын тартып кетіпті ғой. Әлде ауырып тұрмысың? (Мұқағалидың маңдайын ұстап көреді) Саған не болды?

Мұқағали: Рамазан, қарашы,қарашы мына иттерді,қарашы.Мына бүгін менің кітабым шыққан еді.( қолындағы дәптер сияқты жұқа кітапты көрсетіп) Мынау биттің қабығындай кітап,осының өзінен ең жақсы деген,ең қымбат деген жолдарды сырып тастапты.Иттер-ай, иттер-ай.(Рамазанның білегінен ұстап, басын шайқап мұңайып төмен қарайды.Рамазан басын шайқап, Мұқағалидың арқасынан қағып, шығып кетеді)

2-көрініс.Қабылдау бөлмесінен көрініс.Есікте үлкен әріппен «Ф.О.Оңғарсынова» деп жазылған.Столда хатшы қыз жазу жазып отыр.Кезекте адамдар отыр.Ішке Мұқағали кіреді.Отырған адамдармен қол беріп амандасады.Отырғандардың біреуіне қарап:


Інім, мен қазір жұмыстармен асығып барамын. Мына бір өлеңді жазып едім.Ішке кіргенде Фариза апайыңа берші.Ұмытпа жарай ма?(қолын алып қоштасып шығып кетеді)
6-слайд. М.Мақатаевтың портреті көрсетіледі.

Оқушылар кезектесіп М.Мақатаевтың «Фаризаға» өлеңін оқиды.

2-жүргізуші:

Иә,Толғанай,не деген ғажап! Қазақтың ұлы ақыны қазақтың ұлы ақын қызына арнап бұдан артық қалай жазуы мүмкін?!

1-жүргізуші:

Ғазиза, мен сенімен келісемін.Бірақ қазір заман өзгерді.Мұқали ағаның да, Фариза апайдың да жырларын енді архивтерден емес, дүкен сөрелерінен табады. Қалағанынша оқиды.О да бір ақын бақытының белгісі емес пе?!

2-жүргізуші:

Фариза апай ақындықпен бірге тамаша журналист,білікті ұжым жетекшісі және қоғам қайраткері ретінде де көп істер тындырды. Егер оның өмір жолын, атқарған жұмыстарын саралап қарайтын болсақ ол:


1961 жылы Гурьев, қазіргі Атырау мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, Балықшы ауданының Еркінқала,”Октябрьдің 40 жылдығы” қазақ мектептерінде ұстаздық еткен.

6-оқушы:


1966-1968жж. Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің партия тұрмысы бөлімінде әдеби қызметкер болып істеген.

7-оқушы:


1968-1970жж. Республикалық «Лениншіл жас» газетінің Ақтөбе,Гурьев,Орал обылыстары бойынша меншікті тілші қызметін атқарған.

8-оқушы:


1970-1978жж.республикалық «Қазақстан пионері» журналының бас редакторы ,1978жылғы желтоқсаннан «Пионер» журналының бас редакторы болып істеген.

9-оқушы:


Алғашқы өлеңдері баспасөз беттеріне 1958жылдан бастап шыққан.Әр жылдары 20-дан астам өлеңдер жинақтары очерктері, таңдамалы шығармалары , «Біздің Камшат» повесі,аудармалары «Жазушы», «Жалын», «Молодая гвардия» баспаларынан жарық көрді.

Орыс, туысқан республикалар ақындарының, Чили ақыны ПаблоНеруданың жырларын,кейбір драмалық шығармаларды қазақ тіліне аударған.

10-оқушы:1984жылы «Үйім –менің Отаным», «Маңғыстау монологтары» , «Революция және мен» өлеңдері топтамалыры үшін Қазақ ҚСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

11-оқушы:Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ ҚСР Жоғары Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, «Құрмет Белгісі», «Парасат» орденімен марапатталған.Республика Парламенті Мәжілісінің депутаты болған.Халық жазушысы.


5-слайд. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың ақын Ф.Оңғарсыноваға үкіметіміздің жоғарғы наградасы «Парасат» орденін беру сәтіндегі суреті көрсетіледі, музыка орындалып тұрады.

1-жүргізуші:

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ф.Оңғарсынованың еңбегін былай деп бағалайды:

«Сіз – ұлттық поэзиямызда өзіндік дара даусыңызбен ерте танылған дарын иелерінің бірісіз.Нәзік те сыршыл,өткір де өжет лирикаңызбен бірден-ақ өлеңсүйер қауымының ыстық ықыласына бөлендіңіз.Халқыңыз Сіздің отты да жігерлі поэзияңыздан әрдайым сүйсіне сусындап,рухани қуат алып келеді.Ізбасарларыңыздың арасынан көптеген дарынды ақындар шықты.

Сіз,сондай тамаша журналист,білікті ұжым жетекшісі ретінде де көп істер тындырдыңыз.Парламент депутаты болып сайланып,еліміздің құқықтық мемлекетке айналуына белсене атсалыстыңыз.Осындай сан салалы қызметіңізбен,қабырғалы істеріңізбен халқымыздың лайықты құрмет қошеметіне ие болдыңыз.Еңбегіңіз еліміздің жоғары мемлекеттік наградаларымен атап өтілді.Осының бәрі де ақын әрі азамат үшін үлкен мәртебе,зор бақыт.

Халқымыздың өзіңізге деген шексіз махаббатына мәңгілік бөлене беріңіз!»


6-слайд. Фариза Оңғарсынованың портреті көрсетіледі
Шаттық күйі орындалады

.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет