Дәріханалық жағдайда дәрілік формаларды дайындау жұмысын жоғарғы және орта фармацевтикалық білімі бар мамандар жүргізеді.
Дәріханалардың дәрілік формаларды дайындау іс-әрекеті рецентерде жазылатын дәрілік формалардың құрамы мен түрлеріне, дайындалатын дәрінің құрамының күрделігіне, дайындалған дәрілік заттың тұрақсыздығына және құрамы әртүрлі дәрілік заттарды бір жұмыс орнында дайындауды ұйымдастыру мүмкіншілігіне байланысты анықталады.
Дәріханаларда өндірістік іс-әрекеттерді жүргізу үшін арнайы ассистенттік бөлме жабдықталады. Ассистенттік бөлме арнайы дәріханалық мебельдермен, жабдықтармен, приборлармен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, дәрілік формаларда дайындау, араластыру, сүзу, бөлшектеу, орау-буу, тығындау жабдықтарымен; улы, наркотикалық дәрілік заттарды және этил спиртін сақтауға арналған арнайы сейф, шкафтармен, штангластармен, салмақ пен көлемді өлшеу құралдарымен және дәрілерге химиялық бақылау жүргізу үшін қажетті реактивтермен қамтылады.
Дәріхананың жұмыс көлеміне байланысты ассистенттік бөлмеде бірнеше жұмыс орыны ұйымдастырылады:
ішке қолдануға арналған дәрілік формаларды дайындау үшін;
сыртқа қолданылатын дәрілік формаларды дайындау үшін;
ішке қолданылатын дәрілік формаларды бөлшектеу үшін;
емдеу-профилактикалық ұйымдардың дәрілік формаларын дайындау үшін;
емдеу-профилактикалық ұйымдардың дәрілік формаларын бөлшектеу үшін.
Жұмыс көлемі үлкен ірі дәріханаларда рецептер бойынша дәрілік формаларды дайындауда ішке қолданылатын сұйык, дәрілік формаларды, ұнтақтар мен пилюлаларды, сыртқа қолданылатын майлар мен сұйық дәрілік формаларды және стерильді дәрілік заттарды жасау орындары бөлініп ұйымдастырылады.
Ассистенттік столда қосымша қызметтермен айналысу үшін фасовщиктердің жұмыс орындары бөлінеді. Жұмыс көлемі аз кішкене дәріханаларда дәрілерді дайындау және дайындалған дәрілердің сапасын тексеру үшін бір жұмыс орыны ұйымдастырылады.
Дәрілерді дайындаушы фармацевт немесе фармацевт ассистент өздерінің жұмысында дәрілік заттар айналысы саласындағы ҚР заңдылық актілерді, ҚР ДСМ бұйрықтарын, басқа да нормативтік құжаттарды басшылыққа алады. Дәрілік формаларды дайындаушы фармацевтің, фармацевт ассистенттің рецептуралық-өндіріс бөлімінің меңгерушісіне, орынбасарына, фармацевт-аналитикке тікелей бағынуы дәріханалық ұйымның басшылығымен айқындалады.
Ассистенттік бөлмедегі дәрілік формаларды дайындаушы фармацевт ассистент рецептер бойынша дәрілерді дайындайды және фасовщиктердің жұмыстарына басшылық жасайды.
Дәрілерді дайындаушы фармацевт- ассистенттің міндеттері:
рецептер бойынша дайындау технологиясын сақтай отырып, рецепте жазылған дәрілік формаларды уақытында дайындау; «sito» және «statum» белгілері бар рецептер бойынша жазылған дәрілік формаларды бірінші кезекте дайындау;
бекітілген тәртіптерге сәйкес барлық дайындалған дәрілік формаларға жазбаша бақылау паспорттарын толтыру;
ұнтақтарды бөлшектеу, ерітінділерді сүзу т.б. барлық қосымша жұмыстарды фасовщиктерге тапсыру және оларға жұмыс ерекшеліктерін түсіндіру;
дәріханада жүргізілетін материалды-құнды заттарды инвентаризациялауға қатысу;
өзінің кәсіптік мамандық деңгейін үнемі жоғарлату, жұмысында озық тәжірибелер мен ғылыми жетістіктерді қолдану.
Дәрілік форманы дайындау алдында фармацевт ассистент рецепті асықпай оқып, ингредиенттердің сыйымдылығын және дозаларын тексереді. Фармацевт ассистент дәрілік форманың дұрыс дайындалуына және сапасына жауапты болады.
Дайындалған дәрілік формаларға фармацевт ассистент нөмірін жапсырып, жазбаша бақылау паспортын толтырады, рецепке қолын қояды. Дайындалған дәріні рецептісімен және жазбаша бақылау паспортымен фармацевт-технологқа береді.