Фашистерден отанды қорғау соғысының басталуы
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап қазақстандықтар барлық майданда шайқасты. Олар Отан үшін фашистерге қарсы бағытталған ұрысқа аянбай кірісті. Қазақстанда ұйымдастырылған көптеген әскери бөлімдер майданға жіберілді. Даңқты Брест қамалын қорғаушылардың қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. Олардың арасында Ғ. Жұматов, В. Фурсов, К. Тұрдиев, Ш. Шолтырев, К. Иманқұлов, Е. А. Качань т. б. жаумен жан аямай шайқасып, ерліктің үлгісін көрсетті. 1941 жылы 24 маусымда 219 атқыштар полкі Литваның Шяуляй қаласында алғаш рет ұрысқа кірісті. Қазақстандықтар жау әскерлерімен Перемышев, Мурманск, Одесса, Севостополь, Сталинград түбіндегі, Украина, Белоруссия жеріндегі жанқиярлық қарсылығына қарамастан немістер соғыстың бастапқы кезінде үлкен басымдылыққа ие болды. Оның бірнеше себебі бар еді. Біріншіден, басынан бақайшағына дейін қаруланған, Европаның көптеген елдерін бағындырған жау әскерінің соғыс жүргізу тәжірибесі мол болды. Екіншіден, тұтқиылдан жасалған шабуылға Кеңес әскерлері әзір емес еді. Үшіншіден, Кеңес әскерін қайта құру, қаруландыру тиісті дәрежеде болмады. Төртіншіден, 1939 – 1940 жылдардағы Қызыл Армияны тазалау кезінде әскердің көптеген қолбасшылары, жоғары, орта буындағы офицерлері ұсталып атылып кетті. Осының бәрі Қызыл Армия бөлімдерінің соғыстың бастапқы кезінде үлкен сәтсіздікке ұшырап, мыңдаған жауынгерлерден айырылуына соқтырды.
Достарыңызбен бөлісу: |