Қазақ халқының тұрғын үйі – материалдық мәдениеттің тамаша ескерткіші. Ол аумағымен және түзілісімен ерекшеленіп, қыстық және жаздық болып бөлінеді. Жазда қазақтар жығып алуға ыңғайлы киіз үйлерде, қыста – тұрақты: “ағаш үй”, “жер үй”, “қара там” деп аталатын үйлерде тұрды.
Өзінің пайдаланылуына қарай киіз үйлер үш түрге бөлінді. Қонақтарды қабылдауға арналған салтанатты үйлер көлемінің аумақтылығымен және бай жихаздарымен ерекшеленді. Салтанатты үйлер ең кем дегенде он екі қанат керегеден тұрғызылып, олардың үстіне ақ киіз бен жібек маталар жабылды. Жасаулары жөнінен неғұрлым бай үйлер үйлену тойы өтетін – отау үй болды. Ал тұрғын үйлер шағын көлемде жасалды. Кішкентай жорықтық үйлер бір түйеге ғана емес тіпті бір атқа тиеліп тасымалданды. Бұлардан басқа қоймалар ретінде және басқа шаруашылық қажеттерге пайдаланылатын үйлер болды.