Ғылымдардың жіктелуі туралы сөЗ (15-бет) "ҒЫЛЫМДАР жіктелуі туралы сөЗ" /1



бет21/21
Дата07.02.2022
өлшемі75,77 Kb.
#92087
түріҚұрамы
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21
Байланысты:
ғылымдардың жітелуі

Кәләм ілімі
Кәләм өнері /61/ адамға діннің негізін салған кісінің анықтап кеткен белгілі бір көзқарастары мен әрекеттерін қорғауға, сондай - ақ осыларға қайшы келетіннің бәрін пайымдаулар арқылы теріске шығаруға мүмкіндік береді. Бұл өнер де екіге бөлінеді:
Бірінші бөлімі - көзқарастар туралы, екіншісі әрекеттер туралы.
(87-бет) Бұл өнер фиқһ емес, себебі фиқһ мұсылман дінінің негізін салушы бекіткен көзқарастар мен әрекеттерді ұстанады және осыларды өзіне негіз етіп, одан өзіне қажетті нәрсенің бәрін алады.
Кәләм ілімінің білгірі (мутакәллим) фақиһтің /62/ негіз ретінде қолданатын қағидаларын бекіте түседі және ол бұл қағидалардан өзге басқа бір нәрсені ойлап шығарып жатпайды.
Егер қайсыбір адамның бойында осы екі іске бірдей қабілеті болса, онда ол фақиһ -мутакәллим болып табылады және ол өз қағидаларын мутакәллим ретінде қорғаса, фақиһ ретінде соларды зерттейді.
Діни сенімді қорғау үшін қажетті әдістер мен көзқарастарға келсек, мутакаллимдер қауымы діндердегі көзқарастарды және олардың қағидаларын адамдық көзқарастармен, пайымдаулармен, ақылмен қорғауға болмайды деген тұжырыммен қорғау керек дейді, себебі ол [діни] көзқарастар тәңірлік адамдардан алынғандықтан, олар неғұрлым биік сатыда тұр, сондай-ақ ол сенімдерде сырын түсіну үшін адам ақылы әлсіз және кемелсіз болатын тәңірлік құпиялар болғандықтан.
Нақ осы сияқты адамның дінді түсінуінің жолы - аян, ал бұл аянды ол өзінің ақылымен тани алмайды, себебі оның ақылы бұл үшін өте әлсіз; бұлай болмаған жағдайда, яғни егер адам өзінің білетінін немесе ойлана отырып, өзінің ақылымен жете алатынын анықтай алса, онда аянның мән-мағынасы да, пайдасы да болмас еді. Егер бұл осылай болатын болса, онда адамдар өз ақылдарына жүгініп, пайғамбарлықты да, аянды да қажет етпес еді. Бірақ олармен (адамдармен) мұндай нәрсе болмайды, (88-бет) себебі діндерді негіздейтін ілімдердегі кез келген нәрсені түсінуге біздің ақылымыз жетпейді; сонан соң тек бұл ғана емес, сондай-ақ біздің ақылымыз жазғыратын нәрсенің бәрі және өзіміздің арамызда көбінесе аса қатты жазғырылатын нәрсенің бәрі аса пайдалы болып табылады; сондықтан діннің келтіретіндері мен ақылдың жазғыратындары және қиялдың негізсіз деп табатыны шындығында сөгетіндей де, абсурдты да емес, керісінше, тәңірлік ақылда дұрыс болып табылады.
Шындығында, адам өзінің адамдық табиғатында кәмілдіктің шегіне жетсе де, тәңірлік ақыл иесіне қарағандағы оның дәрежесі жас баланың, жасөспірімнің немесе тәжірибесіз адамның кәмелетті адамға қарағандағы дәрежесіндей. Осылайша көптеген жас балалар мен тәжірибесіз адамдар өз ақылдарына жүгініп, шындығында ұят емес болып есептелетін және олардың өздері мүмкін емес деп санайтын, бірақ мүмкін болып табылатын көп нәрселерді жоққа шығара алады. Адамдық ақыл кемелдігінің шегіне жеткен адамның тәңірлік ақылға қарағандағы жағдайы да дәл осындай.
Адам білімді және тәжірибелі болмай тұрып, көптеген нәрселерді жазғырып, негізсіз деп табады, оларды абсурдты деп ойлайды; ал ғылымдарды меңгеріп, тәжірибесін молайтқан шағында, ол бұлар жөнінде пікірін өзгертеді де енді бұрын өзі абсурдты деп есептеген нәрселері ол үшін қажетті нәрселерге айналады, ал бұрын қайсыбір анықтамадағы нәрсеге таңданбаса, енді керісінше, таңырқайтын болады; (89-бет) дәл осылайша, адамдық табиғаты кемелді болып табылатын адамға да көптеген нәрселерді мойындау жат емес, олар да көптеген нәрселерді мүмкін емес деп ойлайды, ал шындығында бұлай емес, [яғни мүмкін].
Осындай жағдайлардың салдарынан олар [мутакаллимдер] дінге түзету енгізу керек деп есептеді: бізге аян арқылы Алланың (атақ - даңқы арта берсін Оның) тарапынан түскен нәрсе ешбір жалғандыққа жол бермейтін ақиқат болып табылады. Мұның нақ осылай екені жолдың бірімен анықталады: не бұлардың өздеріне жасалған немесе өздеріне түскен мұғжизалар (таңғажайып нәрселер) арқылы немесе осы сөздерді Алланың (ұлықтығы артып, даңқы ассын Оның) тарапынан түскен ақиқат ретінде қабылдайтын бұрынғы заманда өткен тақуалардың куәлігі артып, немесе осы екеуімен расталады.
Егер біз жалғандыққа жол бермейтін ақиқатты осындай әдістермен растасақ, онда осыдан кейін әлгі нәрселерден ақыл, ой толғау, пайымдау, пікір үшін орын қалмауы мүмкін.
Олар [мутакаллимдер] осы жерде және осы тектес [әдістермен] діндерді қорғау керек деп есептеген.
Осылардың ортасынан шыққан басқа бір адамдар дінді қорғағанда, әуелде діннің негізін салушының айтқандарының бәрін соның өзінің қолданған сөздерімен қорғау керек деп есептейді, содан соң бұлар сезінуге болатын, бәріне белгілі және ақылмен пайымдалатын нәрселерді зерттейді: [мысалы], осылардың ішінен өздерінің тапқандарын немесе алыстау болса да осыларға жататын дінде бар заттарды дәлелдейтін нәрселерді зерттеп, соларды қорғайды; олар бұл діннің қағидаларына қайшы келеді деп тапқандарын тіптен өздерінің түсіндірмелері алыс болып жатса да, сол қайшылыққа сәйкес келетін формада түсіндіре алады. Ал егер олар мұны істей алмаса және бұл қайшылықты тек ойдан шығарса немесе оны діндегі нәрсеге сәйкес формада өткізе алса, онда олар соны істейді; ал егер белгілі және сезінуге болатын нәрселер дәлелдемеде бір-біріне қайшы келсе; мысалы, егер сезінуге болатын және осыларға жататын нәрселер, сондай-ақ белгілі және осыларға жататын нәрселер соған қарама-қарсы нәрсені қажет ететін болса, онда өздерінің дінінде екі дәлелдеменің ішінен басқасын кері ысыра отырып, күштісін қарастырады, соны алады да, оны соған лайықтап өңдейді.
Егер дін сөзін осы [нәрселердің] бірімен үйлестіруге болмаса, және сол нәрселердің ішінен бірдеңені дінге сәйкес етіп қиыстыруға мүмкіншілік болмаса, сондай-ақ сезінуге болатын нәрсенің немесе белгілі нәрселерде немесе осылардың бірдеңесіне қайшы келетін ақылмен пайымдалатын нәрселерде бірдеңені шығарып тастау және бірдеңені соған лайықтап жасау мүмкін болмаса, бұл жағдайда олар тек сол нәрсе ғана ақиқат, себебі оны жалған айтуы және қателесуі мүмкін емес адамдар хабарлаған деп, тек сол нәрсені ғана қорғау керек деп санайды. Және бұлар да діннің осы бөлігі жайында осылардың бәрі жөнінде өздерінен бұрын адамдардың айтып кеткендерін айтқан.
Діндерді жақтаушылардың пікірі, міне, осындай.
[Мутакаллимдердің арасындағы] кейбір адамдар өздері діндегі әр түрлі ағымдарды ұстанғандықтан және ондағы осал қағидаларды жинағандықтан, осы нәрселердің баламасын, яғни осал саналатын нәрселерді қолдау керек деп есептейді. Ал егер ана діндегі адамдар дың бірі бұлардың дініндегі қайсыбір нәрсені жоққа шығаруды қажет деп санаса, онда бұл адамдар да олардың дініндегі осал қағидалар жөнінде айтып, сонысы арқылы оз діндерін қорғайды.
(91-бет) Бұлардың арасынан енді басқа біреулері осы сияқты нәрселердің ақиқаттығын түгел растау үшін келтірген пайымдауларының жеткіліксіз екенін көрген кезде, ол қарсыласының үндемей қалуы үшін - сөзімен қарсылық білдіре алмағандықтан емес, ол нәрселердің өзінің айтқанында ақиқат екендігінен, қарсыласын, не жасқанғанынан, не қорыққанынан аузын ашпауға, қарсылық білдірмеуге лажсыз көндіретін әрекеттер қолдануға мәжбүр болады.
Ал басқаларына келсек, олар дін өздері үшін ақиқат болып табылып тұрған кезде, оның ақиқаттығына еш күмән келтірмейді және оны басқалардың алдында қорғап, кемелдендіре түсіп, ондағы күмәнді жерлерді сейілтіп, қарсыластарынан қандай да болсын тәсілдермен қорғау керек есептейді. Бұлар алдау, шатастыру, жала жабу және тік беткейлікті қолдануды жат көрмейді, себебі олар өздерінің дініне қарсылық білдіретіндерді адамдардың екі түрлі тобының біріне жатуы мүмкін деп есептейді:
(92-бет) бірі - ол жау, онда жаудан қорғанып, оны жеңу үшін, діни соғыс пен шайқастағы сияқты, өтірікті де, алдауды да пайдалануға болады.
Немесе ол жау емес - бірақ ол өзінің ақылы мен ойлауының дәрменсіздігінен бұл діннен жанының бақытын таба алмай жүрген [адам], онда бұл жағдайда да әйелдер мен жас балаларға істейтіні сияқты, адамды жанының бақытына жеткізу үшін өтірік айтуға және алдауға жол беріледі.
Әбу Насыр Әл-Фарабидің ғылымдардың мазмұндамасы, олардың бөлімдері мен дәрежелері туралы кітабы алты жүз қырқыншы жылдың қасиетті рамадан айының соңғы күндерінде аяқталды /63/. Кітап "Ғылымдар тізбегі" деп аталады.
Әл-Фараби.
Ғылымдардың жіктелуі туралы сөз.
Бейрут - Любнан: Дар – уа - мактабатулъ - хилялъ,
1996. -15-94 бб.

ماقالانىڭ كەلۋ قاينارى: http://www.www.elarna.net/kitap_kk.php?id=3331&oku=21106#ixzz6ckVYZ4yD


ەل-ارنا كەسكىندەر ايماعى: http://www.elarna.com/video.php

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет