Зертеу жұмысының өзектілігі Немат Келімбетов – түрколог, ғалым, ұлағатты ұстаз, қарымды қаламгер, шебер аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Күлтегін атындағы сыйлықтың иегері. Түрколог ғалым сақтар мен ғұндар дәуірінің әдеби жәдігерліктерін тілдік, модельдік, әдеби, тарихи тұрғыдан терең зерттеу арқылы қазақ әдебиетінің қайнар бастаулары осыдан 27 ғасыр бұрын ғұмыр-кешкен сақтар мен ғұндар дәуірінде өмірге келген әдеби туындыларда жатқанын дәлелдеп берді. Бұл сөзімізге оның әр жылдары жарық көрген «Шәді ақын» (1974), «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» (1986), «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы», «Ежелгі әдеби жәдігерліктер» атты т.б. ғылыми еңбектері айғақ бола алады. Сондай-ақ Н.Келімбетов қаламынан көптеген көркем әдеби шығармалар туды. «Үміт үзгім келмейді», «Жарлы емеспін, зарлымын», «Ұлыма хат», «Қариялар» шығармаларында жарық дүниеге құштарлығын, ел мен халыққа деген махаббатын, ұлттық рух пен ұлттық құндылықтар, адамзаттық, азаматтық асыл мақсат-мұраттар туралы сөз болады.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлбану Қасымова былай дейді:
“Немат Келімбетов - қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тарихы туралы және ежелгі дәуір жәдігерлері жайлы өте құнды да бағалы еңбектер жазған ғалым. Немат Келімбетовтің тағы бір ерекшелігі - ол жазушылық қыры. Ол өз өмірінде қиыншылықты көп көрген адам. Аударма жасады. Сондықтан оның өмірі жастарға үлгі болары хақ”.
Ғалым жазушы Немат Келімбетовтің өзі айтады: “Жазғанымыздың барлығын «іштен шыққан шұбар жылан» деп жатамыз ғой. Оған бөліп-жарып баға беру де қиын. Дегенмен «Ежелгі дәуір жәдігерліктері» деп аталатын зерттеуімнің жаңалығы көбірек болды-ау деп ойлаймын. Біз бұрын «Қазақ әдебиетенің қайнар бастаулары» түрік қағанаты тұсында өмірге келген «Күлтегін», «Білге қаған», «Тоныкөк» деп аталатын жырларда жатыр деп келдік. Соңғы жылдары түркология ғылымы едәуір алға басты. Сол ғылыми жетістіктердің арқасында тың пікірлер айтуға қол жеткіздік. VII ғасырда өмір сүрген ата-бабаларымыз – сақтардың «Алып Ер Тоңға», «Шу батыр» сияқты қаһармандық дастандары алғашқы қалпына келтірдік. Сонымен қатар ғұндар дәуірінің «Атилла», «Көкбөрі», «Ер-гөнекен» секілді ерлік дастандарын да толықтырылған жаңа нұсқасын жасадық,”-деп жазды
Жазушы Немат Келімбетов айтады: «...Тағдырыма ризамын. Мен күн сайын қаламгер және ғалым ретінде ел кәдесіне жарағаныма, менің азды-көпті еңбегімді ел-жұртым ескеріп, бүгін мені соншалықты ұлықтап жатқанына, қазақ қауымына екі ұл, бес немере тәрбиелеп бергеніме, ұлдарымның елге танымал азаматтар болып, халқына қызмет етіп жүргеніне, өмірлік досыма, айналамдағы адамдарға бәріне ризамын».
Зерттеу барысында Н. Келімбетовтің көркем әдеби мұрасын сюжеттік- композициялық ерекшелігін талдау, жазушы қолтаңбасына тән ерекшелік, хикаят-монологында көтерілген проблемалар, өмірге құштарлық, адамгершілік мәселелерін ашып көрсету өзекті орын алады.
Н.Келімбетов туындылары бүгінгі заманның ең маңызды тебіреністерімен тұнғиықтан жалғасып жататын, әрі астарлы, әрі жұмбақты шығармалар. Оның шығармалары тыңдарманның аузына дайын ас ұсынбай, оған ойлануға, жаңа ізденістерге құлшыстарын оятуға мүмкіндік береді. Суреткердің шығармаларын тақырыптық, идеялық тұрғыдан, сондай-ақ стильдік – көркемдік ерекшелігін жан-жақты танытудың өзі осы ғылыми жұмыстың маңызын, мәнділігін көрсетпек.