Ғылыми конференциясының материалдары



бет24/131
Дата28.03.2024
өлшемі5,96 Mb.
#200351
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   131
Байланысты:
treatise40297

Әдебиеттер

1. Ысқақұлы Д. Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін // Егеменді Қазақстан, 2003 жыл 28 қаңтар.


2. Айбын. Энциклопедия / Бас редакторы Б.Ө. Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011.
3. Тарихи тұлғалар. Танымдық-көпшілік басылым. / Құрастырушы: Тоғысбаев Б., Сужикова А. – Алматы: Алматыкітап, 2009.
4. Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан даму институты, 1998. – 509 б.
5. Қазақстан: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998.


ӘЛЕМДІК МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ РУНА ЖАЗУЛАРЫ


Шахин Елиф Мерве (Түркия, Нийде университеті)
Лесбекова Ұ. (Қазақстан)
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., аға оқытушы Сұлтанова Б.М.

Көне Түркі жазулары немесе Көне түркі алфавиті - дыбыстық жазу түрі, яғни сөздегі дыбыстарды таңбалап жазады.


Түркілердің тарихы ежелден, сонау ғұн, сақ дәуірінен басталады. Француз ғалымы Рене Груссе: «Қытай деректері мәліметі бойынша түркілер бөріні пір тұтқан және олар ғұндардың ұрпағы болып табылады», – деп көрсетеді. «Түркі» деген атау алғаш рет 542 жылы аталады. Қытай жылнамасында: «Солтүстік-батыс жақтың бірінен келген туцзюлер (түркілер) қытайдың Вэй империясының солтүстік өңірлерін жыл сайын шауып, ойрандап кетеді [3]» делінген. «Түркі» атауының түрлі нұсқасы болғанымен, әлі күнге тұрақты байлам жасалған жоқ. Қытайлар Ашина ханның қол астындағыларды «Ту-кю» деп атаған. П.Пелльо «турк ют» (түркілер) деп аударған. «Түркі» сөзі «күшті, мықты, құдіретті» дегенді білдіруі мүмкін. А.Н.Кононовтың пікірінше, «түркі» – жинақтаушы ат, кейіннен тайпалар бірлестігінің этникалық атауына айналған. С.Жолдасбаев төмендегі:
Төрт бұрыштағы халықты
Көп алған, бәрін бейбіт еткен,
Бастыны еңкейткен,
Тізеліні бүктірген[4], – деген «Күлтегін» жазбаларына жүгіне отырып «Құдай қаhары, қамшысы немесе дүресі (түресі)» деген сөзден шыққан болар» деп жобалайды.
Жоғарыда айтылған «Ашина» – Қасқыр, бөрі деген сөз. Қытай ғалымдары «Ашина» – «түркі ханы», «бөрі» ұғымымен мағыналас деп есептейді. Қытай императорларының ңұсқауларында: «Мынадай шаралар қолдану керек: көшпенділерін қуып, бөрілерін тарпа бас салу қажет» деп көрсетілген екен. Соған орай Түркі байрақтарында бөрінің басы алтынмен өрнектеліп салынған. Шығу тегі де аналық қасқырға телінетін аңыздар бар. Қытай ғалымы Фэн Цзячень: «Түркі» сөзінің шығу тегінде «бас киім» деген мағына бар, VІ ғасырдағы түркілердің аты содан шыққан[3]», – десе, Сюэ Цзунчжень «түркі» сөзін ежелгі шошақ бөрікті (Тиграхауда) сақтардың атауымен байланыстырады. Түркілердің ежелгі сақтардың ұрпағы екендігін византиялық тарихшы М.Протектор: «...бұрын сақ деп аталған түркілер Юстинге өз елшілерін жіберді[2]», – деп көрсетеді.
Түркілердің тарих сахнасына шығуы – 545 жыл. Бұл кезде Қытайда Шығыс Вэй империясы және Батыс Вэй империясы (одақтастары – түркілер) арасында қиян-кескі соғыстар болып жатқан еді. Ақыры Жужандар құлдығынан зардап шеккен батыс теле (түркі) тайпалары Бумынға қосылып, оның билігін мойындады.
550 жылы Бумынның қол астында 50 мың киіз үй болды. Бумын 551 жылы Батыс Вэнь-ди императорымен қайта келіссөз жүргізіп, әулеттік некеге тұрып, қытай ханының қызы Чан-лені әйелдікке алды, бұл оның көшпенділер арасындағы атақ-абыройын асырды. Шығыс шекарасында белсенді әрекет ете отырып түркілер батысқа да жорықтар жасады. Батыс жасағын Бумынның інісі Істеми қаған бастады. Оның жорығы 553 жылы басталған болуы керек. Нәтижесінде түркілер бір жарым жылда бүкіл Орталық Қазақстанды, Жетісуды және Хорезмді бағындырды. Түркі әскерлері Киммерия Боспорына, одан кейін Қырымға, Батыс Кавказға жойқын жорықтар жасап, оларды бағындырды.
Бірақ осыншама ұлан байтақ аумақты жаңадан қалыптаса бастаған Түркі қағанаты ұзақ ұстап тұра алмады. Сыртқы әсерлер: үздіксіз жүргізілген соғыстар, ішкі әсерлер: билік үшін күрес пен көтерілістер, Қытайдың Суй мемлекетінің қағанатқа (шекараларына) жасалған шабуылы (581-618 жж.) 603 жылы Түркі қағанатының екіге – Шығыс және Батыс қағанаттарға (дербес) бөлінуіне алып келді.
Батыс Түркі қағанаты ішкі қырқысулар мен Таң империясының басқыншылығы нәтижесінде 20 жылға созылған соғыста қатты әлсіреп, ыдырап кетті. Ал Шығыс түркілері 50 жылға созылған табанды күрес арқылы 689 жылы өз тәуелсіздігіне қол жеткізген. Батыс Түркі қағандығы мен Шығыс Түркі қағандығының билік жүйесіндегі айырмашылық – бұрынғы Ашина ханзадалары деңгейінде билікке «он оқ бұдунның» беделді адамдарының араласа бастауы еді.
Батыс түркілері Түркеш қағанатын құрып, Батыс Түркі қағанатының жерлеріне ие болып қалды. 682-687 жылдары Шығыс түркілері Қытайға қарсы азаттық күрестің нәтижесінде өз мемлекеттерін қайта құрды. Бұл Елтеріс қаған «Құтлығ қаған» тұсы еді[1]. Оның ең жақын көмекшісі және ақылшысы Тоныкөк.
693 жылғы Күлтегін жазбасы бойынша, Елтеріс-Құтлығ өз өмірінде 47 жорыққа қатысып, ірі-ірі 20 жорықта шайқасты басқарған; Тоныкөк 29 жорыққа қатысқан, оның 17-сі қытайлықтармен, жетеуі қутандармен, бесеуі оғыздармен болған. Елтерістен соң қағанат билігінде 716 жылы Қапаған хан мен Күлтегін арасында билік үшін күрес басталып, Күлтегін жеңіске жетеді де, ескі заң бойынша, өз ағасын Білге хан деген атпен таққа отырғызды.
Орхон-Енисей жазу ескерткіштерінің ең көп табылған жерлері – Орхон, Енисей, Селенгі және Талас өзендерінің бойы. Енисей жазбаларының жалпы саны – 85-тей, олар көлемі жағынан шағын болып келеді. Ең үлкені 10-15 жолдан, ең кішісі 1-2 жолдан тұрады. Бұл Енисей ескерткіштері – байырғы түркі жазуының алғаш қалыптасуы кезеңіндегі нұсқалары болып табылады. Орхон жазбасы тасқа қашалып жазылған үш тарихи мұра арқылы айқындалады. Оның біріншісі – 731 жылы өлген хан інісі Күлтегінге, екіншісі – 735 жылы өлген Білге қағанның өзіне, үшіншісі – үш ханның кеңесшісі және Білге қағанның құрдасы болған Тоныкөкке арналған[2]. Жазба ескерткіштегі Білге қаған – үлкен ел басқарушы, Күлтегін – өз заманының даңқты батыры, ірі қолбасшысы, Тоныкөк – әрі батыр, әрі шешен, жырау, әрі кемеңгер ақыл иесі.
Орхон-Енисей жазуларын оқу, аудару және зерттеуде зор еңбек сіңірген В.В.Радлов, В.В.Томсен, П.М.Мелиоранский, Г.И.Рамстед, А.Лекок, В.Котович, Ю.Немет, Н.Асилов, Х.Н.Оркун, Э.Р.Тенишев, С.Е.Малов, Ғ.Айдаров, С.Аманжолов, М.А.Ахметов, А.Есенқұлов сынды көптеген ғалымдар бар. Осыған қарап, бұл ескерткіштер жақсы зерттелді деп ойлаймын. Және Орхон-Енисей ескерткіштері секілді таңба-жазулы тастар Таразға жақын жерден, Талдықорған өңірінен, Сарыарқадан және Алматы маңынан табылған.1932 жылы Талас өзені аңғарынан табылған асатаяқтағы жазу ежелгі түркі әліпбиімен жазылған. Жазба ескерткіштердің мәліметін археологиялық қазба материалдарымен салыстыра отырып қарастырғанда, оның ақиқатын анықтауға болады.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында Ресей және батыс ғалымдарының зерттеулері әлемдік түркітану ғылымының негізін салып берді. Г.Габленц, Г.Шлегель деген ғалымдар Күлтегін ескерткішінің аудармасын жасады. Басында тек ежелгі түркі жазбалары ғана зерттелді. Л.Гумилевтің «Ежелгі түркілер» еңбегі бәрімізге аян. Ал, кеңестік саясат кезінде VI-VII ғасырлардағы түркілер тарихы кенже қалды деуге де болады. Бұл бағытта түркі халықтарының тарихын зерттеуде Қытай ғалымдары көш ілгері кетті. Кейбір бұрмалаушылықтарына қарамастан, Қытай тарихнамасы түркі тарихын зерттеуге ерекше көңіл бөлді. ХХ ғасырдың екінші жартысында орыс ғалымдары С.Малов пен С.Кляшторный ежелгі руникалық жазбаларды дереккөзі ретінде бағаланды [3]. Соңғысының еңбегі тіпті қытай тілінде жарық көрді. Отандық ғалымдар тарапынан көне түркі тілі мен жазуын зерттеу біршама жолға қойылған ­деуге болады. Қазақстанда тіл білімі мен әдебиет мамандары ретінде Ғ.Айдаров, А.Аманжолов, Р.Бердібай, Ә.Қайдаров Н.Келімбетовтер зерттеді. Тарихшылардан Н.Мұқаметханұлы, З.Қинаятұлы, С.Игібаев, әсіресе Қ.Сартқожаұлының «Объединенный каганат тюрков», «Орхон мұралары» еңбектері – отандық түркітану ғылымына қосылған қомақты үлес. Т.З.Қайыркеннің М.Жолдасбековпен бірігіп жазған «Орхон ескерткіштерінің толық атласында» Күлтегін, Білге қаған ескерткіштеріне мәтінтану тұрғысынан жан-жақты зерттеу жүргізілген.
Алфавиттік жазу дүниежүзілік мәдениетке қосылған үлкен үлес болып есептеледі. Байырғы түркілер әріптік жазудың бір түрі – руналық жазу түрін пайдаланды. ХІХ ғасырдың соңында (1889) орыс ғалымы Н.Я.Ядринцев этнограф Д.А.Клеменцпен бірге сапарында Моңғолиядағы Орхон өзенінің құйылысынан биіктігі үш метр екі құлпытас табады. Бірі – Білге қаған (735), екіншісі – оның інісі Күлтегінге (732) қойылғаны белгілі болды. Орыс ғалымы, атақты түркітанушы В.В.Радлов пен дат ғалымы В.Томсен 1893 жылы Күлтегін ескерткішіндегі байырғы түркі жазуын аударуға қол жеткізді. Тұңғыш табылған жерлердегі өзен аттарымен аталып, сыртқы түрі Скандинавия «құпия» таңбаларына ұқсас болғандықтан, ғылымда шартты түрде «руникалық» деп аталды. Жалпы, Күлтегін ескерткіші – түркі халықтарының баға жетпес мәдени байлығы.
Көне түркі жазуы шумерлер тапқан дыбыстық жазу тәрізді адамзаттыың мәдениетіне, өокениетіне қосылған зор мұра. Адамзат байлығы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   131




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет