18.Қазіргі заманғы жаһандық өркениеттің әлем дамуына ықпалы және оның ерекшелігі.
Жаһандану, немесе Глобализация (ағылш.Global — «әлемдік», «дүниежүзілік», «жалпы») — жаңа жалпыәлемдік саяси, экономикалық, мәдени және ақпараттық тұтастық құрылуының үрдісі. Терминді ғылыми айналымға алғаш рет 1983 жылы енгізген америкалық экономист Теодор Левитт. Жаһанданудың жаңа сатысының түрлі аспектілерін 20 ғасырдың ортасынан бастап Уолт Ростоу, Дэниел Белл, Алвин Тофлер, Питер Дракер, Джон Нейсбитт, Лестер Туроу зерделеді. Олар ғылымға “интеллектуалдық индустриялар экономикасы”, “ақпараттық қоғам”, “техникалық революция”, “ақпараттық жарылыс”, “ғаламдық ауыл” деген ұғымдарды енгізді.
Физик-теоретик және футуролог Митио Каку өзінің "Болашақ физикасы" атты кітабында былай деп жазды: Сауалнама жүргізсе, әлдекім жаһандану үрдісінің жүріп жатқанын еміс-еміс түсінетіні анықталады, бірақ оған қарамастан Жер өркениетінің белгілі бір мақсатқа жылжып жатқаны туралы анық көрініс жоқ.
Митио Какудың ойынша, экономиканың орташа даму жылдамдығымен алдағы 100 жылда Жер өркениеті "планетарлық өркениет" мәртебесіне жетпек. Мұндай жағдайда Жердегі энергия тұтыну мөлшері ғаламшарымыздың Күннен алатын энергиясына теңеседі (шамамен 10^17 Вт).
Планетарлы экономиканың құрылуы (Евроодақ және басқа да сауда блоктары), ортақ ғаламдық мәдениет, ғаламдық жаңалықтар, халықаралық туризм, аурулар мен табиғи апаттарға қарсы халықаралық күштер салу да Митио Какудың пікірінше жаңа планетарлы өркениеттің пайда болуына белгі болып табылады.
Өркениет (лат. сіvіlіs – азаматтық) – қоғамның материалдық және рухани жетістіктерінің жиынтығы. Ежелгі римдіктер бұл ұғымды “варварлықтар” деп өздері атаған басқа халықтар мен мемлекеттерден айырмашылықтарын көрсету мақсатында қолданған. Олардың түсініктері бойынша “Өркениет” азаматтық қоғам, қалалық мәдениет, заңға негізделген басқару тәртібі қалыптасқан рим империясының даму дәрежесін білдірген. Өркениет мәдениет ұғымымен тығыз байланысты.[1]
Ғасырлар бойы қалыптасқан Өркениет пен мәдениет ұғымының мағыналарын төмендегідей топтастыруға болады:
1. мәдениет пен Өркениет бір, олар синонимдер (И.Гердер, Э.Тайлор);
2. Өркениет – мәдениеттің ақыры, оның “кәрілік” шағы, руханилықтың антиподы (Ж.Ж. Руссо, Ш.Фурье, О.Шпенглер);
3. Өркениет – мәдениеттің прогресі, болашаққа бой сермеуі, қоғамның парасаттылық деңгейі (Вольтер, Д.Белл);
4. Өркениет – тағылық пен варварлықтан кейінгі тарихи-мәдени саты (Л.Морган);
5. Өркениет – этностар мен мемлекеттерге тән мәдениеттің оқшау түрі (А.Тойнби, Н.Я. Данилевский, т.б.);
6. Өркениет – мәдениеттің техникалық даму деңгейі, оның материалдық жағы.