Техника философиясы – бүгінгі әлемдегі техника феноменінің философиялық методологиялық және дүниетанымдық мәселелерін арнайы зерттейтін бағыт. Оның негізгі мақсаты – техниканы, оның дамуын біртұтас құбылыс ретінде қарастыра отырып, техникалық іс-әрекеттің мәнін ашу, техникалық мәдениетпен, саясатпен, адам іс-әрекетінің басқа да түрлерімен байланысын анықтау. Техника философиясының көрнекті зерттеушісі неміс ғалымы Ф.Рапп оның мынадай негізгі бағыттарын көрсетеді. 1) Техника тарихын және оның мәдениетпен қарым-қатынасын зерттеу; 2) Қазіргі техника мен еңбектің жалпы сипатының социологиясын сараптау; 3) еңбек етудің, әлеуметтік, саяси белсенділіктің экзистенциялық мәселелерін зерттеу; 4) эпистемология тұрғысынан органикалық әлем мен техникалық әлемнің бөлінуін қарастыру; 5) Басқару мәселелері және техника мен бүкіл адамзат құндылықтардың өзара қарым-қатынасын зерттеу. Техника адам өмірін жеңілдету және кеңейту, дамыту қажеттілігінен пайда болды. Техника болмысы туралы білім XІX ғасырда қалыптасты. Техника философиясының “техника-болмыс” қатынасын арнайы зерттейтін бөлімі техника онтологиясы деп, ал “техника-адам” қатынастарын зерттейтін бөлімі техника антропологиясы деп аталады. Техникалық білімнің негізі ерекшелігі – оның объектісі табиғи емес, жасанды сипатта болады. Техника қоғам өмірінде кеңінен қолданыс табады. Бір адам техникалық құрылымның жобасын сызады, екіншісі оны өндірудің технологиясын жасайды, үшіншісі оны өндіреді. ал төртіншісі онымен тікелей жұмыс жасайды. [1]