Грек философиясы мен мәдениетінің өркендеген жері грек жері емес, Жерорта теңізі жағалауындағы елдер. Бұл елдерді бір кезде гректер жаулап
алған болатын. Милет, Самос, Абдер сияқты қалалар Жерорта теңізіне жақын болып, оларда сауда-саттық және экономикалық қатынастар кеңінен өркендеді. Сондықтан бұл қалаларда ірі мәдениет ошағы, философиялық орта пайда болып, дами бастады. Алғашқы грек философиялық мектебі Милет қаласында пайда болды. Милет мектебі Ежелгі Грекияда б.з.д. VI ғ. өмір сүрді. Бұл Милет мектебінің негізін қалаушылар Фалес, Анаксимандр, Анаксимен. Бұлар дүниені біртұтас, бір-бірінен бөлінбейтін жалпы процесс деп қарай отырып, оның негізін материалдықтан іздеді. Фалес (б.з.д. 640-560 ж.ж.) дүниенің негізін судан, Анаксимандр (б.з.д. 610-540ж.ж) апейроннан (шексіздіктен), Анаксимен (б.з.д. 546ж. туған) ауадан іздеді. Олар өткен дәуірдегі мифологиялық көзқарастан бас тартты. Алдымен жаратылыстану саласын зерттеушілер болды. Олар дүниеде не бірінші деген мәселені емес, керсінше, дүниенің біртұтастығын белгілі бір материалдық бірінші негіз арқылы шешуге тырысты.