Біз бұл мақалада ғылыми-техникалық әдебиеттерді латын (ағылшын) тілінен орыс тіліне аударуда әлемдік деңгейде үлгі боларлық Ресей, кейін ҚСРО ғылым академияларының мүшесі және теңіз министрі жанындаңғы ерекше тапсырмалардың генералы, бірнеше жыл ҚСРО ғылым академиясының физика-математика институтыныңдиректорыболған, Социалистік Еңбек Ері, бірнеше мәрте мемлекеттік сыйлықтар алған, кеме инженерлерінің Британдық қоғамының алтын медалымен марапатталған тұңғыш шетелдік, аса ірі математик, физик, инженерлік ғылымдардың маманы және кеме жасау ісінің инженері, ғылым мен техниканың осы салалары бойынша жазған тың еңбектері жоғары математикалық теорияларды қазіргі ғылыми-техникалық практика мәселелерімен байланыстырудың жарқын үлгісі болып табылатын, әлем мойындап пайдаланатын «Крылов әдістері» деген атпен белгілі кеме жасау мәселелеріндегі ғылыми есеп-қисаптары, математиканы маңызды практикалық мәселелерді шешуге қолдану жағынан әлемде теңдесі жоқ математик, энциклопедиялық білімді, көптеген өнертабыстар мен кеме теориясы, теориялық механика, дифференциалдық және интегралдық есептеулер және т.б. тамаша жазылған оқу курстарының авторы А. Н. Крыловтың (1863–1945)ғылыми-техникалық шығармаларды өзге тілдерден қазақ тіліне аударушыларға үлгі болатын ғылыми дәрежедегі тәржімелеу еңбегін сөз етпекпіз [1,2].
А. Н. Крыловтың еңбектеріне жоғары баға берген және өмірбаянын жазған ірі ғалымдар оның математика, физика және техника саласында теориялық та, практикалық та мәні бар 1000-нан астам ғылыми ғылыми-техникалық шығармаларын атайды да, солардың ішіндегі ең басты мына үш еңбегін ажыратып көрсетеді: «Кеме теориясы» (1908), «Жуықтап есептеулер» (1911), «Математикалық физиканың жуықтап есептеулері» (1912), данышпан ғалым И. Ньютонның «Табиғат философиясының математикалық бастамалары»(И. Ньютон 1684 ж. жазған) атты ұлы еңбегінің аудармасы[3].
Кейбір ғалымдардың аудармаға жөнді мән бермейтіні жасырын емес. Олардың пікірінше аударма жасау ғылыми еңбек жазудан жеңіл, сондықтанИ. Ньютонның «Табиғат философиясының математикалық бастамалары» еңбегінің аудармасы аса бір маңызды ғылыми еңбекке жатпайды. Мұндай теріс пікірді аударма жұмысына немкетті қарайтындар, тәржімелеудің теориясынан хабары аз, практикасын ғылыми тұрғыдан талдамағандар ғана айтады.
А. Н. Крыловтың еңбектеріне талдау жасаған ғалымдардың пікірінше оны орасан зор мәні бар, аудармашыдан қажырлы еңбекті талап еткен осындай жұмысты жазуға мәжбүрлегенорыс оқырманын, инженерін, механигін, математигін және астрономын қазіргі дәл ғылымның бүкіл жүйесінің негізінде жатқан данышпан И. Ньютонның «Табиғат философиясының математикалық бастамалары» атты ұлы еңбегімен ана тілінде-орыс тілінде таныстыру болды.
Ол үшін А. Н. Крылов өзініңаудармасынаНьютонның жеткізе ашып айтпаған пікірлеріне кең, терең, сонымен бірге барынша анық және ұғынықты түсіндірмелер беріп отырды, тұпнұсқаның тілін қазіргі ғылымның тіліне аударды, Ньютонның идеяларын оның замандастарының, алдыңғы және кейінгі буын оқымыстыларының еңбектерімен салыстырып отырды.
ҚСРО ғылым академиясының А. Н. Крыловты еске алуға байланысты шығарған кітабында оның тілі- курстарының, монографияларының, ғылыми мақалаларының, очерктерінің, баяндамалары мен лекцияларының тілі орыс тілінің бүкіл ғажап қуаты мен әсемдігін пайдаланған, айрықша реңді, көркем бейнелермен қаныққан, дәл, анық мәнерлі тіл делінген. Ол тек орыстың ғылыми кітаптары үшін ғана үлгі емес, сонымен бірге ол көркем орыс сөзінің білгірлері мен шеберлеріне көп нәрсені үйрететін және қызықтыратын үлгі болып табылады делінген.
И. Ньютонның "Бастамалары" орыс тіліне негізгі еуропа тілдеріне (ағылшын, француз және неміс) тәржімелегеннен кейінірек аударылды.
Бірақ бұл аудармашысы аса көрнекті ғалым - механик, математик және кеме жасаушы Алексей Николаевич Крыловболған жалғыз жағдай. Ол И. Ньютонның "Бастамаларын" латыншадан орыс тіліне аудару туралы ойының қалай туғаны және қалай аударғаны туралы былай еске алады: " 1914 ж. өзім професср болып істейтін Теңіз академиясына студенттерді қабылдау болмағандықтан лекция оқылмады да, бос уақытымды И. Ньютонның "Бастамаларын" Теңіз академиясының студенттеріне ұғынықты болатындай түсініктемелер келтіре отырып орыс тіліне аударуға арнадым. Мен таңертең үш сағат және кешке үш сағат мұқият жұмыс істедім. Әуелі мәтінді іс жүзінде сөзбе – сөз аудардым және әрбір қорытындыға іле-шала түсініктеме жаздым; сосын бөлім аяқталып болған соң, мағанасы латынша түпнұсқаға толық сәйкес келу үшін аударманы түзеттім; сонымен бірге орыс тілінің тазалығы мен дұрыстығын сақтадым; содан кейін түсініктемелерді өз орындарына қоя отырып бәрін таза түрде қайта жазып теруге дайындадым. 1915 жылдың соңында "Бастамалардың" I және II кітаптарын қамтыған 1-ші том басылып шықты.1916 жылдың соңында бүкіл аударма аяқталып басылып шығып "Теңіз академиясы хабарламаларының" 3-ші және 4-ші шығарылымдарына енді.
"Бастамалардың" орыс тіліндегі екінші аудармасы 1936 ж. А.Н. Крылов "Еңбектері жинағының" VII томы ретінде жарияланды. Бұл аударманы А.Н. Крыловтың тың еңбектерімен бірдей дәрежеде оның ғылыми еңбектерінің қатарына жатқызу себебі бұл жұмыстың көлемі мен принциптік мәнділігінде болып тұр.
"Бастамаларды" аударудағы қиындық Ньютонның өзі пайдаланған материалды пайдалану стилінде болған. Аудару кезінде А.Н. Крылов көптеген латынша терминдер мен сөздерді сәйкестендіріп беруге байланысты қиындықтарға тап болды. Ол " импульс,эффект, факт және т.с.с. орыс әріптерімен жазғанмен орысша болып кетпейтін латын сөздерін қолданудан" құтылуға тырысты. Көп жағдайларда қойылған мақсатқа жетудің сәті түсті де. Қазіргі оқырман үшін аударманың "жасы" сексенге тақаған болса, онда ол А.Н. Крылов көрсеткен сөздер мен терминдерді пайдалануға қарсылық көрсете қоймас еді. Бірақ аудармашының кейбір сөз орамдарындағы көнеліктің артықшылығы да болды: бұлкөнелік белгілі бір тарихи болашақты жасауға және бізді Ньютон дәуірінен бөліп тұрған уақытты түйсінуге ықпал етеді.
Көлемі мен күрделілігі осындай жұмысты орындау кезінде ешкім қателік пен жаңсақтықтан сақтана алмайтындығын ұққан А.Н. Крылов өзі жасаған аудармаға жеткілікті дәрежеде сындық тұрғыдан қарады. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ортасында ол өзінің аудармаларын салыстыру үшін математика, механика және ғылым тарихы саласындағы мамандар М.Я. Выгодскиге, Н.С. Котляковқа, С.Я. Лурьеге және Л.С. Полакқа "Бастамалардың" кейбір үзінділерін бір-біріне байланыссыз аударып беруін өтінді. Аудармаларды салыстырған кезде оларда айтарлықтай айырмашылық болмаған.
А.Н. Крыловтың аударма еңбегіне дәл ғылымның өкілдері ғана емес, филологтар мен әдебиеттанушылар да лайықты бағаларын берді. Белгілі кеңестік әдебиеттанушы академик А.С. Орлов А.Н. Крыловтың аударма еңбектері туралы былай деп жазды :"Бұл жанқиярлық еңбектің мәні бір ұлттың тілдік идиомдарын екінші бір ұлттың тілдік идиомдарына жай ғана алмастыруда емес, осындай идиомдар арасындағы сәйкестікті анықтауда, тіпті дәл келетін терминологиялық сәйкестікті тікелей жасауда. Сондықтан барлық жауапты сөздерге және әрбір терминнің семантикасына түсініктеме беріліп отырылды " [2].
"Бастамалардың" орыс тіліндегі аудармасын бағалай келе белгілі астрономия тарихшысы Н.И. Идельсон былай деп жазды:"Ньютонның кітаптарын аударуымен және оған кең түсініктеме беруімен Алексей Николаевич бүкіл орыстың физикалық-математикалық мәдениеті үшін мәні жоғары құндылық жасады; ол бізге Ньютонның басылымын берді, оған тең келетін басылымды ешбір ел білмейді. Ағылшындарда Ньютон қайтқан жылы Мотт тәржімелеген жолма-жол аударма бар; француздарда атақты маркиза дю Шатле тәржімелегентамаша аударма бар. Бұл – библиографиялық сирек аударма; бірақ сонымен бірге аударма стилі тек Крылов қана дөп басып қармаған Ньютонның ерекше қатал тілінен тым алыс Людовик XV дәуіріндегі — тегіс француздық стильде аударылған. Крыловтың аудармасы — біздің ұлттық құндылығымыз және байлығымыз, бұл біздің Крыловтың еңбексүйгіштігі мен өнеріне берген жоғары ескерткішіміз"[2].
А.Н. Крыловтың басты ғылыми еңбектерінің қатарында тұрған аудармасын талдау мынадай бірқатар пайдалы қорытындылар жасауға мүмкіндік береді:
1. Қандай да бір ғылымның саласы бойынша терең білімді оны тікелей жасаған ғалымның өз еңбегін оқып игере аласың (мысалы, механика мен дифференциалдық-интегралдық есептеулер математикасы бойынша білімді осыларды жасаған И. Ньютонның «Табиғат философиясының математикалық бастамалары» еңбегінен ала аласың).
2. Кез келген тілдегі қажетті ғылыми-техникалық әдебиетті қазақ тіліне аударып ана тіліндегі оқулықтай пайдалануға болады; А.Н. Крылов ең күрделі, мазмұны аса бай және көлемді, тілі ауыр Ньютонның «Табиғат философиясының математикалық бастамаларын» латыншаданорыс тіліне аударма екендігін білінбеген.
3. Инженер-техникжәне жаратылыстану–математика мамандарының кәсіби білімінің деңгейін шетел тілі емес ең әуелі математика анықтайды, сондықтан аталған кәсіп иелерінің математикалық білімінің олқылығын шетел тілі толықтыра алмайды; Крылов балғаныматематиканы пайдалана алмайтын инженер болмайды, ал шетел тіліндегі әдебиеттегіні жақсы аударма арқылы ана тілінде де игеріп алуға болады, сондықтан бөтен тіл ғылымды игеруге бөгет бола алмайды деген.
4. Аударма жасаушының тәржімеленетін шығармаға қатысты ғылым саласы және оны оқыту әдістемесі бойынша терең білімінің, оқытушылық шеберлігінің, беделді ғылыми-әдістемелік журналдарда немесе жинақтарда жарияланған еңбектерінің болуы; Крылов математика мен механиканы, инженерлік ғылымдарды және оларды оқытудың әдістемесін өте терең меңгерген, оның оқыту шеберлігіне студенттер мен профессорлар аса жоғары баға берген, ғылыми еңбектері саланың беделді ғалымдарының сараптамасынан өтетін әлемдік деңгейдегі орыс және ағылшын тілдеріндеғі журналдар мен жинақтарда жарияланып отырған, ол кеме жасау академиясы және т.б. техникалық жоғары оқу орындарында аталған пәндердің оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларын құрастырған, мәнін осы күнге дейін жоғалтпаған, алғашқы нұсқалары көпшіліктің талқысынан өтіп құпталған көптеген классикалық оқулықтар мен оқу құралдарын жазған.
5. Аудармашы басқа тілдегі шағармаларды ана тіліне тәржімелеуі арқылы өз ұлты тілінің сөздік қорының байлығын көрсетеді, оны молайтады, сөйтіп ол оқырманының ана тіліне деген құрметін арттырады; А.Н.Крыловтың аудармасы бүкіл орыстың физикалық-математикалық мәдениеті үшін мәні жоғары құндылық деп бағаланды.
6.Аударма жасаушы адамның кем дегенде екі тілді жақсы білуі; онсыз аударма сапасының ойдағыдай шықпайтыны, түпнұсканың ұлттық сипаты, өзіндік өзгешеліктері сақталмайтыны; аудармада сөз қолдану, ой мағынасын толық жеткізу, көркемділігін жоғалтпау, маңызын төмендетпеу сияқты талаптардың толық сақталуы; Крылов Кеңестік үкіметтің шетелдермен ғылыми байланысты жүзеге асыратын өкілі ретінде 1921 – 1927 жж. Лондонда тұрып жұмыс істеп ағылшын тілін еркін меңгерді; сонда жүріп Ньютон еңбегінің түпнұсқасымен латын тілінде танысты, онда орыс оқырмандарына оның өз мәнінде жетпегеніне көзі жетті, оны аудару тәржімелеушіден жанқиярлық еңбекті қажет ететінін де білді.
7. Тіл ғылымын негізге ала отырып, түпнұсқаны лексика, грамматика, стилистика, логика жақтарынан салыстыра зерттеп, екі тілдегі ұқсастықтары мен ерекшеліктерін тауып шығып, оларды терең зерттеп, аудару тәсілін жан-жақты қарастыру;аударманың алғашқы нұсқасын тіл мен әдебиет маманының, әсіресе аударма теориясын зерттеушіге қарап беруін өтіну; белгілі кеңестік әдебиеттанушы академик А.С. Орлов А.Н. Крыловтың сөзі мен тіліне көркемдік мақам тән, ол орыс тілінің білгірі, тілді шеберлікпен қолдана біледі, ол орыс сөзінің ұлттық табиғатын, оның стильдік тектілігін, ықпалының құдіретті күшін, оның орыс ғылымы мен өнерін дамытудағы ролін айрықша түсінді деп бағалауы осының айғағы.
8. Аударманың алғашқы нұсқасын жасаған соң ғылымның берілген саласының білікті маманы, оқу және ғылыми кітап жазған немесе аударма еңбектері оқырмандар арасында жоғары баға алған ғалымдарға қарап беруді өтіну; мысалы Крыловтың М.Я. Выгодскиге, Н.С. Котляковқа, С.Я. Лурьеге және Л.С. Полакқа "Бастамалардың" кейбір үзінділерін бір-біріне байланыссыз аударып беруін өтінуі.
9. Ғылыми-техникалық терминдер уақыт талабына сай жиі өзгеріп тұратындықтан ертеректе жазылған осы саладағы әдебиеттерді аударғанда ескі терминдерді жаңаларымен алмастыру керек; мысалы, Ньютонның 17-ші ғасырдың ортасында ағылшын тілінде жазған "Бастамаларын" А.Н. Крылов орыс тіліне 20-шы ғасырдың басында аударғанда ондағы терминдерді соңғы уақытқа сәйкестендіріп өзгертті.
10. Ғылыми-техникалық әдебиеттерді сөзбе-сөз аударумен бірге автордың тұпнұсқадағы ойын тарқатып түсініктеме бере отырып та аударуға болады.
Қазақтың тіл байлығы орыстікінен кем емес, бөтен тілдегі шығармаларды қазақтардың өз тіліне аудару мүмкіндігі мол. Ол туралы қазақ тілін зерттеген белгілі ғалымдардың сөздеріне құлақ түрелік.
Қазақтардың ақыл-ой қабілетінің зорлығына барған сайын менің көзім жетуде. Қандай әсем сөйлейді. Кез келгені айтайын дегенін тез түсіндіре, қарсыласының сөзіне шебер тойтарыс бере біледі (Янушкевич А) [4]. Қазақ тілі түрлі тілдердің ішіндегі ең таза, әрі бай тілге жатады. Қазақтар шешен, әрі әдемі сөйлеудің үлкен шебері (Бауыржан Момышұлы) [5].Менің ұғым-түйсігімде қазақ тілі құдды қазақтың осынау кеңпейіл, мейірбан дархан даласы сияқты ғажайып ұшан-теңіз бай, шешен де көркем тіл. Тек сол оралымды бай тілді “қиыннан қиыстырар ел данасы” керек. Өз басым осылай түсінемін (Г.Белгер) [6].
Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айрылып қалуы мүмкін. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылыми кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің әдебиетіміздің тілі таза болып, жоғарыда айтылған талғау салтының шарты орындалған болады (Байтұрсынов А) [7].
Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады-ау. Бұл тілден май тамады десе де сияр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң, не бір алуа шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне… Осындай майда, сұлу тілді қалай өгейсуге болады…( Оңдасынов Н) [8].
Қазақ тілінің байлығы, оның мәні, аударма жасаудағы ролі және т.б. туралы айтылған пікірлерді санап тауыса алмайсың. Мұның бәрі қазақ тілінің көркем әдеби шығармаларды ғана емес, кез келген күрделі деп саналатын ғылыми-техникалық еңбектерді де аудару мүмкіндігі мол екендігін көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |