Фонетика және фонология



бет1/4
Дата24.12.2021
өлшемі22,71 Kb.
#104769
түріҚұрамы
  1   2   3   4
Байланысты:
фонетика
Документ (1), Документ (1), Документ (1)

Фонетика және фонология

Тілмен танысу, оны үйрену – оның дыбыстық құрамын, дыбыстың түрлерін, қалай айтылып, қалай таңбаланатынын айқындаудан басталатыны белгілі. Осы себептен де болар өткен ғасырдан басталатын түркі тілімен танысу бағытындағы алғашқы қадамның қай-қайсысында болса да фонетика мәселелеріне қатысты азды-көпті пікірлер кездесіп отырады. Өз заманының ғұламалары А.И. Левшин, И. Халфин, М.А. Казам-Бектердің, олардан берірек шетел түркологтары Г. Дерфер, М. Рясянен, В.Л. Котвич, Г.Й. Рамстедт, О.фон Бетлингк, Отандық түркологтар В.В. Радлов, Н.И. Ильминский, П.М. Мелиоранский т.б. жазған еңбектерінде, оқулықтарында халықпен оның тілімен таныстыру, әр түрлі мазмұнды мәтіндердің басым көпшілігінде халық тілінің дыбыстық жүйесіне қатысты пікірлер кездеседі. Аталмыш пікірлер түркі фонетикасының дамуына қосылған үлес деп саналмаса да түркологияның бұл саласын қалыптастырудағы алғашқы қадамы десек те көптік етпейді. «Теңіз тамшыдан құралады» дегендей, ғылым атаулының қай-қайсысы да осындай бастамадан, алғашқы қадамнан басталатыны белігі.

ХІХ ғасырдан бастау алған түркі тілдер фонетикасы Кеңестік құрылыс дәуірінде әрі қарай дамыды. Бұл мәселе Кеңес үкіметі орнауының алғашқы жылдарынан бастап-ақ практикалық мақсатта болса да кең арнаға түсті. Өйткені графика мен орфография мәселелерін дұрыс шешу, сауатсыздықты жою үшін тілдің дыбыстық құрамын, оның өзіндік заңдылықтарын білу қажет болы. Осы қажеттілікті өтеу мақсатында жазылған А.Н. Самойлович, Н.К. Дмитриев, С.Е. Малов, И.А. Батманов, Н.А. Баскаков, А.Н. Кононовтардың еңбектерін атауға болады. Сонымен қатар түркі Республикаларындағы жергілікті ұлт кадрлары да қөз үлестерін қосты. Ұлттық кадрлар мен ұлттық ғылымды дамыту мақсатында түркі тілдері материялдары қамтыған жалпы түркологиялық мәні бар салыстырмалы-тарихи еңбектер дүниеге келді. Олардың қатарына Түркология секторы ғалымдары ұжымымен 1984 жылы Мәскеудің ғылым баспасынан жарық көрген Сравнительно-историческая фонетика тюркских языков, А.М. Щербактың 1970 жылы шыққан Сравнительная фонетика тюркских языков, М.А. Черкасскийдің Тюркский вокализм и сингармонизм, Г.П. Мельниковтың түркі тілдері фонетикасын математикалық логика әдісімен зерттеген еңбектерін атауға болады.

Түркі тілдерінің дыбыстық жүйесін зерттеумен Ленинград университетінің экспериментальды фонетика бөлімі де айналысты. 1953 жылы Звуковой состав якутского языка деген экспериментті зерттеулерін жариялады. Одақтық тіл білімі институтының Түркі тілдері секторы 1955 жылы Исследования по сравнительной грамматике тюркских языков деген еңбек жариялады. Бұл ұжымдық зерттеу түркі тілдерінің дыбыстық жүйесін бір-біріне салыстыра зерттеуге арналған.

Сондай-ақ түркі тілдеріндегі буын түрлері, акценттік, интонациялық құбылыстар, орфоэпия мен орфография, диалектілер мен говорлардың фонетикалық ерекшеліктері де салыстырмалы-тарихи және типологиялық фонетика аспектісінде зерттелді. Осындай жұмыстарды жинақтай қарағанда, Кеңес түркологиясының түркі тілдерінің дыбыстық жүйесін зерттеуде елеулі табысқа жеткендігі байқауға болады.

Фонетика саласындағы зерттеулер қазақ тілі білімінде де аз емес. Бұл салада еңбек етіп, қазақ тілі фонетикасы саласында елеулі із қалдырған ғалымдар баршылық. Қазан революциясына дейінгі дәуірлердегіден Н.И. Ильминский, В.В. Радлов, П.М. Мелиоранский, А. Байтұрсынұлы сияқты ғалымдарды атаған жөн. Сонымен қатар бірыңғай лингвистикалық тұрғыдан емес, қазақ халқының тарихын, этнографиясын, географиялық орны мен тұрмыс-жағдайларын зерттеген ғалымдардың еңбектерінде аз да болса қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне қатысты айтқан пікірлері де болды.

Сондай ғалымдардың бірі – ХІХ ғасырдың 20-30 жылдары арасында Орынбор шекара комиссиясында қызмет істеген А.И. Левшин. Қазақтарды қырғыз деп атаудың дұрыс еместігін, олардың қазақ деп аталатын бөлек халық екендігін айта келіп, А.И. Левшин қазақ тілінің басқа түркі тілдерінен дыбыстық ерекшеліктеріне тоқталады.

ХХ ғасырға дейінгі Ресей түркологтары еңбектерінде фонетика таза практикалық мақсатта орыс тілі біліміндегі үлгіге сәйкестендіріліп жасалды. Қазақ тілі фонетикасының ана тілімізде зерттелуінің алғашқы қадамы онда қанша және қандай дыбыстар барлығын айқындаудан басталды. Өйткені аталған уақытқа дейін араб әліппесі өзгеріссіз түркі тілдерінің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкестендірілмей, араб тіліндегі қалпында қолданылап келді. Ал араб тілі – тек дыбыс жүйесі жағынан ғана емес, басқа салалары жағынан да түркі тілдерінен өзгеше құрылымды тіл.

Фонетикаға қатысты арнайы зерттеулер ХХ ғ. 20 жылдарында Жаңа мектепТөте оқу журналдары беттерінде жарияланған А. Байтұрсынұлы, Е. Омаров, Т. Шонанов, Қ.Д. Кемеңгеров мақалаларында көрініс тапты. Әрине, бұл еңбектер ғылыми фонетикадан алыстау болса да, оқу бағдарламаларын құрастыруда тигізген септігі мол деуге болады. Қазақстан кеңістігінде фонетика саласының ғылыми-методологиялық негіздері ХХ ғасырдың 40-жылдарына сай келеді.

Фонетика (грек. phonetikos – дыбыстық, дауыстық) – тілдің дыбыстық жағын зерттейтін тіл білімінің саласы. Фонетика дыбыстардың жасалым (артикуляциялық), айтылым (акустикалық) және естілім (перцептикалық) белгілерін зерттейді. Фонетика тілдегі дыбыстарды төрт түрлі тұрғыдан қарастырады: қызметі, жасалымы, айтылымы және естілімі. Сондай-ақ фонетика физиология мен акустикамен тікелей байланысты. Фонетика жалпы және жеке (жалқы) фонетика болып екіге бөлінеді. Жалпы фонетика дүние жүзі тілдеріне ортақ дыбыстардың құрамы мен жүйесін (мысалы, барлық тілдерде дауыстылар мен дауыссыздар бар), жасалым (барлық тілдерде тіл алды, тіл арты, еріндік т.б.), айтылым (барлық тілдерде қатаң, ұяң, үнді бар) белгілерін анықтайды. Сөйтіп дыбыстардың әмбебап кестелерін жасайды. Тілге ортақ дыбыс құбылыстарының сырын ашады. Интонацияға қатысты ортақ жайттарға да тоқталады. Жеке фонетика болса, белгілі бір тілге ғана тән дыбыс құбылыстарын зерттейді (мысалы, тілдердегі дауысты, дауыссыз дыбыстардың саны бірдей емес, ұқсас дыбыстардың жасалу тәсілі мен жасалу орнында өзіндік өзгешеліктер болады т.б.). Жеке фонетиканың міндеті – белгілі бір тілге ғана тән бірегей дыбыс құбылыстарын сипаттап беру. Фонетика сипаттама және тарихи фонетика болып тағы бөлінеді. Сипаттама фонетика дыбыс жүйесінің белгілі бір кезеңге ғана тән құбылысын көрсетеді. Ал, тарихи фонетика дыбыс жүйесінің даму жолын бағамдайды. Фонетикада эксперимент әдістері кеңінен қолданылады. Дыбыстық жасалымын көрсету үшін ренген қондырғысы мен палатограф, айтылымын айқындау үшін спектрограф пен интонограф пайдаланылады. Осындай электронды құрал-жабдықтардың көмегімен дәл және көрнекі дыбыс үлгілерін алуға болады. Фонетиканың қолданбалы бағытта да, жазуды жетілдіріп, икемді ережелер жасауға да тікелей қатысы бар. Дыбыстарды дұрыс айтып дағдылануға, тілдің мүкістігін жоюға септігін тигізеді. Сондықтан да фонетиканың жетістіктері орфографияда, тіл мәдениеті мен оқыту әдістемесінде, логопедия мен байланыс жүйесінде кеңінен пайдаланылады. Сөйлеу мүшелері, дауысты, дауыссыз дыбыстар, буын, сөз просодиясы, интонация фонетиканың негізгі құрамды бөліктері болып табылады (Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы, 1998.).

Фонология (грек. phone –дыбыс, logos – сөз, ілім) – тілдің дыбыс құбылысы мен ондағы дыбыстардың қызметін зерттейтін тіл білімінің саласы. Фонологияның дыбыстардың жасалымы мен естілімін зерттейтін фонетикадан басты айырмашылығы осында. Фонология дыбыстардың бір сөздің бір сөзден өзгешелігін қамтамасыз ету қабілетін ерекше қарастырады. Мысалы, қас – қаз сөздерінің екі мағынаға ие болып тұрғаны с дыбысының қатаң айтылуына, з дыбысының ұяң айтылуына, яғни қатаң-ұяң белгілерінің өзара тіркесуіне байланысты болып отыр. Сондай-аққас – қақ сөздерінің екі мағынаға ие болып тұрғаны с дыбысының тіл алды, қ дыбысының тіл арты болып айтылуына яғни тіл алды-тіл арты белгілерінің өзара тіресуіне байланысты болып отыр. Ал ас – ат сөздерінің екі мағынаға ие болып тұрғаны с дыбысының жуысыңқы, т дыбысының тоғысыңқы болып айтылуына, яғни жуысыңқы-боғысыңқы белгілерінің өзара тіресуіне байланысты болып отыр. Қазақ тілінің дыбыс құрылысындағы осындай фонологиялық тіркесім (оппозициялық) белгілердің құрамы төмендегідей: Жуан-жіңішке, ашық-қысаң, еріндік-езулік, қатаң-ұяң-үнді, жабысыңқы-жуысыңқы-діріл. Кей жағдайда фонология мен фонетиканың терминдері әртүрлі болып келеді: фонологиядағы жуан-жіңішке деген терминдер фонетикада тіл арты-тіл алды болып келеді. Терминдердің осындай әртүрлі айтылуында ғылыми мән бар. Фонология бұдан басқа дыбыстардың сөз құрау (сөздің қазақы естілуін қамтамасыз ету) және шекара белгісі болуы (сөйлеу үстінде бір сөздің жігін ажыратып отыру) қабілетін де зерттейді.

Жоғарыда айтылғандардың бәрі сегментті фонологияға жатады. Бұдан басқа суперсегментті фонология бар. Қазақ тілінде (сингармонизм) үндестік заңы суперсегментті бірлік болып табылады. Сингармонизм құбылысына қатысты үрдістерді суперсегментті фонология зерттейді. Фонологияның жалпы, тарихи және салыстырмалы түрлері бар. Жалпы фонология дүние жүзіндегі тілдердің барлығына ортақ фонологиялық құбылыстарды, тарихи фонология фонемалардың құрамы мен жүйесінің даму жолдарын қарастырады, ал салыстырмалы фонология бір тіл мен екінші тілдің арасындағы фонологиялық өзгешеліктер мен ұқсастықтарды айқындайды. Фонология саласында мектеби бағыттар болып отырады. Мысалы, орыс фонологиясында Петербор (Ленинград) фонологиялық мектебі (Л.В. Щерба, Л.Р. Зиндер т.б.) және Мәскеу фонологиялық мектебі (Р.И. Аванесов, А.А. Реформатский т.б.) бар. Ал қазақ фонологиясында классикалық фонема мектебі (Қ.Қ. Жұбанов, І. Кеңесбаев, Ж.А. Аралбаев, Т. Талипов т.б.) және сингармонизм мектебі (Ә.С. Жүнісбек, М. Жүсіпов, Ж.Ә. Әбуов, С.Н. Мырзабеков, З.М. Базарбаева, Б.Қ. Мурзалина және т.б.) бар. Бұл мектеби бағыттардың көзқарасында маңызды айырмашылықтар бар. Атап айтқанда, классикалық фонема мектебіндегілер қазақ тілінде екпін бар деген ережеге сүйеніп, фонологиялық бірлік фонема десе, сингармонизм мектебіндегілер керісінше, қазақ тілінде екпін жоқ дей келіп, сингармонизм қағидасына сай қазақ тіліне тән фонологиялық бірлік буын деп тауып, осы сингема деп атауды ұсынды.



АВТОР: ADMIN · 12.11.2011



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет