Фонетикалық талдау, оның талаптары
Тілдің кез-келген саласына қатысты жүргізілетін лингвистикалық талдаудың өзіндік жүйесі мен тәртібі болуы тиіс. Қазақ тілі фонетикасы пәнін оқытуда маңызды мәселенің бірі фонетикалық талдауды толық меңгерту. Ал ол үшін студент дыбыс пен әріптің айырмашылығы, тіл дыбыстарының акустика-артикуляциялық ерекшеліктерін, тасымал, тіл дыбыстарының жіктелуі, екпін, буын, тіл және дыбыс үндестігі, сөзде кездесетін басқа фонетикалық құбылыстарды игере отырып, сөзге дұрыс фонетикалық транскрипцияны жасауды меңгеруі тиіс. Жоғарыда аталған тақырыптар игерілген жағдайда ғана толық фонетикалық талдау жасауға дағдылануға болады.
Фонетикалық талдау жасауда жасалатын әрбір әрекет төменде ұсынылатын белгілі бір ретпен жүзеге асырылады:
Берілген сөзді жеке жазып алу қажет (Ескерту: талдауға ұсынылатын мәтіндегі сөз мәтін ішінде көрші дыбыстардың әсерінен басқа дыбыстық реңкте дыбысталып, жеке тұрғандағы сөздің нақты дыбыстық бейнесін таныта алмауы мүмкін. Мысалы, «қуандық» сөзі мәтін ішінде «біз» есімдігімен тіркесіп «біз қуандық» түрінде келген жағдайда айтылуында алғашқы сөздің соңғы ұяң дыбысының әсер етуі нәтижесінде екінші сөздің басында қолданылатын қатаң «қ» дыбысы ұяңданып «ғ» болып естілетінін аңғару қиын емес. Бұл құбылыс қазақ тілінде дыбыс үндестігі ішінде кейінді ассимиляция деп аталады. Сөйтіп жеке тұрғандағы нұсқасынан ауытқу болуы мүмкін екендігін ескеріп сөзді, жеке жазып алған жөн).
Берілген сөзге фонетикалық транскрипция жасау қажет. Бұл процесс талдаудың маңызды бөлегі болып табылады. Сөзге транскрипция жасау барысы ұсынылған сөзде нақты неше дыбыс бар екендігін анықтау үшін қажет. әдетте қазақ тілінде фонетикалық транскрипция жасау барысында келесі мәселе жадымызда болуы тиіс. Сөзде дыбыс пен әріптің саны тең, не болмаса дыбыстың саны әріптен көп болуы мүмкін, бірақ ешқашан дыбыстың саны әріптен кем болмаса керек. Мысалы, құлын [құлұн], қоян [қойан] сөздерін алып қарастырсақ, бірінші жағдайда әріп пен дыбыс саны тең түссе, екінші мысалда дыбыстың саны әріп санынан көп, яғни 4 әріп, 5 дыбыс барын аңғарамыз. Сол сияқты осы жерде транскрипцияланған сөзде фонетикалық өзгерістер байқалған жағдайда, қандай құбылыс екенін көрсету қажет.
Сөзде неше әріп, неше дыбыс бар екенін анықтап алу қажет. Бұл жағдайда әріптің санын сөздің жазылу нұсқасынан анықтасақ, дыбыстың санын транскрипцияланған нұсқасынан анықтау керек екенін ұмытпаған жөн. Дыбыс пен әріптің жалпы саны анықталған соң сөздегі дыбыстардың нешеуі дауысты дыбыс, ал нешеуі дауыссыз дыбыс екенін ажырату қажет.
Дыбыстардың құрамында неше дауысты дыбыс барын анықтау келесі жасалатын әрекет үшін өте маңызды, яғни сөзді буынға бөліп, буынның түрлерін көрсету үшін. Бұл жерде сөзде неше дауысты дыбыс болса, сонша буын болуы шарт деген қағиданы басшылыққа аламыз. сөзді буынға бөліп, буынның түрлерін көрсетуде келесі шартты белгілерді пайдаланамыз. А белгісі дауысты, В белгісі дауыссыз дыбысты бейнелейтінін ескерсек, ашық буынға А, ВА, ВВА, тұйық буынға АВ, АВВ, бітеу буынға ВАВ, ВАВВ, ВВАВ, ВВАВВ, ВВАВВВ т.б. шартты белгілері қолданылады. Мысалы, балалар сөзіндегі ба (ВА) – ашық , ла (ВА) – ашық буын, лар (ВАВ) – бітеу буын.
Сөзде неше тасымал бар екенін анықтау. Сөзді тасымалдау фонематикалық транскрипцияның, яғни сөздің жазылуына негізделеді. Бастысы сөз тек жазуда ғана белгілі бір ереже аясында тасымалданып қолданылатынын ұмытпаған жөн.
Жеке дыбыстарға талдау жасау. Жеке дыбысқа талдау жасауда сөздің транскрипцияланған, яғни дұрыс айтылу нұсқасын пайдаланамыз. Талданатын әріп емес, дыбыс екенін ұмытпағанымыз жөн. Жеке дыбысқа талдауда да дыбыстың акустика-артикуляциялық ерекшелігіне қарай ажыратып алған соң дауысты, я болмаса дауыссыз дыбыстың ішкі жіктелімін белгілі тәртіппен анықтап алуымыз керек. Фонетикалық талдау жасауда жеке дыбыстар талдамы ауызша айтылуда бір, жазбаша тапсырма ретінде орындалуда екінші үлгімен ұсынылуы тиіс екенін ескереміз. Мысалы,
Ауызша айтылу нұсқасы:
а – акустика-артикуляциялық ерекшеліктеріне қарай дауысты дыбыс, тілдің қатысына қарай жуан, еріннің қатысына қарай езулік, жақтың қатысына қарай ашық дыбыс.
Жазбаша жазылу нұсқасы:
а –дауысты дыбыс, жуан, езулік, ашық дыбыс.
Мысал ретінде «қуандық» сөзіне толық фонетикалық талдау жасап көрелік.
Қуандық
[құуандық]
7 әріп
8 дыбыс: 3 дауысты дыбыс, 5 дауыссыз дыбыс
3 буын: құ –уан-дық
ВА- ашық буын
ВАВ – бітеу буын
ВАВ – бітеу буын
1 тасымал қуан-дық
қ – дауыссыз дыбыс, қатаң, шұғыл, тіл арты дыбысы
ұ – дауысты дыбыс, жуан, еріндік, қысаң
у - дауыссыз дыбыс, үнді, ызың, ерін дыбысы
а –дауысты дыбыс, жуан, езулік, ашық дыбыс
н - дауыссыз дыбыс, үнді, шұғыл, тіл алды дыбысы
д - дауыссыз дыбыс, ұяң, шұғыл, тіл алды дыбысы
ы – дауысты дыбыс, жуан, езулік, қысаң
қ – дауыссыз дыбыс, қатаң, шұғыл, тіл арты дыбысы
Ескерту: Фонетикалық талдау жасау үшін студент дыбыс, оның түрлері, буын түрлері, үндестік заңы, ерін және тіл үндестігі, дыбыс үндестігі, қазақ тіліндегі фонетикалық құбылыстар, транскрипция, я, ю, у, и әріптерінің дыбыстық бейнесі және тасымал тақырыптарын толық меңгеруі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |