23. Антоним мен оның түрлерін зерделеңіз. Антоним— мән-мағынасы бір-біріне қарама-қарсы қолданылатын сөздер. Антоним қарама-қарсы мағына арқылы сөздердің мағыналық тұтастығы мен біртектілігін де білдіреді. Антоним сөздің дәл, нақты мағынасын салыстыру тәсілі арқылы айқындап, стилистикалық қызмет атқарады. Әсіресе, мақал-мәтелдерде жиі қолданылады. Мысалы, «Көз — қорқақ, қол — батыр», «Өтірік — қаңбақ, шын — салмақ». Қазақ тілінде фразеологиялық антонимдер көп кездеседі: аты шықты — аты өшті, жүрек жұтқан — су жүрек, соры қайнады — көзі ашылды.
24. Дыбыстар тіркесі. Қазақ тіліндегі дыбыс тіркесі күрделі фонетикалық құбылыстардың бірі болып табылады: дыбыс тіркестерінің жазылым-айтылым құрамы мен түрлері; таңбалану реті (жазылымы); артикуляциялық сипаты; акустикалық көрінісі; естілім белгілері; айтылымы (орфоэпиясы), даму тарихы; өзге туыстас және туыстас емес тілдермен ортақтығы немесе айырмашылығы т.б. Дыбыс тіркесі – мәтіннің ең кішкене бөлігі болғандықтан, оны мәтіннің бастау көзі деп қарау керек. Мәтінге тән негізгі фонетикалық белгілердің бәрі дыбыс тіркесінің бойынан табылады, сондықтан да дыбыс тіркесінің фонетикалық табиғаты өте күрделі келеді. Дыбыс тіркесінің фонетикалық табиғатын анықтап, оның сипаттамасын берудің амал-әдісі де күрделі. Осыған орай қазақ тіліндегі дыбыстардың тіркес түрленімі деген ұғымды білдіретін атау ендіруге тура келеді.
25. Дыбыстардың сөз буыны ішінде, түбір, түбір мен қосымша, сөз бен сөз арасындағы тіркесуі туралы айтыңыз. Дыбыс тіркесі буынға, буын сөзге, сөз сөз тіркесіне, сөз тіркесі сөйлемге, ең соңында сөйлем мәтінге ұласады. Ендеше дыбыс тіркесі мәтіннің құрамды бөлігі, оның ішінде ең кішкене бөлігі болып саналады. Олай болса, дыбыстың артикуляция-акустикалық ақиқат сипаты мәтін құрамында ғана анықталады.Дыбыс тіркесі болу үшін тіркес құрамындағы дыбыстардың арасында тығыз артикуляциялық байланыс болу керек деп есептейміз. Әрбір артикуляциялық байланыстың өзіне тән акустикалық көрінісі мен перцепциялық нәтижесі болады.Қазақ тіл біліміндегі дыбыс тіркесіне арналған зерттеулер дыбыс тіркестерінің әріп тұлғасын тізіп, олардың санын санамалап шығумен шектеліп келді. Сонымен қатар қазақ тіліндегі төл дыбыстар тіркесін (дұрысы: дыбыстардың төл тіркесін) кірме дыбыстар тіркесімен (дұрысы: дыбыстардың кірме тіркесімен) араластырып, олардың өзара басын ажыратпай, ортақ жүйе ретінде қарастырды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің фонетикалық (айтылым) заңдылықтарына бағынбайтын дыбыс тіркестері, оның үстіне орфографиялық тұрғыдан жаңсақ дыбыс тіркестері пайда болып жатыр