ӘОК 331.042
МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ – ХАЛЫҚ НАЗАРЫНДА
Нұрсейтова Ж.Д. - оқытушы (Алматы қ., ҚазМемҚызПИ)
Қазақстан Президентінің «Қазақстан-2030» Стратегиясында қазіргі заманғы мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару құрылымын құру мемлекеттің ең шешуші міндеттерінің бірі ретінде белгіленген. Мемлекеттік басқарудың тиімділігін қамтамасыз ету қай кезде де, қай елде де жұртшылық назарын ұдайы аударып келген мәселе. Тәуелсіздік алып, мемлекеттік егемендігін халықаралық деңгейде паш еткен біздің елде бұл мәселе айрықша көкейтесті болып отыр. Қазақстан қоғамында мемлекет пен мемлекеттік басқарудың міндеттері туралы түсініктердің өзін бір арнаға салу қажет.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз мемлекеттік басқару жүйесін жаңалап жетілдіруіміз керек. Мұндағы басты міндеттер – мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзіреттіліктің ара-жігін айқын ажырату, бюджетаралық қатынастар жүйесін жетілдіру, деп атап көрсеткен» /2003ж./.
Қазіргі әлемде мемлекет азаматтарға қызмет көрсететін ұйым деп саналады. Сондай-ақ, бүгінгі мемлекет қазіргі демократиялық қоғамды басқару жүйесіндегі азаматтық институттардың жетекші басқару тұлғасы болып табылады.
Жергілікті орындардағы мемлекеттік қызмет біліктілікті арттырудың, қайта даярлаудың және мемлекеттік басқарудың әр буыны қызметін бағалау өлшемдерінің тиімді жүйесін қолданумен сипатталады. Сонымен бірге, жергілікті орындардағы мемлекеттік басқару жүйесі сапалық жақсартуды талап етеді.
Мемлекеттік басқаруды демократияландыру үрдісі мемлекеттік басқару билігінің мазмұны туралы түсініктерімізді теориялық тың қағидалар тұрғысынан да дәлелдеуді қажет етеді. Қазіргі қоғамдағы мемлекеттік басқару билігі басшылық тұлғаларының нақтылы құқықтық әлеуетінен құралады.
Басқару деңгейінің әрқайсысының қызметтік міндеттерін дәлме-дәл анықтау оңай емес. Сонымен қатар адамның күнделікті тыныс-тіршілігімен байланысты міндеттердің мүмкін болғанынша көп бөлігі қарапайым адамның мүддесіне жақындай түскені өте маңызды. Жергілікті ұйымдар қолдан келгенінше өз өңірлерінің әлеуметтік мұқтаждықтары мен өткір мәселелерін шешуге деп бөлінген қаржы-қаражатқа өздері ие болған жағдайда ғана биліктің адамдар алдындағы жауапкершілігін арттырып, басқарудың жаңа әдіс-тәсілдерін игере аламыз, қоғам өмірін одан әрі демократияландыруға жол аша аламыз.
Мемлекеттік басқаруды демократияландыру үрдісі сатылап өрістейтін шаруа. Соған қарамастан қазіргі жағдайда халықты хабардар етіп отыру, адам құқығының халықаралық абыройын мемлекет алдында мойындата білу шарт. Бұл жұмыс мемлекеттік аппарат кадрларын ғана емес, күллі халықты тәрбиелеп оқытуға байланысты.
Біздің табалдырығымызға енген жаңа тарихи заман, мемлекеттердің халық-аралық аренадағы ғылыми-техникалық, экономикалық және экологиялық прогресс жолындағы көзге көрінбейтін бәсекелестігі жаңа мың жылдықта мемлекеттік басқаруды ұйымдастыру жүйесіне өз талаптарын қойып отыр.
Тұтас алғанда, ұйымдастырушылық мәдениетін қалыптастырудың ғылыми негізі психология ғылымының жетістіктеріне және адам ресурстары мүмкіндіктері сарқылмайды деген тезиске сүйенетінін атап өту керек. Тиісті ұйымдастырушылық мәдениетін қалыптастыру арқылы жалпы ұжымның (мемлекеттік басқару ұйымының) жасампаздық әлуетін ғана емес, әрбір жеке қызметкердің ортақ іске қосатын үлесін арттыруға болады.
Мемлекеттік басқарудың тиімділігі көп жағдайда мемлекеттік ұйымдардың жұрт алдындағы абыройымен, басқарушылық шешімдерді жұрттың қолдау деңгейімен анықталады. Мемлекетіміздің Конститутциясы билік пен басқарудың орнықты жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік жасап, қолға алған реформаларды жүзеге асыруға, экономикада, қоғамдық-саяси өмірде тұрақтылықты қамтамасыз етуге жол ашып отыр. Өркениетті әлемнің тыныс-тіршілігіне тән тенденциялардың бірі - биліктің ара-жігін ашу, қызметтік міндеттерді көкейге қонымды етіп бөлу.
Шетелдерде басқарудың орталық және жергілікті жерлерде ұйымдастыру нысандары мен қызметтерінің көптеген түрлері бар. Жекелеген мемлекеттер үшін өздерінің басқару нысандары мен принциптері мемлекеттік қызметке іріктеу тәртібі тайға таңба басқандай айқындалған. Алайда, басқарудың барлық түрі болғанымен, негізгі екі сала, іріктеудің конкурстық-позициялық және конкурстық-мансаптық жүйесі бірінші кезекте тұрады.
Біз жаңа қоғамның перзенттері болдық. Жаңа қоғамға өту деген оңай емес. Нарықтық экономика өз ретімен жүріп, ал басқару жүйесі бұрынғы сарынмен емес жаңа үрдіске сай болуы керек.
Өмір өзгеріп, қоғам күн санап жаңарып отыратындықтан, басқару саласы мен мемлекеттік қызмет те ұдайы даму үстінде болуы тиіс. Жалпы, мемлекеттік басқару жүйесі еліміздің егемендігін нығайтуға, ашық азаматтық қоғам құрып, барлық демократиялық бастамаларды жетілдіруге, нарықтық қатынастарды дамытуға, ел экономикасының дүниежүзілік бәсекелестікке төтеп бере алып, әлемдік аренада еліміздің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал ете алатындай дәрежеде болуы тиіс.
Кез келген қоғам үшін мемлекеттік қызмет – биліктің негізгі институты, осы тұрғыдан мемлекеттің саяси құрылым элементі болып табылады. Ал, мемлекет өзінің өкімдік саясатын мемлекеттік қызметшілер арқылы іске асырады.
Мемлекетті басқарудың сапасын жақсарту көбіне жоғары деңгейде қызмет ететін азаматтардың іс-әрекеттерімен тығыз байланысты. Соның бір дәлелі, біздің елімізде жоғары лауазымды шенеуліктердің халық алдында есеп беру үрдісінің бастау алғаны.
Әлеуметтік прогрестің, демократиялық дамудың, экономикалық өрлеудің қоғам тарапынан белсене қатысуы болмаса, іске асуы қиынға соғады. Әлеуметтік тәжірибе көрсеткеніндей, көптеген салаларда – әлеуметтік саясатты іске асырудан мемлекеттік басқару саласына дейін нақ осы қоғамдық қатысу үлкен тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік басқару саласын дамытудың стратегиясы қашанда өмір мектебінен өткен тәжірибелі, білікті және заман талабына сай білім алған кадрларға тәуелді.
Елдегі жүргізіліп жатқан реформалардың табысты болуы кадр әлеуетінің даму дәрежесімен тығыз байланысты. Әсіресе, ол мемлекеттік қызметкерлер корпусының кәсібилігі мен біліктілігіне, маңызды шешімдер қабылдау кезеңінде жауапкершілік таныта біліп, мәселені стратегиялық мақсаттарды басшылыққа ала отырып, қоғам мен мемлекет мүдделерін жеке басының қызығушылығынан жоғары қоя білетін қабілет көрсетуімен тығыз байланысты. Сонымен қатар, елімізде экономика мен әлеуметтік саланы реформалаудың сындарлы жылдарында әрі жас, әрі білімді де білікті, жаңаша ойлайтын кадрлардың жауапты қызметтердің тізгінін ұстағаны белгілі.
Басқарудың нағыз шындығы әлеуметтік-экономикалық факторларға: білім беру, мәдениет, психологияның деңгейіне, тұрмыстық жағдайына, басқарудың белгілі бір мәселелерінде өресі кеңдігі дәрежесіне байланысты.
Қазақстан Республикасы Конституциясының үшінші бабында, мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық деп атап көрсетілген. Ал, халықтың мемлекетті басқару ісіне тікелей қатысуының бір түрі - ол референдум болады. Халық кез-келген мемлекеттік қызметкерді биліктің өкілі деп таниды. Ал, сол билік өкілінің өзі мемлекетті сынап, мінеп отырса, онда біз іргелі ел бола алмаймыз. Халықтың мемлекетке деген сенімі жоғалады, ал бұл біздің елдігімізге зиян келтіреді.
Мемлекеттік қызметші жұртшылықтың тарапынан орынды сынға ұшырағаны үшін өзгені қудаламай, оған шыдамдылықпен қарауы керек. Мемлекеттік органдарға деген сенімнің артуы үшін мемлекеттік қызметке білімді, мәдениетті, парасатты, іскер және ұлттық рухы мен адами қасиеті жоғары азаматтардың тартылғаны жөн.
Жаһандану серпіні өмірдің әр саласына, оның ішінде мемлекеттік қызметке де өз әсерін тигізуде. Мемлекеттік қызметші осы серпінге сай болуы үшін, мемлекеттік тілді еркін меңгеріп қана қоймай, шет тілін де меңгергені жөн және дүние жүзінде болып жатқан саяси-экономикалық ағымдарды түсініп, интеграциялық саясатты жүзеге асыратындай қабілет танытуы қажет. Әрбір ел тарихына, мәдениетіне, әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктеріне байланысты басқарудың өзіне сәйкес рационалды және тиімді басқару формасын қолданады. Яғни, мемлекеттік басқару жүйесінің параметрлерін және мінездемесін сипаттайды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар ішінде қоғамның өмір тіршілігін өзгертіп, жаңа саяси жүйе қалыптастыруды, экономика мен әлеуметтік салаларды реформалауда іргелі табыстарға қол жеткізді. Ұтымды әрі кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүргізіліп жатқан қомақты іс-шаралардың оң нәтижелері еліміз таңдаған жолға деген халықтың сенімін нығайтуда.
Биліктің көзі-халық, ал халықтың сенімі - үлкен жауапкершілік.
Үлкен қоғамдық жүйелердің өміршеңдігі, оның жекелеген буындары мен құрылымдарының өзін-өзі реттеуіне байланысты. Қоғамдық жүйелерде өзін-өзі реттеу басқаруды реформалау, республикалардың егемендігін тану, ең бастысы, халықты басқару объектісінен басқару субъектісіне айналдыру арқылы қол жеткізу.
әдебиеттер
Басқарудың қыры мен сыры. // Ақиқат. - №6, 2002., №10, 2004.
Басқару жүйесін жетілдіру – заман талабы. // Егемен Қазақстан. -2003.
Жауапкершілік жүгі салмақты. // Егемен Қазақстан. -2005.
Жаңа тұрпаттағы басқарушылар. // Егемен Қазақстан. -2005.
Түйіндеме
Мақалада халық үшін барынша қолайлылық, басқару тиімділігін арттыру, басқаруды жетілдіру жөніндегі жұмыстың дұрыстығы мен табыстылығының өлшемі қарастырылған.
Резюме
В статье рассматриваются вопросы улучшения эффективного управления, перспективность работы в области совершенствования управленческой деятельности.
Достарыңызбен бөлісу: |