Дәріс 1
Геодезия туралы жалпы мәлімет, пәннің мақсаты, міндеттері және оның басқа пәндермен байланысы
Геодезия грек тілінен аударғанда «жерді бөлу» деген мағынаны береді. Ғылым ретінде жердің бетін өлшеу және бөлуге байланысты адамзаттың тәжірибелік қажетінен пайда болған. Қазіргі геодезия көп қырлы ғылым: күрделі ғылыми-техникалық және инженерлік есептерді геодезиялық және басқа арнаулы аспаптар арқылы өлшеп, нәтижелерін математикалық және графикалық өңдеу арқылы шешеді. Оның шешетін басты мәселелері:
1. Жердің пішіні мен көлемін және сыртқы гравитациялық тартылысын, яғни тартылыс күшін анықтайды.
2. Берілген координаталар жүйесінде жер бетіндегі нүктелердің орнын анықтайды.
3. Жер бетінің картасы мен планын жасайды.
4. Жер бетінде құрылыстарды жобалау, салу және пайдалану үшін өлшеу жұмыстарын орындайды.
Геодезия - жердің пішіні мен мөлшерін анықтауда, оның бетін планға, картаға түсіруде, жердің қималарын жасауда, инженерлік жұмыстарды жобалауда, жүргізуде және пайдалануда қолданылатын әртүрлі өлшеу тәсілдері туралы ғылым.
Геодезия ежелгі ғылымдардың бірі бола келе, өзінің даму сатысында, ол жоғарғы геодезия, топография, геодезия, радиогеодезия, ғарыштық геодезия, картография, аэрофототопография, инженерлік геодезия деген ғылыми салаларға бөлінеді.
Бұлардың мақсаты мен міндеті ортақ болғанымен, әрқайсысының өз объектісі, өз зерттеу тәсілі, өз теориясы т.б. бар.
Жоғарғы геодезия – жердің пішіні мен мөлшерін зерттейді және жер бетінің әрқилы нүктелерінің координаталарын бір жүйеде анықтайды. Геодезиялық тірек пункттерін құруда кездесетін есептерді шешеді.
Жер бетінің шағын аймақтарын жазықтық ретінде қарап, оны өлшеу және қағаз бетінде кескіндеу төменгі геодезияның міндеті. Оны топография деп атайды.
Аэросуреттер бойынша топографиялық карта жасаудың әдістерін зерттейтін және оны жетілдірумен шұғылданатын ғылым аэрофототопография деп аталады.
Инженерлік геодезия инженерлік құрылыстың ізденіс, жоба, салу және пайдалану кезеңдеріндегі геодезиялық жұмыстардың әдістерін зерттеумен шұғылданады.
Жалпы жер бетінің немесе оның жеке бөлшектерінің карталарын жасау және пайдалану әдістерін зерттеу - картографияның жұмысы.
Геодезия басқа ғылымдармен де тығыз байланысты. Соның ішінде математика, астрономия, физика, география, механика, автоматика, электроника, фотография және сызу.
Математика геодезиядағы өлшеу нәтижелерін өңдеу әдістерімен және талдау амалдарымен қамтамасыз етеді.
Астрономия геодезияға жер бетіндегі нүктелердің координаталарын және астрономиялық азимуттары жайында алғашқы мәліметтер береді.
Физика мен механиканы пайдаланып, геодезиялық аспаптардың тетіктерін есептейді және құрастырады. Аспап шығаруда автоматика мен электроника көп қолданылады.
Географияны білу жер бетінің рельефі және жер бетіндегі табиғи жамылғыларды дұрыс бағалауға көмектеседі.
Геодезияда қолданылатын фотография әдісі фотографияны білуді қажет етеді. Ал план мен картаны графикалық түрде келтіру үшін топографиялық сызудың әдістерін меңгеру керек.
Геодезиялық өлшеулер жер бетінде, оның қойнауында атмосфера қабатында, теңізде және ғарышта әртүрлі арнаулы аспаптар мен құралдар арқылы жүргізіледі. Сол аспаптардың құрылысын зерттеуде және жасап шығаруда геодезия физика, математика, химия, радиоэлектроника т.б. ғылымдардың деректеріне сүйенеді.
Ғылым мен техниканың дамуына, қоғамның өркендеуіне байланысты соңғы кезде геодезияда автоматика, телемеханика, радиоэлектроника кең орын алады.
Достарыңызбен бөлісу: |