Гиперкортицизм- бүйрекүсті бездері сыртқы қабаты гормондарының артық өндірілуімен көрінетін жағдай. Этиологиясы.Гиперкортицизм келесі жағдайларда: √ бүйрекүсті бездері сыртқы қабатын сергітетін гормондардың гипоталамус пен гипофизде артық өндірілуінен (салдарлық гиперкортицизм);
√ бүйрекүсті бездері сыртқы қабатын сергітетін гормондардың гипоталамус пен гипофизден басқа ағзаларда артық өндірілуінен (АКТГ-ң эктопиялық өндірілу синдромы); √ бүйрекүсті бездері сыртқы қабаты жасушаларының біріншілік гиперплазиясы мен гиперфункциясынан (біріншілік гиперкортицизм); √ кортикостероидтық гормондарды артық енгізуден (ятрогендік гиперкортицизм) - пайда болуы мүмкін.
Қанда АКТГ-ң деңгейі бірінші екі жағдайда көбейеді де, соңғы екі жағдайда азаяды. Иценко-Кушинг ауруы.Салдарлық гиперкортицизм 50-80% жағдайларда аденогипофиздің аденомасы кезінде байқалады. Бұл дерт орта жастағы әйелдерде жиірек дамиды. Бұндай кортикотропинома өспесінің 9/10 бөлігі базофилдік немесе хромофобтық микроаденомаларға жатады. Кейде гиперкортицизм аденогипофиз жасушаларының гиперплазиясынан дамиды. Бұндай жағдайларда гипоталамус нейрондарында кортиколиберин өндірілуінің артуы маңызды болады. Гипофизде кортикотропинома өспесі өсуінен дамитын гиперкортицизмді Иценко-Кушинг ауруы дейді. Бұл дерттің дамуы гипофиздің АКТГ өндіретін базофилдік жасушаларында G нәруыздарының мутациясы нәтижесінде олар өзбеттерінше, кортиколибериннің әсерінсіз-ақ, гормон өндіре береді – деп есептеледі.
Гипофиздің кортикотропинома өспесінде эндокриндік бездердің кері байланыс тетігі бойынша өзін-өзі реттеуі толығынан жоғалмайды. Мәселен, Иценко-Кушинг ауруымен сырқаттанған науқастарға дексаметазонды көп мөлшерде енгізгенде глюкокортикоидтардың өндірілуі 50%-ға азаяды. Ал, Иценко-Кушинг синдромы кезінде дексаметазон бұндай әсер етпейді. Сондықтан осы дексаметазондық сынама бұл дерттерді ажыратып аңғару үшін пайдаланылады. Егер дексематозонның аз мөлшері глюкокортикоид-тардың өндірілуін тежейтін болса, онда гиперкортицизм Иценко-Кушинг ауруынанемес, оның өткінші әйгіленімдік (жан жарақаттарынан, стрестен т.б. себептерден пайда болған) түрін көрсетеді. Гипофиздің кортикотропиномасы, қатерсіз өспеге жатқанымен, оның басқа аденомаларына қарағанда, ауыр өтеді және ол метастаза тарататын қатерлі өспе болуы да ықтимал. Бұл өспенің бас сүйек ішінде қысымды көтеретін ірі көлемі өте сирек (10%-дан аз) кездеседі. Иценко-Кушинг ауруы бүйрекүсті бездері сыртқы қабатының гиперплазиясын туындатады. Осыдан кортикостероидтар өндірілуі қатты артады, оның қалыпты тәуліктік ырғағы жоғалады. Клиникалық көріністері басқа себептерден пайда болған гиперкортицизмнен ерекшеленбейді. Сол себепті олар төменде келтіріледі