Гүлбану Баянқызы Сүгірәлімова – т.ғ. к., доцент. «Алаш көсемдері – 1920-1922жж ашаршылыққа қарсы майданның алғы шебінде»



Дата31.12.2019
өлшемі60,5 Kb.
#54540
Гүлбану Баянқызы Сүгірәлімова – т.ғ.к., доцент. «Алаш көсемдері – 1920-1922жж. ашаршылыққа қарсы майданның алғы шебінде».

Қазақстанда Кеңес өкіметі құрылған алғашқы жылдары азамат соғысы, құрғақшылық ауыл шаруашылығын мейлінше күйзелтіп, халық тұрмысын қансыратқаны тарихтан мәлім. Осындай аумалы-төкпелі заман панасыз жетім балалар санын күрт көбейтіп, әлеуметтік жағдайды ушықтырып жіберді.

Алаштың қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың “Туркестан под властью Советов” деген кітабында Түркістан автономиясының алғашқы күндері-ақ ашаршылықпен басталғанын, Түркістанда Кеңес үкіметі түркістандық кедейлердің, олардың әйелдері мен балаларының сүйегінің үстіне орнаған деп ашына жазуында бұлтартпас шындық жатыр [1].

Орта Азияда құрылған тұңғыш кеңестік республика – Түркістан автономиясы алғашқы күннен бастап соғыс жағдайына көшуге мәжбүр болды. Бір жағынан шетел интервенциясы, екінші жағынан аштық қысты. Себебі, 1918-1919 жылдары қатарынан болған қуаңшылықтан егін шықпай қалды. Мал қырылды. Республикада 1,5 млн. адам ашаршылық құрбаны болды [2]. Жергілікті, әсіресе көшпенді қазақ халқы адам айтқысыз ашаршылыққа ұшырады. Жер бетінен жойылып кету қаупі төнді. Ажал құрығына ең алдымен бейшара балалар ілікті. Халықтың аштыққа ұшырауының экономикалық, шаруашылық, соғыс, ауа райына қатысты себептерін қаншалықты жан-жақты қарастырсақ та, ең негізгі себеп кеңестік-империялық саясатта, большевиктік билікте жатқандығы баршаға аян.

Қазақстанда қалыптасқан жағдай туралы Мәскеудегі орталық органдар білмеді емес, жақсы білді. Оған дәлел ретінде Мұстафа Шоқайдың “Туркестан под властью Советов” деген еңбегінен үзінді келтіруге болады. Онда қазақтардың Ленинге хат жазғанын, онда азық-түлік органдары тек қазақтардан өнімді жинап алуды ғана біледі, еш нәрсені кері қайтармайды деген жолдар бар. Хатта тағы да мынадай деректер келтіріледі: тірі қойдың 1 пұтына 80 сом беріп, 1 қорап сіріңкені дүкенде 150 сомнан сатады. Ал лауға алынған мал, кейде құрал-жабдықтар, киімдер ақысына түкке тұрмайтын қолхатсымақтар ғана берілетіні жөнінде де мәліметтер жеткілікті [1,33 б.].

Ел басына түскен ауыртпалықты жеңілдету үшін Түркістан автономиясы басшыларының бірі халқымыздың асыл ері Тұрар Рысқұлов өз тілегімен республикадағы аштықпен күрес комиссариатын басқарды. Комиссариат аштарға арнап, Ташкенттен, Әулиеатадан және уезд орталықтарынан тамақтандыру пункттерін ашты. Қолөнер артельдерін ашып, аштарды жұмысқа тарту шараларын жүргізеді. Ташкентте Т.Рысқұлов жетім балаларға арнап пансионат ашты. Онда 200-дей әр ұлттың балалары тәрбиеленді. Аталған комиссия керек қаржыны байлардан алым-салық алу жолымен жинады.

Жергілікті жердегі кейбір басшылардың ішінде байырғы халықтың жаппай өліміне ризашылық білдіргендер де болды. Мысалы: 1919 жылы Түркістан Орталық Атқару Комитетінің бір мәжілісінде оның белсенді мүшесі И. Тоболин маркстік теория бойынша казақтар экономикалық жағынан әлсіз халық болғандықтан бәрібір жер бетінен жойылып кетуге тиіс, өйткені олар өмір сүруге бейімсіз. Сондықтан да аштықпен күресудің қажеті жоқ, қайта бар қаржыны әскерді нығайтып, жауды жеңуге жұмсау керек деген болатын. Осылайша тұтас бір ұлтты қорлайтын сөздерге мәжілісте отырған Тұрар Рысқұлов шыдай алмай, ашу ыза толы сөз жарысқа түседі. Ол өз сөзінде отаршылдық саясаттың адал құлы болған генерал-губернатор Кауфман көшпенділерді жүздеп, мыңдап қырған, бірақ халық ретінде тып-типыл ете алмағандығын айтты. Патша өкіметінің өзі көшпенді туземдерді жер бетінен түгел жойып жіберуге әрекеттенбегенін алға тартып, егер көшпенді халық бәрібір жойылар болса, сол қиырдан-қиырға дейін шашылған сүйектің орнында орнаған өкімет кімге керек деп айғай салады. Т. Рысқұловтың жан айқайынан кейін ғана Түркістан үкіметінің мүшелері ашаршылыққа ұшырағандардың мәселесіне бет бұрады. Т. Рысқұловтың ұсынысымен мәжілістің соңында Түркістан Орталық Атқару Комитеті арнайы қаулы қабылдады [3]. Осы қаулыда кезек күттірмейтін мәселелер қатарында барлық совдептерде, кеңестік мекемелерде аштарға көмек мәселесі жедел, кезектен тыс талқылануы, аштарға көмек көрсету ісіне бөгет жасаған адамдарды әскери трибуналға тарту, аштарға көмек ретінде республикаға Үкімет қазынасынан 1 млн.сом қаржы бөлу керектігі баса айтылды. Қаулының соңында осы шешімнің мүлтіксіз орындалуына совдеп председательдері тікелей жауап беретін болсын делінген.

1919 жылы Тұрар Рысқұлов Түркістан Автономиясы Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып тағайындалады. Қызметі жоғарылап, уақыттың тапшылығына қарамастан Т. Рысқұлов ашаршылыққа ұшырағандарға қамқорлық ісін бір сәт те естен шығармайды. Жетім, панасыз балалармен күресті Түрккомиссия мүшесі В.В. Куйбышев жалғастырады. Осы комиссияның шешімімен Ташкенттегі барлық мекемелер, балалар үйі, интернаттарға жетім балалар орналастырылып, Түркреспубликасының Орталық Атқару Комитетінің барлық азық-түлік, тауар қоры соларға беріледі. Ал қордың көлемі едәуір еді. Мысалы: “өзбек матасы”, шұға 1 млн.метрдей, 10 тонна күріш, қант, неше түрлі жеміс, тез бұзылатын тамақты айтпағанда [4].

Осы кезде Түркістан комсомол ұйымының жетекшісі Ғани Мұратбаев В.В. Куйбышевпен танысып, панасыз балаларды аман алып қалу ісіне тікелей араласады. Аштық жайлаған Қазақстаннан тоқшылық мекені -Ташкентке зорға жетіп, темір жол вокзалы, базар, көше бойында қаңғыған иесіз тіленші жетімдерді көзімен көрген Ғанидың замандасы Ө. Тұрманжанов былай суреттейді: “Шұбаған балалардың жүрісі іркіс-тіркіс, көбінің кигендері ересектердің иығынан түскен ескі-құсқылар. Біреуінің етегі жерге сүйретіліп, екіншісінің кең бөркі самайына түсіп, көзі зорға жылтырайды. Шоқпытты киімінің алақұлалығы әулиенің басындағы щеңгелге ілінген шүберектерді көзге елестетеді. Бұлар көшеде кездескен адамдарды шошытып, бейне ертегідегі көшкінші жын перідей ызғытып келеді”[5]. Ғани Мұратбаев өзінің жолдастарымен осындай балаларды жинау науқанына қызу кіріседі. Оның басшылығымен 1919-1920 жылдары Ташкент қаласында панасыз балаларға арнап 700 орындық 3 интернат ашылады [6].

Осылайша қазақ халқының біртуар ұлдары Тұрар Рысқұлов пен Ғани Мұратбаевтың ұйымдастырушылық қабілетінің, жанкешті еңбегінің арқасында халықты жаппай қырылудан аман алып қалу мүмкін болды.

1920 жылы бейбіт өмір орнағасын Кеңес үкіметі жасөспірімдердің әлеуметтік құқығын қорғайтын арнайы ұйым (СПОН) құрды. Бұл ұйым азамат соғысы салдарынан әке-шешесінен айрылған балалардың бірінші қамқоршысы бола білді. Баспанасыз көше кезіп жүрген балалардың хал жағдайын сұрап-біліп, оларды есепке алу, көмек түрлері қарастырылды.

1921 жылдың жазында тағы да қуаңшылық болып, егін шықпай қалды. Күзде орылған астықтың мөлшері соғысқа дейінгіден 3 есе төмен болды. Кеңес елін, әсіресе Поволжьені тұтас аштық жайлады. Бүкілроссиялық Орталық Атқару комитетінің (бұдан былай БОАК) декретімен 1921 жылдың 8 шілдесінде ашыққан адамдарға жәрдем беру үшін арнайы комиссия (ЦК Помгол) құрылды [7]. Комиссияны БОАК-тың төрағасы М.И. Калинин басқарды. Комиссияның негізгі міндеттері: аштықтың көлемін анықтау, жеке губерниялар мен уездерден келіп түскен шағымдарды қарастыру, аштықпен күресу болды.

Орталықтың шешімінен кейін іле-шала 1921 жылдың 18 шілдесінде РКП(б)-ның Қазақ облыстық комитеті арнайы пленум шақырып, онда бір-ақ мәселе – Орынбордың азық-түлік жағдайын қарастырады. Пленум Қазақ Орталық Атқару комитеті жанынан жергілікті ашыққан халыққа көмек көрсету үшін комиссия (Компомгол) құру туралы шешім қабылдады [8]. Комиссия құрамына Қазақ ОАК, Ұлттар халкомы, Жер қатынасы халкомы, Әлеуметтік қамсыздандыру халкомы, Бас статбюро өкілдері кірді.

Кеңес үкіметінің аштыққа ұшырағандарды, панасыз, жетім балаларды қамқорлыққа алу жөнінде құрған ұйымдары нақты бір ведомствоның (комиссариаттың) қарамағында болды. Осы мемлекеттік ұйымдардың қабылдаған шешімдері бірінше кезекте балаларды аштықтан аман алып қалу ісіне бағытталды.

1918-1920 жылдары кеңес экономикасында басқарудың әскери-әкімшілік әдістері үстем болғаны тарихтан белгілі. Соғыс жағдайында қабылданған “әскери коммунизм” саясатының негізінде – азық-түлік салғырты болғандықтан, Қызыл армия мен қала пролетариатының мұқтажы үшін ауылшаруашылық өнімдері шаруадан күштеп тартып алынып отырды. Экономиканың табиғи заңдылығын елемеу, шаруаға ұдайы қысым көрсету шаралары ауыл-шаруашылығын ауыр күйзеліске ұшыратты. Соғыстан туындаған ауыр жағдай бейбіт өмірге көшкесін де бірден түзеліп кеткен жоқ. Осындай қиын-қыстау кезде Орталық Сібір мен Қазақстанда азық-түлік салғыртын ұлғайту туралы партияның жаңа қаулысы жарияланды.

1920 жылдың тамыз – 1921 жылдың маусым айы аралығында Үкімет шаруаларға 110 млн. пұт төтенше салық салды, оның 35 млн. Солтүстік Қазақстанға келді. Сібір басшылары Ақмола, Семей облыстары, Қостанай уезі Қазақ автономиясының юрисдикциясына өтетінін алдын ала білгесін, салғырттың негізгі ауыртпалығын осы аймаққа түсірді. 1920 жылға жоспарланған барлығы 66 млн. пұттан бір Семей облысына 26 млн.пұт келсе, ал бір ғана Қостанай уезінен 6 млн. пұт астық алынды [9]. Артық астық қана емес, тұқымдық, тіпті жейтін астық та тартып алынды. Нан салғырты қазақ мал шаруашылық болыстарына да салынды, егін салмайтын қазақ малын сатып, ақшасына бидай алып, мемлекетке өткізуге мәжбүр болды. Орал губерниясынан 1920 жылғы салғырт бойынша 1,5 млн. пұт астық тартып алынды. Бұл науқанға ет және т.б. қосымша салықтар қосылды. Осындай тонаушылық саясаттың нәтижесінде 1921 жылы Қазақстанның көптеген аудандарын аштық жайлады. Әсіресе бірнеше жыл қатар егін шықпаған республиканың батыс және оңтүстік-батыс аймақтары қатты жұтады. Жем-шөп жоқтығынан мал қырылды. Күні кеше патша заманында жоқшылық көрген кедей қауымы ең алдымен ажал құрығына ілінді. 1,4 млн. адамға аштан өлу қаупі төнді [10]. Көшіп келушілер мен казак станицаларындағы жағдай да жетісіп тұрған жоқ еді.

РКП(б) Орталық комитеті 1921 жылдың 17 шілдесінде барлық партияның мүшелеріне “Барлығың жабылып аштықпен күреске шығыңдар!” деген үндеу тастады [11]. Ашаршылықтың қазақ даласын жайлағанын өз көзімен көрген ҚазОАК президиумының мүшесі Мұқтар Әуезов дабыл қағып, өлкелік партия ұйымының шешімімен барлық қазақ қайраткерлерін аштарға көмек комитетін құруға шақырды. Мұндай хабар алысымен бір топ алаш зиялылары “Ақ жол”, “Қазақ тілі” газеттері арқылы бүкіл қазаққа сауын жариялады.

1921 жылдың 20 қыркүйегінде ҚазОАК-тың жанынан Аштарға көмек көрсету комиссиясы (бұдан былай Компомгол) құрылды. Аталған комиссияның төрағасы болып С. Меңдешев, оның орынбасарлары ретінде А. Байтұрсынов пен М. Әуезов сайланады [12]. Компомголдың бірінші мәжілісінде ашыққан балалардың рационына тамақ суррогатын (өсімдіктердің тамырын) еңгізу, аштық болмаған губернияларда “аштық” көрмесін ұйымдастыру, тамақтандыру пункттерін ашудың екі апталығын, “Қызыл Крест” апталығын өткізу, плакат, үнқағаздар, бюллетендер шығару және т.б. көптеген үгіт-насихаттық шаралар жоспарланды. Осы хаттамадан Компомголдың әуел бастан нақты істерден гөрі қағазбастылыққа әуес болғаны көрінеді.

Комиссия мүшелеріне ашаршылық жайлаған губерниялардан балаларды басқа аудандарға эвакуациялау, аштыққа ұшыраған қырдағы аудандарға көмек көрсету үшін барлық жерде салауат-сауын ұйымдастыру жүктелді. Комиссияның іс-қимылы өте баяу болғандықтан, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, А. Байтұрсынов, С. Сәдуақасов сынды азаматтар ашаршылыққа қарсы күрестің ресми емес қолбасшылығына білек сыбанып кірісіп кетті. Олар Семей губерниясында айрықша қазақ комитетін құрды, комитет ұйғарымымен атқа қонып, аштарға мал, азық-түлік жию үшін ел аралап кетеді. Тынымсыз қызу еңбектің нәтижесінде 2-3 айдың ішінде 15 мың ірі қара жиналған, аштыққа ұшыраған аудандарға жеткізіліп, халыққа үлестірілген. Жүсіпбек Аймаутовтың тікелей басшылығымен Торғай өңіріне 4000 бас мал таратылды [13]. Аштарға жан аямай болысқандығы үшін он жылдан кейін «халық жауы» атанып өлім жазасына кесілетінін осы азаматтар әрине, сезген жоқ.

Қазақ автономиясының коммунист басшылары халықтың басына түскен қасіретті қанша тырысып баққанымен, Орталықтан жасырып қала алмады. Ақыры бар шындықты мойындап, Помголдың орталық комитеті Мәскеуге мәлімет ретінде “Аштарға көмек көрсету комиссиясының жұмыс қорытындысын”дайындайды. Комиссия жасаған қорытындыда Қазақ автономиялы республикасының бес губерниясында тұратын 1 млн. 559 мың адам аштық тырнағына ілінгендігі туралы айтылған [14]. Әрине, бұл деректің толық емес екендігі түсінікті. “Қорытындыдан” бірнеше мысал келтірейік. Құжат Мәскеудің көңілін аулап, өзін өзі ақтау үшін жазылғандықтан да, жұттың шығу себебін отаршылдық пиғылда түсіндіруге тырысып бақты. Патша өкіметі ашаршылықпен күреспеді, өйткені қазақ даласы мен қазақтар үшін жұт - табиғи құбылыс. Қазақтардың ашаршылыққа еті үйреніп қалған, сондықтан да ең бірінші көмек Ресей мен Украинадан келген келімсектерге көрсетілгендігі баса айтылған. “Аштарға көмек комиссиясының” губерниялық, уездік құрамында бірде-бір қазақ қызметкері болмады. Комиссия көмекті негізінен тек европалық ұлттар қоныстанған мекендерге көрсетуге ұмтылды. Демек, осы “Қорытындыдан” ашаршылыққа ұшыраған қыр қазақтары ешқандай көмек алмай, тағдырдың тәлкегіне ұшырағанын байқаймыз. Ол аздай, 1921 жылдың жазында Орталықтың шешімімен ашаршылыққа ұшыраған Поволжьеден 20 мыңдай славян халқын Түркістанға қоныс аудартқан [15].

1922 жылдың 12-17 ақпанында Орынборда Қазақстандағы Компомголдардың 1 сьезі ашылды. Сьезд ҚАССР Орталық Атқару Комитетінің жанындағы ЦК Помголдың есебін тыңдады [15, 49-б.]. 1921 жылдың жұты мен егін шықпай қалуының салдарын жою үшін іс-шаралар қарастырылады. Сьезд бірінші кезекте жергілікті жерлерде дайындалған, Орталықтан, шетелден көмек ретінде келген азық-түліктің халыққа ысырапсыз дұрыс бөлінуіне басты назар аударады.

Сол 1922 жылы пролетариат көсемі В.И. Ленин Арал теңізі балықшыларына үндеу жариялап, Поволжьенің аштан қырылып жатқан халқына балық жіберуді өтінгені тарихтан белгілі. Пролетарлық ынтымақтастық идеясын жергілікті халық мүддесінен жоғары қойған басшылық 14000 тонна Арал балығын жұтап отырған қазақ елді мекендеріне жіберудің орнына Поволжьеге жөнелтті. Яғни, Ленин өтініші бұлжытпай орындалды.



Әдебиет тізімі:
1. Чокаев М. Туркестан под властью Советов. - Алматы: Казахстан, 1993. - C. 5-33.

2. Кузембайулы А., Абил Е. История Республики Казахстан. - Астана: Фолиант, 2002. - C. 264.

3. Рыскулов Т. Р. Собр. соч., в 3-т., т.1.- Алматы: Казахстан, 1997. -C. 73.

4. Қоңыратбаев О. Тұрар және Түркістан // Жұлдыз. – 1993. - №8. – 27 б.

5. Ғани Мұратбаев. - Алматы: Жалын, 2002.- 195 б.

6. ҚРОММ. 509-қ., 1-тізбе, 30-іс, 195-п.

7. Страницы истории советского общества /Под.ред. А.Т. Кинкулькина. М.: Политиздат, 1989. - C. 122-123.

8. КПСС в резолюциях и решениях сьездов, конференций и пленумов ЦК. -М.: Политиздат,  1970. - т.1, - C .44-50.

9. Абусейтова М.Х., Абылхожин А.Б. История Казахстана и Центральной Азии. Алматы.-2001. с.465.

10. Алексенко Н.В., Алекесеенко А.Н. Население Казахстана за 100 лет. Уст-Каменогорск, 1999.-с.44-50

11. КПСС в резолюциях и решениях сьездов, конференций и пленумов ЦК. -М.: Политиздат,  1970. - т.1, - C .44-50.

12. ҚРОММ. 509-қ., 1-тізбе, 29-іс, 4-п.

13. Каленова Т. Қазақ зиялылары және Торғай ісі тарихы: 1921ж. Қазақстандағы аштық кезі // Ақиқат. – 2000. - №12.- 63-67 бб.

14. Жұртбай Т. Талқы // Жұлдыз. - 1997. - № 1.-152-171 бб.

15. Новейшая история Казахстана. Сборник документов и материалов (1917-1939). - Алматы: Санат, 1998. - т.1. - C. 49.

Резюме
В статье с научной позиции исследуется деятельность советских государственных и общественных органов по преодолению всенародного бедствия и детской беспризорности. К примеру, впервые освещается история становления государственной системы защиты беспризорных детей и сирот. В работе рассматриваются малоизвестные страницы биографии государственных деятелей Г. Муратбаева, Т. Рыскулова, лидеров Алаш-Орды - М. Дулатова, Ж. Аймауытова, А. Байтұрсынова, С. Сәдуақасова и их вклад в борьбу с голодом 20-годов прошлого столетия. В статье были введены в научный оборот и опубликованы новые архивные документы, статистические данные.


In the article the Soviet state’s and social bodies’ activity concerning the problem of children’s waif is considered on the scientific ground. For example, we describe the public work of Kazakh Regional Children’s Committee in Home History for the first time. We may say the same thing about the state system of protection of waifs and orphans.

In this article we also consider the unknown pages about the public work of such statesmen as G. Muratbayev, T. Ryskulov, M. Dulatov, Zh.Aimauytov, A. Baitursynov, S. Saduakasov concerning the struggle against the children’s waif. In the article there were published and put into scientific circulation new archive documents and statistical data.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет