Гүлсім ЕҢсепова ф. ОҢҒарсынова публицистикасындағы елдік мүдде мәселелері



Дата08.06.2018
өлшемі113,5 Kb.
#41492
Гүлсім ЕҢСЕПОВА
Ф. ОҢҒАРСЫНОВА ПУБЛИЦИСТИКАСЫНДАҒЫ ЕЛДІК МҮДДЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Ф. Оңғарсынова өз публицистикасында қоғамдағы мәселелерге, адамдардың сана-сезіміндегі психологиялық кемшіліктерге, елдік мүддеге ерекше назар аударады. Сондықтан да оның публицистикасындағы сын-мақалалары мен очерктері, ең алдымен, адамдардың іс-әрекетіндегі, ішкі дүниесіндегі проблемаларға арналған. Оның туындыларынан халықтың тіршілік-тынысына, болашағына көз салып, байыптаған публицистің қоғамдық-саяси көзқарасын көруге болады.

Ф.Оңғарсынова қамтыған тақырып сан алуан: елдік мүдде, тәуелсіздік толғанысы, азаттық идеясы, ұлттық салт-дәстүр, тіл, қарапайым еңбек адамдарының бейнесі, ел басқарған адамдардың игі істері, олардың мінез-құлықтары, әйел затының ұлылығы, туған жердің сұлулығы т.т.

Осы тақырыптардың ішінен Ф. Оңғарсынова публицистикасына арқау болған өзекті мәселелер – елдік мүдде, азаттық идеясы, тәуелсіздік тақырыбы. Оның бұл тақырыптарды қамтыған публицистикалық туындыларын еліміз тәуелсіздігін алғанға дейінгі және еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі деп екіге бөліп қарастыруға болады.

Фаризаның еліміз тәуелсіздігін алғанға дейінгі проблемалық мақалаларының барлығында да Кеңестер Одағының ықпалынан шыға алмай, өзіміздің ұлттық салт-дәстүрімізге, тіліміз бен дінімізге, тіпті ұлттық мектептеріміз бен кадрларымызға мән берілмей отырғандағы ашық айтылады.

1989 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Үміт пен сенім ұясы» мақаласында автор кез-келген қазақ баласын толғандыратын ұлттық мектептер жайын сөз етеді. Ол: «Басқа әріптес қаламдастарымды қайдам, өз басым қызмет бабымен түрлі сапарларға шығып, ел аралағанда халықтың нашар тұрмысын, кері кетіп бара жатқан мәдениетін, бірте-бірте ұмыт болуға айналған салт-дәстүрін, тілін көріп көңілім құлазып қайтам. Ондай сапарларда, әсіресе, мұңға батыратыны – ауыл мектептерінің жай-күйі» [1, 3 б.] - дей келіп, қаладағы мектептердің жағдайы да анау айтқандай мәз еместігін Алматыдағы 136-шы мектеп мысалында дәлелдеп береді. Оқулықтардың жетіспеушілігі, аралас мектептерде сапалы білімнің берілмейтіндігі, кейбір сабақтардың ұлт тілінде жүргізілмеуіне байланысты балалардың туған тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен айырылатындығы, мектеп оқулықтарының сапасы ешқандай да сын көтермейтіндігі және тағысын-тағылар тізбектеліп сын садағына алынады.

Әсіресе, Орталыққа жалтақтап, сол кездегі психологиямен таза қазақ мектептерін ашудан гөрі аралас мектептерді ашуды үрдіске айналдырушыларды мақалада қатты сынайды. «Қазір көпшіліктің аузында жүрген аралас мектептер жүйесі – жас ұрпақты интернационалистендірудің барып тұрған тұрпайы әдісі дер едім. Қазақ пен орыс, яки басқа ұлт балаларын бір шаңырақтың астында оқыту оларды тіпті де бір шаңырақтың ұл-қыздары етіп өсіру деген ұғым емес» [1, 3 б.]. Осылайша, автор аталған мақалада елдік мүддені қозғай отырып, азаттық идеясын ұлттық идеямен астастыра жұртшылыққа әдемі жеткізе білген. Оның мақала соңында айтқан «Ұлт мектептерінің жай-күйі ұлттық ұятымыздың көрінісі болсын» [1, 3 б.] деген пікірі қоғамға ой саларлықтай салмақ көтеріп тұр.

Ф. Оңғарсынова 1989 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарияланған «Санаға сілкініс керек» мақаласында Қазақстанда қайта құру саясатына байланысты туындап отырған кадр мәселесі, облыстардың қысқаруы, патша және кеңес үкіметі тұсында өзгерістерге ұшыраған елді мекендердің төл аттарын қайтару туралы қадау-қадау проблемаларды көтеріп қана қоймай, оны шешудің өзіндік жолдарын да ұсынады.

Мақалада әр облыстағы билік басындағы сол жердің халқының адамдарын қызметінен түсіріп, олардың орындарына тәкәппар, сауатсыз, таныстықпен, туысқандықпен келгендер туралы айтылады. Автордың көрсетпек болғаны, бұл жерде айтар ойы – сол кездегі республикадағы кадр мәселесі партияда да, комсомолда да жүйелі болмай кеңестік құрылымның ыдырап келе жатқандығы, оның заңды құбылысқа айналып отырғандығы. Атап айтқанда, басшы қызметкерлердің өз жерінен болмайы, кадрлардың жан-жақтан әкелініп қойылатындығы, басшының жергілікті жерлерді біле бермей, қателіктер жасауы проблема ретінде көтеріледі. Мақалада автор Алматы облысы, Жамбыл облысы, Маңқыстау облысы, Шымкент облысы, Торғай түкпіріндегі кадр проблемасын ашып айтады. «Азаматтарымызды қорғай алмаймыз. Халық үндемейді. Әрине, мұның екінші жағы да бар: халықтың мәніс біледі деген ойлылардың пікіріне құлақ салып жатқан басшылар жоқ. Дегенмен, босқа күйіп кетіп жатқан азаматтар туралы өз ойларын айтып, арашалау деген біздің халық арасында бұл күнде ұмытылып барады. «Ойбай өзімізге бір пәлесі тиіп кетер» деп жансауғалауға жаппай бой үйретіп бара жатқандаймыз.» [2, 3 б.] ,- деп батыл сынап, өзінің публицистік үнін білдіреді.

Бұдан әрі халықтың жағдайы сауатсыз басшының кесірінен нашарлай түсетіндігі, басшылардың орындарында ұзаққа дейін болмаулары айтылады. «Басқа жақтан келген кадрлардың тоқсан бес процентінің көңілінде «бұл жерде уақытша жүрмін» деген пиғыл тұрады. Жағдайын түзеп, номенклатураға еніп алғасын, «Москва қайдасың» деп тартып отырады. Басшылар кетеді, халық сол жерінде қалады. Барлық тауқыметті бүлінген ел, бұзылған шаруашылықтың бейнетті зардабын тартатын да тұрғылықты халық.» [2, 3 б.], - деп толғанады публицист.

Сөйтіп, автор Мәскеуге кетіп қалатын емес, елге, жерге, халқымызға жаны ашитын ұлттық кадрларымызды дайындаудың, оларға қамқорлық жасаудың қажеттігін баса айтады. Ертеңгі күнді бүгін ойлауымыз керектігін жазып, көпшілікке ой салады. «30-40 жылдары пәленше пәлен қылмыс істеген деп, бүгін даурығамыз. Әбден болары болып, бояуы сіңгеннен кейін, халық әбден зардабын тартып болғаннан кейін, бүгінгі күні батырсынып, айғайласқаннан не пайда? Ертеңгі ұрпақ біздің қатемізді түзетпеуі үшін бүгіннен түзу жұмыс істеп, таза саясат жүргізуіміз қажет.» [2, 3 б.], - деп елдік мүддені көтереді.

Ф. Оңғарсынова жолжазба очерктерінде де ұлттық таным, тіліміз бен дініміз мәселесін, тәуелсіздік тақырыбын көтеріп отырған. Автордың жолжазба дүниелерінде еліміздің ішіндегі және басқа да мемлекеттерге жасалған сапарлары жайындағы ой түйіндері қағаз бетіне мүлтіксіз түскен. «Жолжазба – сапар мен саяхат нәтижесінде көзбен көрген нақты оқиғаларды суреттеуге арналған әдеби жанр. Заметка күнделік, очерк, мемуар, тағы басқа түрінде жазылады, жолжазбада танымдық мәліметтермен қатар саяси, философиялық, эстетикалық, публицистикалық мәселелер баяндалады» [13, 182 б.] – деп журналистика теориясы мен практикасы барысында келелі зерттеулер жүргізген ғалым М.С. Черепахов айтқандай, Ф. Оңғарсынованың жолжазба очерктері көптеген мәселелері қамтыған.

1990 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Өз топырағындағы өгей бала...» жолсапар очеркінде Америка Құрама Штаттарына барған кездегі өз қандастарымыздың бойындағы бодандық саясаттың сарқыншағынан сақталып қалған құлдық психологияға қарны ашқанын ашына жазады. Сол сапарда еліміз делегациясының құрамында болған қостанайлық қазақ жігітінің қылығына қатты күйінеді. Әлгі жігіт орыстың «Катюша», «Подмосковные вечера» әндерін айтып, өз өнерін көрсетіп жатады. Ф.Оңғарсынованың «Қазақ әуенін естісек?» деген сұрауына қара көз қазақстандық жігіт бұрқан-талқан ашуланып, ол кісінің «ескі көзқарастағы» адам екенін, ештеңе түсінбейтіндігін орысшалап айтып салады. Автор өз жеріндегі өгей баладан жиреніп, мұндай жастарға көңілі қалғанын былайша білдіреді: «Біз осындай ұрпақпен қай шамаға жете аламыз деген ой мені ылғи мазалайды. Біздің ата-бабамыздан қалған қасиетті ұстап жүрген біреу болса, ол – ауылдағы халық. Халықтың қасиеті мен дәстүрі, тілі мен өнері қаперіне кіріп шықпайтын, оның есесіне орысша жақсы сөйлейтін жастарға қарап қарным ашады.» [3, 2 б.] Автор өз ойын осылайша халыққа жеткізіп, мұңын шағады. Елдің елдігі мен болашағына алаңдайды.

Осы кезде жазылған Ф. Оңғарсынованың «Жүрекке жазылған жүздесулер» атты Түркияға жолсапар очеркін де айтып өту қажет. Мұнда еліміз дербес мемлекет болмай, Кеңестер Одағы құрамында болған тұста шет елдердегі қандастарымыздың проблемалары көтеріледі. Автордың сөзінің астарында тұрған «қашанғы Орталыққа телміреміз, өзіміздің тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, жеке мемлекет болатын кезіміз жеткен жоқ па?» деген ойды анық байқауға болады.

«Қазақ тілін құртып алмас үшін олар қалада болсын, далада болсын бір жерде орналасуды мақсат еткен. Той, садақа секілді жиындарды бірге атқарысатын көрінеді. Біз туған топырағымызда отырып-ақ, әдет-ғұрып, дәстүрімізге дақ түсіріп жүрміз, ал шетте жүрген қазақтар соның бәрінің тінін үзіп алмауға ұмтылысады. Қазақтар көп тұратын шетелдерде Дипломатия орталығы немесе консулдық мекемеде Қазақстан өкіметінің өкілі жоқ болғандықтан, елге, тым болмаса, келіп-кету үшін, кімге жолығып, қайдан шешімін табудың мүмкіндіктері жоқ» [ 4, 6 б.] – деп қынжылады автор.

Сонымен қатар мұнда автор оқырмандарын Түркиядағы қазақтардың тыныс-тіршілігімен таныстырып қана қоймай, олардың кейбір артықшылық жақтарымен қатар кемшілік тұстарын да тайға таңба басқандай көрсетеді. Келешекте екі ел арасында барыс-келісте ыңғайлы қарым-қатынас орнатудың мынадай жолдарын ұсынады:

«Республика Үкіметі шет елдердегі отандастарымыз жайлы жүйелі мәселелер тындыратын істерді қолға алу қажеттілігі туып отыр.

Алдымен, қандастарымыз қалың тұратын елдердегі Совет консулдықтарында Қазақстан өкілі болуы керек. Сонда олардың дәл қазіргідей қиындықсыз келіп-кету, тағы басқа мәселелері шешілер еді.

Республикамызда шығатын газет-журналдарды олардың жаздырып алу мүмкіндігін туғызу қажет-ақ.

Әдебиетшілерді, тіл мамандарын, әнші, жырауларды жіберіп тұруды ойластырып, он жылда біреуін емес, жүйелі жіберген дұрыс болар еді.

Шет жерлердегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі туралы зерттеу материалдар жазу да ұрпақ үшін қажет жайдың бірі болса керек...». [4, 6 б.]

Публицист осылайша елдің ертеңін болжап, халықтық, ұлттық мүддені баспасөз бетінде қозғайды.

«Қытайдағы қимас кездесулер» жолсапар очеркінде саяси астарлар жайында ойтолғаулар бар. Сол кезде еліміз толықтай тәуелсіздікке қол жеткізбесе де, Қытайдағы жергілікті үкімет басшылары қазақстандықтарды ресми қабылдағандарына іші жылып қалады. «Сол күні кешкісін Қытай Коммунистік партиясы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданының хатшысы Жәнәбіл жолдас бастаған жергілікті үкімет басшылары бізді ресми қабылдады. Қабылдауда Әшірбек Сығаев, Бибігүл Төлегенова, Жәнібек Кәрменов, Құрманғазы оркестрінің директоры Еркебұлан Мүсірепов және мен болдым.» [5, 4 б.] – деп келтіреді автор очеркінде.

Ф. Оңғарсынова 1990 жылы жазған «Ел болып қаламыз ба?» деген мақаласында елдік мүддені нақты мысалдар келтіре отырып қозғайды. Автор «Ұлттық республикалардың бәрі дерлік алдымен туған тіл мәселесін шешіп алып жатқанда кіндік кескен ұлан байтақ топырағымызда отырып, біз неге бүгежектейміз» [6, 3 б.] – деп жігерсіздердің намысын жонып алады да, одан соң «Алайда, қазақ республикасының барлық жерінде қазақ деген халықтың елінде жүргенін әр адам сезінетіндей жағдай әзір бола қойған жоқ және қапелімде бола да қоймас. Ол бірер адам бұйрықпен жасай салатын ахуал емес, бүкіл халық, оның ішінде интеллигенция, ірілі-ұсақты мекеме басшылары болып, ынтымақты бірлікпен істелінетін шаруа» [6, 3 б.] екендігін айтып, көпшілікке тығырықтан шығу жолын көрсетеді.

Сондай-ақ, қазақ тілін мұнда тұратын басқа ұлт өкілдерінің қалай қарсы алып отырғандығын «Тіл туралы заң алғаш сөз болған кезде құрдай жорғалай бастаған республиканың өзге тілді тұрғындары бүгін қайтадан тайраңдап, «сенің тіліңді қайтем» деген құлық көрсете бастады» деп ішкі ренішін сыртқа шығарып, мемлекеттік тілдің осындай мүсәпір қалпын дұрыс жолға қою үшін, оны бүкіл қоғам болып қолға алу керектігін «Ұлттың тілі өз деңгейінде даму үшін бүкіл қоғамдық жүйеде құнарлы топырақ пен нәр берер ауа қажет. Ол болмаған жерде, әсіресе, көп тілді ортада өмір сүруге мәжбүр саны аз ұлттардың тілі емін-еркін өркен жаюы екіталай» [6, 3 б.] деген оймен тиянақтайды.

Мемлекеттік тілдің даму дәрежесінің өте төмен деңгейде болуы оның оқыту барысының ешбір сынды көтермейтіндігін: «Қазақ тілі пәнінің қазақ мектептерінің өзінде жүргізілуі жүйесінде шалалықтар бар. Бірқатар мектептерде қазақ тілі топқа бөлініп оқытылмайды, сол баяғыша сегізінші (бұрынғы жетінші) класта қазақ тілі пәнінің курсы тәмамдалады» [6, 3 б.] деуімен шектелмей, бұндай келеңсіз көріністердің жоғары оқу орындарында да белең алғанын: «Ал жоғары оқу орындарындағы қазақ филология факультеттерін алсақ, бұларда да қазақ тілі мен әдебиетіне бөлінген сағат саны шешесіне еріп келіп, өгей әкесінің қолынан ұзатылған қыздың жасауы құрыптас. Осы факультеттердегі шет ел, орыс әдебиеттеріне бөлінетін сағат саны анағұрлым көп» [6, 3 б.] деп батыл сынға алады. Ф. Оңғарсынованың осы мақаласының соңындағы «Сонымен, республикадағы қазақ тілі төңірегінде шешуін таппаған мәселелер көп. Бұл – менің ғана жеке пікірім емес. Халықтың өзі біліп-көріп отырған ақиқат» немесе «Облыстар мен Республика басшылары қазақша сөйлемесе, тілімізді мемлекеттік тіл етеміз деуіміз әшейін қызық сөз болып шығады.» [7, 136 б.], – деген кесімді сөзінің бүгінгі күннің шындығымен астасып жатқандығын байқаймыз.

Ф. Оңғарсынованың еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жазған публицистикалық туындылары елдік мүддені жаңаша көзқараспен көтерді. Мысалға, 1992 жылы баспасөз бетінде жарық көрген «Наурыз – тазару күні» мақаласында автор бұл мейрамның елімізде тойлану тарихына шолу жасай отырып, салт-дәстүрімізді өз кезінде сөз ете алмағанымызға қатты қынжылады. Еліміз тәуелсіздігін алып, азаттықтың ақ таңы атқаннан кейін ғана Наурыз мерекесі елімізде жаппай тойланып отырғандығын, бұл мейрамның халыққа әкелер ізгілігі мен жақсылығын айтады. «Күні кешеге дейін Наурыз – қазақтың ұлттық мейрамы деп айтуға қорқып келдік. Бүгінгі күннің күнкөріс қиыншылықтарын айтып, шетімізден жылап жүрміз. Бірақ шүкіршілікті ұмытпауымыз керек. Бүгінгі ұлыстың ұлы күні – бір жағынан тазару күні. Адамның денесі ғана емес, жан дүниесі де таза болса, дүние жаңарады, жаңғырады» [7, 219 б.]

Сонымен қатар автор: «Қазір, негізінен алғанда, халық оянды. Бұрын қазақ тілін білгенін, қазақ тілінде сөйлегенін ар санайтындар енді өз тілін білмегенге ұялатын болды. Мұның бәрі тәубаға келуге, шүкіршілік етуге меңзейді» [7, 220 б.], – деп жекелеген адамдардың бойынан жылт етіп көрінген иненін жасуындай жақсылықты жақсы ырымға теңеп, жар салады.

Ф. Оңғарсынова тарих, саясаттан да қарабайыр хабарсыз еместігін өз сөздерінде, баспасөз бетінде жарияланған шығармаларында үнемі дәлелдеп, оқырмандарына уақытылы жеткізіп отырады. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қолы неге жетті, неден қалыс қалды? Саясатта, әлеуметтік даму жағдайында ілгерілеушілік бар ма? Болмаса, оның себебі неде? Міне, осы сияқты сан алуан сауал ең алдымен халық қамын ойлайтын жандардың көңілін алаңдататыны тегін болмаса керек. Бұл тұрғыда аға басылым «Егемен Қазақстан» газеті тәуелсіздік жылнамасы деп атауға тұрарлық 1991 жылдан бастап тәуелсіздіктің әр жылының қорытындысына арналған белгілі ақын, жазушы, қоғам қайраткерлерінің «Тәуелсіздік толғауын» үзбей беріп келе жатқандығы белгілі. Міне, соның 1994 жылын қорытындылау Парламент Мәжілісінің депутаты Ф. Оңғарсынованың үлесіне тиіпті.

Бұл мақалада еліміздің 1994 жылғы тарихының толық бейнесі хронологиялық тәртіппен беріледі. Тәуелсіздікке жаңа ғана қол жеткізіп, тәй-тәй басқан мемлекетіміздің өміріндегі айтулы оқиғалар желісі көркем тілмен шебер суреттелген. Кездескен қиыншылықтар мен проблемалар да, оларға қазақ халқының аса бір шыдамдылықпен төтеп беріп, қиын-қыстау сәттерді жеңе білгені де шынайы қалпында, шұрайлы тілмен шебер берілген.

Бір үміт, бір қайғы. Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдарды, оның ішінде 1994 жылды да осылай атауға болады. Айналымға шыққанына бір-ақ жыл толған ұлттық теңгенің құнсыздануы, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті жекешелендіруде жіберілген көптеген бұрмалаушылықтар, тағы да басқа келеңсіз жайлардың барлығы да талдамалы мақаланың «Далада да, қалада да сергелдең» атты алғашқы бөлімінде қаз-қалпында беріліпті.

Ал, мақаланың «Күдік пен үміт» деп аталатын екінші бөлімінде экономикасы шатқаяқтап, ауызбірлігі жоғалған, өткен күннің көлеңкесінен шыға алмай жанұшырған жас мемлекетке іштен де сырттан да қысым көрсетіліп, байлық пен билікке ұмтылғандар туралы «Қазақстанның өз алдына мемлекет болып, аспан түстес жалауын желбіретіп, әлем картасынан орын алуы бәз-біреулердің құйрығына қыл жүгірткендей күй кешірді. Тәуелді болып телміріп, жаутаңдай жағынып, тағдырын тепкілесе де, «ләббәйлеп» бас шұлғуда көксеген көкіректер өттері жарылғандай жанұшырып, қаз басқан Қазақстанның сүрінуіне қызмет етіп бақты. Осы топырақтың тамырын сорып адам болғандардың өздері де өзге отан тауып «өгейсіткен, өңменінен итеріп өсірген» қазақ еліне құм шашып, құмарларын қандыруға тырысты. «Ру мен жүзге бөлінетін ұлтта рухани тұтастық болмайды. Рухани тұтастығы жоқ халықтан қара қылды қақ жарып ел басқарар саяси тұлғалардың шығуы мүмкін емес», – деп сәуегей жорамалдарын жариялағандар да табылады» [9, 3 б.], – деп жазды автор.

Бұл еңбектің «Саясат сахнасындағы соқтығыстар» деген үшінші бөлімі толықтай елдің 1994 жылғы ішкі саясатына арналған. Автор: «Үлкен де, кіші де жаппай саясатқа араласуға ұмтылатын дерт шықты. Шамасы, саясатта жүрген кісінің қолында билік болады, «ақ дегені оңады, қара дегені солады» деген түсініктен болса керек. Кез келген бұрышта түрлі жиындар өтіп, партиялар құрыла бастады. Тарихтың дөңгелегі зырылдап отырып өткен ізімен қайталана беретініне тағы да куә болдық. Бас-басына партия құрып, оған мүше болуға үгіт-насихат жүргізіп, адамдар бір сарсаңға түсті-ау дейсің. «Азат», «Возрождение», «Қазақстанның республикалық партиясы», «Қазақстан халық Конгрессі», т.т.!

Партиялардың саны көп болғанымен, елді рухани бірлікке бастайтын, жұмыссыздық пен араны ашылған жемқорлықты тоқтататын, мемлекеттігімізді нығайтуға бағытталған істерімен халықты ілестіретін деңгейге бір де біреуі көтеріле алмады. Әлі күнге дейін партияларымыздың тегеуірінді іс тындырып жүргендері жоқ деуге болады» [9, 3 б.], – дей келіп, депутаттар мен лауазым иелерінің билік үшін күресін, бір топ кәсіпкер жастардың жер мен тілді саудаға салып алған беттерінен қайтпай, жер сатылсын, мемлекеттік тіл – орыс және қазақ тілі болсын деп қасарысып отырғандықтарын жазған болатын. Сондай-ақ, ұлттық мәдениет, адамгершілік қасиет, жас ұрпақ ұлы Абайдың 150 жылдық тойы мысалында көрсетіп, содан бері біраз уақыт өтсе де, көп нәрселердің сол қалпында қалып отырғандығына алаңдаушылық білдірген еді.

Мақаланың төртінші бөлімі «Мені елдің жәйі қатты алаңдатады» деген Елбасының өзі басқарып отырған халыққа арналған жанашырлық сөзімен тегіннен-тегін басталмаған. Тәуелсіздіктің төртінші жылы әлі де болса тілерсегі майысып, бұғанасы қатпаған жас мемлекеттің жан-жағына үрке қарап, желкесі күдірейген арлан қай бүйірімнен қабар екен деген күдікпен қатар, қайрат-жігер көрсетіп, солардың қатарынан көрінсем деген үміті де бар барлығын жасырмаған. Мемлекет басшысы Америка, Ұлыбритания, Франция, Австрия, Қытай, Түркия, Иран сияқты экономикасы дамыған, саясаттың көшбасында тұрған елдермен қарым-қатынасты күшейте отырып, олардың қай жағынан болса да Қазақстанның болашағы зор екендігіне көздерін жеткізе білді. Соның нәтижесінде елдің ішкі-сыртқы саяси ахуалы тұрақталып, әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесі де артты. Осының барлығын Ф. Оңғарсынова: «Сонымен, 1994 жыл да тарих еншісіне айналды. Бұл жылы Тәуелсіздігіміз тарихтың тағы бір сынына төтеп беріп, елдігіміз кемелдене, мемлекеттік институттар бұрынғысынан берігірек орныға түсті. Ең бастысы – егемендіктің елең-алаңындағы абыржушылық азайды, халық тәуелсіздіктің жолы тар жол, тайғақ кешулі болатынын, азаттық жолы азапты екенін байыптай бастады.

Қиындығы мол қытымыр тұрмыстың тауқыметін арқаласа да, тәуелсіздік атты ұлы ұғымның жерімізде ту тіккенін жабырқау жанына медеу еткен Қазақстан халқы тарихтың тағы бір асу белесінен өтіп, сонау алыс тұңғиықтан шым-шымдап көрінген сызат-сәулеге ұмтылды» [9, 3 б.], - деп сол қалпында ешбір қосып-алусыз тарихтың өткен бір беті ретінде көрсетіп бере алды.

Ф. Оңғарсынова «Тәуелсіздік – асқақ сөз, асқар ұғым» мақаласында 1996 жылғы тәуелсіз еліміздің жеткен жетістіктерін, 5 жыл ішіндегі атқарылған игі істер туралы сыр шертеді. Ел ішінде «Тәуелсіздіктің тәтті дәмін тата алмай жатырмыз» дейтін адамдардың да бар екенін, өйткені, социализм шеңберінен шыққан соң, халықтың «өз күніңді өзің көр» деген саясаттан түршігіп, рухани, азаматтықтың дәмін сезіне алмай жүргенін айтады.

Дегенмен, осы бір қысқа уақыт аралығында шынайы тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткен жақсылықтардың (әрине, біздің халқымыз үшін) баршылық екенін жасырмайтынын білдіре келіп, бірқатар атқарылған игі істерді тізбелеп өткен.

«- Ешкімге жалтақтамай, ойымызға келгенін өзіміз жасайтын болдық;



  • қазақша кез келген жерде қысылмай сөйлеуге қолымыз жетті;

  • бүкіл ұрпақ аттарын білмей өтуге шақ қалған рухан көсемдеріміз бен батырларымыздың атын шығардық;

  • тарихымызды тылсымдардан аршып жатырмыз.

Міне, осының бәрі тәй-тәй басқан тәуелсіздігіміздің арқасы. Бұған шүкіршілік деуге болмас» [8, 1 б.] - деп ойын сабақтайды.

Дегенмен де, әрине, көзді ашып-жұмғанша барлық жағдайдың оңалып кете қоймайтыны рас. Мақаланың басында еліміздің жетістіктерін айтып өткен публицист одан әрі халық арасында орын алып отырған біраз қиыншылықтарға да тоқталған. Алайда, бұл қиындықтардың тек Қазақстанға ғана емес, Кеңестер Одағы құрсауынан босаған барлық республикалардың басына да түсіп отырғанын, және жалпы ел басына қандай күн туса да, елдің азып-тозбауы мекеменің, ауылдың, ауданның және облыстың басшыларына - әкімдерге тікелей байланысты екенін шегелейді. Ойының растығын дәлелдеу үшін Атырау облысындағы қатар отырған екі ауылдың өмірін суреттеп берген. Бірі – көмірі түсірулі, пішені алулы, киім-тамағы жеткілікті Жамбыл атындағы ұжымдық шаруашылық та, екіншісі – жағдайы азып-тозған, жастары арақ ішіп, кәрілері тентіреп, ішетін ауыз суы жоқ, жылу жүйесі істен шығып, малы әркімнің қолында кетіп отырған «Қызыл балық» шаруашылығы.

Публицист осы екі ауылдың өмірін салыстыра отырып, бірінші ауылдың дағдарыс кезінде де осынша гүлденуі, сонымен бірге, екінші айтылған ауылдың азып-тозып отырғаны ең бірінші әкімдеріне байланысты екенін айтады. Өйткені, кейбір әкімдер өздерінің жақын-жуық, өкпе-бауырларын ауданның әкімі етуде немесе халықтық қазынадан молырақ қарпып қалу мүмкіндігі бар жылы орындарға жанталаса орналастыратынын әшкерелейді. Ол мейлі мектеп директоры ма, жоқ, балабақша меңгерушісі не министр ме - әркім өз ісіне өзі жауап беру міндеті болмағандықтан, ел ішінде наразылық, көңіл толмаушылық, Тәуелсіздік құнын түсірер ахуалдар етек алды деген ойын білдіреді. Бұдан Ф.Оңғарсынованың еліміздің сол кездегі тұрмыс-жағдайымен жете таныс, жанашыр халық қалаулысы екенін анық байқауға болады. Өз ойын қорытындылай келе: «Ұясынан талпынған балапандай пәк те дәрменсіз Тәуелсіздігімізді қапылыста қолымыздан түсіріп не ұшырып алмай, бұғанасын бекітуге атсалысу – жастың да, жасамыстың да киелі борышы» [8, 1 б.] - деп замандастарына үн тастайды.

Ал, «Оңтүстік туралы ойлар» жолсапар очеркінде еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі Оңтүстік Қазақстан облысындағы өзгерістерге кеңінен тоқталады. «Қазақ үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азияның мұсылмандары үшін қасиетті болып есептелетін Түркістан баяғы, бұдан бірнеше жыл бұрын көргенімдегідей емес, шамдары жарқырап, үйлері сәнденіп, Еуропаның қаласына ұқсап қалыпты» [11, 6 б.] – деп, автор өзінің ризашылығын ашық білдіреді. Сөйте тұра бұл аймақта етек алған кемшіліктерді де сынайды. Оңтүстік өңірінің шұрайлы жерлерімен қоса мұнда билік басындағылардың рушылдық дертіне шалдыққандары айтылады. «Ақжарқын, еңбек десе бала-шағасына дейін бас тартуды білмейтін осындай халқы бар, байлығы тұнған жері бар елде ру-руға, ата-атаға бөліну аузын ашқан арыстандай мемлекеттердің қоршауында отырған қазақ секілді халықтың тұтастығын, бауырмалдығын мүжиді» [11, 6 б.] – деген келелі пікір айта отырып, елдің тәуелсіздігін, халықтың тұтастығын сақтау үшін ынтымақ, бірлік керек екендігін еске салады. Ата-бабаларымыз сан ғасырлар армандаған азаттықтың, халықтың тұтастығын тілеген тәуелсіздіктің туын бұдан да биікке көтере түсу үшін ел азаматтарын намысты, абыройлы болуға шақырады. Сонымен қатар Фариза: «Бабаларымыз егемендік пен тұтастықтың қазақ тарихындағы алғашқы туын тіккен аймақтың абыройы – бәріміздің ортақ абыройымыз» [11, 6 б.] екенін айтып, халықты бірауыздылыққа үндейді.

Ф. Оңғарсынованың жоғарыда талданған публицистикалық материалдары өзі өмір сүріп отырған қоғамның тыныс-тіршілігін, бағыт-бағдарын, әлеуметтік даму ерекшелігін ашып көрсетіп бере алатын шынайы ақиқатқа негізделген материалдар деп білеміз. Яғни, бұл еңбектері толықтай зерттеушы Т. Ыдырысовтың «Публицистика – жазушы мен журналистің әлеуметтік пікір айтуы, күнделікті өмірге, әр қилы қоғамдық шабытпен терең ой топтап, жұртшылықты белгілі бір оқиғаға, құбылысқа ерте, еліктіре білуі. Екінші сөзбен айтқанда, публицистика дегеніміз – саяси-көркем проза, қаламгердің әлеуметтік мәселелерді толғауы» [14, 6 б.] – деген анықтамасына толықтай сәйкес жазылған дүниелер болып шығады.

Ф.Оңғарсынова публицист ретінде тек ішкі, сыртқы саясатта кездесіп отырған қиыншылықтарды көрсетіп қана қоймай, солардың шешу жолдарын да айтып, заман тынысына үн қосып отырған. Ол ХХІ ғасыр басындағы тәуелсіз Қазақстанның тыныс-тіршілігін публицистикалық туындыларына арқау етіп, туған халқы алдында адал қызмет атқаруда. Бұл тұрғыда оның Елбасы және Елбасының Қазақстан халқына Жолдаулары туралы жазылған бір-екі еңбегіне тоқталып өткеніміз жөн сияқты. Ф. Оңғарсынова «Тіршілік тамыры» атты очеркінде Президенттің ауыл жағдайын жақсарту жөніндегі Қазақстан халқына Жолдауына қолдау көрсету мақсатында ел өміріне сараптама жасап, сын-пікір айтқан.

Автор мұнда өзі туып, өскен ауыл тарихы мысалында кеңестік және тәуелсіздік тұсындағы елді мекендердің жағдайын салыстыра отырып, Елбасының Жолдауына орай өзіндік жаңа тың байламдар жасайды. Жерді сатуға, талан-таражға салуға қарсылық білдіреді. Сонымен бірге оның асты мен үстіндегі байлығы тұтастай халықтың, яғни мемлекет меншігінде болу керектігін дәлелдейді. Және де өз ойын «Мемлекеттік қайраткер, ғұлама ғалым, суреткер секілді ұлт мерейін өсірер жандардың басым көпшілігі – ауылдың түлектері. «Ұлылар ауылда туып, астанада өледі» дегендей, қаншама мәртебелі биікте жүрген бәйтеректей тұлға болса да, оның тіршілік тамыры – ауыл. Тамыры суалған бәйтеректің көктемейтіні белгілі.

Елбасының Жолдауы – ауыл мәселесіне арналған кешенді бағыт, ойға шақыру. Ендеше оны ой елегінен өткізіп, мақсаткерлікпен іске асыру – билік тізгінін ұстаған барлық деңгейдегі, барлық салада істейтін басшылардың ғана емес, еліміздің ертеңіне немқұрайды қарамайтын әрбір жанашырдың міндеті.

Сондықтан қазақ елінің әр азаматы айтылған шараларды екшеп, ойдағыдай орындалуына жауаптымыз деп қараса ғана, ауыл өмірінде келбетті өзгерістер болады» [10. 2 б.], – деп болашаққа нық сеніммен қарап, омтимистік сарында өз ойын тұжырымдайды.

Ф. Оңғарсынованың бұл орайда жазған екінші бір еңбегі Елбасының «Еуразия жүрегінде» атты кітабына рецензия ретінде баспасөз бетінде жарық көрген «Елбасы тегін адам емес» деген очеркі. Мұнда автор бірнеше оқиғаның басын біріктіріп, Елбасының кітабында жазылып отырылған мәселелердің дұрыстығына оқырман назарын аударады. Оның жеке басының іскерлігін, қасиеттілігін Атырау және Алматыға барғанындағы журналист Қойшығұл Жылқышиев пен жазушы Әбіш Кекілбаев айтқан әңгімелердің өміршеңдігімен байланыстырады.

Одан алған әсерін: «Еуразия жүрегінде» кітабындағы жүрек лүпілімен өрнектелген суреттер, мұхиттың түбінде жатқан інжудей ойлар, сезім лықсытқан толғаныстар баурап, теңіздің бірден тартып әкетер тылсымындай тұңғиыққа сүйрей жөнелді. Біз балалық жылдарымыз ауылдың сағымына оранып өскен ұрпақпыз ғой. Көбіне жалаңаяқ дала кезген, табанымызға кірген шөңгені жұла жүріп құс-қанат қиялдың жолынан тартып, ертегі әлемнің таңғажайып көгінде самғаудан танбаған жылдарымды тағы бір аралап қайтқандай болдым.» [12. 3 б.], – деп суреттей келіп: «Еуразия жүрегінде» кітабы – еліміздің шежіресі. Ендеше, бұл кітап бойынша мектептердің жоғарғы сынып оқушылары мен кәсіби орта білім беретін және жоғары оқу орындарының студенттері үшін арнайы курстар ұйымдастырылғаны дұрыс деп ойлаймын» [12. 3 б.], – деген ұсыныс жасайды.

Ф. Оңғарсынованың Елбасының Жолдаулары мен кітаптарына жазған бұл проблемалық очеркі мен рецензиясы профессор Т. Амандосовтың публицистика туралы «Публицистика – ақиқат өмірдің сырлы суреті, оның арқауы – шындық. Публицист өмірдің фактілері мен құбылыстарының бәрін бірдей, қалай болса солай жинақтай бермейді. Өзінің идеалына, жоғары саналылық мақсаткерлігіне керектілерін таңдап алып, шығармасына арқау жасайды. Бұл ретте ол өмір құбылыстарын өзінің дүние танымы мен әлеуметтік көзқарасы тұрғысынан саралайды. Бұл публицистің дүние танымы мен әлеуметтік көзқарасын ол өмір сүріп отырған қоғамдық орта белгілейді. Демек, ол өзі өмір сүріп отырған қоғамы тұрғысынан, өзінің табының мүддесі тұрғысынан келеді. Бүкіл публицистика, публицистің творчествосы қоғамдық өмірдің объективтік заңдылығының ықпалымен дамып отырады» [15, 16 б.], – деген анықтамасымен толықтай астарласып жатқандығын байқатады.



Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Басты тағылым – тәуелсіздік жағдайында тіршілік кешу ерекше жауапкершілік екендігін түсіну болса деймін. «Азаттық жолы – азапты, тәуелсіздік жолы – тәуекел» дегенді ұмытпайық. Тәуелсіздіктің ендігі тағдыры негізінен тоталитарлық қоғамның қайшылықтарын бойына сіңіріп үлгермеген жас ұрпақтың жауапкершілігіне байланысты.» [9, 6 б.] – деп айтқанын жадымызда ұстасақ, бәріміз де тәуелсіздігіміздің тұрлаулы болуына жауапты екенімізді ұмытпағанымыз абзал. Бұл жерде, әсіресе, әдебиеттің, публицистиканың алар орны, көтерер жүгі мен салмағы орасан зор. Ф. Оңғарсынованың публицистикалық туындылары да елдік мүддені көтере біліп, осы міндетке өзіндік зор үлесін қосты деген ғылыми тұжырым жасай аламыз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Үміт пен сенім ұясы // Социалистік Қазақстан. – 1989. – 15 қазан.

2. Санаға сілкініс керек // Лениншіл жас. – 1989. – 25 қараша.

3. Өз топырағындағы өгей бала // Социалистік Қазақстан.   – 1990. – 20 қазан.

4. Жүрекке жазылған жүздесулер // Социалистік Қазақстан.   1990. – 4 ақпан, – 1990. – 6 ақпан.

5. Қытайдағы қимас кездесулер // 10 томдық шығармалар жинағы. – 1991. – 8 т.

6. Ел болып қаламыз ба? // Социалистік Қазақстан.   – 1990. – 14 ақпан.

7. Наурыз – тазару күні // 10 томдық шығармалар жинағы. – 1991. – 8 т.

8. Тәуелсіздік – асқақ сөз, асқар ұғым // Егемен Қазақстан. – 1996. – 30 желтоқсан.

9. Тәуелсіздік толғауы: 1994 // Егемен Қазақстан. – 2001. – 27 маусым.

10. Тіршілік тамыры // Егемен Қазақстан.  – 2002. – 13 мамыр.

11. Оңтүстік туралы ойлар // Егемен Қазақстан. – 2002. – 31 мамыр.

12. Елбасы тегін адам емес // Егемен Қазақстан. – 2005. – 28 маусым.

13. Черепахов М.С. Проблема теории публицистики. – М.: Мысль, 1973. – С. 327.

14. Ыдырысов Т. Шеберлік бастауы. – Алматы: Мектеп, 1984. – 191 б.

15. Амандосов Т. Публицистика – дәуір үні. – Алматы: Қазақстан, 1974. – 274 б.

* * *

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет