Гүлсім Оразалықызы Нұртас Оңдасынов туралы естеліктер



бет15/21
Дата23.10.2016
өлшемі5,93 Mb.
#75
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   21

15. 08. 2001 жыл.
Зәкаш Камалиденов,

мемлекет және қоғам қайраткері

ӨЗІМЕ ҰСТАЗ САНАЙМЫН

Нұртас ағаны еске алғанда, маған жастық, мұнайшы өмірім көз алдыма елестейді. Мәскеуде 1958 жылы академик И.М.Губкин атындағы Мұнай институтын бітірдім. Дипломдық жұмысымды Мәскеудің механикалық зауытында 720 мм. Құбырдың сыртқы бетін тазалайтын машина жасап, алты айда бітіріп іске іске қостым.

Мұнай айдайтын құбырды машинамен тап-таза қылып, сыртын жылтыратып битуммен, руберойдпен орап жерге салу керек. Олай болмаса мұнай құбыры таттанады, тесіледі, ағады. Осы тақырып мені көп ойландырды. Екі жыл Эмбада өндірісте қызмет істеп, Мұнай институтына аспирантураға барып, ғылыми жұмыспен айналысуға бел байладым. Атырау облысының Жылой ауданы ең мұнайы көп жер. Қаратон кәсіпшілігі сол уақытта мұнайды мол шығаратын. Барлық мұнайды жинайтын жер, көптеген бес мың тонналық қазандар (резервуарлар), насостармен бірге «нефтекачка» деп аталады. Институттан кейін осы жерге аға оператор болып жұмысқа келдім. Тоғыз айдан кейін цех бастығы болып тағайындалдым. Мақсат Мәскеуге аспирантураға оқуға бару. Коррозия жөнінде аздап материалдар жинай бастадым.

1959 жылдың тамыз айында ертемен Гурьевтен облыстық партия комитетінен телефонмен бір кісі хабар айтты. Екі сағаттан кейін Қаратонға самолет барады. Сіз сол самолетпен тез Гурьевке келуіңіз керек. Сағат 10 –да Оңдасынов сізбенен сөйлеседі. Бұрын ол кісіні көрмегенмін. Қатты абыржыдым. Ол кісі маған не айтады, не сұрайды. Мен тек қана партияға кандидатпын. Осыдан бұрын Құлсарыға шақырылып аудандық партия комитетінде болғанмын. Бірінші хатшы Ерқожа Тауманов ағай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып кел деп шақырды. Мен оқығым келеді, ғылыми бағытқа барсам деген мақсатым бар деп, келісімімді бермедім. Бұл жөнінде талапты Нұртас аға өзі қояды деп ойлаған да жоқпын.

Мен бар болған 23 жастамын. Обкомда ұымдастыру бөлімінің бастығы Мұқашев ешнәрсе айтпай Нұртас Дәндібайұлына алып келді. Қабылдау бөлмесінде 10 мөнеттей тұрғасын біздерді шақырды. Үлкен кабинет. Отырған жерінен тұрып біздерге қарай келе жатыр. Маған пайғамбар келе жатқандай көрінді. Үстінде ақсары костюм. Нұрекеңді бірінші көргенім есімнен кетпейді. Қолымызды алып, амандасып отырғызды. Бірінші сұрағы мені өте таң қалдырды. «Қызылордадан келін әкеліпсің, Гуреьвтен қыз табылмады ма?» дегенде өте қысылып: «Ағай солай болды, тағдыр болар» дедім. Ол кісі түрегеліп келіп мені құшақтап: « Тойыңды жақсы өткізіпсің, Қаратонға бір химик-биолг оқытушы әкеліпсің, құтты болсын, бақытты болыңдар. Облыста оқытушылар, дәрігерлер жетіспейді. Мұнайшы жастарды оқытып, тәрбиелеп өсіруіміз керек» - деп сөзін бастады. Біраз уақыт комсомол туралы айтты. Ғани Мұратбаевтың өзінің өміріне үлкен әсер еткенін, ол кісінің ұйымдастырған Ташкенттегі жетім балалар интернатында оқығанын, Ғанидың сабақ бергенін толық әңгімеледі. Ғани қазақ жастарының көсемі. Жастар Ғанидан үйренулері керек деген сөздері маған үлкен әсер етті. Көптеген жылдар өтті Орталық комсомол Комитетінің бірінші хатшысы болып, Ғани Мұратбаевқа комсомолдың қаржысынан ескерткіш салдық. Ол Алматыды Оқушылар Сарайының алдында орналасқан. Авторлары: белгілі мүсінші Төлеген Досмағамбетов, атақты ахитектор Шота Уалиханов.

Қазір 29 қазанда комсомолдың туған күні, жастар күні болып Ғани ескрткішіне гүл шоқтарын қою әдетке айналып келеді. 1975 жылы Мәскеуде Ғани жерленген Ваганково мәйітінде ескерткішті зауытта жасаттырып, ВЛКСМ Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Е.М.Тяжельниковтың қатысуымен митинг өткізіп аштық.

Нұрекең Ғани, комсомол туралы айтып менің өміріме жаңа бағыт берді. Аудандық комсомол комитетіне баруың керек, адам боласың, көп нәрсені үйренесің деді. Сөйтіп, Нұртас ағайдың айтқан өсиетін тыңдап, Жылой аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып 1959 жылдың қыркүйек айында сайландым. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Губкин атындағы Мұнай институтын бітірген, атақты мұнайшы Рахмет Өтесінов ағалық қамқорлық жасады,үйретті. Ең үлкен мұнай ауданы болғандықтан негізгі жұмысымыз мұнайшы жастармен жұмыс жасау. Құлсары, Қосшағыл,Қаратон мұнайлы кәсіпшіліктерінде комсомолдың жастар бригадаларын құрдық, социалистік жарыс ұйымдастырдық.

Айта кетейін, комсомол жұмысына жас мұнайшы-инженерлерді әкелу Нұрекеңнің идеясы.

Облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы инженер-мұнайшы Есентаев Қожаниязға Нұрекең тапсырма берген екен. Сені Гурьев қалалық партия комитетінің екінші хатшылығына аламыз. Орныңа екі жас мұнайшы-инженер тап деп. Қожанияз Бәйтенұлы Жылыой ауданынан Аманғалиев Ибрагимді (Мұнай институтын Уфадан бітірген) және мені (екеуміз де Қаратонда бірге қызмет істегенбіз) Нұрекеңе табыс етеді. Сол мезгілден бастап космомол, партия жұмысына мұнайшылар келе бастады. Аманғалиев Ибрагим облыстық комсомол комитетіне екінші хатшы болып сайланды. Содан кейін Мәсекуде ВЛКСМ Орталық Комитетінде істеді, Алматыда Орталық Комсомол комитетінің хатшысы болды. Дипломатиялық Академияны бітіріп Индонезияда, Иранда, Алжирде Совет Елшілігінде қызмет атқарды. Егеменді Қазақстанның Ажербайжандағы елшісі болды. Негізгі тағанды қалаған, өмір жолын өзгерткен де Нұрекең еді.

Нұрекеңнің тағы бір шәкірті Есентаев Қожанияз Гурьев қалалық партия комитетінің екінші хатшылығынан өсіп Маңғыстау облыстық атқару комитетінің бірінші орынбасары, Өзен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып мұнай өндірісінде көрнекті еңбек етті.

Мені 1961 жылы қыркүйек айында Нұртас Дәндібайұлы шақырып, Облыстық Комсомол комитетіне бірінші хатшылықты ұсынды. Бұл жерде Нұрекеңмен қоян-қолтық қызмет істедім. Көп нәрсені үйрендім. Ол кісі дауыс көтеріп сөйлемейтін, бірақ тапсырмаларын түгел орындататын. Жастармен кездесуді дәстүрге айналдырды. Тоқсанына бір рет обкомның үлкен залына 200-дей комсомол жетекшілерін жинаттырып, олар алдында екі-үш сағат қағазсыз сөйлей беретін. Обкомның пленумдарында өзі қатысып сөйлейтін. Бір сөзінде Мағыстаудың мұнайын қалай игеру керектігін айта келіп, мынадай пікір айтқан: «Гурьев облысына коммунизм Ақтау қаласы арқылы келеді» деп. Нұртас ағаның осындай асыл сөздерінің дұрыстығын өмір көрсетті. Өте үлкен мұнай кендері, Өзен, Қаламқас, Қаражанбас, миллиардтаған қоры бар Теңіз ашылды.

Каспий теңізінің жағасында тамаша көркем Ақтау қаласы салынды.

Оңдасынов Гурьев облысында тек қана жастар ұйымының жұмысын жақсартып қана қойған жоқ, экономика, мәдениет білім саласына да біраз жаңалықтар енгізді. Халықтың әл-ауқатына зор мән берді. Обкомның пленум, бюро мәжілістері біздер үшін үлкен мектеп болды. Уақыт тәртібі қатаң, Нұрекең бос сөз сөйлеп тұрғандарды тоқтатып тастайтын. Суреттеп айтсақ, шыбынның ұшқаны естілетіндей тыныштықта өтетін мәжілістер. Кейбір мәжілістерге Республика, Одақ көлемінен министрлер шақырылатын.

Бір бюроның қалай өткені әлі есімде.1961 жылы шілде айында Жетібайда мұнай бұрқағы атқылады. Мұнайшылардың, әсіресе, Нұрекеңнің қуанышында шек жоқ. Ендігі жерде газ, мұнайға барлау жұмыстарын қарқынды жүргізу керек. Осы мәселе қаралатын бюроға Қазақстан Геология Министрі Шахмардан Есенов шақырылып, біраз мамандарымен қатысты. Министр мен мамандар алдына бұрғылау мен барлау жұмыстарын жеделдетуді мәселе етіп қойды, Оңдасынов. Оған олар бірден көнгілері келмей, түрлі сылтаулар айтып, оның ойына тежеу сала берді. Сол-ақ екен Оңдасынов тура министрдің өзіне қатал, қатаң талап қоя сөйлеп, түрлі сұрақтар астына алды. Біз, қатысып отырғандар Оңдасынов батылдығына таң қалыстық, өзімізге сабақ алдық, «Тура биде туған жоқ» деген осы-ау дестік. Ақырында, Нұрекеңнің талаптары бойынша шешім қабылданды.

Нұрекең Халық Комиссариатын басқарған жылдары ғылыми-зерттеу жұмыстарына үлкен мән беріп отырғанын біздер—мұнайшылар жақсы білеміз.

1949 жылы Гурьев қаласында академик Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен Ғылым академиясының көшпелі сессиясы болды. Онда Батыс Қазақстанның жер қойнауын кешенді зерттеу, бұл бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын қалыртастыру мәселелері қаралды.

Ал. 1959 жылы Оңдасыновтың белсенділігімен Гурьев қаласында Бүкілодақтық Ғылыми-техникалық конференция өткізілді. Мұнай мен газды іздеу, барлау, өңдеу мәселелрі жан-жақты қаралды. Академиктер Сәтбаев пен Яншин мұнай іздестіру аясын көне Ембіден басқа жерлерге, Атырау алабына қарай, ашылмаған теңдіктерді қамту жөнінде пікірлер айтты. Көп ұзамай осы аймақты да геологтар барлай бастады.

Мойындау керек, Нұрекең басшылығымен өткізілген осы ғылыми конференция қазіргі Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы ашылған мұнай алыптарының негізі болды. Сондықтан да Нұртас Оңдасыновтың Қазақстан мұнай мен газ өнеркәсібін дамытудағы ерен еңбегін зердеден шығармаған жөн. Нұртас аға мұнайлы Атырау, Маңғыстау елдерін жоғары дәрежеге көтеріп кетті. Бірақ бар ойын іс жүзіне асыра алмады, ерте зейнеткерлікке кетті. Тағы да он жыл қызмет еткенде Атырау мен Маңғыстау баяғыда гүлденіп кететін еді.

Мен Нұртас ағаны өзіме ұстаз санаймын. Тәрбиесін көп көрдім, ақыл-кеңесін тыңдадым. Еңбек жолымда ол кісіден алған «сабақтың» пайдасы көп тиді. Ұстазым—Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов менің өмірімде өшпестей із қалдырған адам».
Жәрдем Кейкін,

қоғам қайраткері, ғалым.
КЕМЕҢГЕР ТҰЛҒА
Ұлы Отан cоғысынан кейінгі жылдарда Гурьев облысының колхоздары мен совхоздарында қоғамдық мал саны өсіп, жазғы жайылым мен қысқы қоныс тарылды. Әсіресе, шөлді-шөлейт Маңғыстау өңірінде жағдай қиындады. Шаруашылықтар, аудандар мен облыстар аралық жерге орналасу шекарасы болса да, бірінің қонысын бірі рұқсатсыз пайдалану етек алды. Маңғыстау малшылары Ақтөбе облысының Үстіртпен шектес Сам құмына жыл сайын баса-көктеп кіріп, мал қыстатуды әдетке айналдырды. Өзара мәмілегерлік болмай, Сам құмы аймағын Гурьев облысының әкімшілік-территориялық құрамына енгізу туралы мәселе Республика Үкіметінің алдына қойылған. Сәті 1949 жылдың жазында түсті.

Батыс Қазақстан өлкесіне іссапармен шыққан Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов, жанында бес-алты министр нөкері бар, Ақтөбе қаласынан бастап Байғанин және Шалқар аудандарын, Сам құмын, байтақ Үстіртті автокөлікпен апта бойы аралап, жер-су жағдайы, мал шаруашылығының жай-күйі және малшылардың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалымен танысып, жол-жөнекей Жылыой ауданына тоқтады. Бұл Үкімет басшысының аудан жұртшылығымен алғаш кездесуі еді.

Аудан орталығында мәжіліс өткізілді. Ауыл шаруашылығының жайы туралы аудандық атқару комитетінің төрағасы хабарлама жасап, шешімі шиеленіскен біраз мәселені көтерді. Нұрекең ұқыпты тыңдады, айтылған өтініштер мен ұсыныстарды зерделеп, оң шешім табуға көмекшілеріне тапсырма берді. Мәжіліс қорытындысында өзі сөйледі. Біз ұйып тыңдадық.

Нұртас Дәндібайұлы бас-аяғы жинақы, қысқа да нұсқа сөзінде ауыл шаруашылығын жаңа дәуір талабына сай үдемелі өркендету және экономикалық тиімділігін арттыру жолдарын саралап, ауыл мәдениетін көтеру және еңбекшілердің әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсарту шараларын талдап, келелі кеңес берді.

Алматыға оралған соң Нұртас Дәндібайұлының ұсынысы бойынша Сам аймағын түгелдей Гурьев облысының құрамына беру туралы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі өкім шығарды. Республика Үкіметі шөлейт жайылымдарды суландыру жұмысына қосымша күрделі қаржы бөлді. Сол кезден бастап облыста су шаруашылығының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, қарқынды дамуы басталды.

Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің облыс басшыларын нығайту шешіміне байланысты Н.Д.Оңдасынов елу бесінші жылы Еңбекшілер депутаттары Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағалығына, елу жетінші жылы Облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланды. Мемлекеттік дәрежеде бай тәжірибелі қайраткер Нұрекең жаңа жұмыста сыналған, жетілген басшылық үлгісін көрсетті. Облыстың мұнай, ауыл және балық шаруашылық өндірістерінің тізгінін тең ұстады, қоғамдық-әлеуметтік өміріне жаңа әр және нәр берді.

Ауыл шаруашылығы саласында экономикасы мешеу, шаруашылығы шағын колхоздар біріктіріліп, ірілендірілді. Өндірісті шоғырландыру және мамандандыру жұмыстары қолға алынды. Аграрлық өндірісті ғылыми негізде жүргізу мақсатында республикаға танымал білікті оқымыстылар шақырылып, облыстық ауыл шаруашылық ғылыми-тәжірибе бекетінің жұмысы жолға қойылды. Жайық өзені бойында арналар қазылып, суармалы егіншілік дамыды. Қалалар мен елді мекендерді жаппай көгалдандыру басталды.

Балық шаруашылығының өзекті мәселелерін шешуде, Каспий теңізі мен Қиғаш өзені саласын бірлесіп, ұтымды пайдалануда Ресейдің көршілес Астрахан облысының басшыларымен ортақ мүдделі тіл табысылды. Екінші жағынан, Қазақ КСР Балық шаруашылығы министрлігінде көптен шоғырланған күрделі мәселелердің түйінін шешуге көмек көрсетіледі. Өте күйзелісте отырған балықшылар тұрмысын жақсартты, балықшылар ауылын жаңа қонысқа көшірді, үйлер салып берді, кәсіпшілікті құрал-саймандармен жабдықтады.

Мұнай мәселесін, оның ішінде барлау мен бұрғылауды республикалық деңгейге мәселе етіп көтерді. Тек қана мұнай проблемасына байланысты пленумдар мен конференциялар өткізді. Нұрекең жиі айтатын: «Мұнайды көтеру үшін маманды көтеру керек», – деп. Жер-жерден талабы бар жастарды тауып, Мәскеуге, Ленинградқа оқуға жіберді.

Бұрғышылар мен барлаушыларға жағдай жасауды аудан басшыларынан қатаң талап етті. Өзіміз сонау қойнау-қойнауда, құм ортасында жатқан барлаушыларға Нұрекең тапсырмасымен талай барғанбыз. Мамандардың тұрақтанып қалуы үшін бар жағдайларды қарастырып, кем-кетігін дер кезінде толтырып отыратынбыз. Есімде, барлау алаңында бала саны толмаса да бастауыш мектеп ашып, кластарды ұстап тұрғанымыз. «Министрге өзім жауап беремін, барлаушылардың балалары оқитын болсын!» - деген Нұрекеңнің бір ауыз сөзімен атқарылып жатты. Тағы бір көтерген мәселесі, мұнайшылардың жалақысы мен жер жағдайының қолайсыздығына қосылатын үстеме ақы. Министрліктер алдына мәселе етіп қойып, оны да шешті.

Нұрекеңнің кезінде Жылыой ауданынан Алтыкөл, Қарсақ, Қараарна кеніштері ашылды. Аудан үшін абырой болды. Ал, бұрғылау Боранқұл, Ақтөбе, Арыстан, Прорва, Үлкентөбе, Қырықмерген, Сарықұм, Сарға, Ақтөбе, Қарасор, Морская, Каменная, Арыстан алаңдарында барлау жүргізілді. Осының нәтижесінде, 1960 жылдың 11 тамызында Прорва алаңының №1 төтелінен мұнай бұрқағы атқылады. Осы мұнай кеніштері негізінде Прорва мұнай-газ өндіру басқармасы құрылды.

Мен Жылыой аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығына жетекшілік міндеті жүктелген екінші хатшысы едім. 1958 жылы маусым айының алғашқы күндерінің бірінде Нұрекең: «аудан партия-шаруашылық активінің жиналысын өткізу керек. Ұсынылатын мәселе ауыл шаруашылығының қазіргі жайы және алдағы міндеттер. Дайындық мерзімі – төрт тәулік. Жиналысқа өзім қатысамын…», – деді. Аупарткомның бірінші хатшысы кезекті еңбек демалысында. Ақылдасуға аудандық атқару комитетінің төрағасы Мұса Назымовқа бардым. Нұрекеңнің тапсырмасын жеткіздім. Жасының, лауазымының үлкендігін айтып, жиналыста баяндама жасауын өтіндім. Әншейінде билікке құмар Назымов ат-тонын ала қашты, «өзің, өзің...» дей берді, қолын сілтеп.

Мен болсам бір оқиға есіме түсіп ойланып, қобалжып қалдым. Оқиға жоғарыда айтқан, Үстіртпен етектес жатқан Сам жайылымының мәселесін шешуге келген 1949 жылғы сапарда болған. Сапар аяғында Жылыой ауданының орталығы Қосшағыл кәсіпшілігінде мәжіліс өтті, онда ауатком төрағасының орынбасары сөзшең Ақаш Сейталин хабарламасының бастауында «ірі мүйізді қара» дегені сол-ақ еді Нұрекеңнің қалыпты мінезі нілдей бұзылып, «қара малыңның мүйізі ірі ме, өзі ірі ме?» - деп, бір тоқтатты. Ақаштың құты қашты, сөзінен дәм кетті, сүріне берді, сүріне берді. Жағдайға, хабарламаға қанағаттанбаған Үкімет басшысы қабағын ашпады, қатулық танытты. «Жұмысты осылай бейберекет атқарсаңдар, шай ішкенде де тер шықпайтын жерге жібереміз!» - деп, қатаң ескерту жасады. Содан бері сегіз жыл өтті.

Сондай оқиға менің де басыма туғалы тұр ма деп қобалжыдым. Әдетте облыстың бірінші басшысы іссапармен ауданды аралағанмен, алқалы мұндай жиылыстарға қатыса бермейтін. Нұрекеңнің бұл жолғы сапары қатты толғантты әрі ойландырды. Сындарлы сыннан өтерімізді бәріміз де жақсы сезіндік.

Жиналыс белгіленген мезгілде басталды. Күн тәртібі бекітілгеннен кейін баяндама жасауға мінберге таяу барғанмын. Кенет Нұртас Дәндібайұлы баяндама қай тілде оқылатынын сұрады. Жиналысты орыс тілінде сөйлеп ашқанымда ескертпе жасамаған басшының ойда жоқ сауалына бір сәт тосылдым да, аудан орталығында өтетін конференция, пленум, сессия мәжілістері орыс тілінде жүргізілетінін, дағды бойынша баяндама сол ортақ тілде оқылатынын айттым. Ол: «Байқайсың ба, жиналысқа қатысушылардың дені қазақ және мәселе қарапайым ғана жұмыс жасайтын ауыл шаруашылығы туралы. Демек, қазақша сөйлеу керек!» – деді. Мен көмек күткендей залға қарадым. Отырғандардың көбі жасы үлкен сыйлас ағалар, тұйыққа тірелген күйімді ескерер, қиындықтан құтқарар деп ойладым. Үмітім ақталмады. Қайта: «Дұрыс, дұрыс!» – десті бірқатары. Шаршы топ алдында қысылғанымды қызықтауға көшкендей: «Қазақша, қазақша!» – деп дауыстады енді біреулері. «Естіп тұрсың ғой,--деді Нұрекең нығыздап.—Көпшіліктің пікіріне құлақ ас. Баяндамаңды қазақ тілінде жаса!»

Шегінерге жер қалмады. Ойымды жинақтап тәуекелге бел будым. Абырой болғанда қағазға түсірілген өз ойым, өз топшылауларым,өз сөзім, үтір, нүктелері орын-орнына қойылып өзім жазған мәтін, цифрлар да жадымда жатталған. Баяндау желісінен жаңылмау үшін анда-санда мәтінге көз саламын да, сөзімді жалғастыра беремін. Залда шыбынның ұшқаны естілердей тыныштық. Тыңдаушылардың не ойлағанын кім білсін, өзім мүдірмеуге тырыстым. Белгіленген мерзім—қырық бес минутта, дәлме-дәл баяндауымды аяқтағанымда иығымнан бес батпан жүк түскендей жеңілдендім. Ол кездің жан-дүниемде болған тебіреністі басуға, сезім толқуын саябырлатуға, бойды еркін ұстап, сөзді жамыратпауға, қанша күш салғанымды бір Құдайдың өзі біледі. Әйтеуір, ой мен жігерімді сәулелі сенім жетелегені хақ.

Баяндама қызу талқыланды. Көтерілген мәселелер сөйлеушілер тарапынан қолдау тапты, қосымша ұсыныс-пікірлер айтылып толықтырылды. Сынға ұшыраған тұстары да болды.

Нұртас Дәндібайұлы қорытынды сөзінде ауыл шаруашылығы өндірісіне жаңа техника мен технологияны ендіру арқылы техникалық прогреске қол жеткізу жолдары, ауыл мен қала аралық байланысты нығайту шаралары туралы айтты. Жиналыста жасалған баяндамаға қанағаттанғанын білдіріп, баяндаушының атына жылы лебізді мадақ сөз айтты. Бұл партия қызметкері ретінде үлкен сыннан өтуім еді. Содан кейінгі жылдарда Нұртас Дәндібайұлы қандай қызмет басында жүрсем де, мені рухани демеді.

Осылай Нұрекеңнің «мектебінен» сабақ алып, сынағынан өткен, шыңдалған шәкіртінің бірі санаймын өзімді.

...Жалған дүние баянсыз. Адам баласы өмір көшінің жолаушысы. Біреуден өшпестей өнегелі із, біреуден өрнекті сөз қалады. Тек дана тұлғалар халықтың тарихына алтын әріппен жазылмақ. Солардың бірі—Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов!».


СӘБИТ ЖАДАНОВ,

зейнеткер
ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ АЯУЛЫ ПЕРЗЕНТІ
Мәскеуде Қазақстанның тұрақты Өкілдігі төрағасының орынбасары қызметін атқарған жылдары Оңдасынов туралы Қонаевтан жылы пікірлер естуші едім. Кейін Оңдасынов соңғы қызметі — Гурьев обкомының бірінші хатшылығынан босап, Мәскеуге біржола қоныс аударғанда да Димаш Ахметұлы осында келген сайын онымен үнемі хабарласатын.

Бірде Қазақстан өкілдігіне орта бойлы, қимылы ширақ, ақ құбаша, қартаңдау адам келді де, өзін «Оңдасынов» деп таныстарды. Аса қарапайым, сабырлы да салмақты. Мінезге бай, зиялы екені көрініп тұр.

- Өтешқали өзінде ме?- деді күміс қоңыраудай сыңғыр еткен даусымен.

- Өзінде, - деп, бастықтың кабинетіне апарып кіргізіп жібердім.

Онан соң көрген жоқпын. Сірә, Қазақстанның тұрақты өкілі Өтешқали Атамбаевтан шыққан бойда кетіп қалса керек. Жұмыс соңына таман Өтекең мені шақырып:

- Мана, осында, Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов келіп кетті, - деді.

- Хабарым бар.

- Бір өтініш айтты, бірақ қиындау, орындай аламыз ба, жоқ па, білмеймін. Біздегі бастауыш партия ұйымына есепке тұрғысы келеді. Біздің ауданда болса ештеңе емес қой, пәтері басқа - Бауман ауданында екен. Не істейміз?

- Қайдам, - деп күмілжідім.

- Былай етейік, - деді онан соң, қай қиындықтан да жол таба білетін Өтекең, – Алдымен Бауман аупарткомына өтініш жолдайық. Есеп секторы көнбесе, бірінші хатшысына барамын. Егер ол да қыңыраятын болса, не Димекеңе хабарлаймыз, не Сусловқа шығамыз. Оңдасыновтай адамның бір өтінішін орындауға жарамасақ, бізге сын.

- Есепте Бауман ауданында-ақ тұра бермей ме? - деген сөз шығып кетті аузымнан.

- Пәлі, Сәбит, - деді Өтешқали маған ойлана қарап, - Сен не, Нұрекеңдікі туған республикадан қол үзбеу ғой. Осында неше түрлі сабаздар есепте тұрған жоқ па? Көмектесейік, бір амалын жасайық қайтсек те!

- Жарайды. Маған не бұйырасыз?

- Саған ба? Бауман аупаркомына хат әзірле. Қол қойып беремін. Ертең азанда жолшыбай тапсыра келесің.

Дереу хатты дайындап, бастыққа қол қойдырып алдым да, ертеңіне Бауман аупарткомына апардым. Есеп секторының меңгерушісі мұндай нәрсе қолынан келмейтінін айтып, екінші хатшыға сілтеді. Екінші хатшы тез қабылдағанмен, Оңдасыновты басқа ауданға тіркеу Жарғы ережесіне қайшы деп, ол да сыпайылап бас тартты. Қызметке тауым шағылғандай боп оралысымен бастыққа кіріп, баян еттім.

Онда түстен кейін аупарткомның бірінші хатшысына өзім барамын, - деді Атамбаев салған жерден.

Атамбаев сол күні Бауман аупарткомының бірінші хатшысына барып, мәселені шешіп қайтты. Мені шақырды. Бардым. Ағамыз көңілді.

- Бәрі дұрыс, Нұртас Дәндібайұлымен хабарлас, - деп, үйінің телефонын берді.

Хабарластым, айттым.

Ертеңіне Оңдасынов Қазақстанның тұрақты өкілдігі жанындағы бастауыш партия ұйымына тіркелді. Ұзақ жыл республиканың екінші басшысы болған үлкен адамның сондағы балаша қуанып, мәз болғанын көрсеңіз.

Міне, содан бастап Нұрекеңмен жақын танысып, бірге тумасақ та туғандай, аға мен інідей жүріп жаттық. Ағамыз коммунистік идеалға шын берілген, тәртіптің, тазалықтың символындай кісі екен. Ай сайын бір рет міндетті түрде өтетін бастауыш ұйым жиналысы мен саяси сабақтан қалмайды. Аппаратта істеп, зейнетке шығып, Нұрекең секілді осында тіркелгендер көп-ақ. Мәжіліс залы үнемі толып отырады. Нұрекеңнің орны қашанда президиум. Қандай мәселе талқыланбасын, бәйгеге түсер жүйріктей баптанып, топ жара сөйлейді. Білгенін бүкпей, ортаға салады. Әлдебіреулердің жеке ісі қаралған тұста арқаланып кететіні сондай, түк кінәсі жоқ былайғы жұрттың бәрі кіретін тесік таппай тыпыршиды.


  • Міндетіміз біреу – міреуді атып-асу емес, қателігін ұқтырып, тезге салу,- деп түйіндейді сөзін Нұрекең.

«Қандай жаза лайық, ұсынысыңызды айтыңыз», - дегенде: «Әзірге ескерту жарар»,- деп бітіреді.

Не керек, Оңдасыновтың арқасында партия ұйымының жұмысы көп ширап, бұрын солқылдақтау өтетін жиналыстар мен насихаттық семинарлар жандана түсті. «Құдай белсендіні берді ғой бізге», - дейтін күңкіл-сүңкілдер де естіліп қалып жүрді. Алайда, сол кездің өлшемімен қарағанда, партия ұйымы жұмысының әлдеқайда жақсаруы алдымен өкілдік, қала берсе, күллі Қазақстанның абыройы еді. Өкілдікте тек мемлекеттік міндеттер жүзеге асырылатынын ескерсек, бұлар аз олжа емес-ті. Бір күні Қонаев өкілдікке телефон соғып: «Сен неге Нұртас Дәндібайұлына үй бермейсің?» - десін маған, әзіл шыны аралас. Мен сасып қалдым да, ізінше: «Ол кісі үй жайында ештеңе айтқан жоқ қой», - дедім. «Ендеше, сенің жүгіңді жеңілдету үшін маған айтты. Кезектен тыс үй беріңдер», - деді.

Айтты, бітті. Өкілдік есебінен балаларының жанынан екі бөлмелі пәтер әпердік. Кезінде кооперативтен сатып алған үш бөлмелі пәтерін бауырына басып өсірген тұңғыш немере қызына қалдырды. Жаңа пәтеріндегі қоныс тойын бірге тойладық. Зайыбы Валентина Васильевна өте сауатты, ақылды, жасы сексеннен асса да өңін бермеген, қазақтың әдет-ғұрпын жақсы біліп, құрметтейтін көргенді адам еді. Қолынан талай дәм таттық.

Қазір Мәскеуде он мыңдай қазақ тұрады. Олардың ішінде біртуар тұлғалар Ә.Бөкейханов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Нұрмақов, Ш.Серғазиев, Ж.Шаяхметов, И.Тәжиев, И.Шәріпов, Ж.Досмағанбетов, О.Қарашаев, Е.Бекмаханов сынды алаш азаматтарының ұл-қыздары, немере-шөберелері, Нұртас Оңдасыновтың да екі ұлы, олардан өрбіген үрім-бұтақтары бар. Үлкен ұлы тарихшы, ғылым докторы, Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас туралы кітап жазуда, кіші ұлы ғылым кандидаты, инженер, өздері өмірбақи Мәскеуде тұрған, аналары орыс болса да, атажұртпен байланысы бар, Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына жиі араласады.

Иә, өмір бір орында тұрмайды, ұрпақ алмасады, алдыңғы толқын орнын артқы толқын басады. Бір кезде қатар жүріп, дәм-тұздас болған, халқымыздың аяулы перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов та бақилық бүгінде. Жарқын тұлғасы көз алдымызда, кісілік пошымы көкейде. Әйтеуір, сондай арыстарды туған жұрты ұмытпай, жадында сақтап жүрсе игі!



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет