Гүлсім Оразалықызы Нұртас Оңдасынов туралы естеліктер



бет8/21
Дата23.10.2016
өлшемі5,93 Mb.
#75
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   21

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ
Қазақ ССР Жоғарғы Советінің шешіміне сәйкес 1938 жылдың маусым айында мен Қазақ ССР Халық Комиссарлар Советіне қызметке орналастым. Ол кезең – елді индустрияландыру жөніндегі алғашқы екі бесжылдықтың артығымен орындалып, ауыл шаруашылығын коллективтендіру істері аяқталып, халықтың тұрмысы әжептәуір жақсарған кезі еді. Бұл жағдай үшінші бесжылдықта күрделі істер тындыруға даңғыл жол ашты. Оны қалтқысыз орындап шығуға совет халқы зор ықыласымен, қажымас барлық қайрат-жігерімен іске кіріскен-ді.

Үшінші бесжылдықта еліміздің шығыс аудандарының өркендеуіне айрықша көңіл аударылған. Қазақстанның үлесіне бұрын-соңды болмаған міндеттер жүктелген.

Ұлан-байтақ Қазақстанның көп салалы халық шаруашылығымен, мәдениетімен, өнерімен толығырақ танысуға бір-екі жылдай уақыт кетті. «Ойдан ой туады» дегендей, бұдан республиканың алдында тұрған алып істерді мүлтіксіз атқару үшін алдымен ғалымдарға, білгіш мамандарға, қолдарынан өнер тамған сауатты қалың бұқараға сүйену қажет екені байқалды.

Ол кезде Қазақстан мұндай кадрларға өте мұқтаж еді. Осы мәселелерді шешу, алдымен ғылымды ұйымдастыру қамын ойлау, әрі тез ойлау қажет болды. Бұрын орман шаруашылығы саласында істеп жүрген кезімде баспа беттерінен геолог Қ.Сәтбаевтың бірнеше мақалаларын оқығаным барды. Ондағы геология саласына байланысты тың ойлары мені елең еткізген еді. Енді сол есіме түсе кетті. Сұрастырып қарасам, ол кісі Жезқазғанда болып шықты.

Ол кезде темір жолмен жүрушілерге Жезқазған Алматыдан гөрі Москваға жақынырақ болатын. Сәті келіп 1941 жылдың бас кезінде Қанекеңмен алғаш рет Москвада кездестік. Көп сөйлестік. Оның үлкен маман екені, жан-жақты хабардар адам екені маған жақсы әсер етті. Мен кейінге қалдырмай, сол әңгіменің үстінде оған Қазақстан үкіметінің атынан СССР Ғылым академиясының Алматыдағы филиал президиумы төрағасының орынбасарлық қызметін ұсындым. Қанекең көрсеткен сенім үшін алғыс айта келіп, ұсынысты іркілмей шын ықыласымен қабылдады. Біраз уақыттан кейін Қазақ ССР Ғылым академиясы құрылғанша Қанекең сол филиалдың президиумы төрағасының қызметін абыройлы атқарып келді. Ол филиалға келген күннен бастап СССР Ғылым академиясымен Қазақстанның байланысы күшейе түсті.

Қырқыншы жылдары кейбір одақтас республикаларда ғылым ордалары құрыла бастады. Соған байланысты қазақ оқымыстыларының арасында Қазақстан бұл жағынан кенже қалып отыр дегендей наразылық сезіле бастады. Осыны еске алып, ғылым ордаларының істерімен танысу үшін жан-жаққа кісілер жіберілді. Бір топ кісі Өзбек ССР Ғылым академиясының жағдайымен толық танысып қайтты.

Қазақ ССР Ғылым академиясын ұйымдастыруға қажетті дайындықтар жүргізу үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Халық Комиссарлар Советінің қаулысымен үкімет комиссиясы құрылды. Оның төрағасы орынбасарларының бірі болып Қанекең тағайындалды. Қазақстанның басшы органдары комиссияға аса қиын, бірақ игілікті міндеттер жүктеді.

Бұл кезде республикада ғылыми дәрежесі барлар жоқтың қасы болатын. Сондықтан аз уақыттың ішінде ғылымға бейімі бар талапты жастардан аспирантура және докторантура арқылы ғылыми кадрларды мол даярлап шығару тапсырылды. Келешек ұлттық академияның алғашқы құрамы тек доктордан, олардың ең кемінде 50 проценті жергілікті халықтардың өкілдерінен болуы шарты ескертілді. Осымен қатар академия материалдық жағынан толық қамтамасыз етілетін болсын делінген. Осындай көкейкесті игі талаптар комиссияға жүктелген қиын міндеттерді ойдағыдай атқарып шығуға нақтылы ықпалын тигізді.

Шынын айту керек, Қазақстан үкіметі жоғарыда айтылған күрделі шараларды іске асыруда еш нәрсе аяған жоқ, қаражат керегінше тоқтаусыз беріліп тұрды. Сол кездегі мүмкіншіліктің таршылығына қарамастан жаңадан ашылған ғылым ұялары тиісті жайлармен, ғалымдар дер кезінде пәтерлермен қамтамасыз етіліп отырды. Еліміздің белгілі архитекторы А.В.Щусевтің басқаруымен осы күнгі Қазақ ССР Ғылым академиясының бас ғимаратының жобасы жасала басталды.

Комиссия өзінің барлық жұмыстарын СССР Ғылым академиясымен ақылдаса отырып жүргізді. Ұлттық ғылыми кадрларды тәрбиелеуде, Қазақстан Ғылым академиясын құру істерінде, оның жұмысын жолға қоюда СССР Ғылым академиясының орны айрықша. Осы істердің басынан аяғына дейін оның сол кездегі президенті В.Л.Комаров, вице-президенті И.П.бардин, академиктер И.И.Мещанинов, А.М.Панкратова тағы басқалары тікелей қатынасып отырды. Соғыс жылдары бұл байланыс бұрынғыдан да нығая түсті.

СССР Ғылым академиясы президиумы Свердловскіде болғанымен, академиктердің көбісі Қазақстанда – Бурабай мен Алматыда болды. 1942 жылы Бурабайдағы академиктерге сәлем беруге арнайы барып, олардың ғылыми-зерттеу жұмыстары жемісті жүріп отыруына қолайлы жағдай жасап, басқа да мұқтаждарын өтеп қайттық. Аса қиын кезеңде ғылымға деген Қазақстанның қамқорлығы жөнінде академиктердің ризалық алғысы олар Москваға қайтар кезде Қазақстан үкіметі мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің аттарына жазған қоштасу хатында жылы сүйінішпен айтылған.

Қазақстанның өндіргіш күштерін мейлінше арттырып, оның байлығын соғыстың мұқтаждарына кең пайдалану мақсатымен академик И.П.Бардин, Қанекең басқарған көп салалы аралас комиссиялар құрылды. Олар аса пайдалы жұмыстар атқарды.

Қиыншылық үстінде жақындасқанның, достасқанның қадірі айрықша болады екен. Соғыс кезінде екі жақтап Отанның қажеттерін өтеу жолында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып істес болған СССР Ғылым академиясы өзіміздің үйіміздей, оның президенті Владимир Леонтьевич үлкенімізге – аға, кішімізге – ата болып кетті. Олармен жиі кездесіп тұрмасақ, сағынатын болдық.

Владимир Леонтьевичпен тағы бір сәтті бас қостық. Біраз мәселелер жөнінде кең ақылдастық. Қоштасар алдында мен:

– Қымбатты Владимир Леонтьевич, үлкен академия – бәрімізге ортақ ғылым ордасы ғой, онда қазақ халқының да өкілі болса, ол академияны зейнеттер еді-ау, – дедім. «Кіміңіз бар?» – деп сұрады президент. Мен:

– Мына алдыңызда отырған Қаныш Имантаевичтің кандидатурасы Академияға өте-мөте жарасымды сияқты, – дедім, «Бұл нақтылы ұсыныстарыңыз ба немесе ақылдасу үшін айтылып отырған пікір ме?» – деді ол. «Әлбетте, ақылдасу үшін», – дедім мен. «Олай болса, – деді Владимир Леонтьевич, – Қанекеңді академикке ұсынуға менің ешбір қарсылығым жоқ, бірақ оның жауапкершілігін мойныма ала алмаймын, егер кореспондент-мүшелікке болса, онда мені оған жауапты деп есептеңіздер». Мен президент ағаға Қазақстан Үкіметі атынан алғысымды айта келіп, сол жерде Қанекеңді СССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшелігімен қызу құттықтадым.

Владимир Леонтьевич сол күні бізбен бірге түскен суретті (мен, Қ.И.Сәтбаев, В.А.Белый – сол кездегі Қазақстанның Москвадағы тұрақты өкілі) өзінің ғылыми еңбектерінің бір томында жариялапты. Бұл – ол кісінің қазақ халқына деген ізгі сүйіспеншілігінің айқын нышаны сияқты. Біздер үшін аса қымбат осы сурет Қазақ Совет энциклопедиясының 6-томының 270-бетінде де басылыпты.

СССР Ғылым академиясы мен Қазақстан үкіметінің бірнеше жыл бірге іске асырған шаралары республикада ғылым ошағын орнатуға мүмкіндік әкелді. Қазақ ССР Министрлер Советінің қаулысына сәйкес 1946 жылдың 1-ші маусымында үлкен салатанат үстінде қазақ халқының ұзақ тарихында тұңғыш ғылым ордасы – Қазақ ССР Ғылым академиясы ашылды. Сөйтіп халқымыздың бұл ұлы арманы да совет заманында қуанышты орындалды.

СССР Ғылым академиясының ғалымдары жас кадрларды үйретумен ғана шектелмей, олардың кейбірі жаңа ұлттық Академияның ұйтқысы болды. СССР Ғылым академиясының академигі В.Г.Фесенков, корреспондент-мүшесі Г.А.Тихов Қазақ ССР Ғылым академиясының тұңғыш құрамының академиктері болып сайланды. Олар Қазақстанда жаңа ғылым салаларын ұйымдастырып, дамытты. Риясыз еңбектерімен ғылым ордасының шаңырағын көтеріскен аса көрнекті ғалымдардың арасынан И.П.Бардин, С.И.Вавилов, И.И.Мещанинов, В.А.Обручевтер құрметті академиктері болып өтті.

Қорыта келгенде, СССР Ғылым академиясының Қазақстанда ғылымды дамыту, ол үшін көрнекті ғылыми кадрлар даярлау, республиканың сан алуан байлықтарын Жеңіс мүдделеріне толығырақ жұмсауға сіңірген еңбектері өз алдына айрықша әңгіме етуге тұрарлық құбылыс.

Қанекең алдымен үлкен ғалым еді. Оны бұл дәрежеге жеткізген – оның еңбексүйгіштігі мен ізденімпаздығы. Ешбір табыс өзінен-өзі келмейтінін жақсы білген ғалымның қағидасы – «Бейнетте – береке» болған. Ол алға қойған мақсатына тезірек жету үшін білімді білетіндерден танбай үйренген, үлкен ғалымдарды пір тұтқан, соларға ұқсауға тырысқан. Білмегенін білуге асығу оны дәйім ізденіске әкеліп отырған. Оның барлық әрекет-тірлігі тек күн көру үшін емес, халқына ғылыми жаңалықтар табу жолына бағытталған. «Қанекең жаңалықты жанындай көретін жан еді», – дейді академик Е.А.Букетов. осының растығын дәлелдей алатын фактілер аз емес.

Қанекең Отанымыздың ғылымына өзінің лайықты үлесін қосып кетті. Оның есімі өзіміздің елде ғана емес, көптеген шет елдер ғалымдары арасында кең белгілі еді. Шығыс совет республикаларынан бірінші СССР Ғылым академиясының академигі болды. Бұл қазақ халқына үлкен абырой мен қуаныш әкелді, ғылыммен кеңірек шұғылдануға талпындырды. Сөйтіп, Қанекең совет ғылымының аса көрнекті өкілі ретінде тарихтан өзіне тән лайықты орнын алды, халықтың өнегелі перзенті болып ұрпақтар есінде мәңгі сақталады.



«Зерде», №4, 1989 жыл.

Екінші бөлім



ЖАҚСЫ АДАМ МЕНІҢ ЖАДЫМДА
Әбділда ТӘЖІБАЕВ,

Қазақстанның халық жазушысы.

НҰРТАС ОҢДАСЫНОВ
Пенсияға кетем деп ойламаған -

Басын іске бағыштап қойған адам.

Басқамызша мақтатып өзін-өзі,

Елу жасын шулатып тойламаған.


Көрген емес ешкімге өзін пұлдап,

Алдамайтын көзімен я жылпылдап.

Мол тануға, білуге құмартатын,

Үлкеннің де, кішінің сөзін тыңдап.


Көп аралап кететін кең өлкесін,

Көру үшін байтақ жұрт берекесін.

Егіншімен қырманда бірге түнеп,

Қызықтасқан қойшының мерекесін.


Алай-түлей ақборан соққан қарда,

Айдалада қос тігіп жатқандарға

Сәлемдесе баратын, жәрдемдесе,

Сарыарқаға Сырдан жол тартқандарға.


Астанам деп сүйетін Алматысын,

Тек жақсылық іздейтін Алматы үшін,

Ортасынан өткізсем деп ойлайтын,

Айдап әкеп Іленің аққан күшін.


Сол арманшыл адамды Нұрекем деп,

Сыйлаушы едік азамат, ер екен деп.

Бүгін-дағы сүйсініп сөз етеміз:

Тұр екен деп, Мәскеуде, тірі екен деп.


1976 ж.

Бектас Шынарбаев,

бала күнгі досы:


«НҰРТАСПЕН МАҚТАНАМЫН»
Ташкенттен (Нязбек көшесі, нөмірі бірінші үй) 1920 жылдың көктемінде жетім-жесір, кедей балаларына арнап нөмірі 14-жетімхана ашылды. Бұл жетімхана қазақтың аяулы азаматы, қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында қыруар шаруа бітіріп, артына өшпес із қалдырған Ғани Мұратбаевтың бастамасымен, ұйымдастыруымен ашылған болатын. Ол ашылысымен алғашқылардың бірі болып жетім балалар санатында мен де қабылдандым.

Ал, Нұртас бізге 1920 жылдың маусым айында келді. Ол кезде Нұртас сұңғақ бойлы, ашық жүзді қараторы, жасы 15-16-ға келіп қалған бала екен. Неге екенін білмеймін, Нұртастың алғаш келген күні менің жадымда жатталып қалыпты. Жетімханаға Нұртас және Өмірзақ Орымбетов деген бала екеуі бір күнде келді. Олар келген кезде балалар түскі тамақтарын ішіп жатқан болатын. Алдын ала белгіленген тәртіп бойынша күн сайын екі бала асханада кезекші болады. Сол күні асхана кезекшісінің бірі — Райымбек Ахметов деген бала еді. Балалардың жапатармағай тамақ ішіп жатқанын көрген екеуі оларға жәутеңдеп қарап, дәметіп-ақ тұр. Соны сезе қалған Райымбек: "Сендер бүгінгі тамақ беру тізімінде жоқсыңдар, сонда да болса бір есебін қарастырып көрейік" деп, – асханаға кіріп кетті де артынша екеуіне екі тарелка сорпа, екі турам қара нан әкеп берді. Ашығып қалған екен, екеуі жан-жағына қарамастан, терлеп-тепшіп ішіп алды. Іштеріне ас барған соң жан-жағына қарайлап, кезекшіге рахметін айтып, қарсылас отырған бізбен әңгімелесе бастады. Өздерінің қайдан келе жатқанын, не істеп жүргендерін ақтарыла айтты.

Елдегі күн көріс қиындап кеткен соң Түркістан жақтан Ташкенттің қасындағы Келеске келіп, сондағы кірпіш зауытына бір туысқан ағасы екеуі жұмысқа орналасады. Сол жерде: "Ташкенттен кедейдің балалары мен жетімдерге арнайы интернат ашылыпты, үкімет өзі асырап, өзі оқытады екен", – дегенді естиді. Бұрын да "оқысам-ау" деп, іштей армандап жүретін Нұртасқа мына хабар қамшы болады. Бір күнде кірпіш зауытынан жұмыстан шығып, жолға жиналады. Әлгі ауылдан бірге келген ағасы Нұртастың: "Жетімдер үйіне барамын", – дегеніне намыстанып, тоқтатпақ болып: "Ауылда бір дүйім ағайының отырғанда сен неге жетім боласың... Біраз қаражат жинаған соң ауылға қайтамыз... Ел-жұртқа не деймін, жетімханаға тастап кеттім деймін бе?" – дегеніне іштей бекінген Нұртас сабырмен: "Менің оқығым келеді", – дегеннен басқа ештеңе айтпайды.

Айтқанына көндіре алмай ашу мен ызаға булыққан ағасы Нұртасты қаттылау итеріп кеп жібергенде арбаның айдауынан әбден ақ топыраққа айналған жолға құлап түседі. Бұрқ еткен шаңның астында жатып: "Аға, әуре болмаңыз, мен оқимын деген соң оқимын!" – дейді де үстінің шаңын қағып, Ташкентті бетке алады.

Ақжарқын, айтар ойын бүкпентайламай ашып айтатын, өзіне деген сенімі мол, жігерлі жаспен осылай бір күнде танысып, көптен білетін адамдай сырлас, жолдас, кейіннен дос болып кеттік.

Арада бірнеше ай өткен соң, балалардың оқуы, жататын жері ретке келтірілгеннен кейін балалар үйінің басшылары жасы 14-ке келген және одан жоғары жастағы ұлдар мен қыздарды комсомол қатарына қабылдауға дайындады. Сөйтіп, №14-жетім балалар үйінен тұңғыш рет комсомол ұйымы құрылды. Алғашқылардың бірі болып комсомол қатарына Нұртас өтті. Артынша-ақ Нұртас ұйымның белсенді, жігерлі комсомолына айналды. Әр түрлі жиналыстарда жарыс сөзге шығып, жаңа ойларымен, бастамаларымен бірден көзге түсті. Ол құрғақ ұраншыл болған жоқ, айтар ойын аспай-саспай дәйектермен дәлелдейтін.

Көп ұзамай біздің интернат Ташкенттен Топырақ-қорған (Крепость) қаласындағы Шерванский көшесіне көшіп келді. Бұл 1921-жыл болатын. Осы жерде Ғани Мұүратбаев жетімхана балаларымен кездесіп, олардың алдында сөз сөйледі. Әңгімесі өте әсерлі, өн бойы оттан тұра ма деп ойлайсың. Сол кездесу көбіміздің жадымызда жатталып, тіптен өмірімізге серік болды ма деп те қоямын. Өйткені, ол Кеңес үкіметінің мақсат-мұраттарын, міндеттерін қолмен қойғандай етіп түсіндіріп, саяси сауаты аз біздерге — болашақ бүгінгі жасөспірімдердің қолында екенін, ол үшін оқу керектігін қайта-қайта айтып, біздің санамызға құюмен болды.

Бұдан кейін де бізге Мұратбаев талай келді, талай әңгіме-кездесу өткізді. Қандай бір басшылық, қызметте жүрсе де бізді — жетім балалар үйін есінен шығарған емес. Озат оқушы болса оның әрі қарай оқуына ұйытқы болатын. Ғани ағаның осындай әрекетінің әсері болар біздің арамыздан елге, халыққа танымал біраз азамат шықты. Соның бірі — Нұртас Оңдасынов еді.

Жетімханадағы тағы бір сәт дәл бүгінгідей көз алдымда. Директорымыз Сәдуақас Османовтың идеясымен және барша оқытушы қауымның қолдауымен жас Кеңес Үкіметінің құрылыс-құрамын оқушылар арасынан құрып, оның басшыларын өз ішімізден, балалардан тағайындап, ойын ойнадық. Бұл бізге — балалардың мемлекет құрамының қандайлық болатынын тез санамызға сіңдіруге әсері ұшан-теңіз болды. Бір қызығы сол ойында Халық Комиссарлар Кеңеңсінің төрағасы болып Нұртас тағайындалды. Содан тура он алты жыл өткеннен кейін Нұртас шын мәніндегі Халық Комиссарлар Кеңеңсінің төрағасы болып шыға келді. Болашақты болжағандай болған Османов Сәдуақас ағайды Нұртас екеуміз кейіннен талай еске алып едік.

Балалар үйінен тиісті білім алғаннан кейін 1922 жылы Нұртас және он шақты бала Ташкенттегі жаңадан ашылған Орман шаруашылығы техникумының даярлау бөліміне қабылдандық. Осы техникумда Нұртас комсомол ұйымының жауапты хатшысы болып сайланды. Комсомол жұмысын өте белсенді, абыройлы атқарғандықтан Нұртасты осы орынға бұдан кейін де екі рет сайлап қойды. Дәл осы тұста ол Ғани Мұратбаевпен көп араласты. Одан алған тәлім-тағылымын, естіген өсиеттерін біздің арамызға келіп айтып отыратын.

Ол жылдар жас Кеңес үкіметінің экономикасы әлі көтеріле қоймаған қиындау кезеңі еді ғой. Әсіресе, 1923 жылы тамақ жағы жетіңкіремей, техникум балаларының ашқұрсақ болып жүретін кездері жиі болып кетті. Осыны тиісті орындарға хабарлауды техникум басшылары мен оқушылары Нұртасқа жүктейді. Рас, ол тапсырма алысымен жар құлағы жастыққа тимей тиісті орындардың бәріне барып, ақыры әр оқушы басына 8 кг. бидай алатындай мүмкіндікке қол жеткізді. "Кедейдің бір тойғаны – шала байығаны" дегендей әлгі бидайды қуырып, талқан етіп жеп, не керек бір тойынып қалдық.

Бірде Нұртас Ташкенттен елу шақырым сыртта тұратын әпкесі Әлиманы тауып, қасына Ахметов Райымбек деген баланы ертіп, барып қайтты. Әлгі апасы бақуат тұратын болу керек, қант қосқан күріш талқан мен біраз нан беріпті. Маған: "сенің артыңнан анда-санда болса да келетін адамың бар ғой, ренжіме", – деді де ашқұрсақ болып жүрген техникумдағы балаларға бөліп берді. Өзіне алып та қалған жоқ. Нұртастың бұл қылығына әрі тәнті, әрі риза болдық.

Тағы да мына бір сәт. Бұл 1923 жыл. Он сегіздегі жігіт болып қалған кезіміз. Бір күні техникумға ақ сақалды шал кісі көптен бері таба алмай жүрген баласын іздеп келді. Ол бала бізбен бірге оқитын болып шықты. Сөйтсе, оны көшеде азып-тозып жүрген жерінен қоғамдық ұйымдар жетімханаға әкеп тапсырған екен. Енді шал бастықтарға жағдайын айтып біраз оқып, сауат ашып қалған баласын әкеткелі тұр. Ал, ол баланың кеткісі келмей тұрғанын Нұртас сезе қалып, тез іске араласа кетті. "Балаңызды әкетіп, көп болса бес қойыңыздың соңына салып қоярсыз, ал біз мұнда тегін тамақ, тегін білім алып жатырмыз. Ертең-ақ бір мамандықтың иесі болып елге ораламыз, бәріміз бір-бір мекемеде қызмет істейміз... Асығыстық жасамаңыз, ата, балаңызды әкетпеңіз. Енді шамалы күнде жазғы демалысқа шығамыз, сонда барады ауылға... Болашақ — білімде, балаңыз білім алсын, ата..." деп Нұртас сөзді аспай-саспай, үлкендерше жүйе-жүйесімен ағытты. Ақыры ақсақал: "...Балам, сен де бір нәрсе біліп тұрған шығарсың, жарайды, қалдырсам қалдырайын. Бірақ өзің бас-көз болып жүресің..." деді. Нұртастың бұл ісіне техникум басшылары да риза болды.

Айта берсем менде Нұртас туралы әңгіме көп. Бірақ сол көп әңгіменің ішінен балалар үйінде тәрбиеленген сәтімізді әдейі алдым. Теңіз де бұлақтан бастау алады, Нұртас өмірінің бастау бұлағы — Ташкенттегі № 14-жетім мен кедейдің балалар үйі болатын.

Кейіннен біздер үй-ішімізбен, бала-шағамызбен араласып, дос болып кеттік. Ол зейнеткерлікке шыққан соң Мәскеуге кетті, сонда тұрды. Екі-үш жыл аралатып, кітабымды басқызамын деп Алматыға келетін. Келген сайын үйге келіп, өткен күндерді әңгіме етіп, ол да, мен де бір жасап қалатынбыз.

Мен Нұртасқа шынымды айтсам қызыға қарайтынмын. Ол қандай бір істі қолына алмасын бітірмей тынбайтын, орта жолда қалдырмайтын. Құдайдың бергені болар, күш-жігері көп болатын, "шаршадым" дегенін оның аузынан өмірімде естіген емеспін. Әйелі Валентина Васильевна: "Нұртас жиырма бес сағат жұмыс істейді", – деп қалжыңдайтын. Жарқ етпе мына өткінші ғұмырда Нұртастай адал, қайырымды, халқына барынша берілген адаммен сапарлас болғаныма тәңірге ризамын. Нұртасты жақсы көруімнен, ризалықтан туған болу керек, мен оған 1924 жылы арнау өлең жаздым. Әрине, көркемдігі келісіп тұрған жоқ, ол үшін ақындар алдында ұяттымын және кешірім сұраймын. Бірақ, ол өлеңнің Нұртасқа деген достық махаббатымнан, құрметтеу, мақтану ниетімнен туындағаны анық еді. Ол көңілім үшін мені ешкім сөге қоймас...
ЖАСТЫҚ ДӘУІР
Өмірдің жастық дәуір көктеміндей

Ашылған көктемдегі раушан гүлдей,

Нұртас-ау, орынымен пайдаландың

Бір күнін көктеміңнің бос жібермей.
Нұреке ісің сәйкес заманыңа,

Құлшындың жету үшін талабыңа,

Отанның құрылысы керек десе,

Даярсың кірпіші боп қалануға.
Жасыңнан қиянаттан қашық жүрдің,

Жарамас қылықтарды ашып жүрдің.

Өзіңнің бас пайдаңды ойланудан,

Тілегін көпшіліктің басым білдің.
Өмірдің көз жібердің өткеліне,

Мәз болып мақтанбадың жеткеніңе.

Дос болып айрылмастай білімменен

Өсірдің сезіміңді күннен күнге.
Жұмыстың таңдап алдың қиын түрін,

Білімнің мақсат еттің биік шыңын.

Талпындың талабыңа жету үшін,

Жастықтың бос жібермей жалғыз күнін.

Орнымен пайдаландың жастық шақтан,

Сол үшін мінез құлқың елге жаққан.

Біздердей бірге өскен құрбыларың

Ырза боп бетіне ұстап еткен мақтан.
Нұреке сезімің мол, миың толық,

Аз емес, тәжірибең де жатыр толып.

Күмәнсіз ақтар едің ел сенімін,

Сайлансаң совнаркомге бастық болып.
1 (Бұл өлең Нұртас Оңдасыновқа арналып 1924 жылы жазылып еді. Ал, естелік 1976 жылы 15 ақпанда жазылды).
Гвардии подполковник Момышұлы Бауыржан:

Товарищу Н.Ундасынову
Являясь участником, руководителем и наблюдателем более ста боев, я пережил горечи неудач и радости побед, радости боевого подвига своих лично и солдат наших.

Еще в феврале месяце 1942 года я попытался обобщить результаты личных переживаний, наблюдений за другими, действий отдельного солдата, оружия, по видам боев и другим психологическим особенностям в общую тему «Мысли о воспитании боевых качеств» - мне удалось немного изложить свои соображения на бумаге, но за неимением времени до сих пор не представляется возможным закончить начатое, и эти мысли неотступно преследуют меня, как только освобожусь на несколько минут от непосредственной работы.

Я убедился на опыте своем, что в воспитании боевых качеств бойца имеет колоссальное значение военное прошлое народа и национальные традиции.

Одну из ненаписанных глав своей рукописи в плане я назвал «Благородные традиции казахского народа, воспитывающие боевые качества в джигите», в этом личном письме к Вам, как со старшим братом хочу поделиться с Вами набросками этой главы.

  1. Әдет және әдеп.

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі».

«Ұлың өссе ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас болғын».

«Тексізден – тезек артық».

«Арсыздан – айуан артық»,

«Жаным арымнан садақа».

«Өлімнен – ұят күшті».

«Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді».

Хочу изложить корень и значение этих поговорок. В выводах сказать, что воспитанность (әдеп) должна быть внедренной в сознание и привита (әдет) вместе с молоком матери. Уважение к страшим, сознание долга и чести, как святыни, безукоризненное соблюдение общественного порядка, безмолвную покорность законам, человека ставить превыше всего – воспитывают положительные качества, которые носят название благородства, любви к родине, народу, семье, человеку, жизни. Человек, получивший благородное воспитание, владеет основой боевых качеств – преданностью, честностью, дисциплинированностью.

2. Игра в альчики (асық), чилики (жасырынбақ), жарыс (бег) – воспитывают в юноше сноровку, ловкость, увертливость, меткость, упорство и прочие военные (боевые) качества, необходимые солдату в бою как воздух.

Опыт убедил меня в том, что казахское выражение «әдіссіздік - әлсіздік, ептілікте – ерлік» отражает истину.

  1. Сөз тапқанға қолқа жоқ».

«Бәдікте, тойда айтыс» - есть состязание быстрого мышления и остроумия. Нигде, как в айтысах, не застают человека врасплох многогранные неожиданности. Айтысы вырабатывали у юношей и девушек импровизаторские способности, любовь к устной литературе и музыке, расширяли их кругозор, они приобретали остроумие и смекалку.

Бой полон неожиданностей. Смекалка и сообразительность – постоянные спутники солдата, обеспечивающие победу в условиях, кажущихся иногда безнадежными.

  1. Кокпар, байге, аударыспак, саис – традиционные национальные спортивные игры, вырабатывающие смелость, ловкость, физическую закалку, азарт, способность к риску с расчетом, даже способность самопожертвованию ради чести и славы своей. Эти игры воспитывают благороднейшие рыцарские качества в джигите, столы необходимые для солдата Красной Армии.

Вот краткий перечень этой ненаписанной главы.

Нашими «шокынганами» пренебрегались эти благородные традиции воспитания боевых качеств нашего народа, как «отжившее», даже преследовались до сих пор людьми негосударственного ума, сидящими за председательскими столами, в общем потоке «бунтарства» против прошлого. Это было безусловно неумно, здесь будет сказана кстати старая казахская поговорка «шала молда дін бұзар».

Вследствие такой оплашности в воспитании некоторая участь молодежи растет неузнаваемо развязной, легкомысленной, хилой, мешковатой, попадаются даже трусишки, малодушные, шкурники. Некоторые не умеют ездить верхом, боятся лошади – просто стыдно называть таких казахами – лепечут какую-то ерунду по-казахски, похожую на неотработанный язык иностранца.

Я только перечисляю кажущиеся мне недостатки в воспитании молодежи, убежденно преклоняясь до сырой земли перед положительной стороной воспитательной работы благородных качеств джигита, системой воспитания нашего времени. Все хорошее в прошлом казахского народа должно восторжествовать в настоящее время, и золотая казна народной мудрости должна стать нашим достоянием, обогатить наши знания и опыт и оказать услуги делам нашим.

Подвиги славных казахских джигитов Эдиге, Кобыланды, Бекет, Исатая, Махамбета, Амангельды, Алпамыс и др. должны стать традидцией современных джигитов – как жаль, что молодежь их мало знает!

Долг службы и совесть воспитателя джигитов – солдат обязывают меня обратиться к Вам с этим

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет