Гүлсім Оразалықызы Нұртас Оңдасынов туралы естеліктер



бет9/21
Дата23.10.2016
өлшемі5,93 Mb.
#75
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   21
личным письмом, так как, по моему личному мнению, возрождение благордных традиций нашего народа, обогащающих кладом своим систему воспитания молодежи, немыслимо без вмешательства таких государственных мужей, как Вы.

Извените, что отнял у Вас столько времени этим письмом.
Гвардии подполковник Б.М.

18.04.43г.
Хакімжан Наурызбаев,

халық мүсіншісі
"АРҚАМНАН ҚАҚҚАН АЛАҚАН"
Балам, мені асықтырма, өзің де асықпа. Мен бәрін де айтам, шамалы сабыр ет, — деді келіскен уақыттан кешігіп қалмайын деп ентігіп жетіп, төтелей сұрақ қойған маған мүсінші Хакімжан аға. Әңгімесін қашан бастар екен деп, таспамды туралап қоям.

Хакімжан аға көзәйнектің арғы жағынан әлдебір қиянға қарайды. Өткен күндерді сонау бір алыстан қайта көріп отырғандай.

1942 жыл. Сол жылдың желтоқсан айында ауданға Совнарком төрағасы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов келді. Бізге келуінің екі себебі бар екен: біріншісі — қыс ерте түсіп, қар астында қалған егінді жинап алу, екіншісі — аудан еңбекшілерін құттықтаған үкімет телеграммасын өзі тапсырмақ екен. Сол жылы біздің аудан майданға ақшалай, заттай көп көмек жіберген болатын.



Қостанай облысы Ұзынкөл аудандық, атқару комитетінің төрағасы Әбдірахман Жамалидиновтың бөлмесінде менің саз балшықтан жасаған қой, ешкі, жылқы, түйенің бейнесі және Жамбыл, Абайдың мүсіні тұратын. Мен оларды қол бос кезде жасап, терезе алдына қоя салған болатынмын. Оған көңіл бөліп, мән беріп жатқан ешкім де жоқ - Нұрекеңнің көзі бірден соған түседі де, кім жасағанын сұрастыра бастайды.

"Осында бір он алты жасар ат бағушы бала бар, соның жасап жүргені ғой", — дейді Жамалидинов. "Баланы шақырыңдаршы", – деп тілек білдіреді Нұрекең.

Орнынан тұрып амандасты да, қолымды жібермей тұрып:

Мына жұмыстарды сен жасадың ба? — деді.

Иә, мен жасадым.

Сені осының оқуына жіберейін, оқисың ба? — деді Нұрекең.

Бұның оқуы бола ма екен, мен бұларды оқымай-ақ жасадым. Керек болса тағы жасайын. Не жаса десеңіздер де жасайын, дедім. Нұрекең бетіме қарап, сәл жымиып күлді де, өнер, суретшілік жайында көп әңгіме айта келіп:

Сен Микеланджело, Репин, Суриков, Айвозовскийді білесің бе? — деді.

Танымаймын, көрген емеспін оларды, — дедім. Бұл сөзіме кабинетте тұрғандардың бәрі де күлді. Нұрекең мені әзіл қайтарып тұр деп ойлады ғой деймін, жүзіме аса бір ризашылықпен қарады. Шындығына келсем, әлгілердің кім екенін білмеймін.

А, онда сол кісілермен таныстыратын, суретші, мүсіншілерді даярлайтын оқу бар, соған жіберейік сені, — деді Нұрекең маған жауап күткен жанармен қарап.

Жоқ, бармаймын, соғыс жүріп жатқанда қандай оқу, аға!

Соғыс та аяқталар... Алматыда Әбілхан Қастеев деген суретші, Украина, Ресейден келген небір мықты мүсіншілер бар. Олар өнер мектептерінде, училищеде сабақ береді. Сен де солардан сабақ аласың.

Жоқ, бармаймын, аға, оқымаймын, — дедім. Мені соны да оқу деп оқи ма деген таяз түсінік жібермей-ақ тұр.

Қарағым, енді сен түсінсейші. Қазақ халқында мүсін өнері атымен жоқ. Оны тудыратын, өмірге әкелетін сен сияқты таланты бар жастар. Әлі сен қазақ халқының тұңғыш мүсіншісі боласың. Сен түсінеді екен десем, шалқая бересің, — деп, қатқылдау үнмен ренжіңкіреп қалды. Үлкен кісінің ренжігеніне ыңғайсызданып:

Аға, ойланып көрейін, — дедім.

Содан 1943 жылдың жазы да келді. Аудандық атқару комитетінің тапсырмасымен халықты заемге жаздыру үшін ауыл-ауылды аралап кеткен болатынмын. Бір жұманың ішінде тапсырманы орындап, Данияров деген жігіт екеуміз пар атпен күре жолдың шаңын аспанға көтеріп, аудан орталығына келе жатқанымызда алдымыздан бір кісі шығып: "Сені Сембаев деген кісі Алматыға, оқуға шақырып жатыр", – деді. Атқару комитетіне келсек, шынымен-ақ мені жұмыстан шығарып, командировочныйымды жазып, тіптен шешем жолға тамақ та әзірлеп қойыпты. Содан ертеңіне Қостанай облыстық атқару комитетінің төрағасы Данияр Кенбаевқа келдік. Қарасам, қайдан келгенін білмеймін кабинетінде мен салған Жамбылдың мүсіні тұр. Соны Кенбаев маған көрсетіп: "Осы түсінді біз сенен 10 мың сомға сатып алайық деп едік", — дейді. "Сіздер мені мазақ етіп тұрсыздар ма?" – деп жатып тұрып ашуландым. Өзім өз болғалы мүсін сату дегенді көрмек түгілі естімесем қалай ашуланбаймын? Сөйтсем, оның бәрі Нұрекеңнің "қалтасына қаражат салып беріңіздер" деген бұйрығынан туындап жатыр екен ғой.

...Пойыз астанаға жеткенде қала таңғы ұйқы құшағында екен. Күн алаулап таудан енді көтеріліп келеді. Әжемнің ақ жаулығын тартқан Алатау "Қош келіпсің, қадірлі қонағым" дегендей алдымнан асқақтай шықты. Өмірде тау көрмеген мендей қазаққа Алатау жарық дүниенің тәңірісіндей көрінді маған сонда. Табиғат шіркінің де маужырап, дүние көкке көміліп тұр екен. Көңілім көтеріліп қалды.

Содан сұрай-сұрай Халық ағарту министрлігін, министр Сембаевты таптым. Ол кісі машинасына отырғызып, Нұрекеңе алып келді. Нұрекең бейне бір ескі танысын көргендей: "Қалай жеттің, Алматы ұнады ма?" — деп жатыр. Тез арада Суретшілер одағының төрағасы Моисей Левинге тапсырма берді. Сол күні мен № 12 мектеп-интернаттың жатақханасына орналастым.

Кейіннен білдім, Моисей Левин "Аманкелді" картинасының суретшісі екен. Қазіргі М.Мәметова атындағы мектепте суретшілердің соғыс тақырыбына арналған көрмесі өтіп жатыр екен. Мені соған алып келді. Көрмені аралағандағы таңғқалысымды, әсерімді айтып жеткізе алмаймын. "Менің қолымнан мынандай дүниелерді жасау келе қояр ма екен, сонау ауылдан босқа әуре болдым-ау", — деп іштей құлазып қалдым.

Сол жерде көрменің бір бұрышында жұмыс жасап отырған Ольга Николаевна Кудрявцевамен мені Моисей Левин таныстырды. Міне, сол күн, сол сағаттан бастап менің мүсін өнеріндегі алғашқы сабағым, Ольга Николаевнаның маған деген ұстаздығы басталды. Сурет училищесінде мүсін бөлімінде жалғыз өзім ғана оқыдым.

Бір күні «сені Нұртас Оңдасынов шақырып жатыр» деді. Кабинетіне келсем, үлкен үстелді жағалай адамдар толып отыр. Байқасам, үстел үстінде менің салған суреттерім, мүсіндерім жатыр. Отырғандар арасында Моисей Левин, Ольга Николаевна да бар екен. Нұрекең орнынан тұрып, амандасып, ақырын жымиып:

Қалай орналастың? Оқу қалай? — деді.

Оқығым келмейді, аға. Ауылға қайтайын, жаз шықты, үйге әлі шөп шабылған, отын түсірілген жоқ. Мынандай мүсіндерді оқымай-ақ жасай берем, — деп үстел үстінде жатқан өз жұмыстарымды иекпен нұсқап қойдым. Бұл сөзіме отырғандардың бәрі ду күлді.

Сен ауылыңды уайымдамай-ақ қой. Шөбіңді шауып, отыныңды түсіріп береді, мен қазір тапсырма беремін, — деді. Сөйтсем, мен келмес бұрын менің еңбектерімді талқылап, "бұл баладан бір нәрсе шығуға тиіс" деген байламға келіл, шақыртқан түрлері екен ғой.



Артынша ауылдан хат алдым. Әке-шешем отын, шөп, тіптен қант-шайларына дейін әкеп бергенін қуана жазыпты. Мен де қуанып қалдым. Осыдан кейін "оқымаймын", "кетемін" деген бұлдануларымды қойып, біржола білім алуға белді бекем будым.

1944 жылы Аманкелдіге арнап көрме ұйымдастырылып, конкурс жарияланды. Соған мен де қатыспақ болып Аманкелдінің портретін жасадым. Көрмені ашуға Нұртас Оңдасынов пен Шаяхметов келді. Аманкелді портретінің жанында тұрған мені көріп, Нұрекең ерекше бір көңілмен, маған қарай Жұмабай Шаяхметовті алып келіп:

Мен тапқан байлық мына бала! — деп, мені тәптіштеп тұрып таныстырды.



Сол көрмеде маған көтермелеу сыйлығы берілді. Кейінгі алған небір мәртебесі жоғары сыйлықтардың бәрінен сол сыйлығым қашанда биік тұрады. Өйткені, ол менің шабытыма шабыт қосып, үлкен өнерге жетелеген сыйлық еді.

Содан 1944 жылдың жазы келді. Бір күні Нұрекең Ольга Николаевна екеумізді өзіне тағы да шақырды. Өзі орнынан тұрып келіп, қол беріп амандасып, арқамнан қағып, жағдайымды тәптіштеп сұрап жатыр. Нұрекеңнің арқамнан қаққаны әкемнің алақанындай сезіліп, жүрегім елжіреп, жылағым келіп кетті. Ауылдан ұзаққа шықпаған мен әке-шешемді сағынып та жүр едім. Бірақ Ольга Николаевнадан ұялғаннан өзімді-өзім әрең тежеп қалдым. Аз-кем әңгімеден соң Нұрекең:

Мәскеуге оқуға барасың ба? — деді.

Мен осында оқып жүрген жоқпын ба? — дедім.

Мынау бір нәрсені бүлдірер дегендей Ольга Николаевна менің сөзімнің аяғын іле:

Е, барады, оқиды, — деп мен үшін жауап беріп жатыр. Кейіннен білдім, сөйтсем, ұстазым Ольга Николаевна әр кез Нұрекеңе мен туралы баяндап отырады екен. Соңғы рет жазған баяндауында Ольга Николаевна: "Наурызбаев – өте талапкер, ізденімпаз, еңбекқор. Алдағы уақытта оны Мәскеуге жіберіп оқыту керек", – деп жазыпты. Осы документтің көшірмесін көп жылдар өткен соң Нұрекеңнің үйінен, жеке архивінен көрдім мен.

Ольга Николаевна, Сізден өтініш етемін, Хакімжанды Мәскеуге апарып аралатып, музей, көрмелерді көрсетіп қайтыңызшы, — деп тілек етті Нұрекең. Сөйтті де кабинетіне көмекшісі мен бір кісіні шақыртты. Сөйтіп:

Танысып қойыңыздар, мынау алдарыңда тұрған қазақ халқының тұңғыш мүсіншісі – Хакімжан Наурызбаев. Мәскеуге оқуға жүрмекші. Сондықтан дұрыстап киіндіру керек, — деді.



Не керек бір жұманың ішінде Ольга Николаевна да, мен де иненің көзінен өткен, судай жаңа, әрі әдемі киімге оранып шыға келдік. Жаңа киімдерімді бір чемодан етіп жатақханаға әкелдім де, бәрін балаларға мақтанышпен көрсеттім...

Дәл осы тұста, күні бойы мен сұрақ қойып жетелемей-ақ өз өмір дастанының Нұрекеңе байланысты тұстарын жүйе-жүйесімен байсалды, байыпты айтып отырған Хакімжан аға кілт тоқтады. Мен аң-таң болып бетіне қарадым. Бір кезде жасаураған жанарын көрдім. Көмейіне әлдене кептеліп жібермей тұрғандай.

Балам, шамалы сабыр етелік, — көз алдыма сол бір кез, көрініс елестеп кетті, — деді де аз-кем тағы да үнсіз қалды.

Балалар мені қоршап алған, — деді ол әңгімесін сабақтап. Киімдерімді мақтанып көрсетіп жатырмын. Бір кезде бір бала: "Соғыс болмағанда ғой менің де әкем маған осындай киім тіккізіп берер еді", — деді де өксіп-өксіп жылап жіберді.

Өзімнің ағаттық іс істегеніме қатты өкініп, орнымнан тұрдым да бар документтерімді жинап, военкоматқа тарттым. Мен военкоматқа жеткенше, әңгіме Нұрекеңе жетіп, республикалық өнер комитетінің төрағасы, сәулетші Төлеу Бәсеновке "тез арада Мәскеуге оқуға апарыңыз" деген тапсырма беріпті. Военкоматқа кіргенім сол еді артынша Бәсенов келіп:

Жүр, иттің баласы, сенсіз де жетеді соғысатын адам, — деп ұрсып-ұрсып алып кетті. Не керек ертеңіне біз — Ольга Николаевна, Төлеу Бәсенов, екі оқушы, мен және Ерікжан Майлыбаев төртеуміз Мәскеуге оқуға жүріп кеттік.



Біраз қиындықтар көрдік, оны да жеңдік, оқуға да түстік. Нұрекең Мәскеуге келген сайын Қазақстанның өкілдігіне шақырып, жағдайымды біліп тұратын. Тұрақты өкіл Исағали Шариповке таныстырып, үкімет тарапынан қаржы да беріп тұрды. Мәскеу сурет училищесін және Харьков институтын бітірдім. Сөйтіп, 1951 жылы диплом алып, білім жинап, елге — Алматыға оралдым.

Алматыға келген соң көркемсурет училищесінің жанындағы скульптура бөлімін аштым, өзім шәкірттер қабылдап, сабақ бере бастадым. Бір ретте былай болды. Өзім жатақханада тұрамын, шеберханам да жоқ. Осы неге Нұрекеңе барып, пәтер, шеберхана сұрамаймын деген ой сап ете түсті. Бұрын шақырғанда ғана баратын Нұрекеңе өзім алғаш рет сұранып бардым. Ол кезде Нұрекең Жоғарғы Кеңестің Төрағасы болатын. Ол кісі баяғыша орнынан тұрып амандасып, хал-жағдайымның бәрін сұрап жатыр. Мен болсам салған беттен:

Жағдайым нашар, не пәтерім жоқ, не шеберханам жоқ. Соған көмектесіңіз, — дедім.



Сол-ақ екен Нұрекеңнің жүзінен кездескен сайын көріп жүретін өзіне ғана тән нұрлы жымиысы жойылып, үндемей отырып қалды. Сосын аспай-саспай қоңыр дауыспен:

Қажет деген біліміңнің бәрін алдың, қолыңнан іс келеді, құдай берген талантың бар, олай болса ерінбей-жалықпай жұмыс істе. Аспан мен жердің арасы кең, ашық. Сол саған шеберхана, жасайтыныңды жасай бер. Қашанғы саған жағдай жасауымыз керек. Жасаған жақсылықтың қарымын қайтарар кезің келді. Көрсет еңбегіңді халқыңа, талантыңды таныт, - деп басын шайқап, - әй, қарағым-ай, бұлай болмайды, — деп үнсіз отырып қалды.



Нұрекеңнен жақсылықтан басқа көрмей, үнемі қолпаштауды көріп келген мен кабинеттен көңілім түсіп, екі қолым салбырап, бұл мінезіне ренжіп шықтым. Бірақ, ақылға салып, таразылай келсем, менікі тіптен өрескел екен. Кәдімгі Пушкиннің "Алтын балық" ертегісіндегі кемпірдің асқандығындай екен. Әлгі қорланған қорланған ба, осы ойдан кейін өзімді-өзім жерден алып, жерге салайын-ай кеп. Өзімді-өзім іштей "қасиетсіз", "тексіз", — деп сыбап бақтым.

Бірақ, бұл менің өміріме үлкен сабақ болды. Талай жыл жатақханада тұрып, күнді-күнге, таңды-таңға ұрып еңбек еттім. Сол жерде қазіргі Абай даңғылында тұрған Абай ескерткіші, Аманкелді, Шоқан мүсіні туды. Тіптен Қонаевтың: "Келесі жылы жоспарға енгізіп, үкімет тарапынан үй салып берейін", – дегеніне көнбей, бұл қылығыма Димекеңнің таңырқай қарағанына қарамай өз ақшама үй, шеберхана салдым. Машинаны да өз ақшама алдым. Содан кейін үкіметтен ештеңе сұрамауға, халқыма аянбай еңбек етуге өзіме-өзім ант бердім. Бұл Нұрекеңнен алған тағылымның жемісі.

Содан Нұрекеңді ренжітіп алдым-ау деп өзім ренжіп жүрдім де сұранып тағы бардым. Жасқана: "Нұреке, сіз рұқсат етсеңіз үйленейін", — дедім. Сол-ақ екен өзінің әдемі жымиысы жүзіне оралып: "Ә, бұның дұрыс! Адам боламын, үй боламын дегеніңді қоштаймын, құптаймын", — деді. "Сізді тойға шақыра келдім". "Барамын", — деді де болашақ келіннің кім, қандай қызмет істейтінін, бәрін-бәрін сұрады.

Тойды үйде жасадық. Оған Байсейітов, Жандарбеков, Қуанышбаев, Мұқанов, Мүсірепов, тағы да көптеген зиялылар келді. Нұрекеңнің келер-келмесін білмей толқып тұрғанымда жеңгей Валентина Васильевна екеуі келіп қалды. Тойды Нұрекең тос көтеріп бастап, бізге күміс қасық сыйлады. Артынан "Қыз Жібек" операсынан Төлегеннің ариясын бастап кеткені сол еді, отырған көпшілік оның қарапайымдылығын көріп, бірден шалқып, көңілдері көтеріліп, әнге бәрі қосылды. Сол-ақ екен небір айтулы әншілер бірінен соң бірі шырқасын-ай кеп. Не керек, айта қаларлықтай той болды.

Кейіннен 50 жылдық тойымды жасағанда Нұрекең арнайы Мәскеуден келіп қатысты. Қарағандыдан қызы Зүбәйра мен күйеу баласы, академик Евней Бөкетов келді. Сол жолы үйде бір ай жатып, "Арабша-қазақша түсіндірме сөздігін" баспаға әзірледі. Сөйтіп, біздер Нұрекеңмен, оның отбасымен өмір бойы аралас-құраласта өттік.

Хакімжан, уақытыңды қадірле. Сені қонаққа, жиналысқа шақырушылар көп болады. Жалбаңдап бәріне жетіп бара берме. Өйтсең қонақ пен жиналыстың тірі "декорациясына" айналасың, одан да сол уақытыңды жұмысқа жібер, сурет сал, тас қаша. Қазір сен сенсең, мен бар алтын уақьтымды бастықтыққа жібергеніме өкінемін. Егер ғылыммен жас күнімнен айналыссам жаман ғалым шықпас еді. Қазақ тілін байытуға бұдан да мол үлес қосқан болар едім, әттең... — дейтін Нұрекең әжептәуір жабырқап.



Хакімжан аға мені үйінен үлкен жолға дейін шығарып салып, жолай тағы да талай-талай әңгіме айтты. Бірақ, мен Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов жайлы ұзақ-ұзақ айтылатын өмір дастанының бір мөлтек сырын ғана қағазға түсірдім. Қалғанын алдағы күндерге аманат етемін.
Жазып алған — Гүлсім ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ,

("Жас алаш ", 27қазан, 1994 жыл.)
Сағидолла Құбашұлы,

мемлекет және қоғам қайраткері
ӨЗ ЗАМАНЫНЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ
«Біз егемен елміз. Көлемді жерге иеміз. Еліміздің жер асты, үсті байлығы мол. Ірі-ірі қалаларымыз бой көтерді, малды-егінді далаларымыз бар, халқымыздың білімі мен мәдениеті, өскен өресі, өз күшімізбен өркениетті елдердің бірі боламыз деген үміттеміз.

Қазыналы Қазақстан – біздің Отанымыз. Қазақ халқы қатардан қалмай өсті, ел өркендеді. Халқымыздың тарихына көз салсақ, ХХ ғасырдың орны өте салиқалы көрінеді. Бұл кезеңде тарихта алғаш рет шекарасы, белгіленген өз жері, өз астанасы бар бөлек ел болдық. Аузымызды ашсақ көмейімізден Күн көрінеді. Ол біздің кемелденген кешегі Қазақстан. Оны көркейткен, ен байлыққа жеткізген халқымыздың зиялы да, кемеңгер азаматтары. Ұлы ағаларымыздың көрегенді, терең ақыл-ойлары, жанқиярлық бейнетке толы ерен еңбектері. Сол зиялы азаматтардың бірі – Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов. Бүгін біз оны ерекше құрметпен еске аламыз.

Бірінші рет Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов туралы 1946 жылы Алматы мал дәрігерлік зоотехникалық институтының ІІ-ші курсында оқып жүрген кезімде институттың мал азығын өндіру кафедрасының меңгерушісі, академик Д.А.Зыковтың лекциясында естігенмін. Академик бізге: «Қазақстанның Үкіметін халыққа нағыз жаны ашитын адам басқарады, ол – Нұртас Оңдасынов», – дегені менің жадымда жатталып қалған-ды.

Сосын, академик Дмитрий Андреевич Зыков өзінің Қазақ КСР Министрлері Кеңесінің төрағасы Н.Д.Оңдасыновтың қабылдауында болғанын, оның қарапайым, өте ойлы адам екенін, Қазақстанның бай табиғатының, өзен-көлдерінің, жер асты сулары мен кен байлықтары: түсті металдар мен көмір-темір, мұнай, газдың бейне бір маманындай сөйлегенін, жете білетініне таңданғанын, оны іске асыруда Үкімет басшысы ретінде небір ойлары мен армандарының барлығын айтып ақтарылғанына, өзінің сондай адаммен жақсы таныс екенін мақтаныш сезіммен айтатын.

Қазақстанның жер-су байлығын дұрыс пайдаланып, суармалы егістік көлемін тез кеңейту керек, жоңышқа егуді, оның көлемін еселеп өсіруді маған бөлек тапсырды дейтін. Академик Д.А.Зыков өмірінің аяғына дейін жоңышқа егістігін республиканың барлық облыстарында кеңейтуде өте бағалы ғылыми еңбектер жазып, көп жұмыстар істеді. Д.А.Зыковтың әңгімелері, азаматтық бағалары, Үкіметіміздің сол кездегі басшысы туралы жақсы пікірлері менің, басқа студенттердің көңілінде өнегелі үлгі, сыйлау сезімін қалдырды.

Оңдасыновтың тапсырмасы дегенде 1944 жылы оның Гурьев облысынан Х-сыныпты бітірген 10 оқушыны Мәскеудің Губкин атындағы Мұнай институтына жібергені менің есіме түседі. Ол он баланың ішінде мен де бар едім. Бірақ, тағдыр Мәскеуде оқуды бұйыртпады, құжаттарым тура болмай, дәл қалаға жақындағанда мені кері қайтарды. Мен болсам бүгінде ойлаймын, Қазақстандағы мол мұнайдың жағдайын Нұрекең ертеден-ақ ойлаған екен-ау деп.

Нұртас Оңдасынов Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданында диқан отбасында туған. 1927 жылы Ташкенттің орман техникумын бітіргеннен кейін 1930 жылға дейін Қызылорда, Қостанай облыстарында орман шаруашылығында жұмыс істейді. 1930-1934 жылдар аралығында Ташкентте, Орта Азия Суландыру инженерлер институтының студенті. 1934-1938 жылдар аралығында Алматыда Кеңшар директорларын дайындайтын курстың директоры, Республикалық Жер Халық Комиссариатында Басқарма бастығы, Шығыс Қазақстан облаткомының төрағасы.

Н.Оңдасынов 1938-1951 жылдары үздіксіз Қазақстан Үкіметінің төрағасы, атқарушы билік басында болды. Ол 1954 жылы наурыз айында СОКП Орталық Комитетінің жанындағы Жоғарғы партия мектебін бітіргеннен кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағалығына сайланады. 1955-1962 жылдары Атырау облысында, әуелі екі жылдай облыстық Кеңес атқару комитетінің төрағасы, кейін облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы жұмысында болып демалысқа шықты.

Өзім Нұрекеңмен 1955 жылдың жазында Есбол аудандық партия ұйымының Пленумында таныстым. Мен «Передовик» колхозы басқармасының төрағасы, аупарткомның бюро мүшесі едім. Пленумда сөйлеп, көп жылдардан шешілмей келе жатқан су шаруашылығындағы мәселелерге тоқтап, Нұрекең алдына екі тілек қойдым. Н.Оңдасынов жиналыстың үзіліс кезінде мені шақырып алып: «Осы айтқан мәселелеріңді қағазға түсіріп, Гурьевке кел, өзім қабылдаймын», – деді.

Мен артынша-ақ қағаздарымды дайындадым. Бірінші мәселе: Астрахан қаласында биікке су көтергіш жүзбелі стан-агрегаттар шығарады, біздің колхозға содан біреуін алып беру. Екінші, Орал облысынан басталатын Бағырлай су каналының біздің ауданға дейін жетуі—жобада бар, ал, бірақ жұмыс жоқ.

Мені Нұрекең жылы шыраймен қабылдады. Бір жұманың ішінде бір жүзбелі станция алатын болдым. Келесі жылы Бағырлай каналын салу басталатын болды.

Н.Оңдасынов бір жылдай уақыт ішінде Кеңестердің жұмысын едәуір жандандырды. Ол аудандарды жиі аралайтын, алыс-шет шаруашылықтарда, мұнай өндірістерінде халықпен кездесіп, жағдайды өз көзімен көріп, қолма–қол шешім алатын. Біз Нұрекеңмен жиі кездесетінбіз, алыстағы мал жайылымдарында озат малшылармен пікірлесіп, олардың ұсыныстарын асықпай отырып тыңдайтын. Ел Нұрекеңді бірден ұнатты.

1955 жылы Н.Оңдасыновтың ұсынысы бойынша республика алдына Гурьев облысының экономикасы және халықтың мәдениетін, хал-тұрмысын көтеруге көмек көрсету жөнінде мәселе қойылыпты. Архивте құжат бар. 1956 жылдың бас кезінде осы мәселе бойынша Л.И.Брежнев, Д.А.Қонаев қол қойған Қазақстан Орталық партия комитеті мен Министрлер Кеңесінің қаулысы қабылданған. Сол қаулыда мынадай екі пункт бар, біреуі-Гурьев облысына көмек ретінде 150 тонна пияз бөлініп, жеткізілсін, екіншісі - Астраханнан 2 дана су көтергіш жүзбелі станция бөлу жоспарға енгізілсін. Міне, облыстағы жағдайдың қаншалықты төмен екені осыдан-ақ көрінеді. Облыста егістік мәселелері жоқтың есебінде, ал суармалы егіс небәрі 200 гектардан аспайтын.

1957 жылдың көктемінде Н.Оңдасынов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Ел жаңа хатшыға үлкен үміт артты. Ол облыс экономикасын, халықтың тұрмысын, мәдениетін көтерумен мықтап айналысты, ауыл шаруашылығын өркендетуді суармалы егістіктердің көлемі мен өнімін арттыруға байланысты жүргізді. Екі-үш жылдың ішінде облыста көкөніс-бақша, жүгері сүрлемін, екпелі шөпті өндіру бірнеше есе артты. 1960 жылдың аяғында облыс сыртқа мыңдаған тонна көкөніс-бақша, пияз өнімдерін шығаратын болды.

Нұрекеңнің Атырау өңіріне келуі Маңғыстауда, Каспий теңізі жағалауында мұнай,газ барлау жұмыстарының ерекше қарқынмен жүруіне жағдай жасады. Ірі барлау экспедициялары, трестер құрылды. Н.Оңдасынов бұл жұмыстарға белсене араласып, өзінің ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетімен бірге бұрынғы абырой-беделін де пайдалана білді. Одақтық, Республикалық министрлер оның ұсыныстарын, тілектерін, қойған мәселелерін уақытында дұрыс шешіп отырды.

Академик Қаныш Сәтбаев арнайы мұнай мәселелеріне арнап Республика Ғылым академиясының екі рет көшпелі сессиясын өткізді. Оған Одақтың белгілі академик-ғалымдары қатысты.Осы сессиядан кейін Маңғыстау, Атырау алқабында мол мұнайдың кені барлығына облыс басшыларының да, барлаушы, мұнайшылардың да көзі әбден жетті. Ғалымдар ертеден зерттеліп келе жатқан тұжырымдарды көптің назарына салды..

Нұртас Оңдасынов Одақ алдына мәселе қоя білді және оны орындаттыра алды. Көп қолдау тауып, барлаушы, бұрғышыларды құрал-саймандармен, техникамен қамтамасыз етті. Ембінің жүздеген тәжірибелі инженер-кадрлары Маңғыстаудың мол мұнайын ғана игеріп қойған жоқ, олар бүкіл Батыс Қазақстандағы: Ақтөбе, Атырау өңіріндегі бүгінгі үлкен мұнайдың көзін сол кезде ашты.Сол арқылы егемен отанымыздың игілігіне үлес қосты. Оның ЗОР БОЛАШАҒЫНА ЖОЛ САЛДЫ.

1961-1962 жылдары Жетібай, Өзеннен мұнай фонтаны атқылап, Маңғыстаудың мерейі асқақтап, атағы бір күнде дүние жүзіне таралып кетті. Бұдан кейін бірінен соң бірі кен орындары ашыла берді.

Сол кезеңде бүгінгі Теңіз аймағында барлау жұмыстарын толастатпай, қайта жандандыра түсу керек деген тәжірибелі мұнайшы Жолдасқали Досмұхамбетовтың ұсынысын қолдап, іздеуді бұл өңірде де тоқтатпаңдар деген Оңдасынов болды. Оның бүгінгі нәтижесін түсіндіріп жату артық.

Діттеп айтарым: Гурьев облысында (бүгінгі Маңғыстау мен Атырау облыстары) Қазақстан мол мұнайының алғаш ашылу кезеңі – тәжірибелі, білімді, беделді Оңдасынов басшы болып тұрған тұс. Оның ұтқыр ұйымдастырушылық қабілетін, халық болашағын ойлаған жанашырлығын ұмытпауымыз керек.

Мен облыстық партия комитетінің мүшесі ретінде де, жұмыс жағдайымен де, адами қарым-қатынас жағынан да жиі араласта болдым. Бірнеше рет Одақтық, Республикалық алқалы жиындарға бірге бардық. Қарапайым қасиеті басқаларды өзіне тартып тұратын. Бірде Нұрекең мені Одаққа атақтары жайылған, ғылымның майталман-академиктері К.К.Скрябин, М.М.Завадовский, Н.Ф.Лискундермен таныстырды. Олар Отан Соғысы жылдарында Қазақстанда болғанын, Нұрекеңнен көрген жақсылық-шарапатын шексіз айта отырып, алғыс сезімдерін білдірді. Ғалымдардың ықыласынан Нұрекеңді жаңа бір қырынан танығандай болғам сонда.

Мен,1960 жылы Нұртас Оңдасыновтың ұсынысы бойынша облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайландым. Облысты былай қойғанда, ауданда бірінші басшы болмаған адамға осындай өте жауапты жұмыс оңай болмады. Нұрекең көп көмек көрсетті. Бірінші жылы атқару комитетінің мәжілістеріне жиі қатынасып, пікір-кеңестерін аяған жоқ. «Жұмысты былай істеу керек» деп орынсыз ақылсынбайтын, «мынауың дұрыс емес» деп дікеңдемейтін. Ол ұзақ жылдар атқарушы билікте істеп, көп тәжірибе жинаған, көргені де, білері де көп, қызмет істеген ортасы өте жоғары, Одақтың аса мәртебелі адамдарымен қызметтес болған, үйретудің, жөн сілтеудің ретін де, жолын да жақсы білетін.

Мен Нұрекеңнен өнегелі тәрбие алдым, оны ұстазым, өзімді оның шәкірті есептеймін. Өз тағдырымды, бар өмір жолымды ойлағанда алдымен Нұртас Оңдасынов есіме түседі. Осындай ұлы адаммен қызметтес, жақын таныс, шәкірті, кейін дүние салғанға дейін дос болғанымды өзіме үлкен бақыт санаймын.

Біздер Нұрекең отбасымен бір үйде екі жылдан артық көрші тұрдық. Күнде кешкісін, ұйықтар алдында далада серуендеуді ұнататын. Бұл ол кісі үшін заң. Далаға шығады да, біз бірінші қабатта тұрамыз, ас үйдің терезесін ақырын тықылдатады. Ол кезде әкей тірі, ол маған: «Әкең келіп тұр», – деп қалжыңдайтын. Содан екеуміз екі-үш сағаттан аса Жайықты жағалап қыдырамыз, әңгіме-дүкен құрамыз. Өмір жолынан, әріптес, қызметтес болған адамдар хақында көп әңгіме естідім. Нұрекең айтатын: «...қанша жыл ауыр кезеңдерде, нәубет жылдарда қызметтес болған жолдастарыма қатерлі ештеңе істемедім, қиянат жасамадым. Қолым таза, ұйқым уайымсыз», – деп. Әңгімені Нұрекең айтады, мен тыңдаймын.

Кітапты өте көп оқитын. Үйіне көп кірмейміз ғой, сол анда-санда кіріп қалғанда бәйбішесі Валентина Васильевна екеуі екі жерде кітап оқып отыратын. Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тарихын терең білетін.

Ол өте қарапайым, талғампаз, мақтаншақтықты жаны сүймейтін, өтірікке төзбейтін еді. Үйінде артық дүние ұстамайтын, бар байлығы жиған кітаптары болды. Қазақта «таза» деген қасиетті сөз бар. Нұрекең – сол таза адамның нақ өзі. Оның ары да, ойы да, ниеті де, тілегі де таза, қолы да, жаны да таза, тек ойлағаны елінің, халқының жағдайы, қамы болды.

Нұртас Дәндібайұлы Қазақстанның бірінші басшылары Н.А.Скворцов, Ж.Шаяхметовтермен бірге И.В.Сталиннің қабылдауында болып, көп мәжілістерге қатысқан. Сол кезде мемлекет басқарған В.М.Молотов, Л.М.Каганович, Л.П. Берия, А.И.Микоян, А.Н.Косыгин, К.Н.Байбаковтармен қызмет бабында байланыста болып, түрлі амалдардан өткен.

Қазақстанның, әсіресе, Ұлы Отан соғысынан кейін тұралаған экономиканы тұрғызу үстінде осы басшылармен тығыз қарым-қатынаста болып, республика үшін маңызды көп мәселелерді шешкенін талай сыр ғып айтқан еді.

Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында, соғыстан кейінгі қиын кезеңдерде Нұртас Оңдасынов – ерекше іскерлік, ұйымдастырушылық қабілет көрсеткен басшы. Қазақстанда басталған Ертіс-Қарағанды, Арыс-Түркістан, Мырзашөл каналдары, Атырау, Теміртау, Жезқазған, Балқаш алып зауыттары, Мойынты-Шу темір жолы т.б. ұлы құрылыстардың бастау алуы жауапты кезеңдер еді. Нұрекең Қазақстанның экономикасын, табиғат жағдайын, жер байлығын терең білетін.

Төзімді, еңбекқор адам. Араб, парсы, түрік, өзбек тілдерін еркін меңгерген білімді ғалым-лингвист. Маған қасиетті Құран-Кәрімнің аяттарын түсіндіргенде таң қалатынмын. Ол орыс тілінде өте сауатты болатын, ойын өте жинақы, қысқа ғана сөйлеммен жеткізе қоятын. Қол қоятын құжаттарға өте мұқият қарайтын. Өзінің көп білетінін көрсетуге тырыспайтын, жасанды мінез жат болатын. Бұл да бір асыл қасиет, ерекшелік қой.

Жалпы, Нұрекеңнің адами қасиеті жоғары еді. Өзінің қызметтес жолдастары, азаматтары жайлы жағымсыз пікір айтқанын отыз жыл кездесіп, әңгімелесіп, сырласып жүріп естіген емеспін. Ол: Жұмабай Шаяхметов, Ибрагим Тәжиев, Мұхаметжан Сужиков, Төлеген Тәжібаев, Ахмет Дауылбаев, Мәжікен Бутин, Сәлкен Дәуленов, Дінмұхамед Қонаев, Өтешқали Атамбаев тағы да көптеген азаматтар хақында толғана тұрып, мақтау сезіммен әңгімелейтін. Әсіресе, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жөнінде, оның ұлылығы, білігі, Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін ерен еңбегіне зор баға беретін. Академик Ебіней Арыстанұлы Бөкетовті сол Сәтбаевтың нақ шәкірті санайтын. Оның әңгімелерінен Тұрар Рысқұлов, Леон Мирзоян, Ораз Исаев жайлы жақсы пікірлерді көп естідім. Халқымыздың ұлы перзенттерінің асыл қасиеттерін, ерлік істерін анық айырып, кейінгі ұрпаққа өнеге етіп қалдыруды пейілі таза адамдар ғана айта алады.

Нұртас Оңдасынов Атырау, Маңғыстау өңіріне етене сіңіп кетті. Облыстың жер,су байлығының мол екеніне әбден көзі жетті, түсінді. Бұрын да, Үкімет басында отырғанда да білетін. Енді соны іс жүзіне асырып, халық игілігіне жарататын тұс келіп тұрғанын түсінді ол. Мұнай мен газды былай қойғанда, балықтың өзі республикада өндірілетін балықтың үштен екісін құрайтын.

Ол облыстық партия комитетінің жұмысына жергілікті кадрларды тарту, оларға жауапты жұмыстарды тапсыру мәселесіне көп көңіл бөлді. Бұрын тіпті облыс түгілі, аудандарға басшы кадрларды сырттан әкелетін, не басқа ұлттан қоятын. Нұрекең бәрін өзгертті. Жергілікті кадрлар тұрақтанды, олар жаппай өсті. Облыстың, ауданның басшы қызметтеріне түгелдей дерлік жергілікті кадрлардан іріктеліп алынды. Зор сенімге ие болған Ж.Кейкин, Ғ.Сағымбаев, Қ.Есентаев, Б,Өтеғалиев, Қ.Темірташев, И.Жанболатова, А.Айбаров, Қ.Дүтбаева, М.Сабирова, А.Кенжебаев, С.Нұржанов, Б.Ахметқалиев, О.Еркінов, Б.Ізтілеуов,О.Қарасаев, С.Сүйінов, Р.Ерубаев, Ж.Есенжанов, А.Досалиев, А.Атшыбаев, Ө.Алшынбаев бүгінгі Атырау, Маңғыстау өңірінің өркендеуіне іскерлігі мен білімдерін, бар қабілеттерін аямай жұмсады. Олар ел құрметіне бөленген беделді азаматтар бола білді.

Облыстық партия комитетін Нұртас Оңдасынов басқарып тұрған тұста мұнай өнеркәсібін дамыту жолында күрделі мәселелерді көтеріп, оны шеше де білді. Бұған көмектескен оның біліктілігі мен жоғарғы басшы орында көп жыл қызмет істеп, өзіне жолдас, дос жия білген қасиетінде еді. Біздер айлап шеше алмай жүрген шаруаны ескі достарымен телефон арқылы байланысып, әп-сәтте ақ шеше қоятын.

Нұртас Оңдасынов осы өлкенің мұнайшыларына қамқоршы бола білді, олардың пікірлеріне құлақ асты, оң істерін үнемі қолдап отырды. Мысалы мұнай негізін қалаған ірі ұйымдастырушылар: М. Есенов, С.Өтебаев, Ж.Досмұхамбетов, Ө.Балғынбаев, Р.Өтесінов, Т.Жұмағалиев, Х.Өзбекғалиевтерді, аудан басшылары Т.Қағазов, Ж.Өтеғалиев, Ө.Исмағанбетов, З.Ғұмаров, Қ.Оспанов, О.Нығметдиновтерді қатты қолдады.

Нұрекеңмен бірге еңбек еткен және оның тәрбиесінен өткендердің біразы республиканың басқару орындарында өнімді де, тиянақты жұмыстар көрсете білді. Солардың ішінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері М.Есенов, С.Өтебаев, С.Мұқашев, З.Камалиденов, О.Көшеков, Ғ.Сағымбаев, Ж.Таңқыбаев, С.Шақабаев, У.Әленова, Х.Өзбекғалиев, Е.Тасқынбаев, Б.Сағынғалиев, Ы.Өтеғалиевтер – республикаға еңбегі сіңген зиялы азаматтар.

Нұрекең – артық дүние-мүлік жинамаған, ешкімнен «сыйлық» алмаған адам. Атыраудан Мәскеуге көшкенде біз біраз адам болып шығарып салдық. Бар дүниесі – төрт чемодан киім-кешегі мен бір контейнер кітап. Мен кейін де қатынасымды үзбедім, Мәскеуге барған сайын соғып, сәлем беріп тұрдым. Сонда баяғы жұпыны күйінен өзгермеген, арзан жиһаз, үйінің көркі – сол кітаптары. Жеңгеміз Валентина Васильевна – ақжарқын жан. Ол кісі Нұрекеңнің тек жары ғана емес, қамқоршысы, көмекшісі бола білді. Дәмді асы мен тәтті шайын әзір етіп, жолына қарап отыратын, жақсы күтетін. Үлкен ұлы Ескендір – тарих ғылымының докторы, профессор, кіші ұлы – Геннадий техника ғылымының кандидаты. Қазір екеуі де зейнеткер, Мәскеуде тұрады, хабарласып отырамыз. Кіші ұлы Геннадийдің екі ұлы бар, үлкеніне атасының құрметіне Нұртас деп ат қойған.

Нұртас Оңдасынов 58 жасқа жетпей зейнеткерлікке шықты. Оның жұмыстан кетуі Атырау облысының партия-совет активіне де, өзіне де үлкен соққы болды. Облыс азаматтары, Атырау халқы қимас сезіммен Нұрекеңмен қоштасты.

Менің үш жайтты айтқым келеді. Бірінші—оның жұмыстан кетуі. 1962 жылы ақпан айында Н.С.Хрущев Алматыға келетін хабар алдық. Орталық партия комитетінің хатшысы Д.А. Қонаев телефон соғып, Алматыға Оңдасынов, Құбашев келесіздер, дайындалыңыздар, қоятын мәселелеріңіз маңызды болсын, әрі екі-үштен аспасын деген.

Облыстан үш мәселе дайындалды. Бірінші—Маңғыстауда үлкен мұнай көзі ашылды, табиғат жағдайы жыл бойы тоқтаусыз жұмыс жүргізуге қолайлы. Барлау мен игеруді қатар, тез жүргізу керек. Ол қаржы мен ресурстарды көбейтуді талап етеді. Екінші - Маңғыстауда түрлі-түсті, құрылысқа жарамды тастың қоры мол, төрт-бес қабатты үйлер салуға, ғимараттарды әшекейлеуге өте қажет. Үшінші, маңызды мәселе — Маңғыстауға темір жол салу керек.

Н.С. Хрущев Алматыға келді. Республика активі Орталық Комитеттің бюро залына жиналды. Облыс басшылары қысқа-қысқа баяндап, пікірлерін айтты. Кезек Нұрекеңе келді. Ол алғашқы екі мәселені айтып болғанда Хрущев сөзді бөліп, Нұрекеңді сынға алды. «Бірінші» - деді Хрущев сұқ саусағын Оңдасыновқа қарап шошайтып: «-Сібірде мұнай көзі көп, күшті соған саламыз, ал, тас дегенің немене, сен Оңдасынов өзгермеген екенсің, жаңа жағдайды түсінбейсің, темір мен бетонды пайдаланатын заманға көзқарасың дұрыс емес, әрбір совхоз өзінде кірпіш заводын салуы керек, тастың қажеті жоқ...» — деп, көп сөйлеп барып басылды. Артынша Нұрекең: «Никита Сергеевич, Маңғыстауға темір жол салуымыз керек, қаражат керек!»- деді, «ақыры бастан қан шықты», айтып қалайын деген оймен. Хрущев одан сайын ашуланды. Тіптен ерсілеу, мемлекет басшысының аузынан шығатындай емес өте дөрекі бір анекдотты айтып, Оңдасынов пікірін қолдамайтынын, қаражаттың болмайтынын айтып, шаптығып барып тоқтады. Мәжілісті жүргізіп отырған республика басшысы Дінмұхамед Қонаев бұл мәселеге араласпады, ешкімді жақтап, төрелік айтпады, облыстың мүддесі қорғалмады. Ал, Оңдасынов болса Хрущевтің намысына тиген кекесін-мұқасынын көтере алмады. Артынша жасы жетпесе де зейнеткерлікке шығуға арыз берді. Бұлар - намысын бар биліктен жоғары қоятын азаматтың ерлік шешімі болды.

Уақыт Нұртас Оңдасыновтың ұсыныстарының дәлелді және мезгілінде көтерілген маңызды мәселе екенін көрсетті. Батыс Қазақстан – миллиардтаған тонна мұнай қорының иесі, ал Маңғыстау ақ-сары тастары жүздеген қалаларға жаңа көрік берді. Темір жол да, тас жол да салынды.

Екінші жайт. 1963 жылы шілдеде облыс ауыл шаруашылығы озаттарының жиналысына құрметті қонақ ретінде Мәскеуден Нұрекеңді шақырдық. Мен баяндаманың орта кезінде Нұрекеңнің атына, еңбегіне жылы сөздермен облыс еңбекшілері атынан алғыс айттым. Залда отырған 700-дей адам орнынан тұрып, ду қол шапалақтады. Озаттарға сыйлықтар тапсырылды. Сосын жарыс сөз басталды. Сол-ақ екен Нұрекең атына алғыс сөздер мен рахмет қарша жауды. Бір кезде Нұрекеңе сөз бердік. Бүкіл жұрт тағы да орындарынан тұрып ұзақ қол шапалақтап Нұрекеңе ерекше құрмет көрсетті. Нұрекең трибунада біраз күтті. Жұртты әрең отырғыздық. Енді Нұрекең үндемейді, алдында бір бет қағазы жатыр, соған мелшиіп қарап қалған. Байқаймын қатты тебіреніп тұр. Кеудесінде жаны, сезімі бар адамның мынандай көрсетілген құрметке тебіренбесі мүмкін емес еді. Жұрт та сезді, ел қайтадан орындарынан тұрып, ду қол шапалақтап, құрметке қайта бөледі. Менің екі жағымда өлкенің басшылары Н.И.Журин мен Р.О.Шаяхметов кезекпен етегімнен тартады, жұртты отырғыз дегені ғой. Маған бой бергелі тұрған жұрт жоқ. Не керек әрең дегенде елді отырғыздық-ау. Нұрекең өзінің баяғы қалпынан ауытқымай, баяу, баппен үздік атанған озаттарды құттықтап, рахметін, тілегін айтты. Сөзін бітіріп, орнына отырса да жұрт ұзақ қол соғып, құрмет көрсетті.

Кешінде осы оқиғаны біздің үйде еске алып, әңгіме қозғадық. Сонда Нұрекең ағынан ақтарылып, тебірене отырып: «Өмірімде осынша құрмет көрген емеспін, осындай қобалжыған да жоқпын. «Ел іші - алтын бесік» деген халық, мені атыраулықтар алтын бесікке салып тербетті ғой. Алтын бесікте отырған кісінің көзі ештемені көрмейді екен...» – деді. Маған Нұрекең әлі тебіреніп отырғандай сезілді. Реті де солай еді. Бұл Нұртас Оңдасыновтың адал еңбегінің бағасы, бұл ұлы азаматқа деген Атырау елінің таза махаббатының көрінісі еді. Таза пейіл таза адамға ғана арналады екен, мен сонда түсіндім.

Үшінші жайт. Нұрекең 1977 жылы күзде Алматыға келді. «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік» кітабының 2 томдығын бітірген, соны баспаға тапсырмақ. Мен Министрлер Кеңесінде істеймін. Өзім хабарласып үйге шақырдым, үш-төрт күн демалды, ұзақ түн отырып жазғандарын қарайды. Бір күні кешкі шай үстінде Нұрекең маған:

- Сәке, (көбіне мені осылай атайтын) мен сенің қабылдауыңа жазылып, барсам деп едім. Мені қашан, қай сағатта қабылдай аласың,-деді, сұрақты төтесінен қойып. Мұндай сауалды да, қылықты да күтпеген мен: «Нұреке-ау, қандай қабылдауды айтып отырсыз, осы жерде-ақ айта беріңіз. Мен Сізді тыңдауға қашанда әзірмін ғой», – дедім шын сасқалақтап. Нұрекең мұныма: «Жоқ, шаруамды кеңсеңе барып айтуым керек, сонда ол маңыздырақ, құндырақ болады», – деді. Мінезін білетін мен көндім, «сағат онға келіңіз», – дедім де жұмысқа кеттім. Дәл уақытында келіп тұр. Өз басым Оңдасыновтың бір жерге кешігіп келгенін немесе барғанын көрген емеспін. Сол әдетінен бұл жолы да айнымады. Алдынан шығып қарсы алдым, кабинетке кірген соң қасына, ұзын столдың басындағы орындыққа қатар отыра беріп едім: «Сәке, орныңа барып отыр!» деп, төрдегі орнымды нұсқады. Жымиып күліп қоямын, орныма отырдым. Не айтар екен деп сұраулы жүзбен Нұрекеме қарап қоямын. Ол кісі бейне бір қия құздың басына қонатын қырандай қомданып, қозғалақтап, кәстөмінің етек-жеңін жинаңқырап барып маған тіктей қарады да, қоңыр дауыспен, Сәкені қойып, «балам» деп алып, әңгімесін бастады.

-- Балам, отыз жетінші жылы қазақтың небір марғасқа азаматын солақай саясат ұстанғандар орып түсті. Тағдырдың жазуымен отыз төрт жасымда Қазақстанның Үкіметін басқарып шыға келдім. Бастық болдым екен деп мастанған адам емеспін, қайта өмір бойы халқымды қалай жақсылыққа кенелдірсем екен, жеткізсем екен деп, ой да ойлап, әрекет еткен адаммын. Халықтың, елдің жағдайын ойлаймын деп жүріп өзім өскен қараша ауылдың мұң-мұқтажын ұмытып кетіппін. Ұмытқан жоқпын-ау, жалпы халықтан артық көрмей, өзім екен деп өзгелердің несібесіне қиянат жасамайын деген болармын. Мен жақында сол туған аулымда болдым. Ақсақалдарым өкпе-наз айтты сонда маған. Келіндерім бір-екі шақырымнан иінағашпен су тасиды екен, мектептері де оңды емес, қалаға қатынайтын жол да жоқ... Кезінде мен жіберген кемдіктің орнын сен толтыра ма деп келіп отырмын. Менің ауылым Түркістан ауданына қарасты Амангелді атындағы колхоз болады...—деп, біреудің алдында кінәлі адамдай мойып сөйледі. Әрине, Оңдасынов ешкімге де қарыздар да, міндетті де емес еді. Үкімет басқарса жақын-жуықты бөле қарап, басқалардан артық сана деп қойған жоқ қой. Перзенттік парызы шығар мазалаған. Мен ағаның аманатын алып қалдым, көп кешікпей ол кісі Мәскеуге кетті.

Мен Шымкентке, Облатком төрағасы Жамалбек Шаймерденовке телефон соқтым. Ол: – Бәрі дұрыс, колхоздың жайы өте кемшін, жақында жаңа басқарма төрағасы сайланады, сосын хабарласады, – деді.

Содан 1977 жылдың аяқ кезінде Аманкелді колхозының партком секретары Әзіретбергенов Жарылқасын келіп, бар жағдайды жайып салды: колхоз Сырдария өзенінен 12 километр жерде, егістікті өзеннен биікке насоспен су шығарып суарады, ауыз суды да осы өзеннен тасиды, мектеп үйі жағдайсыз, аудан орталығына қатынас жол жоқ, бүкіл облыста мақтаны инженерлік жүйесі жоқ жерге егетін тек осы колхоз, сондықтан көрсеткіші де төмен...

Мен ақылдасуға республиканың керекті министрлерін шақырдым. Олар: С.Шақабаев (Нұрекеңнің тәрбиесін де, жақсылығын да көрген), Л.Б.Гончарев, А.Тыныбаев, С.Әбдилдин, барлығы да Нұрекеңді білетін, қадір тұтатын басшы қызметкерлер. Бәріміз ақылдасып, тиянақты шешім қабылдадық. Ол шешіміміз мынау болды: колхоздың орталығынан 1700-2000 метрлік тереңдіктен 2 скважина қазып, жабдықтап, су құбырын салу, 646 орындықты жаңа типтегі мектеп, ауылды күре жолға қосатын 12 км асфальтты жол және ауыл ішіндегі екі көше, 1000 гектар жерді инженерлік жүйеден өткізіп, тегістеп, Қарашық каналынан су алып, егіс егетін жағдайға жеткізу. Мезгілі - 1978 жылы осы істердің жобасын жасау, 1979 жылы жоспарға енгізіп, іске кірісу. Бұл жұмыстардың бәрін төрт жыл ішінде мемлекет іске асыруы тиіс.

«Жақсыдан шарапат» деген осы да, төрт жылдың ішінде бәрі де іске асып, Нұрекеңнің арманы орындалды. Ал, аманатқа қиянат жасамай мен де уәдемді орындай алғаныма әлі күнге дейін қуанамын. Нұрекең үшін қуанамын. Содан кейін-ақ, колхоздың экономикасы өркендеді, елдің тұрмыс жағдайы күрт өзгерді.

Нұртас Дәндібайұлы 1988 жылы қатты ауырып, Кремль ауруханасында біраз жатты. Мен Алматыдан дәрігерлер жібердім, өзім барып жағдайын білдім. Қатты қуанды. Нұрекең 1989 жылы 4- қарашада қайтыс болды. Өзінің тілегін ескерген жерлестері, біз Түркістанның қазіргі Нұртас аулына әкеліп, ата-анасына қойған құлпытасының қатарынан жерледік. Шымкент облысының барлық аудандарының, Атырау, Қызылорда, Қарағанды, Алматыдан көп адамдар келіп, қалың ел ұлы азаматты соңғы сапарға құрметпен шығарып салды.

Нұртас Оңдасынов 90 жасқа толған күні де Түркістанда үлкен қошеметпен тойланды. Нұрекеңнің жүздеген шәкірттері, мыңдаған достары келіп, ағаның жарқын бейнесін еске алды.

ХХ ғасырдың ірі тұлғаларының бірі, аса көрнекті мемлекет қайраткері, абыз аға Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың еліміздің, ұлтымыздың тарихында биік орны бар асыл азамат екені шындық. Өкінішке орай, менің пікірмше Нұрекең туралы, атына сай, халқына сіңірген еңбегіне сай айтылып та, жазылып та болған жоқ. Ол – өз заманының Ұлы тұлғаларының бірі. Өткенімізді еске алу елдігіміздің белгісі, мәдениетіміздің көрінісі дер болсақ, қазақ тарихына Нұртас Оңдасынов есімі алтын әріппен жазылуға хақылы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет