Лақтыру даярлығының жүйесіне енген жаттығулар балалардың организмін дамыта түседі, лақтырумен айналысатын атлеттердің спорттық даярлық ерекшеліктерін терең түсінуіне көмектеседі. Жеңіл атлетикалық спортта найза, диск, балға және ядро лақтыру түрлері бойынша жарыстар өтіп тұрады.
Жүгіріп келіп лақтыру – едәуір алысқа лақтыруға көмектеседі, екінші жағынан қиындығы да бар. Сондықтан жүгіріп келіп лақтыруға бір орында тұрып лақтыруды меңгергеннен кейін көшу керек. Лақтыру үшін онша қатты жүгірмесе де болады, өйткені қатты жүгірген сайын гранатты ойдағыдай лақтыруды орындау қиындай түседі. Жүгіретін жердің ұзындығы 8 қадам болады, оның алғашқы төрт қадамы (бастапқы белгіден бақылау белгісіне дейін) бастапқы және қорытынды (бақылау белгісінен кейінгі сызыққа дейін) белгілер болып бөлінеді.
Бетті граната лақтыратын жаққа беріп, гранатаны оң қолды бүгіп, шамамен алғанда иектің тұсына ұстап лақтырушы жүгіруді сол аяқпен бастайды. Жүгіру қарқынын бірте-бірте үдете түсу керек.
Бақылау белгісіне оң аяғы тигеннен кейін лақтырушы жүгіру екпінін тоқтатпастан, қолды артқа қарай бұру керек, келесі қадамда (бақылау белгісінен кейін үшінші қадам) граната ұстаған қол аздап бүгіліп, дененің арт жағына жоғары көтеріледі. Лақтыру бір орында тұрып лақтырған сияқты осы жерден басталады.
Граната лақтырудағы жүйелілік: Бастапқыда гранатаны дұрыс ұстаудың тәсіліне үйрену керек. Содан кейін бір орында тұрып, тік нысанаға тура, жайлап лақтыруға кірісу керек. Нысанаға лақтыру қимылды дұрыс орындауды бақылауға жеңіл болады. Нысанаға лақтыруға үйренудің алғашқы кезеңінде лақтыратын жаққа қарай кеудені беріп тұру керек, сол аяқ біраз алға шығарылсын. Дене салмағы бұл кезде көбіне оң аяққа түседі. Міне, осы қалыпта гранатаны лақтыру керек. Гранатаны лақтырғанда ол жоғарыдан төмен қарай айналатындай етіп жіберу қажет. Лақтыратын қимылын меңгеріп, яғни кеудені лақтыратын жаққа қарай беріп тұрудан, қатты ышқынып лақтыруға машықтанған соң, нысанаға дейінгі қашықтықты ұлғайту керек.
Тік тұрған нысанаға (дуал, қалқан) жақсы тигізетін болған кезде көлденең нысанаға (окоп, ор) лақтыруға көшуге болады. Жүгіріп келіп лақтыруға тек бір орында тұрып лақтыруды меңгергеннен кейін ғана көшу керек. Жүгіріп келіп лақтырудың техникасын ең алдымен жүріп лақтыру арқылы үйренген дұрыс болады. Ең әуелі екі адымдап, содан кейін үш адымдап, қолды дұрыс сілтеуді үйрену керек. Алдымен қолды сілтеуді және лақтыруды үйренген соң, жүгіруді, алғаш адымдап басуды, оның ақырғы бөлігін – ақырын жүру арқылы қатты жүгіруді үйрену керек. Бұдан кейін жүгіріп екпін алудың барлығын баяу жүгірумен орындайды (бастапқы бөлігін ақырын жүгіріп, ал қорытынды бөлігін ақырын үдете жүгіру керек). Гранатаны лақтырған кезде оны сілтей лақтырып, қолдың басын граната айналып ұшатындай етіп ұстау керек.
Граната лақтыру. Гранатаны ұстағанда төрт саусақпен қысып ұстап, шынашақты бос қалдырады. Сонда гранатаны лақтырғанда ол қолдың бағытымен кетеді. Әдетте, құралды лақтырған кезде міндетті түрде сол аяқпен итеріледі, оң жамбас алдыға бұрылады.Гранатаны міндетті түрде жүгіріп келіп лақтыру керек. Сонда ғана жоғарғы нәтижеге жетуге болады. Ол үшін тағы да қандай қашықтықтан жүгіріп келуге болады деген сұрақ туындайды. Соның ішінде 4 адым қалғанда лақтыратын – «адым» деп есептеледі. Себебі, лақтырушы осы лақтыруға дайындалып келеді. Қолды артқа қарай созып, денені алдыға бұрып гранатаны лақтыруға дайындайды. Ең соңында сол аяқты жерге тіреген кезде гранатаны лақтырып жібереді.Граната лақтырудың айла-тәсілін үйрену үшін мынадай қосымша жаттығуларды орындауға болады:
сол аяқпен алдыға аттап, гранатаны жанға түсіріп ұстап тұрып, содан кейін қолды артқа қарай көтеріп иықты айналдыра, бастан асыра алдыға сермеп гранатаны лақтыру;
осы жаттығуды гранатасыз-ақ бейнелеу ретінде қайталауға болады;
гранатаны ұстап жүріп, жүгіріп келіп бейнелеу түрінде орындау;
орында тұрып гранатаны бастан асыра лақтыру;
граната лақтырудың айла-тәсілін жетілдіру мақсатында, орында тұрып тас лақтыру, теннис добын лақтыру арқылы да жаттығуды үйренуге болады;
иық буындарының қозғалмалы қабілетін жетілдіру үшін гимнастикалық таяқшамен иықты артқа-алдыға айналдыратын жаттығулар орындау;
шынтақ буынының созылмалы қасиетін жетілдіру үшін салмағы бар тасты кеудеден лақтыру;
шынтақ буынының созылғыштық қабілетін жетілдіретін жаттығулар орындау.
З.А. Абдрахманов, А.Ш. Смаилова. Жеңіл атлетика: оқу әдістемелік құралы Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2016.- 146 бет. УДК 796.42 Ұсынылып отырған оқу-әдістемелік құралы жалпы жеңіл атлетиканың спорттық жүру,жүгіру,секіру,лақтыру негіздеріне толық сипаттама берілген.Жеңіл атлетикадағы жаттығулардың теориясы және әдістемесінің заңдылықтары мен негіздері және қозғалыс қимылдары мен жылдамдық пен шыдамдылықты дамытуға көңіл бөлінген. Әдістемелік құрал «Дене шынықтыру және спорт» мамандығында оқитын студенттерге, жеңіл атлетикадан сабақ беретін мұғалімдер мен жаттықтырушыларға арналған. Пікір жазғандар: ф.ғ.д. Хамзин.М PhDИшанов П.З п.ғ.к.Жүніспеков С.К УДК 796.42 Репозитор