Төтенше өкіл – Попов. «Келісемін»: ОО бастығы үшін – Волохов».
Осы қаулының үстін бастыра: «Осы қаулы маған оқылды, бірақ та қаулыда негізделген материалдар маған толық көрсетілген жоқ. Ж.Досмұхамедов. 25/Х -31» – деп қол қойған.
Бір түсініксіздігі, тергеуші кәсіби заңгермен бетпе-бет келе отырып, Ж.Досмұхамедовке мүлдем қатысы жоқ Д.Әділевтің қылмысты ісін қалай «қиыстыра» қосақтаған? Жерге орналастыруға, телім бөлуге, «Алқа» үйірмесіне қатысты өзге көрсетінділерде де Ж.Досмұхамедовтің аты аталмайды. Қалайда «сауатты" айып тағып, түрмеге қамауды мақсат етсе керек. Ал «қылмыскер» адам айыптау қорытындысымен келісе ме, жоқ па, оларға бәрібір еді.
СССР-дің ОГПУ коллегиясына Қазақстаннан жер аударылған Досмұхамедов Халел Досмұхамедовичтен өтініш.
ПП ОГПУ-дің Қазақстандағы коллегиясының қаулысы бойынша ұлтшылдықпен айыпталып 1930 жылдың 14-қыркүйегінен баста 5 жылға жер аударылған едім. 33-жылы өкпе туберкулезінің ашық түрімен ауырдым. Сондай-ақ ұсынылған құжаттарда көрсетілгеніндей бүкіл денемді дуылдататын жүйке қышымасына да ұшырадым. Аурудың себебі – ауыр жұмыс, ауа райының жақпауы, тұрмыстық нашар жағжай (тар және сыз пәтер, еңбекақының тамаққа жетпеуі). Мен 5 адамнан тұратын үйдің жалғыз асыраушысымын, әйелім және 14-16 жастағы 3 балам бар, оның біреуі туберкулезбен, екіншісі туботоксинациямен (?) ауырады. Қазіргі жайсыз жағдайға байланысты менің үй-ішімнің өкпе туберклезін жұқтырып, тарату қаупі бар. Менің дертім барған сайын асқынып, меңдеп барады. СЧО (сслкадағы төтенше орын –Т.Ж.) аймағындағы ем өкпеге қонбайды. Маған жыл сайын бірнеше ай бойы Қырым мен Кавказ санаторийларында емделу қажет. Жер аударылушы ретінде мен ондай мүмкіндіктен айырылғамын. Мұндай жағдайда мен өзімнің жұмыс қабілетімді ғана жойып қоймаймын, сонымен қатар мен мүгедектікке ұшырасам бүкіл жанұям асыраушысыз қалады. Жоғарыда айтылған жағдайларды ескере келіп СССР-дің ОГПУ-нің коллегиясынан мені босатуды не кесімді мерзімді азайтуды өтінемін.
Достарыңызбен бөлісу: |