«1930 жылы 6 қараша күні айыпталушы Халел Досмұхамедовтен алынған тергеу жауаптарының хаттамасы
«1). Ташкенттегі қазақ зиялыларының контрреволюциялық ұйымы бізге дейін де болуы мүмкін. Оған біз қатысқан жоқпыз. Ал Жаһанша Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаев қатысқан ұйым 22-жылы құрылды да, 24-жылдың басына дейін жұмыс істеді.
2). Ұйымның құрылуына шығыс Бұқарадағы оқиғалар мен Заки Валидовтің, Әнуар пашаның келуі ықпал етті. Екінші жағдай: Мәскеудегі оқиғалар және Болғанбаев пен Әділевтің келуі итермеледі. Егерде қазақ коммунистері әлсіздік көрсетіп, еурпалықтардың алдында дәрменсіздік танытпаса, қазақтардың мүддесін қорғай білсе, мүмкін онда бұл ұйым құрылмайтын да еді. Сондықтан да мұндай үстемдік пен өктемдікке қарсы біліміміз бен күшімізді пайдаланып, ұйымдасқан түрде күресу үшін ұйым құру қажеттігі туды. Бұл тұрғыдан алғанда коммунистер де бізді қолдады. Ұйымның алғы шарттары осындай.
3).Сұраққа жауап: Ұйымның құрамында Халел Досмұхамедов пен Жаһанша Досмұхамедов, Тынышбаев, Есполов, Әділев Дінмұхамед, Қашқынбаев Иса, Бірімжанов және Жәленов болды (Өзбектерден кім бар еді? –деген сұрақ жауапсыз қалған – Т.Ж).
4) Сұраққа жауап: Мен – Халел Досмұхамедов, Түркістан республикасының Оқу-ағарту халық комиссариятына қарасты ғылыми комиссияның төрағасы болып қызмет атқардым. Жаһаншаның қайда істегенін білмеймін, ол жалпы заңгер ғой. Тынышбаев пен Есполов Жер жөніндегі комиссариятта істеді. Жәленов Түркістан университетінің студенті, Қашқынбаев ординатор-ұйымдастырушы болды. Әділевтің не істегені маған белгісіз.
5) Ұйымға мүше ретінде орталыққа жақсы таныс, кепілдік бере алатындай зиялылар тартылды. Төралқасына бес адам сайланды. Әділев: әр адам өзіне жақсы таныс бір адамды тартуға ерікті болсын – деді. Бұл ұсыныс қазақтардың дәстүріне жат болғандықтан да қабылданбады. Біз коммунистерді іске тартпадық, оларға айтқамыз да жоқ. Негізгі міндетіміз – өзімізге етене таныс зиялыларды ұйымға тарту еді. Түркістандық зиялылардың ішінен Тынышбаевті ғана тарттық, одан басқа ешкімді танымайтынбыз. Біз оның өзімен қоса, онымен рулас туыстары да біздің соңымыздан ереді деп үміттендік. Жалпы ауылдық жерлерде рулық белгі басты қызмет атқарады, бұл арада ол біздің ұйымға да өз септігін тигізеді деп ойладық.
6) Сұраққа жауап: ұйымның саяси және экономикалық бағдарламасына келетін болсақ, бізге – жалпыға ортақ сайлау құқығына негізделген Халықтық Ұлттық Демократиялық Республика керек деп есептедік. Мемлекеттік өкілетті заңды орган – Парламент болуы тиіс. Президенттік басқару мәселесі талқыланған жоқ. Ауыл шаруашылық мәселесіне келетін болсақ, онда міндетті түрде реформа жүргізілуі тиіс. Біз: жерге міндетті түрде мемлекеттік меншік орнауы тиіс, жерге жеке меншік жойылуы керек. Егерде жер билігі мемлекеттің қолыңда болса, онда байлар мен феодалдарды қысып ұстауға болады. Оның есесіне біз европалықтардың жерге қоныстануына қарсы болдық. Жерді ең алдымен еңбек шартымен жергілікті халыққа бөліп беру керек. Қашан қазақтар шаруашылыққа бейімделіп, жерді өзара толықтай игергеннен соң ғана қоныс аударушыларға телімге рұқсат етуге қол жеткізуге болады. Мал шаруашылығы саласында қалыптасқан шаруашылық үрдісін сақтау, қуаң және жартылай қуаң жерлерді суландыру, су реформасын жүргізу, өнеркәсіпті дамыту мәселелері алға міндет етіп қойылды. Ұйымның бағдарламасын мен, Жаһанша Досмұхамедов және Тынышбаев жасады. Бағдарлама кімде сақталғаны есімде жоқ, Әділевте ме, жоқ, Жәленовте ме, білмеймін.
Д.Әділев (жалғасы): «Бағдарламаның аты – «Алаш еріктілері» партиясының платформасы деп аталады – десті ғой деймін. Бағдарламаның түснұсқасы ұйым хатшысы, қазір Орал қаласында жүрген Кәрім Жәленовте сақталды. Жас оқытушылар мен студенттерді ұйымға тартты».
Х.Досмұхамедов (жалғасы): Ұйымның басты құрылымы екі жағдайды ескере отырып қарастырылды: бірінші, кеңес өкіметі құлаған жағдайда, екінші Әнуар паша жеңілген жағдайда не істеу керектігі басты назарға алынды. Бірінші жағдайда – кеңес өкіметі құлаған жағдайда Қазақстан демократиялық-федеративтік республика дәрежесінде Түркістанның негізгі бір құрылымы ретінде өмір сүреді. Ал екінші жағдайда: Қазақстан Түркістанның құрамына кірмейді, ССРО-ның құрамына дербес республика ретінде кіретін болады деп ұсыныс жасалды. Біз ол кезде сіздердің федерация туралы шешімдеріңізді білмейтін едік, ол кезде Түркістанды өзбек басшылар билеп-төстейтін, жобаны жасаған да солар болатын. Қазақтардың өзбектермен аралас тұратынына қарамастан, біз өзбектердің бұл ұсынысына мүлдем қарсы болдық. Өйткені біздің басты мақсатымыз – барлық қазақтың басын қосу болатын. Біз тіпті қытайдағы қазақтарды да қосып алудың жолын қарастырдық. Әрине, олар өздері мекендеп отырған териториясымен қазақтың құрамына кіру керек деп есептедік. Бұл жоспар сол қиял күйінде қалды, іс жүзінде еш нәрсе де атқарылған жоқ. Бұған қазақстандық қазақтардың қалай қарайтыны маған белгісіз. Жат жердегілердің жағдайы өте ауыр күйде, өмір сүру дәрежесі төмен, сондықтан да бірігуге қарсы бола қоймас деп ойладық.
Марсековтің Шығыс Түркістанға өтіп кеткенін естігемін, бірақ онымен ешқандай байланысым жоқ. 22-жылдары Шығыс Түркістандағы (жауапта Шығыс Қытайда деп жазылған, ал бұл өңір негізінде Қытайдың батыс өлкесі болып келеді –Т.Ж.) жағдайды талдап, ұсыныс жасау үшін онымен байланыс жасау ісі Тынышбаевқа тапсырылды. Ол Семей арқылы хабар салып, Орынбормен байланысуы тиіс еді. Бұл мәселенің қалай аяқталғаны дәл қазір есімде жоқ. Алайда бұл біздің басты мақсатымыздың бірі болатын.
7) Күрес тәсілі мынадай: біз, яғни, ұйым мүшелері кеңес өкіметінің барлық құрылымына қызметке кіріп, осы бағдарламаны жүзеге асыруға ықпал ету болатын. Соның ішінде сіздердің ірі орындарда отырған қызметкерлеріңіздің ара салмағына талдау жасап, есепке алу да (қанша адам, қайда, қандай дәрежеде жұмыс істейді дегендей) міндет етіп қойылды. Саяси бағдарламаның басты бір тармағы – ұлыдержавалық шовинизм мен патшалық қанаудың сарқыншағына қарсы күрес жолына арналды. Партияда жоқтар мен коммунистердің, соның ішінде ұлы державалық-шовинистік өктем саясатты ұстанатын барлық еуропалық коммунистердің іс-қимылдарына талдау жасап отыру ұсынылды. Ұлы державалық шовинизмге қарсы күресіп жүрген еуропалық коммунистермен етене байланыс жасап, олардың атқарған шараларына көмектесіп отыру, ұлттық коммунистермен де тығыз байланыс орнатып, солар арқылы сіздердің саяси, экономикалық бағдарламаларыңызға ықпал ету тактикасы алға қойылды. Интервенция мен шет ел державаларының әскери көмегіне сүйену мәселесі талқыланған жоқ.
8) Кеңес өкіметіне қарсы көтеріліс ұйымдастыру мәселесіне келетін болсақ, егерде Әнуар паша мен Заки Валидовтің әскері Ташкентке шабуыл жасаса, әрине, оларға көмектесуге тиісті болдық. Біздің жағдайымызда мұны (көтерілісті –Т.Ж.) жүзеге асыруды армандауға да болмайтын. Өйткені біздің бәріміз де сырттан келгендіктен де, жергілікті тұрғындармен байланысымыз жоқ еді және тұрғындар да ұлттық тегі жағынан құрама болатын. Сондықтан да жарытып ештеңе атқара алмадық.
9) Алдында айтқанымдай, Германияға оқуға кеткен студенттерге: олардың қолында біздің ұйымның мүшелік билеттері болуға тиісті еді әрі олар үкіметтің ұсынысымен оқуға жіберілгендерін айта жүруі керек – деп ескерттім. Оларға мен ешқандай тапсырма бергемін жоқ...Мүмкін Орынбордағы ұйым тапсырма берген шығар. Мұстафа Шоқаймен ешқандай байланысымыз болған емес. Ол біздің жақтасымыз болып есептеледі, алайда шын мәнінде ол біздің жақтасымыз болып табылмайды, өйткені ол ішкі күрестен шеттеп кетті.
10) Ұйымның тұрақты қаражат қоры болған емес. Қаражатты кім жинағанын есіме түсіре алмай тұрмын. Бірімжанов Бұқараға жүрер алдында ақша жинадық. Заки Валидовпен жолығуға барарда Әділевке де ұйым мүшелері өзара келісіп 25-30 сомнан қаражат жидық.
11) Басқа республикалардағы контрреволюциялық ұлтшыл ұйымдармен байланыс былай жүргізілді. Мысалы Орынбордағы ұйыммен бастапқыда Байтұрсынов арқылы хабарласып тұрдық. Бұл ұйым өзінің өкілі ретінде Байтасов пен Сәрсеновті ұсынып, барлық мәселені солармен кеңесіп шешуді тапсырды. Одан басқа нұсқау болған жоқ. Жаз айында мен, Тынышбаев және Жаһанша Досмұхамедов үшеуміз өзара ақылдастық. Менің білуімше Орынбордағы ұйым өзінің жұмысын ертерек бастаған сияқты. Олар өз істерін бізден дербес жүргізді. Түркістан майданындағы жағдайдың күрт құлдырап кетуіне байланысты біз де (Жаһанша Досмұхамедовті, Тынышбаевті және өзімді айтып отырмын) тыныш жатып, бассауғалауды дұрыс деп шештік. Жастардың арасында «Алаш» бағдарламасына іш тартатын ұйым бар деп естідім. Біз олардан мәселенің анық-қанығын біліп беріңдер деп тапсырма бердік, бірақ та Байтасов пен Әділев жүрексінді ме, ештеңе айтпады. Орынбор мен Ташкент ұйымдарының арасындағы байланысты Байтұрсынов арқылы жүргізеді, оған Әділев байланысшылық етеді десті. «Алашорданың» бағыт-бағдарындағы (жетекшілері Байтұрсынов пен Сәрсенов) ұйым жұмысын баяндайтын құжаттардың ешқайсысы да сақталмады. Орынбордан Қызылордаға келгенімде алашордашылардың ешқайсысымен сөйлескемін жоқ. Бұқара қаласында өзбектердің осындай ұйымы бар екенін, ол үкіметтің жетекшісі Исымов Қаримен 23-жылы таныстым. Бірақ біздің ұйым олармен байланыс жасаған жоқ. Олар жадидтік бағытты ұстанады, үлкен әрекетке қабілеті жетпейтін. Әнуар паша мен Заки Валидовтің бағдарламалары қандай, не ойлағандары бар, нені мақсат етеді, қазақтармен қарым-қатынастары қандай, соны білу үшін Бұқараға Бірімжановты жібердік. Біз екі республиканың аражігінде тұрмыз, сондықтан да біздің мақсатымыз Қазақстан мен түркістандық қазақтарды біріктіру екенін білдірдік. Бірімжановтың Бұқарадан қайтып келгеннен кейінгі жауабы маған белгісіз. Кейін Әділевтің де басмашыларда болғанын естідім. Бірімжанов пен Әділевті Орынбор ұйымы 22-жылы жіберіпті. Екі республикадағы ұйымның өзара байланысы болған жоқ.
12) Менің және ұйым мүшелерінің айналысқан қызметіне келетін болсам, мен ғылыми баспаны басқардым. Соның ішінде қазақ тілінде көптеп кітап шығаруға ерекше көңіл бөлдім. Сонымен қатар Оқу-ағарту халық комиссариятында да қызмет атқардым. Тынышбаев Жер жөніндегі комиссариятта істеді, Қашқынбаев денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жұмыстарымен айналысты. Бірімжанов «Ақ жол» газетінде, ал Жәленов пен Әділев жастармен жұмыс істеді. Бұрын Түркістанда жарияланбаған оқулықтарды аударып бастық. Зоология, табиғаттану, анатомия, адам физиологиясы бойынша пәндік оқулықтар жарияланды. Қазір де сол оқулықтар басшылыққа алынып оқытылады. Олар кеңестік мектептердің бағдарламасы бойынша, эксперттердің пікір білдіруімен жарияланды. Ұлтшылдықтың ешқандай белгісі де жоқ. Сонымен қатар халық әдебиетінің үш томдық жинағын шығардым. Әрине, онда маркстік талдау жетіспейтін. Мен халық әдебиеті туралы бірнеше кітапты қарастырып шықтым. Үш оқулық орыс тілінде жазылды. Сыншылар: оқулықтарда ұлтшылдықтың салқыны бар. Ол ұлтшылдық көзқарсын оқулықтар арқылы студенттерге насихаттап, өз ойын өткізіп жіберуге тырысты – десті. Алайда оған менің мүмкіндігім болған жоқ және бақылау да күшті болатын. Менің Ташкенттегі мәдениет саласына араласқан кезімде 25 атаудан астам кітап қазақ тілінде жарық көрді. Мен кеткеннен кейін бір кітап та шыққан жоқ. Бұл кітаптардың барлығын да ұлтшылдар жазған, солар аударған. Бұл оқулықтарда біздің бағдарламамыздың қазақ халқына қатысты негізгі мәселелері (тұрғылықты халықтардың саны, жер және басқа да мәселелер туралы) түсіндірілді.
Жер мәселесі туралы нақты ешнәрсе айта алмаймын. Бұл мәселемен мүлдем таныс емеспін. Ал жастармен Жәленов пен Әділев тікелей жұмыс істеді. Олардың нақты міндеттері болды. 25-жылға дейін комсомол ұйымы құрылғанша жұмыс істеді...
13) ...Сәдуақасов пен сәдуақасовшыларға біз іштарта қарадық, әсіресе, жер мен ауыл мәселесі жөніндегі көзқарасы бізге барынша жақын болды. Шындығында мен бұл мәселелер жөнінде онымен пікір бөліскемін жоқ, бірақ та сөйлеген сөздері мен газеттегі мақалаларынан білуге болатын. Біз ол кезде Ташкентте болғандықтан да істің жайынан тыс қалдық. Сәдуақаосовшылармен және Сәдуақасовпен ешқандай байланысымыз болмады. Ол кісімен Ермеков, Байтасов, Байтұрсынов, Дулатов, Ғаббасов жақсы таныс болатын, әр тақырыпта пікір бөлісетін. Сәдуақасов солардың ықпалында болды деп ойдаймын.
14) Коммунистердің ішінен Қожановпен етене таныспын. Қожанов біздің ұйым туралы ештеңе білген жоқ. Өткен жылы менен ұйым жөнінде сұрағанында: ешқандай да ұйым болған жоқ – деп жауап бердім. Сұлтанбековті Ермеков жақсы біледі. Орынбордағы ұйымға мүше болуы мүмкін, оның тізімі бізге белгісіз. Байтұрсыновтың тұтқындалуына байланысты Ермеков менен біздің ұйым туралы сұрады. Асфандияровпен таныспын, тек университеттегі жұмыс жөнімен ғана қарым-қатынас жасадық, ұйым туралы ол ештеңе білмейді. Байтұрсынов тұтқындалғаннан кейін ол бізден саяқсынып кетті. 29-жылы кездескенімізде біздің сақ жүруімізді емеуірінмен білдірді. Ораз Жандосовпен оқу-ағарту комиссариятында істеген кезінен – 28-жылдан бастап көрші тұрдық. Біз оны нағыз берілген коммунист деп есептейтінбіз. Байділдинмен таныспын, оны 28-жылы Орынбордан қызмет бабында байланыс орнату үшін Ташкентке келгенінде көрдім. Ол көз алдындағыдан алысты болжай алмайтын адам, байқауымша, ол тез өзгеріпті, өзінің шын берілгендігін танытуға тыраштанған жолбике коммунист болып шығыпты.
15) ...Университетте әшкерелеу науқаны жүріп жатқан кезде маған Асфандияров та көмектесе алмады. Менің туысқандық жақындығым бар Құрмановты байдың тұқымы деп университеттен шығарып жіберді. Нағында оның әкесі тақыр кедейдің нақ өзі болатын. Ал оны растайтын құжаттарды табан астында қайдан таба қойсын. Дәл осындай сылтаумен тағы бір студентті шығарып жіберді. Құрғақ ақылдан басқа еш көмегіміз тимеді. Ташкенттен қоныс аударғанда Қожановпен, Рысқұловпен бір еп. кездестім. Баспахананы Ташкентте қалдыру туралы Қожановты көндірдім. Ол өтінішім орындалды ма, жоқ па, білмеймін. Мен астананы Ташкентке көшіру туралы пікірді жақтадым. Көпшілік адамдар қалыптасқан дәстүрі бар, мәдениеті жоғары Семей қаласын астана ету керек десті. Шымкент қаласы да ұсынылды. Ходжаев астананы ауыстыруға келісті. Оның алдында Ходжаев: Қазақтар мен өзбектер біте –қайнасып араласып кетті. Оларды бөлудің қажеті жоқ, халқы да, территориясы да Өзбекстанның құрамында қала берсін – деп жүрген болатын. Қазақстан мен олардың байланысы шамалы болатын. Ол Түркістанның құрамындағы Жетісу автономиясын құрайық деп ұсыныс жасаған еді. Ақырында Түркістанның құрамындағы «Қазақстанды» үлкен Қазақстанмен біріктіруге келісті. Оны үгіттеп көндірдім деп айта алмаймын, бірақта әкімшілік бөліс кезінде ол белсенді түрде араласты. Үкімет өкілі ретінде мәдени құндылықтардың қайда қалатыны туралы пікір-таласқа қатысып, мәлімдеме жасадым. Соның нәтижесінде мәдени мұралардың біразы Қазақстанға берілді. Бұл мәселе жөнінде Қожанов дұрыс пікір ұстанды. Бөлінуге, мысалы Төреқұлов қатты қарсылық жасады. Ол ақыры өзінің пікірінен қайтпады. Бұл туралы Рысқұлов пен Әділев, Тынышбаев 1922-23 жылдары пікір алысып, тапсырма алған болуы тиіс. 1922-23-24 жылдары астыртын ұйымда бұл мәселелер қызу талқыланды. Кіші Қазақстанды үлкен Қазақстанға қосуды қолдау, сол бағытта халық арасына үгіт-насихат жұмысын жүргізу, халық ішінде қарсылық пікір туғызу, олардың намысын ояту керек деп шештік. Ұйым мүшелері үкіметтің алындына: бөліну мәселесіне бізді де қатыстырып, ұсынысымызды айтуға мүмкіндік беріңдер – деп өтініш жасадық. Бұл ретте мені Қожамқұлов пен Қожанов қостады. Ұйымның өзге мүшелері де осындай тілек білдірді. Олардың кімдермен сөйлескенін анық білмеймін.
16) Заки Валидовтің Ташкентке келуі туралы айтарым мынау. 1922 жылы күзде Ташкентке келгенімде: Заки Валидов бізбен кездескісі келетінін маған жеткізді. Ол кезде біздің ұйым құрылған болатын. Өзге ешкім болмағандықтан өзім жалғыз бардым. Кездесу Қашқынбаевтің үйінде жасырын өтті. Бұл туралы… (танылмады – Т.Ж.) Мен, Қашқынбаев, Әділев қана білді. Басты мақсатымыз: 1. Заки Валидов пен Әнуар пашаның нақты бағдарламасын, 2. Олардың күрес нәтижелерін, 3. Ташкентке не үшін келгендігін білу еді.
Жасырын кездесу ақшам кезінде өтті. Мен контрреволюциялық көтерілісшіл қозғалыстың жетекшісі Заки Валидовпен кездесуге бара жатқанымды толық жауапкершілікпен сезіндім. Заки Валидовтің қасында бейтаныс бір адам болды. Ол қасымнан өтіп бара жатып мені байқап қалды. Әңгімеміз қызу өтті. Мен одан: мұнда қалай тап болғанын, неге келгенін сұрадым. Ол: Әнуар паша жараланып қалғандығын, сондықтан да кеңес өкіметіне қарсы күресті тоқтатуға шешім қабылдағанын, енді ұлттық мүдде үшін күресетінін айтты. Мен оның бұл ойының дұрыс еместігін, кеңес өкіметі жағына шығуының жазамен аяқталатынын айттым. Анықтап білгенім – Әнуар паша Түркістанда, оның ішінде Бұқара мен Қазақстанда біріккен мұсылман мемлекетін құрмақшы екен. Бұл мәселе жөніндегі көзқарастарымызда біраз келіспеушіліктер болды. Бұдан кейін ол өзінің кеңес үкіметі жағына шыққысы келетінін, үкімет мүшелерімен, Қожановпен тілдесіп беруді өтінді. Мен бас тарттым. Кеңес өкіметі оған кешірім жасай қоймайтындығын ескерттім. Сонымен біздің әңгімеміз аяқталды.
17) 1924 жылдан кейін контрреволюциялық әрекетпен шұғылданған жоқпын. Кеңес үкіметіне қарсы шықпасам да «Алашорда»» идеясынан бас тартқам жоқ. Мұны іскерлік-төңкерістік идея десе де болады. Ресми аты болмаса да, біз оны өзара «ұйым» және өркениетті ұлтшылдар партиясы деп атайтынбыз.
Д.Әділев (жалғасы): «Тағы бір жайтты айта кетейін. Рысқұлов Түркістан республикасының төрағасы кезінде Мәскеуден Сарымолдаевқа Жаһанша Досмұхамедовтің үйінің адресіне хат жолдайды. Өйткені Жаһанша Досмұхамедов екеуі бажа болатын. Хат орыс тілінде жазылған. Мазмұны: Қожановтың бір тыңшысы мұны Ақмешітке ме, Қазалыға ма, әйтеуір екеуінің біріне дейін аңдып жүріпті. Тыныштық бермеген Қожановпен күресу үшін оның «Алашордамен» байланысын әшкерелеуге шақырыпты. Мен ол хатты түпнұсқасынан оқыдым. Жаһанша Досмұхамедов бұл хатты Халел Досұхамедовке көрсету керек деді. Осы жолмен ол хат Досмұхамедов пен Тынышбаевтің қолына тиді. Қожановқа көрсетуге ұсыныс етіп еді, Жаһанша бас тартты. Тінту жүруі мүмкіндігінен сескенді. Ташкенттегі ұйым мен Рысқұловтың арасы осылай суысты. Сарымолдаев ол хатты алды ма, жоқ па, оны білмеймін. 1922 жылы Жаһанша Досмұхамедовтің үйінде Рысқұлов әйелімен, мен, Жаһанша әйелімен және Сарымолдаев бас қостық. Сонда Рысқұлов: Ағылшынның бір жазушының кітабін оқыдым. Россия социализмнен алыс жатыр депті. Соның жазғаны дұрыс – деді».
Х.Досмұхамедов (жалғасы): 18) Рысқұловтың жолдаған хаты Жаһанша Досмұхамедовтің қолына тиді. Хат Сарымолдаевқа жолданған. Ол кезде тұрақты мекен-жай болмағандықтан да Жаһанша Досмұхамедовтің қолына кездейсоқ түскен.
Достарыңызбен бөлісу: |