57-бап. Цифрлық денсаулық сақтаудың негіз қалаушы қағидаттары
Цифрлық денсаулық сақтаудың қағидаттары:
1) саладағы деректер мен процестерді цифрландыру арқылы денсаулық сақтау қағидаттарын іске асыру;
2) саясат пен стратегияны іске асыру құралы, уәкілетті орган айқындайтын әдіснаманың негізі болып табылатын стандарттардың үстемдігі;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) жеке тұлғалардың дербес медициналық деректерін қамтитын денсаулық сақтауды ақпараттандыру объектілерін қорғауды, жеке тұлғалардың дербес медициналық деректерінің сақталуы мен құпиялылығын, сондай-ақ пациенттің өзінің дербес деректеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету;
4) медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін, объективтілігін, үздіксіздігін қамтамасыз етуді қолдау;
5) денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруды қолдау;
6) медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды қолдау болып табылады.
58-бап. Осы тарауда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы тарауда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) денсаулық сақтауды цифрландыру - медициналық көмектің қолжетімділігін, тиімділігін, сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған, денсаулық сақтаудың медициналық және әкімшілік-басқару процестерін өзгерту үшін цифрлық технологияларды пайдалану;
2) дербес медициналық деректер - жеке тұлғаның денсаулығы мен оған көрсетілген медициналық қызметтер туралы мәліметтерді қамтитын, электрондық, қағаз немесе өзге де материалдық жеткізгіштерде тіркелген дербес деректер;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) дербес медициналық деректердің агрегаторы - уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес дербес медициналық деректерді жинауды, өңдеуді, сақтауды, қорғауды және беруді жүзеге асыратын дербес деректер операторы;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) дербес медициналық деректердің иесі - өзіне қатысты осы деректер қалыптастырылған дербес медициналық деректер субъектісі (жеке тұлға);
5) Қазақстан Республикасының ұлттық телемедицина желісі - қорғалған телекоммуникациялық инфрақұрылыммен біріктірілген және аппараттық-бағдарламалық кешендермен жарақтандырылған, уәкілетті органның қарамағындағы денсаулық сақтау ұйымдарының стационарлық және мобильдік телемедициналық орталықтарының желісі;
6) қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтер - аурулар мен жарақаттардың диагностикасы, оларды емдеу, медициналық оңалту және олардың профилактикасы, медицина қызметкерлерінің өзара, жеке тұлғалармен және (немесе) олардың заңды өкілдерімен қашықтықтан өзара іс-қимыл жасауын, көрсетілген адамдарды сәйкестендіруді, сондай-ақ олар жасайтын әрекеттерді құжаттауды қамтамасыз ететін цифрлық технологиялар арқылы зерттеулер мен бағалауды жүргізу мақсатында медициналық көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
7) медициналық ақпараттық жүйе - денсаулық сақтау субъектілерінің процестерін электрондық форматта жүргізуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;
8) мобильдік денсаулық сақтау - мобильдік телефондарды, дербес қалта компьютерлерін, медициналық аспаптарды және басқа да құрылғыларды қамтитын мобильдік құрылғыларды денсаулық сақтау мақсаттары үшін пайдалану;
9) тасымалданатын медициналық құрылғылар - жеке тұлғаның денсаулық жағдайының көрсеткіштерін жинауға және беруге арналған мобильдік (тасымалданатын) құрылғылар;
10) теледенсаулық сақтау - клиникалық диагноз қоюды және жеке тұлғаның жай-күйін қашықтықтан мониторингтеуді, сондай-ақ аурулардың профилактикасы, денсаулықты нығайту, қоғамдық денсаулық сақтауды қолдау, медициналық-санитариялық ағарту және ғылыми медициналық зерттеулер сияқты басқа да клиникалық емес функцияларды қамтитын қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтер;
11) телемедицина желісі - қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтерді ұсыну, оқыту және электрондық форматта медициналық ақпарат алмасу үшін медициналық жабдықпен жарақтандырылған және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы біртұтас ақпараттық кеңістікке біріктірілген стационарлық және мобильдік телемедицина орталықтарының желісі;
12) Ұлттық электрондық денсаулық паспорты - уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жеке тұлғаға да, денсаулық сақтау қызметкерлеріне де қолжетімді, электрондық денсаулық паспорттарын қамтитын уәкілетті органның электрондық ақпараттық ресурсы;
13) цифрлық денсаулық сақтау объектісі - электрондық ақпараттық ресурстар, бағдарламалық қамтылым, мобильдік денсаулық сақтау технологиялары, денсаулық сақтаудың ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылымы;
14) цифрлық денсаулық сақтау объектісінің иесі - ақпараттандыру объектілерін иелену және пайдалану құқықтарына ие цифрлық денсаулық сақтау субъектісі;
15) цифрлық денсаулық сақтау субъектісі - цифрлық денсаулық сақтау саласында қызметті жүзеге асыратын немесе қоғамдық қатынастарға түсетін жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік органдар;
16) электрондық денсаулық паспорты - жеке тұлғаның денсаулық жағдайы мен оған көрсетілетін медициналық көмек туралы құрылымдалған дербес медициналық деректердің цифрлық денсаулық сақтау субъектілері бүкіл өмір бойы электрондық көздерден қалыптастыратын және уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жеке тұлғаға да, денсаулық сақтау қызметкерлеріне де қолжетімді жинағы;
17) электрондық медициналық жазба - медициналық көмек көрсетудің нақты жағдайына қатысты құрылымдалған дербес медициналық деректер жинағы.
59-бап. Цифрлық денсаулық сақтау саласындағы қызмет
1. Цифрлық денсаулық сақтау саласындағы қызмет:
1) цифрлық денсаулық сақтауды нормативтік құқықтық реттеуді, оның стандарттарын әзірлеу мен бекітуді;
2) денсаулық сақтау саласының ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуды;
3) жеке және заңды тұлғаларды денсаулық сақтау саласындағы деректермен және ақпаратпен қамтамасыз етуді;
4) дербес медициналық деректерді жинауды, өңдеуді, сақтауды, қорғауды;
5) дербес медициналық деректерді жинау, өңдеу, сақтау, қорғау және беру мақсатында ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсетуді;
6) қағазсыз медицинаға көшуді қамтиды.
2. Қашықтықтан медициналық қызметтер көрсетуге ықпал ететін электрондық ақпараттық ресурстар уәкілетті органның талаптарына сәйкес келуге тиіс.
3. Уәкілетті орган ұлттық деңгейде сақталатын дербес медициналық деректерді өңдеуді, сақтауды және қорғауды жүзеге асырады.
4. Жеке тұлға цифрлық денсаулық сақтау субъектілеріне уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес өздерінің дербес медициналық деректерін сақтау мен өңдеуді, қорғауды беруге құқылы.
60-бап. Цифрлық денсаулық сақтау объектілері мен субъектілерінің өзара іс-қимылы
1. Дербес медициналық деректерді қамтитын электрондық медициналық жазбаларды қалыптастыру үшін дербес медициналық деректерді жинау, өңдеу және сақтау пациенттің медициналық көмек алуға хабардар етілген келісімі ескеріле отырып, медициналық көмек көрсету шеңберінде жүзеге асырылады.
2. «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, денсаулық сақтау субъектілері деректерді Ұлттық электрондық денсаулық паспортына және уәкілетті органның электрондық ақпараттық ресурстарына уәкілетті орган айқындайтын көлемде және жиілікпен беруді қамтамасыз етуге міндетті.
3. Дербес медициналық деректерді үшінші тұлғаларға беру осы баптың 4-тармағында көрсетілген жағдайлардан басқа, жеке тұлғаның келісімімен жүзеге асырылады.
4. Дербес медициналық деректерді Ұлттық электрондық денсаулық паспортына және уәкілетті органның электрондық ақпараттық ресурстарына беру жеке тұлғаның келісімінсіз, сондай-ақ денсаулық сақтау субъектілеріне беру медициналық көмек көрсету мақсаттары үшін ғана және:
1) осы Кодекстің 137-бабының 1-тармағында;
2) «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген жағдайларда жүзеге асырылады.
5. Дербес медициналық деректердің агрегаторлары денсаулық сақтау субъектілерінің дербес медициналық деректерді жинауы, өңдеуі, сақтауы, қорғауы мақсатында ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсетеді.
6. Цифрлық денсаулық сақтау субъектілері уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес электрондық медициналық жазбаларды қалыптастырады, сақтайды, қорғайды.
7. Тасымалданатын медициналық құрылғылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сертификатталуға жатады.
61-бап. Цифрлық денсаулық сақтау субъектілерінің жауаптылығы
1. Жеке тұлғаның дербес медициналық деректеріне қол жеткізу құқығына оның келісімімен:
1) медициналық және фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді берушілер;
2) медициналық көмек көрсетуге арналған шығындардың өтелуін жүзеге асыру мақсатында медициналық көмек көрсетуге арналған шығындарды қаржылық өтеуге жауапты ұйым;
3) уәкілетті орган, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері, медициналық қызметтер (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;
4) орталық атқарушы органдардың және өзге де орталық мемлекеттік органдардың қызмет көрсетілетін контингентке қатысты әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелері;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дербес медициналық деректерді жинауды, өңдеуді, сақтауды, қорғауды және беруді жүзеге асыратын заңды тұлғалар ие болады.
Көрсетілген ұйымдар дербес медициналық деректерге қол жеткізу құқығын тиісті қызметтер көрсету үшін қажетті бөлігінде ғана алады.
2. Шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету жағдайларында жеке тұлғаның дербес медициналық деректеріне қол жеткізу медициналық көмектің осындай нысандарын көрсететін денсаулық сақтау субъектілеріне әдеттегідей қамтамасыз етіледі.
3. осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке тұлғаның дербес медициналық деректерін беруге тыйым салынады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдарға жеке тұлғаның дербес медициналық деректеріне қол жеткізу құқығы дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган бекіткен цифрлық денсаулық сақтау субъектілерінің қол жеткізу құқықтарының аражігін ажырату қағидаларында айқындалған тәртіппен беріледі.
5. Жеке тұлғаның Ұлттық электрондық денсаулық паспортындағы, электрондық денсаулық паспортындағы өзінің денсаулығы және көрсетілген медициналық көмек туралы ақпаратқа қол жеткізуге, сондай-ақ деректерге қол жеткізу журналын қадағалауға құқығы бар.
6. Медициналық деректер агрегатының денсаулық сақтау субъектілерімен қатынастары Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында реттеледі.
7. Денсаулық сақтау субъектілерінің медицина қызметкерлері мен жұмыскерлері уәкілетті органның электрондық ақпараттық ресурстарына енгізілетін электрондық деректердің сапасы, уақтылылығы, анықтығы және құпиялылығы үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
8. Жеке тұлғалардың жеке өміріне қатысты, оның ішінде медицина қызметкерінің құпиясын құрайтын дербес медициналық деректердің жоғалуына, заңсыз жиналуына және өңделуіне алып келген, дербес медициналық деректерді қорғау жөніндегі шараларды сақтамағаны үшін адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Талдамалық, статистикалық қызметті, ғылыми және өзге де зерттеулерді жүзеге асыру үшін медициналық деректер иесіздендірілген түрде пайдаланылады.
62-бап. Жеке тұлғалардың дербес медициналық деректерін қорғауды қамтамасыз ету
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Дербес медициналық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды қорғау ерекшеліктері Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы және дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес белгіленеді.
2. Дербес медициналық деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды мүліктік және (немесе) моральдық зиян келтіру, Қазақстан Республикасының заңдарында кепілдік берілген құқықтар мен бостандықтардың іске асырылуын шектеу мақсатында пайдалануға жол берілмейді.
3. Жеке тұлғалардың дербес медициналық деректерін қамтитын электрондық ақпараттық ресурстардан алынған ақпарат тек қана лауазымдық міндеттерді орындау шеңберінде пайдаланылады.
8-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ
Достарыңызбен бөлісу: |