1-параграф. Қан мен оның компоненттерінің донорлығы 203-бап. Донорлық, қанды, оның компоненттерін дайындау және қан препараттарын өндіру 1. Донорлық функцияны жүзеге асыру арқылы азаматтардың денсаулығын сақтауға донорлардың ерікті түрде қатысуы қанның, оның компоненттерінің донорлығы болып табылады. 2. Донорлық функцияны жүзеге асыру үшін донорларды тарту өтеусіз немесе өтеулі негізде жүргізіледі. Донорларды өтеулі негізде тарту донорлық функцияны өтеусіз негізде орындайтын донорлар болмаған кезде жүзеге асырылады. 3. Қанды, оның компоненттерін дайындау процесі: 1) донорлық қанды алу процесі болып табылатын қанды; 2) жекелеген қан компоненттерін (плазманы, жасушаларды) алу процесі болып табылатын қан компоненттерін донациялауды қамтиды. 4. Қанды дайындау мен қайта өңдеу процесінде: 1) жасушалар және жасушасыз орта түрінде бөлінетін қанның құрамдас бөліктері болып табылатын қан компоненттері; 2) донорлық қанды қайта өңдеу кезінде өндірілген дәрілік заттар болып табылатын қан препараттары алынады. 204-бап. Донорлық, қанды, оның компоненттерін дайындау және қан препараттарын өндіру саласында қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен өзге де ұйымдар 1. Аллогендік донорлардан алынатын қанды, оның компоненттерін дайындауды, қайта өңдеуді, сақтауды және өткізуді тиісті лицензиясы бар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады. 2. Қан препараттарын өндіруді тиісті лицензиясы бар ұйымдар жүзеге асырады. 3. Донорлық, қанды, оның компоненттерін және препараттарды дайындау саласында қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен өзге де ұйымдар олардың сапасы үшін жауапты болады, сондай-ақ қанды, оның компоненттерін мынадай мақсаттар үшін өткізеді: 1) клиникалық қолдану; 2) қан препараттарын өндіру; 3) тірі организмнен тыс (in vitro) диагностика үшін медициналық бұйымдарға реагенттер және (немесе) жұмсалатын материалдарды (оның ішінде клиникалық қолдануға жарамсыз қан компоненттерінен) дайындау үшін пайдалану. 4. Қазақстан Республикасының аумағында төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген жағдайда, донорлықты ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 205-бап. Донорлық қанның, оның компоненттері мен препараттарының қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету 1. Донорлық қанның, оның компоненттері мен препараттарының қауіпсіздігі уәкілетті орган бекіткен донорларды медициналық куәландыруға, медициналық қолдану үшін қан өнімдерін өндіру кезіндегі қауіпсіздік пен сапаға қойылатын белгіленген талаптарды сақтау арқылы қамтамасыз етіледі. Қан қызметі саласында қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда орындалатын зертханалық зерттеулер сапасына бағалау жүргізуді республикалық қан қызметінің референс-зертханасы жүзеге асырады. 2. Тиісінше таңбаланбаған донорлық қанды, оның компоненттерін, препараттарын пайдалануға және өткізуге тыйым салынады. 3. Донорлық қанды, оның компоненттері мен препараттарын құюды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен медицина қызметкерлері оларды қауіпсіз қолдану жөніндегі тиісті талаптардың, сондай-ақ трансфузиялық көмек көрсету тәртібінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. 206-бап. Қан мен оның компоненттері донорларының құқықтары мен міндеттері 1. Он сегіз жасқа толған, тиісті медициналық куәландырудан өткен және қарсы көрсетілімдері жоқ, медициналық мақсаттар үшін қан мен оның компоненттерін донациялауды жүзеге асыруға ерікті түрде ниет білдірген жеке тұлға донор болуға құқылы. 2. Донор: 1) қан мен оның компоненттерін донациялауды өтеусіз жүзеге асыруға; 2) қан мен оның компоненттерін донациялауды ақыға жүзеге асыруға; 3) медициналық зерттеп-қарау нәтижелерімен танысуға; 4) осы Кодекске сәйкес көтермеленуге құқылы. 3. Донор қазіргі және бұрын ауырған барлық аурулары туралы өзіне белгілі мәліметтерді, сондай-ақ есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды тұтынуы туралы хабарлауға міндетті. 207-бап. Донорды медициналық зерттеп-қарау 1. Қан мен оның компоненттерін донациялау алдында донор уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде міндетті медициналық зерттеп-қараудан өтеді. 2. Донорлық функцияны жүзеге асыру үшін денсаулықтың жай-күйі туралы анықтамалар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында ақысыз негізде беріледі. 3. Қан мен оның компоненттерінің донорларын медициналық куәландыру тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады. 208-бап. Донорға берілетін кепілдіктер, жұмыс берушілер мен ұйымдардың қан мен оның компоненттерінің донорлығын дамыту бойынша құқықтары мен міндеттері 1. Жұмыскер жұмыс күндері медициналық зерттеп-қаралу және қанды және (немесе) оның компоненттерін донациялау кезінде орташа жалақысы сақтала отырып, жұмыстан босатылады. 2. Қанды және (немесе) оның компоненттерін донациялауды өтеусіз негізде жүзеге асырған донорға орташа жалақысы сақтала отырып, қосымша бір демалыс күн беріледі, бұл жыл сайынғы еңбек демалысына қосылуы мүмкін. Осы кепілдіктер донациялау кезінен бастап бір жыл бойы жарамды. Қан мен оның компоненттерін донациялау болмаған кезде қосымша демалыс күні берілмейді. 3. Егер донор болатын жұмыскер жұмыс берушімен келісім бойынша қанды және (немесе) оның компоненттерін донациялау күндері жұмысқа шықса, оның орташа жалақысы сақтала отырып, өзінің қалауы бойынша басқа демалыс күні беріледі не бұл күн жыл сайынғы еңбек демалысына қосылуы мүмкін. 4. Донор болатын жұмыскерді қанды және (немесе) оның компоненттерін донациялау күндері түнгі уақыттағы жұмыстарға, үстеме жұмыстарға, ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарға тартуға жол берілмейді. 5. Донорлар болатын әскери қызметшілер, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ студенттер (оқушылар) қанды және (немесе) оның компоненттерін донациялау күндері нарядтарда, вахталарда тұрудан және қызметтің басқа да түрлерін атқарудан және оқу-тәрбие процесінен босатылады. 6. Донорларды көтермелеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. 7. Қанды және (немесе) оның компоненттерін донациялауды өтеусіз негізде жүзеге асырған донор қан және (немесе) оның компоненттері донацияланғаннан кейін өз қанының көлемі мен организмінің энергетикалық шығындарын толтыру үшін таңдауы бойынша тегін тамақ не уәкілетті орган белгілейтін мөлшерде оның ақшалай баламасын алады. Қанды және (немесе) оның компоненттерін донациялау болмаған кезде қан және (немесе) оның компоненттері донацияланғаннан кейін өз қанының көлемі мен организмінің энергетикалық шығындарын толтыру үшін тегін тамақ не оның ақшалай баламасы берілмейді. 8. Қан мен оның компоненттерін донациялауды өтеулі негізде орындайтын қанның, оның компоненттерінің донорына қанды, оның компонентерін дайындау саласында қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымы төлем жүргізеді. 9. Қан мен оның компоненттерін донациялауды өтеулі негізде орындайтын донорларға төленетін төлемдердің тәртібін, өлшемшарттарын және мөлшерін уәкілетті орган белгілейді. 10. Жұмыс берушілер мен ұйым басшылары донорлықты дамытуды қамтамасыз ететін жағдайлар жасау мақсатында: 1) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына Қазақстан Республикасының азаматтарын донорлар қатарына тартуда жәрдем көрсетуге; 2) қанды, оның компоненттерін алу үшін қажетті үй-жайларды өтеусіз беруге және жағдай жасауға; 3) донор болатын жұмыскерді зерттеп-қарау және қан мен оның компоненттерін донациялау күні жұмыстан кедергісіз босатуға; 4) донор болып табылатын жұмыскерге осы Кодексте белгіленген кепілдіктерді беруге міндетті. 11. Жұмыс берушілер мен ұйым басшыларының донорларды қосымша көтермелеуге құқығы бар. 2-параграф. Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау