173-бап. Адамның қаны мен оның компоненттерін, жасушаларының, тіндерінің, биологиялық сұйықтықтары мен сөлдерінің үлгілерін әкелу, әкету үшін негіздер Ескерту. 173-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 21.06.2013 № 107-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен. 1. Қазақстан Республикасының аумағына қан мен оның компоненттерін әкелу: 1) Қазақстан Республикасының аумағында қажетті сипаттамалары бар донорлық қан компоненттері болмаған кезде; 2) Қазақстан Республикасының аумағында диагностикалық зерттеулер жүргізу қажет болған кезде; 3) бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде; 4) шет елде тұратын донордың және Қазақстан Республикасында тұратын реципиенттің тін үйлесімділігін растау үшін НLА-жүйесі бойынша зертханалық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ гемопоэздік дің жасушаларын транспланттау шеңберінде реципиентің иммундық стимуляциясын жүргізу қажет болған кезде жүзеге асырылады. 2. Қазақстан Республикасының аумағынан қан мен оның компоненттерін әкету: 1) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі Қазақстан Республикасының азаматына медициналық көмек көрсету қажет болған кезде; 2) Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жердегi жақын туыстары мен жұбайына (зайыбына) медициналық көмек көрсету қажет болған кезде; 3) диагностикалық зерттеулер қажет болған кезде; 4) бiрлескен ғылыми зерттеулер жүргiзген кезде; 5) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда; 6) Қазақстан Республикасының халқын қан препараттарымен қамтамасыз ету үшін (келісімшарттық фракциялау) Қазақстан Республикасының қан қызметі саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында дайындалған қан компоненттерінен плазмалық қан препараттарын шетелдік өндірушінің зауыттарында өндіру үшін қан компоненттері шетелге жіберілген кезде; 7) Қазақстан Республикасында тұратын донордың және шет елде тұратын реципиенттің тін үйлесімділігін растау үшін НLА-жүйесі бойынша зертханалық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ гемопоэздік дің жасушаларын транспланттау шеңберінде реципиентің иммундық стимуляциясын жүргізу қажет болған кезде жүзеге асырылады. 3. Алып тасталды - ҚР 28.12.2018 № 208-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
4. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында және 2-тармағының 1), 2) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда, қан мен оның компоненттерін Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан осы елдерге әкетуге арналған лицензияны уәкілетті орган медициналық қызметке арналған лицензияға сәйкес "қан дайындау" мамандығы бойынша қызметін жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының өтiнiшi бойынша бередi.
5. Диагностикалық және ғылыми мақсаттарға арналған немесе биомедициналық зерттеулер жүргізу процесінде алынған жасушалардың, тіндердің, биологиялық сұйықтықтар мен сөлдердің, оның ішінде адамның тіршілік әрекеті өнімдерінің, физиологиялық және патологиялық шығындылардың, сүртінділердің, қырындылардың, шайындылардың үлгілерін Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету уәкілетті орган берген қорытынды (рұқсат беру құжаты) негізінде жүзеге асырылады. 6. Қан мен оның компоненттерін жеке тұлғалардың әкелуіне және әкетуіне жол берілмейді. Ескерту. 173-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 21.06.2013 № 107-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.04.2015 № 299-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2017 № 124-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 208-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.