77-бап. Бірыңғай дистрибьютор 1. Бірыңғай дистрибьюторды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды. Мыналар: 1) өнім берушілерді таңдау; 2) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды беру шарттарын жасасу; 3) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды берудің ұзақ мерзімді шарттарын және (немесе) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау жөніндегі ұзақ мерзімді шарттарды жасасу; 4) уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету; 5) уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 6) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 7) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу; 7-1) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес жұмылдыру резервінің дәрілік заттары мен медициналық бұйымдарын беру, сақтау және жаңарту мен номенклатура өзгерген жағдайда броньнан шығару тәртібімен оларды шығару; 8) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық бұйымдарды сатып алуды ұйымдастыру бірыңғай дистрибьютор қызметінің негізгі нысаналары болып табылады. 2. Мыналар: 1) сатып алуды жүргізу рәсіміне қатысу үшін әлеуетті өнім берушілерге тең мүмкіндіктер беру; 2) әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік; 3) сатып алу процесінің жариялылығы мен ашықтығы; 4) отандық тауар өндірушілерді қолдау дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу қағидаттары болып табылады. Ескерту. 77-бап жаңа редакцияда - ҚР 28.12.2018 № 211-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 25.05.2020 № 332-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.