52-бап. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту 1. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту туа біткен және жүре келе пайда болған аурулардан, сондай-ақ қатты, созылмалы аурулар және жарақаттар салдарынан зардап шегетін азаматтарға көрсетіледі. 2. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту денсаулық сақтау ұйымдарында, сондай-ақ санаториялық-курорттық ұйымдарда жүргізіледі. 3. Азаматтарға Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен санаториялық-курорттық емделуге жолдамалар беріледі. 4. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, оның ішінде балаларды медициналық оңалту тәртібін уәкілетті орган белгілейді. Ескерту. 52-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
53-бап. Паллиативтік көмек және мейірбике күтімі 1. Паллиативтік көмек денсаулық сақтау ұйымдарының мамандандырылған құрылымдық бөлімшелерінде (бөлімшелерде, палаталарда, төсектерде, кабинеттерде), мамандандырылған дербес медициналық ұйымдарда (хоспистарда) немесе үйдегі стационар нысанында дәрігердің басшылығымен көрсетіледі. 2. Мейірбике күтімі дәрігер байқауы талап етілмейтін жағдайларда денсаулық сақтау ұйымдарының мамандандырылған құрылымдық бөлімшелерінде (бөлімшелерде, палаталарда, төсектерде, кабинеттерде), мамандандырылған дербес медициналық ұйымдарда (мейірбике күтімі ауруханаларында) немесе үйдегі стационар нысанында жүзеге асырылады. 3. Паллиативтік көмекті және мейірбике күтімін көрсету тәртібін уәкілетті орган айқындайды. Ескерту. 53-бап жаңа редакцияда - ҚР 28.12.2018 № 208-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).