98-бап. Бедеуліктен емделу 1. Адамдардың денсаулық сақтау ұйымдарында, жекеше медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғаларда қауіпсіз және тиімді әдістермен, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға уәкілетті орган Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес рұқсат еткен, ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын пайдалана отырып, олардың тиімділігі, қолданудың оңтайлы мерзімдері туралы, ықтимал асқынулар, медициналық және құқықтық салдарлары туралы толық әрі түбегейлі ақпаратты және олардың организмге әсер етуіне қатысты өзге де мәліметтерді міндетті түрде ала отырып, бедеуліктен емделуге құқығы бар. 2. Алып тасталды - ҚР 06.04.2015 № 299-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен. Ескерту. 98-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 06.04.2015 № 299-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
99-бап. Ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологиялары, клондау 1. Некеде тұратын және некеде тұрмайтын әйел мен ер адамның медициналық араласуға екіжақты хабардар етілген ерікті түрдегі жазбаша келісімі болған кезде ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын қолдануға құқығы бар. Жалғыз басты әйелдің де медициналық араласуға хабардар етілген ерікті түрдегі жазбаша келісімі болған кезде ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын қолдануға құқығы бар. 2. Ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын жүргізудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды. 3. Жыныспен байланысты аурулардың тұқым қуалау мүмкіндігі жағдайларын қоспағанда, ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын пайдалану кезінде болашақ баланың жынысын таңдауға жол берілмейді. 4. Адамның эмбрионын коммерциялық, әскери және өнеркәсіптік мақсаттар үшін пайдалануға болмайды. 5. Қазақстан Республикасында адамды клондауға - генетикалық жағынан бірдей түрлерді өрбітіп-өсіруге тыйым салынады. 6. Қазақстан Республикасынан жыныстық жасушаларды, адам эмбрионын коммерциялық, әскери немесе өнеркәсіптік мақсаттарда әкетуге жол берілмейді. Ескерту. 99-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 06.04.2015 № 299-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.