94-бап. Азаматтардың келісімінсіз медициналық көмек көрсету
1. Азаматтардың келісімінсіз:
1) өз еркін білдіруге мүмкіндік бермейтін есеңгіреген, ес-түссіз жағдайдағы;
2) айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардан зардап шегуші;
3) психикасының ауыр түрде бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші;
4) психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші және қоғамға қауіпті әрекет жасаған адамдарға қатысты медициналық көмек көрсетуге жол беріледі.
2. Кәмелетке толмаған адамдарға және сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтарға қатысты медициналық көмек көрсетуге келісімді олардың заңды өкілдері береді. Заңды өкілдері болмаған кезде медициналық көмек көрсету туралы шешімді консилиум қабылдайды, ал консилиумды жинау мүмкін болмаған кезде - медициналық ұйымның лауазымды адамдарын және заңды өкілдерді кейіннен хабардар ете отырып, шешімді тікелей медицина қызметкері қабылдайды.
3. Азаматтардың келісімінсіз медициналық көмек көрсету осы баптың 1-тармағында көзделген негіздер жойылғанға дейін жалғастырылады.
Ескерту. 94-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.29 N 375-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
95-бап. Дәрігерлік құпия
1. Медициналық көмекке жүгіну фактісі, азаматтың денсаулығының жай-күйі, оның ауруының диагнозы туралы ақпарат пен оны зерттеп-қарау және (немесе) емдеу кезінде алынған өзге де мәліметтер дәрігерлік құпияны құрайды.
2. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында белгіленген жағдайлардан басқа, оқыту, кәсіптік, қызметтік және өзге де міндеттерді орындау кезінде дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтер белгілі болған адамдардың оларды жария етуіне жол берілмейді.
3. Дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтерді пациенттің немесе оның заңды өкілінің келісімімен пациентті зерттеп-қарау және емдеу мүддесіне орай, ғылыми зерттеулер жүргізу, осы мәліметтерді оқыту процесінде және өзге де мақсаттарға пайдалану үшін басқа жеке және (немесе) заңды тұлғаларға беруге жол беріледі.
4. Дәрігерлік құпияны құрайтын мәліметтерді азаматтың немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз беруге мынадай жағдайларда:
1) өзінің жай-күйіне байланысты өз еркін білдіруге қабілетсіз азаматты зерттеп-қарау және емдеу мақсатында;
2) айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың таралу қатері болған кезде, оның ішінде қан мен оның компоненттерінің донорлығы кезінде;
3) тергеу немесе сот талқылауын жүргізуге байланысты анықтау және алдын ала тергеу органдарының, прокурордың, адвокаттың және (немесе) соттың сұратуы бойынша;
4) кәмелетке толмаған адамға немесе әрекетке қабілетсіз адамға медициналық көмек көрсету кезінде оның заңды өкілдерін хабардар ету үшін;
5) азаматтың денсаулығына зақым құқыққа қарсы әрекеттер салдарынан келтірілді деп есептеуге негіздер болған кезде;
6) азаматта психикалық ауытқушылықтар мен сексуалдық зорлық-зомбылыққа бейімділік анықталған кезде;
7) медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемі жөніндегі шарттық міндеттемелерге мониторинг жүргізу кезінде жол беріледі.
4-1. Электрондық ақпараттық ресурстың резервтік көшірмесін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке және мерзімдерге сәйкес электрондық ақпараттық ресурстарды резервтік сақтаудың бірыңғай платформасына сақтауға беру, мұндай электрондық ақпараттық ресурстар барлау, қарсы барлау қызметімен және күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларымен байланысты, берілуі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын ақпаратты қамтитын жағдайларды қоспағанда, дәрігерлік құпияны жария ету болып табылмайды.
5. Қан мен оның компоненттерінің, тіндердің, ағзалардың донорлығына байланысты жағдайлардан басқа, жеке тұлғалардың (пациенттердің) дербес деректерiн қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыру үшiн жеке тұлғалардың (пациенттердің) жеке өмiрiне қатысты дербес деректердi олардың рұқсатынсыз жинауға және өңдеуге жол берiлмейдi.
Қан мен оның компоненттерінің, тіндердің, ағзалардың донорлығына, сондай-ақ құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың психиканың үнемі бұзылуын, алкогольдік, есірткілік тәуелділікті және тәуелділіктің өзге де түрлерін, агрессия мен зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауға бейімділікті қоса алғанда, қоғам үшін қауіпті бұзылу мен аурулардан зардап шегетін адамдардың диспансерлік есепте тұрғаны туралы дәрігерлік құпияны құрайтын электрондық құжат нысанындағы ақпаратты беру жөніндегі сұрау салуларына байланысты жағдайлардан басқа, жеке тұлғалардың (пациенттердің) жеке өмiрiне қатысты дербес деректердi пайдалану кезiнде жеке тұлғалардың (пациенттердің) дербес деректерiн қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды олардың рұқсатынсыз басқа дерекқорлармен байланыстыратын телекоммуникациялар желiлеріне қосуға жол берiлмейдi.
Жеке тұлғалардың (пациенттердің) жеке өмiрiне қатысты дербес деректердi заңсыз жинағаны және өңдегені үшін лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
Ескерту. 95-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 21.05.2013 № 95-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 06.04.2015 № 299-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 09.04.2016 № 501-V (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.12.2017 № 128-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 208-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
17-тарау. АДАМНЫҢ ҰРПАҚТЫ БОЛУ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ
Достарыңызбен бөлісу: |