114-бап. АИТВ инфекциясының профилактикасы
АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі іс-шаралар:
1) халықтың түрлі топтарына арналған нысаналы профилактикалық және білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;
2) халықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы АИТВ инфекциясы бойынша эпидемия жағдайы туралы және профилактика шаралары туралы хабардар ету;
3) халықтың түрлі топтары үшін ақпараттық материалдар әзірлеу және тарату;
4) АИТВ инфекциясының жыныстық жолмен, қан арқылы және анадан шаранаға және балаға жұғуынан қорғау жөніндегі бағдарламаларды іске асыру;
5) психологиялық, заңдық және медициналық консультациялар ұсыну үшін сенім пунктерін, достық кабинеттерін ашу;
6) халыққа тері қабаттары мен сілемейдің бүтіндігінің бұзылуымен байланысты қызметтер көрсету кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолымен жүзеге асырылады.
Ескерту. 114-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 06.04.2015 № 299-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 208-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
115-бап. АИТВ-ға зерттеліп-қаралу
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен ақысыз негізде АИТВ инфекциясы мәселелері бойынша ерікті түрде анонимдік және (немесе) құпия медициналық зерттеліп-қаралуға және консультация алуға құқығы бар.
2. АИТВ инфекциясының болуына міндетті құпия медициналық зерттеліп-қаралуға:
1) қанның, оның компоненттерінің, тіндердің және (немесе) ағзалардың (ағзалар бөліктерінің), жыныстық жасушалардың донорлары мен реципиенттері;
2) прокуратура, тергеу органдарының және соттың сұрау салуы негізінде адамдар;
3) уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес клиникалық және эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша адамдар жатады.
3. Шет мемлекеттердің дипломатиялық, өкілді және консулдық мекемелерінің қызметкерлері мен Қазақстан Республикасының аумағында дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитетті пайдаланатын өзге де адамдар АИТВ-ның бар-жоғына зерттеліп-қаралудан өздерінің келісімдерімен ғана өтеді. Оларды зерттеп-қарау қажеттігі туралы ұсынысты уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен алдын ала келіседі.
4. Кәмелетке толмаған адамдар мен әрекетке қабілетсіз адамдарды куәландыру олардың заңды өкілдерінің келісімімен немесе олардың қалауы бойынша жүргізіледі.
5. Медициналық зерттеп-қарау кезінде АИТВ инфекциясын жұқтыру фактісін анықтаған денсаулық сақтау ұйымдары зерттеліп-қаралатын адамға алынған нәтиже туралы жазбаша түрде хабар беріп, өз денсаулығын және айналасындағылардың денсаулығын сақтауға бағытталған сақтық шараларын сақтау қажеттігі туралы ұғындырады, сондай-ақ емделуден жалтарғаны және басқа адамдарға жұқтырғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылығы туралы ескертеді.
Ескерту. 115-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 06.04.2015 № 299-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 208-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
20-тарау. ПСИХИКАСЫНЫҢ БҰЗЫЛУЫНАН (АУРУЫНАН) ЗАРДАП
Достарыңызбен бөлісу: |