Жидебай батыр
(М.Ж. Көпеев қолжазбаларының ішінде Жидебай батыр
жөніндегі екінші нұсқасы)
Болатқожаның бел баласы: Ақша, Төйте. Мұның Ақшасынан- Бошан, Айтілді. Төйтеден- Майқы, Танас (Танаш). Майқыдан- Әлтеке-Сарым. Әлтекенің бәйбішесінен- Өтеген. Өтегеннен: Байдәулет, Байымбет, Жанығұл, Қойгел. Жанығұлды «Жамаңке»- десе, жұрт біледі. Әлтекенің тоқалынан: Есболай, Дос, Әлмұрат.
Дос батыр болған, қалмаққа таң атырып, күн шығармаған. Жетпіс сегіз жасында жалғыз баласы Қожаназармен екеуі қолға түскен. Сонда қалмақ:
- Өлтіріп тастайық,-деп сыбырласады дейді. Сол сыбырласқанын құлағы шалып, естіп қалып, Досбатырдың айтқаны:
Сыбыр-сыбыр етеді,
Сыр құлақтан өтеді.
Сырласпаған жат, шіркін,
Әлде не етіп кетеді?
Өзім өлсем, боғым-ай,
Қожаназар құлыным-ай!- деп жылайды дейді.
Қалмақ мұнысын көрген соң:
- Әкелі-балалы өзді-өзі кеңессін, бірін бізге олжаға қалдырсын, бірін еліне баруға босатайық,- депті.
Сонда бала ұшып тұра келіп, жылап қоя беріпті:
- Әкетай, мен көк лағың (ұлағың) болайын, мені: «Құдай жолына құрмалдық!»- деп, қалмаққа бер де, ел-жұртыңды таба гөр! Сақалыңның ағында, өлеріңнің шағында қалмақтың моласында қалмай, қазақтың даласына барып, малыңның өрісінде қала гөр!- депті.
Дос батыр айтыпты:
- Қалмаққа шал зәру емес, жас ұлан зәру. Жас ұланды өлтірмейді, өздеріне балап, ел-жұрт қылып алады. Мен елге тірі барғанда, не боламын? Қаздың етін асадым, жетпіс сегіз жасадым. Сені қалдырып, мен елге барсам, «екінің бірі, егіздің сыңары» айтады, алысым бұлай тұрсын, жуығым айтады.
Дұшпаным бұлай тұрсын, досым айтады: «Мына жалмауыз талайдың басын жалмаған жалмауыз емес пе?! Жалғыз баласы Қожаназарды жалмап, ұялмай, жылт етіп келуін қайтерсің?- дейді. Сен барсаң: «Дос өлген жоқ, міне, тірі!»-деп, қуанады. Қатын алсаң, балалы болсаң, сенен туған бала менің құнымды қалмақтан күндердің күнінде бір алмай, қоймайды!- деп, батасын беріп, баласын қайырып жіберіп, өзі қалды.
Қожаназар ел-жұртына аман-есен келді, қатын алды. Бір ұл туды, атын «Жидебай» қойды. Жидебай бала күнінде тапқан шешесі өліп қалып, Қожаназар бір тоқал алды. Тоқалдың аты «Апар» еді. Бойы бір қарыс кемпірдің шабаданындай неме еді. Жүреміте алты ұл тапты. Алты ұл тауып жүрген иттің бес қанат үйдің уығын байлауға бойы жетпей, уық байлағанда, Жидебайды аяғының астына жатқызып, неше уық бар, сөйтіп байлайды екен.
Ол заманда жаугершілік: жалшы жалдауды білмейді, біреуге біреу бұрылмайды. Апардың түрін таныдыңдар: бір үйге қараған бейнет Жидебайда болмақ қой. Алты ит, иттің күшігіндей, арасына жыл айналмай, туа берген немелер, оның жалғызы Жидебайға бұрыла ма? Тезек теру, от жағу-бәрі Жидебайдың мойнында. Ол күнде көшершілік қалай көп: күнде көш, күнде көш. Үй тігіліп, уық бауы байланатұғын болса, аяқ астына төсеп, «бой өсіруге» Жидебай дап-даяр. Қатын-қалаш:
- Шырағым-ай, көзің ашылмады-ау! Өз шешең болса, үйі құрғыр тігілмей қалса да, бүйтпес еді-ау!- дегенде,
Жидебай айтады екен:
- Ол қылып жүргені маған қастық емес, достық: «Жасынан пісіп-қатып, көнтерлі, шыдамды болсын»- дейді ғой. Сүт пісіргенде, алтауының алдын-да- алты аяқ, алтауының қолында алты қасық. Бас-басына бөлек-бөлек көбік қалқып құйып береді. «Мынаны жалай отырындар»- деп. Менің қолыма тезек салған шанаш қапты береді. «Отты қалай отыр!»- деп, нұқып, түртіп қояды. Сонысы ғана!- дейді екен.
Жеті-сегізден жасы асқан кезде: «Дос батырдың қара шаңырақта отырған інісі Әлмұрат байдың үйіне Қаракерей-Қабанбай батыр келіпті!»-деп, Жидебайдың құлағына тиеді. «Барсам, көрсем-ау!»- деп, Жидебайдың түн бойы көзі ілінбей, алас ұрды. Таң жаңа атуға сәуле беріп, келе жатқан қарсаңда көзі ілініп кетіп еді, бабасы Досбатыр түсінде аян берді:
- Балам, алашқа аты шыққан Қабанбай батырдан барып, бата алып қал!-деп. Шошып оянды, ұшып тұра келіп, үстінде боз жейдесі бар, құстай ұшып бара жатса, Қабанбай батыр да жорыққа аттанып, алаң-қарақта жүріп барады екен.
Алыстан немене екенін айырып, тани алмады. Еліктей ұшып келе жатқан бала екенін таныған соң, тосып тұра калды. Бала жетіп келіп: Әлтекенің үшінші қатынынан- Сапақ, Сапақтан-Жиымбай, Боғық (Бүғоқ).
Жиымбайдан-Байжігіт, Боқан. Боғықтан: Жәнібек, Қоянбай.
Әлтеке-Сарымның Сарымынан: Өтеміс, Тоқсан. Тоқсаннан: Жиенгелді, Мастан, Алдияр. Мастаннан: Қожағұл, Құлжан, Мамыр. Құлжаннан- Айдабол, Айдаболдан-Дербісәлі (Деріпсәлі), Маман, Шуаш. Шуаштан: Атантай, Ботантай, Абайла. Ботантайдан-Жанғұтты: бұл Жанғұтты Мұса- Секербай заманында ауызға ілініп, көзге түскен, қазақ жақсыларының қасқа маңдайы болған кісі. Қазақ орысқа бағынған соң, екі түрлі заман болған: бірі- ескі закон, бірі-жаңа закон. Бұл Жанғұтты жаңа законды көрген жоқ, ескі законда қажыға барып, Мәдине мүннареде жент әл-бақияда қалып, басына тас орнаттырып, тасына жаздырған: «Қазақ-Арғын- Жанғұтты Ботантайұғлы: «Мекке мен Мединені көрмеген кісі: «Анадан тумадым, жалған дүниенің жүзіне келмедім!»-десе де болар!- деп. Онан бұрын әулиелерді зиарат қыла Алатау, Қаратауға барған: «Үйсін Төле бидің басында отырып, төре берген төбесін көремін деп!»- деп, барғанда, Алатау, Қаратаудың: «Пәлен қалай, түген қалай?»- деп, сұрағандарына айтқаны:
-Тобықты Құнанбайшыңның басынан шыққан қайнар бұлақ, Қыпшақ: Ыбырай- қажымас қара болат. Мұса-қабыршығы жоқ, қолға тұрмас, жылмағай қара балық. Шыңғыс төре- мұсылманға суық, орысқа жуық.
Бұл сөздерді Кектіңұлы -Сапақтың бел баласы Имамберді датқа сөйлеген: «Тобықты-Құнанбай, Қыпшақ-Ыбырай, Төртуыл-Мұса- осы үшеуі қазақ маңдайына не ғып сыйып жүргеніне айран-асырмын!- деген.
Құдай рақмет қылсын Жанғұтты Ботантай ұғлына! Әлтеке: Сарымда атамның басы, енемнің бірдемесі бар ма: Жанғұтты мен Жидебай батырдың аруағы- еркіме қоймай, жаздырып отырған. [7, б.142-145]
Достарыңызбен бөлісу: |