Хасенова Жұлдыз Жумагельдиевна Қарағанды қаласы №60 жалпы білім беретін орта мектеп бастауыш сынып мұғалімі



Дата01.08.2017
өлшемі58,82 Kb.
#22465
ШАҒЫН ЖИНАҚТЫ БАСТАУЫШ МЕКТЕПТЕ ОҚУ ҮРДІСІН ҰЙЫМДАСТЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Хасенова Жұлдыз Жумагельдиевна
Қарағанды қаласы №60 жалпы білім беретін орта мектеп

бастауыш сынып мұғалімі
Шағын жинақты бастауыш мектеп дегеніміз балалардың саны аз, оқу - тәрбие процесін ұйымдастырудың өзіндік ерекшелігі бар, біріктірілген сыныптардан тұратын жалпы білім беретін мектепті айтамыз.

Мектеп құрылымы бұлай өзгеше аталғанымен, мұндағы білім мен тәрбие сапасына қойылатын талап барлық білім беру мекемелеріне қойылатын талаппен бірдей болып қала береді. Сондықтан да шағын жинақты мектеп жұмысын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлу керек.

Нақты айтқанда, 1999-жылғы маусымның 7-сінде (№389-І ҚРЗ) бекітілген Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында ШЖМ-ке мынадай анықтама беріледі: «шағын жинақталған мектеп - сынып-жинақтамалары аралас және оқу сабақтарын ұйымдастырудың өзіндік нысаны бар, оқушылар саны шағын жалпы білім беретін мектеп». ШЖБМ-те мұғалім бір уақытта бірнеше сыныппен сабақ жүргізеді: екі комплектілі мектепте – екі сынып, ал бір комплектілі мектепте – үш немесе төрт сынып біріктіріліп, бір сыныпты құрайды.

Сыныптарды комплектіге біріктіру, оның негізінде сабақ кестесін құру, соған байланысты сабақтың күнтізбелік жоспарын жасау, сабақтың жоспарын жасау, сабақтың уақытын дұрыс, тиімді пайдалану мәселелері бұндай мектептердің мәнді белгісі болып табылады.

Егер мектепте барлық балалар саны 15-тен аспайтын болса, 1- сынып комплект, 15- тен жоғары 2 немесе 3-сынып комплект болуы тиіс. Мұнда 1 сынып-комплект 20 оқушыдан аспауы керек делінген. (Гигиенические требования к условиям обучения школьников в различных видах современных общеобразовательных учреждений № 2.01.07.-99.г §2 Пункт 9.11 - 21 стр.).

Мұнда екінші сынып-комплект өте дұрыс, оларды біріктіргенде 1+3 сыныптарды, 2+4 сыныптарды біріктіру қажет делінген. Егер де бала санының аздығына байланысты, яғни 5-тен 15-ке дейін ғана бала болса, онда 1 сынып-комплект - 1, 2, 3, 4 сынып оқушылары бірге оқитын жағдайда тиімді жылжымалы сабақ кестесін жасау керек болады делінген.

«ҚР Жалпы білім беретін мектептердің қызметін ұйымдастыру тәртібі туралы Ережелерде»: (-2000 ж. №32 (6)) «Жалпы білім беретін мектептерде оқыту үдерісін ұйымдастыру мен оқу-тәрбие үдерісінің жоспары оқу жоспары негізінде құрылып, жылдық күнтізбелік оқу кестесі мен сабақ кестелері арқылы реттеледі»,- делінген

Шағын жинақты мектеп мәселесін зерттеушілер Ж.Қ.Астамбаева мен Г.И.Уәйісова өздерінің «Шағын жинақты бастауыш мектептегі педагогикалық үдеріс теориясы мен технологиясы» атты еңбегінде «Шағын жинақты мектептің тарихы ерте кезден, сонау Л.Толстой, К.Д.Ушинский өмір сүрген кезеңнен бастау алады. Қазақстан топырағында ондай мектептің пайда болуы Ы.Алтынсариннің ағартушылық қызметімен тікелей байланысты XVIII ғасырдың 60 жылдарында дүниеге келді. Содан бері бұл үлгідегі мектептің мәселесі күн тәртібінен түспей келеді» деп атап көрсетеді [1, 3].



Шағын жинақты мектеп параллель сыныптардың болмауы, сыныптар санының аз болуы және бір сыныптағы оқушылардың жас шамалары әртүрлі болуына байланысты өз қызметін ұйымдастыру формалары мен әдістерін таңдауына құқылы.

Сыныптарды бiрiктiру тәжiрибесi екi нұсқада қарастырылады: аралас және әр жастағыларды бiрiктiру. Әртүрлі жастағы оқушылары бар сыныптарды ұйымдастыру педагогикалық тұрғыдан неғұрлым тиімді, өйткенi ол балалардың ауыспалы жұптарда жұмыс iстеуіне, жоғарғы сынып оқушыларының өзiндiк жұмыстарын ұйымдастыруға, сөйтiп көбiрек көңiл бөлудi керек ететiн төменгі сынып оқушыларына сабақ түсiндiру үшiн уақыт бөлiп алуға мүмкiндiк бередi.

Біріктірілген сыныптарда пәнішілік кіріктіре оқыту мұғалімдер мен оқушылар үшін төмендегідей тиімділіктерді көрсетеді:

-   оқушылар әртүрлі сыныпта оқығанымен, олардың назарын бір пәннің мазмұнындағы ұқсас тақырыптарға аударуға мүмкіндік жасалады;

-   әр оқушы білім деңгейіне қарай өзіндік жұмыс түрлерін орындайды;

-   өзіндік жұмыстарды оқушылардың жас ерекшелігіне қарай деңгейлеп беруге жағдай жасалады;

-   оқушылардың бір-біріне көмектесіп, ұжымдық қарым-қатынасқа түсуіне мүмкіндік беріледі;

-   оқушылардың бірін-бірі тексеруін, өзін-өзі тексеруін және бағалауын жүзеге асырылады;

Бастауыш шағын жинақты мектеп жағдайында балалардың бағдарламалық материалдармен ұйымдастырылатын өзiндiк жұмысына кететiн уақыт мөлшерi сақталуы керек:

-     жазу сабағы бойынша 2-сыныпта 20 минуттан, 3-сыныпта 25 минуттан;

-    математика сабағы бойынша 2-сыныпта 15 минуттан, 3-сыныпта 
20 минуттан аспауы тиiс.

Шағын жинақты мектепте оқу үдерісін ұйымдастыруда тиімді педагогикалық технологиялар (деңгейлеп, саралап оқыту, ұжымдық оқыту, дидактикалық бірлікті ірілендіру, дамыта оқыту, модульдік оқыту, ақпараттық-коммуникациялық технология және т.б.) қолданылады.

Деңгейлеп оқыту оқушылардың жас және білім деңгейі ерекшеліктерін ескере отырып, деңгейлік тапсырмалар беру арқылы олардың танымдық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ұжымдық оқыту әдісі динамикалық жұптар құра отырып, оқушылар арасында танымдық қарым-қатынасын, оқушылардың бірін-бірі оқытуын ұйымдастыру болып табылады. Ұжымдық оқыту әдісі балалардың қарым-қатынасы тапшылығын азайтуға, ауылдық жерлерде оқушылардың аздығы жағдайында оқушылардың монологтік және диалогтік сөйлеу қабілеттерін дамытуға жағдай жасап, мұғалімнің жалпы сыныппен жұмысын азайтып, жекелей оқыту уақытын көбейтуге мүмкіндік береді.

Дидактикалық бірлікті ірілендіру (ДБІ) - ақпараттардың біртұтас игерілуін қамтамасыз ететін, мағыналық қисынды байланыстар негізінде білімдік ұғымдарды біріктіру жүйесі. Бұл технология оқу пәндері және салалас пәндер блоктарының ішіндегі материалдардың дидактикалық құрылымын құру арқылы аралас сынып сабақтарын ұтымды өткізуге мүмкіндік жасайды.

  Дамыта оқыту технологиясының әдіс-тәсілдерін кең қолдану - әр оқушының жан-жақты дамуына жағдай жасау арқылы белсенді тұлға тәрбиелеу.

Шағын жинақты мектеп жағдайында ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдану арқылы білім беру, ғылым мен мәдениет және т.б. салаларда ақпараттардың халықаралық дереккөздерін, электрондық оқу материалдарын пайдаланады, тірек мектебімен (ресурстық орталықпен) байланыс орната отырып, сессияаралық кезеңде олардың білім қорларын пайдаланады, қашықтан оқытуды жүзеге асырады.

Жақын орналасқан шағын жинақты мектептерді біріктіретін, білім беру ұйымы болып табылатын тірек мектептер (ресурстық орталықтар) оқушылардың сапалы білімге қол жеткізуіне жағдай туғызады. Тірек мектептер (ресурстық орталықтар) базасында шағын жинақты мектеп оқушылары үш рет (оқу жылының басында, ортасында жəне соңында) он күннен (сессия) білім алады əрі онда аралық жəне қорытынды аттестаттау тапсырады. Сессияаралық кезеңде шағын жинақты мектептерде оқыту тірек мектеп мұғалімдерінің қатысуымен жəне қашықта оқыту технологияларының көмегімен жүргізіледі. Тірек мектептердің қорларын қолдану негізінде білім сапасы, мектептердің педагогикалық өзара қарым-қатынасы, тәжірибе алмасу жүйесі дамытылады.

Шәкіртті оқыта білу үшін оның білім алуға деген таудай талабын төмендетпеу үшін әрбір оқушының мінез-құлқымен жеке басының ерекшеліктерінің есте болғаны абзал.Балалардың бәрін оқыта білуге жету педагогтардың алдына оқу еңбегінің көлемін шамалай білу, шәкірттерге саралаумен және жекелей қатынас жасай білу, оқыту, еркіндік бере білу, әрбір еңбегін лайықты, орынды бағалай білу, қайырымдылық пен қызығушылық, білуге құштарлығына бағыт, көмек бере білу талаптарын қояды.

Бүгінгі жас өскін- елімізде қабылданған стратегиялық маңызы бар бағдарламаларды жүзеге асыратын болашақ маман. Ол-еліміздің кемел келешегі.



Пайдаланылған әдебиеттер

1. Ж.Қ.Астамбаева, Г.И.Уәйісова, Шағын жинақты бастауыш мектептегі педагогикалық үдеріс теориясы мен технологиясы: Алматы, 2010.

2. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы: – Алматы, 1999.

3. ҚР жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары. Жалпы бастауыш білім. – Алматы, РОНД, 2002.



 4. Баймолдаев Т.М. және т.б. Шағын жинақталған мектептерде пәндерді оқытуда жаңа педагогикалық әдістерді пайдалану жолдары. (Әдістемелік нұсқау). – Алматы, 2002.

5.  Базарбаева Н.Ә. Шағын комплектілі мектептердегі оқу-тәрбие үрдісіндегі ерекшеліктер: - Алматы, 2002.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет