жазушылар шығармашылығында “елшілдік” (М.Әуезов) сипат басым
болды.
Бұл бағыттың қалыптасуына ХХ ғасырдың басында жаңа
әлеуметтік саяси күш – ұлтжанды зиялы топтың пайда болуы жан-
жақты әсер етті. Олардың көбі шығармашылықпен айналысқандықтан
да, өз шығармаларында бостандық, теңдік, азаттық идеяларын ту етіп
көтерді. Ал өздерінің саяси көзқарастарында елдің жігін ажыратпай,
біртұтас етіп біріктіруді көздеді. Сондықтан ең басты мәселе ретінде
саяси тәуелсіздікті нысана етіп қоя білді. Ұлттың жан-жақты дамуы,
өркендеуі ұлттық салт-дәстүрлерді сақтай отырып, өзге өркениетті
елдерден үйренер еркіндік салтымен жетілуде деп білді. Оқу-ағартуды,
өнер-білімді ел тәуелсіздігі жолындағы саяси күреске пайдалануға
әрекеттенді. Әдеби шығармаларында ұлттық сананы оятуды,
күрескерлік рухты көтеруді басты мақсат тұтты. Сондықтанда олардың
шығармаларындағы көркемдік әдіс-тәсілдер азатшыл оймен ұштасып
жатты. Ұлт-азаттық әдебиет бағытының өкілдері қандай да бір әдеби
шығарма болмасын, оған ұлттық мұрат тұрғысынан талап қойды.
Сөйтіп қазақ әдебиетіндегі өзінен бұрынғы Дулат, Шортанбай, Мұрат,
Махамбет дәстүрлерін жаңа арнада дамытты. Халықты саналы іс-
әрекетке үндей отырып, таптық қайшылықты емес, ұлттық бірлікті
жырлап, ұлт тұтастығын сақтауды көздеді. Бұл бағыттың ірі өкілдері
Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев
шығармашылығында Ресей империясы отаршылдық езгісінің бүкіл
сипаты толыққанды ашылды.
Достарыңызбен бөлісу: