1987 жылы шілдеде КОКП ОК «Қазақстандық республикалық партия ұйымының еңбекшілерді интернационалдық және патриоттық тәрбиелеу жөніндегі жұмысы туралы» қаулы қабылдады, онда 1986 жылғы желтоқсандағы Алматы қаласындағы оқиғалар «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағаланды. Бұқаралық үгіт-насихат құралдарында партия комитеттерінің нұсқауы бойынша «ұлтшылдарды» іздеу бойынша бүкіл науқан жүргізілді. Алайда, қоғамның табанды талаптарынан кейін КОКП ОК қаулысында айтылған қазақ ұлтшылдығы туралы айыптаулар қате деп танылды.
КСРО Халық депутаттарының I-ші съезінде (1989 ж. мамыр-маусым) халық депутаты, белгілі ақын М.Шаханов алдымен желтоқсан оқиғаларын әділ бағалауды және оқиғаларға қатысып әділетсіз сотталғандарды ақтауды талап етті.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1990 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысында бейбіт және аздаған наразылық демонстрациясының жаппай тәртіпсіздіктерге ұласуы республика басшыларының саяси дәрменсіздігінен, олардың өткір жағдайдан бейбіт жол таба алмауынан және тапқысы келмеуінен, олардың ақыл мен ізгі ниетке емес, күшке сүйенуінен туындағанын аталып өтті.
1986 жылғы Алматыдағы оқиғалар республикалық және одақтық басшылықтың төмен саяси мәдениетін көрсетті. Ұлттық белгілері бойынша топтастыру, «қазақ ұлтшылдығы» терминін енгізу бүкіл халықтың қуғын-сүргінге түсуіне жол ашты. Желтоқсан оқиғасы экономикалық реформаларға, әлеуметтік өзгерістерге түрткі болды және қазақ халқының тәуелсіздікке ұмтылуына жол ашты.
1991 жылы 17 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Демократиялық жаңару күні болып жарияланды.
КСРО-да қоғамдық саны қайта құру бағыты
КСРО-да қоғамдық сананы қайта құру бағыты саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың құрбандарына қатысты жаңа заңдардың қабылдануына және іске асырылуына әкелді. 1987 жылдың 28 қыркүйегінде КОКП ОК Саяси Бюросының «30-40-шы жылдар мен 50-ші жылдардың басында орын алған қуғын-сүргінге байланысты материалдарды қосымша зерделеу жөніндегі КОКП ОК Саяси Бюросының комиссиясын құру туралы» қаулысы қабылданды. Соған байланысты ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының аяғында Алаш қозғалысы қайраткерлерін ресми түрле ақтау шаралалаы жүргізілді. Сол шара аясында 1988 жылы «халық жаулары» ретінде атылған қазақтың қайраткер тұлғалары А.Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, Х. Ғаббасов, М. Жұмабаев, 1989 жылы 16 мамырда Алаш көшбасшысы, Қазақстан зиялыларының жарқын өкілі Әлихан Бөкейханов ақталды. Қазақстанда жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ресми ақтаудың жаңа кезеңі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін алумен және 1993 жылғы 14 сәуірде № 2143-XII «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңның қабылдануымен басталды.