Марксизм философиясы. Гегельшілдерден шыққан философиялық ағымдардың көрнектісі марксизм философиясы. Осы ағымның негізін салушылар К Маркс (1818-1883) және Ф. Энгельс (1820-1885) 1840 жылдардың басында кішігегельшілдердің сол қанатына косылып, кейіннен 1840 жылдардың ортасында материалистік позицияға көшеді.
Олар Гегельмен және Фейербах шығармашылығына сүйеніп, идеалистік диалектиканы, антропологиялық материализмді ой елегінен өткізіп жаңа философиялық бағытты – диалектикалық материализмді құрды. Маркс және Энгельстің қоғамға қатысты ілімі – тарихи материализм атауымен белгілі.
Диалектикалық материализмнің негізіне материалистік принцип тұрғыдан қайта құрылған Гегельдің диалектикасы салынды. Болмыс сананы анықтайды. Сана материяның қасиеті. Материя тұрақты қозғалыста, дамиды. Дамудың негізгі факторы - практика. Даму диалектиканың заңдарымен іске асады. Дамудың қайнар көзі – қайшылық.
К. Маркс және Энгельс философия тарихында бірінші рет қоғамды диалектикалық-материалистік тұрғыдан қарастырды.
Өндіргіш күштермен өндірістік қатынастардың диалектикасына көп мән берілді Тарихты материалистік тұрғыдан түсіну олардың философиялық жаңалықтары еді.
Маркс «Саяси экономияға сын» кітабының кіріспесінде осы жаңалықтың мәнін былайша жеткізді. Қоғам дамуының әрбір сатысында адамдар өздерінің өмірін қамтамасыз ету үшін өздерінің еркінен тыс өндірістік қатынастарға кіруге мәжбүр болады. Өндірістік қатынастар, өндіргіш күштердің деңгейі экономикалық жүйені, базисті құрастырады. Мемлекеттік, қоғамдық институттар және қоғамдық қатынастар экономикалық базистің қондырғысы болып табылады. Олар, яғни базис және қоңдырғы өзара байланыста, бір-біріне әсер етеді.
Өндіргіш күштердің даму деңгейі өндірістік қатынастардың өзгеруіне, және қоғамдық-экономикалық формацияның, қоғамдық-саяси құрылыстың ауысуына алып келеді. Қоғам өзінің даму барысында бірнеше сатылардан немесе экономикалық формациялар, бір-бірінен өндірістік тәсіл арқылы айырылады, яғни өндіргіш күштердің даму деңгейіне байланысты.
Капиталистік қоғамның «анатомиясын» зертей келе Маркс және Энгельс адамның саналы іс-әрекетін және жануарлардан айырмашылығын еңбек арқылы анықтайды.
Марксизм философиясы туралы қазақ тілінде шыққан еңбектер баршылық, сондықтан, марксизм философиясының идеяларымен толығырақ танысу үшін Т. Ғабитов құрастырған «филосфия» оқулығын, Д. Кішібеков, Қ. Әбішев А. Қабаева жазған оқулықтарын пайдалану керек.