Тақырып 3.2.5 ХІІІ-ХҮ ғғ. мемлекеттердің геосаяси белсенділігі және олардың Еуразиядағы тарихи үдерістерге әсері
Азия мен Еуропаның арасындағы Жошы ұлысы. 1237-1242 жылдары Бату батыс қыпшақтарға, Бұлғар мен Руське қарсы екі жорық жасады. Жошы ұлысының аумағы Еділ бойын, Солтүстік Кавказды, оңтүстік орыс далаларын, Қара теңіз жағалауларын, Қырымды, Дунайды өзеніне дейінгі Венгрия мен Тарнсильванияның бір бөлігін қамтыды. Жошы ұрпақтарының мемлекеті өз уақытында аса ірі мемлекеттердің бірі болды. Бұл Шығыс пен Батыстың арасында байланыстырушы рөл атқарды. Көптеген елдердің басшылары Алтын Ордамен дипломатиялық қатынастар орнатуға әрекеттенді. Жошы ұлысының астанасы Сарайға Мысырдан, Румнан, Мәуереннахрдан, Еуропа мемлекеттерінен шетелдік көпестер мен елшілер жол тартты. Алтын Орданың ірі қалалары Сарай, Бұлғар, Қажы-Тархан, Сарайшық, Үргеніш, Сығанақ қалалары болды. Бүкіл Еуразияның көпестері көшелері мен керуен-сарайлары кең, саудаға қолайлы аталған қалаларға көптеп келген.
Алтын Орданың Таяу Шығыс мемлекеттерімен қатынастары.Алтын Орда Риммен, Византиямен және Мысырмен дипломатиялық қатынастар орнатты. 1245 жылы ІҮ Иннокентий папа Алтын Ордаға франциск монахы Плано Карпиниді жіберді. Кресшілер оларды өздеріне Мысырдағы мамлюктер мемлекетіне қарсы одақтас жасауға әрекеттенді. Византия да Алтын Орданы тиімді одақтас ретінде есептеді. Төртінші крест жорығынан кейін Византия империясының екі бөлігі: Никея және Трапезунт империялары қалды. Берке мен мамлюктердің қолдауымен Византия императоры ҮІІІ Михаил Палелогқа латындықтарды Константинопольден қуып шығудың және Византия империясын қалпында келтірудің сәті түсті.
Алтын Орданың Мысырмен (Египет) қарым-қатынастары ерекше назар аударуға тұрарлық. 1258 жылы Хулагу хан Бағдадты басып алып, Аббастар халифатын күйретті. Кейін Хулагу әскері Сирияға баса-көктеп кірді. Тек ұлы хан Мөңкенің өлімі туралы хабар ғана Хулагуды Мысырға жорық жасаудан бас тартуға мәжбүр етті. Хулагудан қауіптенген Мысыр сұлтаны Бейбарыс (шығу тегі қыпшақ) Беркемен одақтасуды қарастыра бастады. Мамлюк сұлтанының дипломатиясы Алтын Ордамен, өзінің қыпшақтық отанымен бейбітшілік орнатуға бағытталған еді. Сондай-ақ ол Оңтүстік Кавказ үшін моңғолдық мемлекеттердің өзара соғысуына мүдделі болды; өйткені бұл Хулагудың назарын Мысыр бағытындағы басқыншылығынан басқа жаққа аударған болар еді.
Бейбарыс сұлтанның Беркеге жазған хаты Алтын Орда мен Мысырдың арасындағы дипломатиялық хат алмасудың бастамасы болды және онда Беркеге исламды қабылдауға ұсыныс жасалды. Беркенің исламды қабылдауы екі мемлекетті жақындатты, бұл кезде Хулагу Тәңірге табынушы болып қалды. Бұған қоса, Алтын Орда мамлюктердің әскери тобын нығайтуға мүмкіндік жасап, Мысырға құлдарды көптеп жіберіп отырды. Алтын Орда билеушілері Мысырға алтын, шапандар, қару-жарақ, аңшы құстар, жылқылар жіберді. Жауап ретінде олар қымбат сыйлықтар алды. Алтын Орданың бұдан кейінгі билеушілері кезінде де Мысырмен достық қарым-қатынастар сақталды. Тек 1320 жылы ғана Алтын Орда мен Мысыр арасындағы қатынастарда салқындық басталды.